Зияткерлік мектеп тәжірибесін енгізу жоспарлануда
18.08.2017
1587
0

Халқымыз «ғылым – теңіз, білім – қайық» деп бекер айтпаса керек. Қазақ әуелден өзінің ұрпағы білімді болғанын қалайды. Ыбырай Алтынсариннің атасы Балқожа би баласына жазған хатында оның оқып, адам болғанын қалаған еді. Санасы енді қалыптаса бастаған баласына «…Тентіреп екі ауылдың арасында, жүргенмен не мұратқа жетер едің?», – дейтіні де сондықтан. Сол Балқожа би немересінің болашақта қазақ балаларының көзін ашқан ұлы ағартушы боларын білді ме екен? Осы картинада бүкіл қазақтың болмысы жасырынып жатқандай. Малыңды сатып, балаңды оқыт деген Абай сөзі де қазақтың білімге құмар екенін айғақтайды. Ал қазір ше? Қазір халықтың білімге қызығушылығы баяғыдай ма? Елбасы Н.Назарбаев «Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ», – деген еді. Білімді беретін, әуелі, ұстаз болса, оны дамытатын – шәкірт. Білім төңірегінде Астана қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозинмен әңгімелескен едік.


Әнуар ЖАНҒОЗИН,
Астана қаласы Білім басқармасы
басшысының міндетін атқарушы

– Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ласы шыққаннан кейін еліміздің рухани, мәдени салаларында қызу талқылаулар болды. Аталмыш ма­қа­лада негізгі мәселенің бірі білім саласы болғаны да мәлім. Осыдан кейін білім жүйесінде қандай да бір өзгерістер орын алды ма?
– Екінші қыркүйек күні бар­лық мектептерде «Мен – өз елім­нің патриотымын!» атты сынып сағаттары өтеді. Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық иде­ясы ғылыми-зерттеу және са­бақ­тан тыс іс-шаралар арқылы жүзеге асады. Кейбір пәндер, мысалы, «Қазақстан тарихы», «Гео­графия», «Қазақ әдебиеті» сабақтары мұра­жай, тарихи не мәдени орталық­тарда өткізілетін болады.
– Өзіңізге мәлім, білім сала­сындағы өзгерістер халық арасында ең көп талқыланатын тақы­рыпқа айналды. Жаңа білім ре­формасы жөнінде айтып өт­сеңіз.
– Жаңартылған білім бағ­дар­ламасына көшу біз үшін үлкен сынақ болғаны рас. Қалалық мектептердің бірінші сыныптарында білім берудің жаңартылған стандарты сәтті іске асырылып, қуанышты нәтижелерге жеттік. Ауқымды жұмыс барысында Астаналық мұғалімдерді даярлау және олардың бұл салада білік­ті­лігін арттыру мақсатында жос­пар­ланған семинарлар мен курс­тар өткізілді. Жобаны жүзеге асыру аясында туындаған сұрақ­тар арнайы құрылған шығарма­шылық топтарда талқыланды. Ата-аналармен түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілді.
– Біздегі білім кеңістігінде «Назарбаев Зияткерлік мектепте­рінің» орны ерекше болып тұрғаны даусыз. Еліміздің барлық өңірле­рін­дегі мектептерді сол деңгейге жеткізудің жолы қандай?
– Зияткерлік мектептердің тәжірибесін жалпы білім беру мек­тептеріне тарату жұмыстары белсенді өтуде. Олардың тәжіри­бе­сінде отандық және халықара­лық білім беру жүйелерінің бірігіп шыққан оқыту моделі ұсынылып отыр. Өз кезегінде бұл білім сапасын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің дамуына өз ықпалын тигізеді деген сенім бар. Кәдімгі мектеппен Зият­кер­лік мектеп арасында айыр­машы­лық­тар бар. Дегенмен, бүгінгі таңда бірлесе отырып, Зияткерлік мектептер тәжірибесін барлық мектептерге енгізу жоспарланып отыр. Әрине, біз тәжірибе алмасу аясында туындаған сұрақтар мен мәселелердің барлығын қарасты­рып, ескеруге тырысамыз.
– Оқушылардың ҰБТ-дан ал­ған биылғы жылғы көрсеткіштерін қалай бағалайсыз? Олар күтілген нәтижеге жауап бере алды ма?
– 1171 оқушы, яғни 30 пайызы 100-ден жоғары балл алып отыр. Астана қаласы бойынша ҰБТ тап­сырушылардың орташа көр­сеткіші – 84,65 балды құрайды. Барлық үздік оқушылар білім деңгейін дәлелдеп шықты.
– Ауылдық мектептер мен қа­лалық мектептердің білім деңгейін салыстыра алмаймыз. Ауылдық өңірлердегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдау үшін арнайы шаралар қаншалықты жиі өткізіліп тұрады?
– Жаңартылған білім беру мазмұны аясында барлық мамандарды оқыту жоспар бойынша жүзеге асырылуда. 2012 жылдан бастап деңгейлік курстар бойынша 2164, жаңартылған бағдарлама бойынша 3806 және үштілділік бойынша 280 мұғалім оқытылды. Бүгінгі таңда педаго­ги­­калық мамандықтарға қала­лық бюджеттен грант беру ұсынысы қарастырылуда. Ал аймақтардан келген мұғалімдер­дің баспана бойынша сұрақтарын шешу жолдары қарастырылып отыр.
– Үштілділік туралы не айтар едіңіз? Қазіргі таңда мұғалімдер мен оқушылар оған көшуге дайын ба?
– Жалпы алғанда үштілділік курстары аясында химия, физика, биология және информатика пәндері бойынша 280 мұғалім оқытылды. Оқыту бүгінгі таңда жалғасуда. Жоспар бойынша та­ғы 290 мұғалімді оқыту көзделіп отыр.
2017-2018 жылы ағылшын тілінде сабақ беретін мектептер санын көбейтеміз. Сонымен қа­тар, мектептерде қосымша ретінде ағылшын тілінде өтетін факультативтер ашылады.
Бүгінгі таңда пәндер ағылшын тілінде өтетін мектептер саны – он бір. Ал ағылшын тілінде факультатив сабақтарын өткізетін мектептер саны – елу төрт. Бұл сан­ды арттыру жоспарланып отыр.
– Қазақстанның білім жүйесін болашақта тағы қандай өзгерістер күтіп тұр? Және ол өзгерістер нәтижелі болуы үшін не істеу керек?
– Қазіргі таңда ең негізгі мақ­сатымыз – барлық балаларды мектепке дейінгі және орта біліммен толықтай қамтамасыз ету. Биыл жаңадан бес балабақша ашылады. Сонымен қатар, жос­пар бойынша келесі он жаңа мектептің құрылысы бітеді.
2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік техни­калық білім беру» жобасы аясында төрт мыңнан астам адам қамтамасыз етіледі. Пилоттық режимде енгізілген оқушылар­дың бейінді оқытуы жалғас­ты­рылуда. Он сегіз колледжде Білім басқар­масы, Кәсіпкерлер палатасы мен жұмыс берушілер арасындағы келісім-шарт шегінде дуалды оқыту мен жұмыс орындарында тәжірибе алу қарастырылған. Жаңа оқу жылында тағы тоғыз колледж негізінде енгізу жоспарда бар.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша, қа­ла­лық қырық алты мектепте биыл робототехника кабинеттері ашыл­­мақ. оқушыларды ақпарат­тық технологиялармен 100 пайыз қамтамасыз ету қарастырылған.
Оқушыларды сапалы оқулық­тар­мен толығымен қамтамасыз ету тапсырмасы жүзеге асырылып отыр. Тамыз айының соңына дейін барлық мектептерге оқу­лық­тар уақытында жеткізіледі. Оқушылар арасында ағылшын тілі дағдыларын дамыту мақса­тында мектеп кітапханалары алғаш рет қосымша әдебиетпен қамтамасыз етіледі.
Білім мекемелерінде ашық­тық саясатын орнату мақсатында Басқарма тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде мамыр айында мектептерде құрылған қамқор­шы­лық кеңестер, апта сайын азаматтарды қабылдау, жедел және сенім телефондары, сонымен қатар, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы өтінімдер мен арыздарды өңдеу, электронды құжат айналымы және мемлекет­тік қызметтерді автоматизациялау. Сонымен қатар, осы жылы қалалық ата-аналар қауымдасты­ғының кеңесі өз жұмысын бас­тайды.
Сәуір айында Астана қала­сын­да орта білім беру ұйымда­рын­дағы міндетті мектеп формасына қойылатын бірыңғай талап­тары енгізілді. Форма түсі – қою-көк, классикалық үлгіде. Бірінші сыныпқа баратын оқушыларға қою-көк түсті форма алу ұсынылады. Ал өзге сынып оқушылары үшін қою-көк түсті мектеп киімі қолданыстағы формалары ескіргеннен кейін алынатын болады. Осылайша бір түсті мектеп формасына кезең-кезеңімен көшу жоспарланып отыр.
Білім беру жүйесін жетілдіру­дің бірден бір жолы – оқушы, ата-ана және мектептен тұратын бірыңғай қауымдастық құру. Пай­да болған байланыс аясында бірлесе отырып жұмыс істеп, кез келген сұрақты жан-жақты қа­рас­тыра аламыз. Сонымен қатар, келешекте Елорданың дамуында қандай мамандар қажет екенін анықтап, бәсекеге қабілетті ұр­пақ толқынын өсіру қажет.
Бүгінгі таңда барлық мекемелер оқу жылын уақытында бас­тап, балаларды қабылдауға дайын. Оқу жылы мектептерде – екін­ші қыркүйек күні, кол­ледж­дерде – он сегізінші қыр­күйек күні басталады. Бала­бақ­­шалар өзінің әдеттегі режи­мін­де жұ­мысын жалғастыра береді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір