Орта білім сапасының маңызы
18.08.2017
2319
0

Егеменді ел болғалы елімізде оннан аса адам Білім және ғылым министрі қызметін атқарыпты. Және олардың әрқайсысы білім сапасын жақсарту үшін жаңаша жол іздеп көрген. Алайда, сол реформалардың нақты нәтижелері қандай болды? Білімнің негізі болып табылатын орта білім сапасы шынында баса назар аударып, жіті бақылауда ұстайтын мәселе екені рас. Сондықтан бұл істе асығыстық пен шалағайлыққа жол берілмеуі тиіс. Осы мәселені тереңірек талқылау үшін танымал ғалым, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті Асқарбек Құсайынов мырзамен сұхбаттасқан едік.


Асқарбек Құсайынов,
Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының президенті

– Сіз шетелдердің білім беру жүйесін зерттеу жұмыстарын қа­шан бастадыңыз? Дамыған елдерде орта білім беру сапасын көтеру жұ­мыстары қалай жүргізіледі, реформалар жиі өткізіледі ме?
– 1991 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Шайсұлтан Шаяхметов мырза мені жұмысқа шақырып, білім беру сапасын көтеру мақсатында дұрыс ше­шім­дер қабылдау үшін шетелдердің озық тәжірибелерін зерттеп, пайдалану қажеттігін айтып, осы мақсатта жұмыс жасауыма өтініш білдірді. Бұл жұмыс мені «Салыс­тырмалы педагогика» ғылымына алып келді. Осы ғылымды терең меңгеріп, білім сапасын көтеруге шамам келгенше үлес қосуды мақсат тұттым. Содан бері осы бағытта үзбей еңбек етіп келемін.
Орта білім беру сапасын анық­тау мақсатында Халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS сияқты зерттеулер жүргізіледі. Осы зерт­теу­лер­дің соңғы 15 жылғы қорытын­ды­ларын зерделей отырып, біз, Сингапур, Гонконг (Қытай), Жапония, Тайвань, Финляндия, Оңтүстік Корея, Канада, Эстония, Макао және Жаңа Зеландия ел­дерінің оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсете­ті­нін анықтадық.
Бұл елдерде білім беру сапасын көтеру мақсатында жүргізілетін реформалар мұқият дайындалып, орта есеппен 10 жылда 1 рет жүр­гізіледі екен. Себебі, қабылданған реформаның нәтижесін анықтау үшін 1-ші сыныпқа барған бала сол реформа негізінде кем дегенде, 10 жылдай оқуы керек, сонда ғана оның нәтижесін нақты бағалауға болады деп есептейді.
– Он жыл бойы өзгертілмей жүр­гізілетін реформа мұқият дайындалатын болар?
– Әрине, мұндай реформалар жүргізу үшін алдын ала көптеген теориялық жұмыстар жүргізіліп, білім сапасын көтерудің ғылыми негізі жасалады. Осы негізде педагогикалық эксперименттер мен басқа да қажетті тәжірибелік жұмыстар тиянақты түрде атқары­лып, олардың қорытындылары мұқият зерделенеді. Осындай жұмыстардың негізінде ғана реформа қабылданып, іске асырылады. Міне осылай ғылыми негізде дайындалып жүргізілген реформалар өзінің оң нәтижелерін беріп отыр.
– Егемендік алғаннан бері ел­і­міз­дің білім жүйесіне енгізілген ре­форма мәселесіне тереңірек тоқ­талсаңыз.
– Нәтижелі реформа жүргізу мені терең ойландырған мә­сел­е­лердің бірі болды. Реформа жүр­гізудегі басты мақсат не? Ол – білім сапасын көтеру. Олай болса, сұрақты білім сапасын көтеру үшін қандай іс-шаралар атқа­рылуы керек деп қою керек. Сонда реформа оң нәтиже беретін болады.
Еліміз төрт жылда бір рет өт­кізілетін TIMSS зерттеулеріне 2007 жылы, ал үш жылда бір өт­кі­зілетін PISA зерттеулеріне 2009 жылы қатысты. TIMSS зерттеуінің алғашқы нәтижелері жақсы бол­ғанымен, одан әлдеқайда маңыз­дырақ 65 ел қатысқан PISA зерт­теуінің нәтижелері жақсы бол­мады. «Елімізде білім сапасын көтеру мақсатында көптеген жұ­мыстар атқарылып жатыр, сонда білім сапасы неге төмен, оны көтеру үшін не істеу керек?» деген сұрақ маған маза бермеді.
Бұл сұраққа жауап беру үшін үш бағытта ізденіс жұмыстарын жүргізу қажет болды: бірінші бағыт – Отандық білім беру жүйе­сін зерттеп, оның қазіргі жағда­йына шынайы баға беру; екінші бағыт – әлемдік озық тәжірибе­лерді мұқият зерттеп, оны қоры­тындылау, үшінші бағыт – әлемдік озық тәжірибелер нәтижелерін Отандық жағдайға қатысты пай­даланудың тиімді жолдарын анықтау.
Мөлшерлеп байқасам, бұл бір үлкен ғылыми зерттеу институ­тының атқаратын жұмысы екен.
Әйтсе де, бұған дейін жүргізген барлық зерттеулерімді, жарық көрген көптеген монографиялар, оқулықтар мен мақалаларымды пайдалана отырып, осы жұмысқа мұқият отыруға бел байладым. Осы мақсатта 6-7 жыл тиянақты еңбек еттім, тәулігіне 12-14 сағат отырып жұмыс жасаған күндерім де болды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазақ және орыс тілдерінде 2014 жылы «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» деген монография, 2016 жылы «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» деген кітап, 2017 жылы «Қазақстан Рес­публикасында Орта білім беру сапасын көтерудің Тұжырым­дамасының өңделген жобасы» дүниеге келді. Бұл Тұжырымдама­ның алғашқы жобасы 2016 жылы жасалып, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты
Г.Исимбаеваның өтінішімен көпте­ген жоғары оқу орындарында, Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстық білім беру бас­қармаларында талқыланып, көп­теген ұсыныс-пікірлер айтылған болатын.
– Шілде айында «Интерфакс-Қазақстан» орталығында осы тұ­жырымдамамен БАҚ өкілдерін таныстыру мақсатында өткізілген бас­пасөз конференциясына қатыс­қан едім. Онда сөйлеген Қазақстан­ның Еңбек Ері, әдіскер мектеп директоры Аягүл Миразова, пе­даго­гика ғылымының докторы, профессор Шаркүл Таубаева, EDTECH-KZ Халықаралық білім орталығы­ның Бас директоры Ғани Бейсем­баев және басқа да спикерлер: «Елімізде алғаш рет сапалы орта білім берудің ғылыми негізі жасалды. Реформалар осындай ғылыми негізде дайындалып, жүргізілген жағдайда ға­на білімде сапа болады» – деп, оған ерекше маңыз беріп жатты. Өзіңіз осы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Жүргізген көптеген зерт­теу­ле­рім­­нің нәтижесінде орта білім беру жүйесі аса күрделі жүйе еке­нін және оның 8 жүйе құрау­шысы бар екенін анықтадым. Олар: білім стандарты мен оқу бағдар­ла­ма­лары, яғни білім мазм­ұны; оқу әде­биеті; педагог кадрлардың біліктілігі; білім сапасын бағалау жүйесі; рухани-адамгершілік жә­не партиоттық тәрбие беру; ғылы­ми-зерттеу жұмыстары; басқару жүйесі; материалдық-техникалық база.
Орта білім беру сапасын көтеру үшін оның осы құраушыларының барлығының сапасын көтеру қа­жет. Былай қарайтын болсақ Білім және ғылым министрлігі соншама жылдардан бері осы жұмыстармен шұғылданып келеді, тіпті арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен республикалық орталықтар да құрылған. Онда неге бұл жұ­мыс­тардың нәтижесі мардымсыз деген сұрақ туындайды.
Зерттеулер мұндай жұмыстар барлық елдерде де атқарылатынын, тек бұл жұмыстар ғылыми негізде жүйелі түрде іске асқан елдерде ғана білім беру сапасы көтерілеті­нін көрсетіп отыр.
Біз осы еңбекте әр жүйе құрау­шысы бойынша еліміздегі орта білім беру жүйесінің нақты жағ­да­йын және оның сапасын көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды зерттедік. Және шетелдік ғалымдардың білім сапасын көтеру мақсатында жүргіз­ген көптеген еңбектерін саралай отырып, әр жүйе құраушысының сапасын көтеру үшін қажетті жұ­мыстарды жүйеледік. Сонымен бірге, еліміздің жалпы орта білім сапасы мен әр жүйе құраушысының сапасын көтеру мақсатында барлық жұмыстарды қалай жүйелі түрде жүргізу керектігі жөнінде нақты ұсыныс жасадық.
Осы Тұжырымдама негізінде Орта білім сапасын көтерудің Кешендік бағдарламасы жасалуы керек. Онда барлық жүйе құрау­шы­лардың сапасын көтеру жұ­мыс­тарын жүйелі түрде жүргізу жол­дары, яғни қандай жұмыстарды қандай мекемелердің қалай, қашан атқаруы керектігі толық көрсетілуі тиіс. Осындай бағдар­лама негізінде жұмыс жүргізілген жағдайда білім сапасы жаңа деңгейге көтерілетін болады.
– Түсініктірек болу үшін еліміздегі қазіргі білім беру жағдайына қатысты айтсаңыз?
– Айтайын. Қазіргі уақытта жаңартылған білім алу мазмұнына өту мақсатында жұмыстар жүр­гізіліп жатыр. Өткен оқу жылында 1-ші сынып оқушылары жаңар­тылған білім мазмұнымен оқы­тылды, ал биылғы 2017-2018 оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылатын болады. Осы 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда оқитын оқушыларға сапалы білім беру үшін, бұл сыныптарға қатысты барлық жүйе құраушылары сапалы жұмыс жасауы керек, сонда ғана оқушылар жақсы білім алатын болады.
Біз, қазірдің өзінде, осы сы­нып­тарға қатысты жүйе құрау­шы­лар­дың көпшілігінің сапасы өз деңгейінде емес екенін байқап отырмыз. Мысалы, дайындалған білім стандарттары мен оқу бағдарламаларына қатысты БАҚ-да көптеген сыни мақалалар жазылып, кемшіліктері нақты дәлелдер­мен анық айтылып жатыр. Әсіресе, білім мазмұнының күрделілігі өте көп айтылуда, бұл – шындық.
Білімде сапа болуы үшін жа­ң­ар­тылған білім мазмұнымен оқыты­латын әр сыныпта осы мазмұнмен сабақ беру үшін арнайы дайындық­тан өткен мұ­ғалім­дер жұмыс жасаулары керек. Бұл жұмыс та тиянақты атқарылды деп айту қиын. Себебі, жаңа білім мазмұнының ескі білім мазмұны­нан айырмашылығы өте үлкен. Бұрынғы білім беру мазмұны «білім, білік, дағды» парадигмасына негізделсе, енді «нәтижеге бағдарланған, балалардың құ­зырет­тіліктерін қалыптастыру­ға негізделген» білім беру парадигмасы негізінде білім берілуі керек. Қазіргі уақытта мектептерде еңбек етіп жүрген мұғалімдеріміз мұндай тәсілмен сабақ беруге дайын емес.
Түсініктірек болу үшін бірер мысал келтірейік. Химия пәні барлық мектептерде 5 жыл бойы оқытылады. Енді соншама жыл мектепте оқыған химия пәнінен алған білімімізді күнделікті өмір тіршілігімізде қаншалықты пайдаланып жүргенімізді ойластырып көрейікші…
Басқа пәндер бойынша да осы сұраққа жауап беру қиын.
Беретін жауаптарымыз өзімізді қанағаттандырады деп айта алмаймыз. Себебі, біз нәтижеге бағ­дарланған білім алмадық.
Сонда «нәтижеге бағдарланған білім деген не, мектепте алған білімін әр адам өзінің келешек тұрмыс-тіршілігінде пайдалана алуы үшін ол білім қалай берілуі керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Осы сұрақты тағы да Химия пәні арқылы қарастырайық.
Біз барлық дәмдердің хи­миялық құрамы бар екенін білеміз. Химия пәнін оқытқан уақытта жылқы, сиыр, қой, шошқа және құс еттерінің химиялық формулаларын жазып, солардың бір-бірі­нен ерекшеліктерін, олардың құрамына кіретін химиялық эле­менттердің қасиеттерін түсін­діре­­тін болса, бұл балалардың есінде ұзақ уақытқа сақталып, олардың өміріне қажетті білім болар еді. Бұған қосымша осы еттердің құра­мындағы элемент­тердің адам денсаулығына пайдасы айтылса, ол білім олардың жеке бастарына керекті болғандықтан олар оны ынталана оқитын еді.
Осылай жеміс-жидектер, басқа да көптеген дүниелер өмірге қажеттілік тұрғысынан оқытылса, онда барлық балалар химия пәнін қызыға оқып және бұл пәннен мектепте алған білімдерін алдағы өмірлерінде пайдаланатын еді.
Бұдан барлық химия сабақ­та­ры тек осылай оқытылуы керек деген қорытынды шығаруға болмайды, мұны берілетін білімді өмірдегі жағдаяттарға қатысты оқытудың бір жолы деп қана қарастыру керек.
Мектепте оқытылатын барлық пәндердің әр тарау, әр бөлімін мұқият зерделеп, баланы ерекше ынталандыратын осындай бір жолдарын табу керек.
Біз 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда сабақ беретін барлық мұ­ғалімдерді алдағы оқу жылында осылай білім беруге қажетті дайындықтан өткізе алдық па? Жоқ, өткізе алмадық. Демек, бұл ұстаздар нәтижеге бағдарланған бі­лім бере алады деп айту қиын­дау.
– Ата-аналар тарапынан «мектепте оқытылатын пәндердің көлемі өте көп, балаларымыз са­бақ­тан бас көтере алмайды, әбден шаршап-шалдығатын болды» деген секілді әңгімелер айтылып жатады. Сіз бұған не айтасыз?
– Мен бұл пікірмен толықтай келісемін. Бұл туралы орыстың көптеген танымал ғалымдары ашық айтқан болатын, мен де оны ашық айтамын. Біз мектепте балаларға еш қажет емес артық дүниелер беріп, жүйкелерін бос­тан-босқа жұқартып, оларды ғы­лым­нан бездіріп жатқан секіл­діміз. Оқулықтар да қажетсіз материалдармен тым ауырлап кеткен.
Осы ойымды бір ғана мысалмен дәлелдеп көрейін.
Мектепте балалар әр пәннен күніне, кем дегенде, 3 бет сабақ оқиды. Күніне 4-5 сабақ болса, олар бір күнде 12-15 бет, аптасына, 5 күнде – 60-75, айына 240-300 бет сабақ оқитын болады. Ал бір оқу жылында қанша бет сабақ оқиты­нын өзіңіз есептей беріңіз. Бір ап­тада, бір айда, жылды айтпа­ғанда, оқыған осынша бет дүние баланың есінде қала ма, әлде олар 1 жұмалық, 1 айлық немесе 1 тоқ­сан ғана есте болатын, содан кейін ұмытылып кететін дүниелер ме? Өкінішке орай, қазіргі уақытта мектепте оқушыларға оқытыла­тын дүниелердің көпшілігі тез ұмы­­ты­ла­тын, есте қалмайтын жә­не олар оны алдағы өмірлерінде, тұрмыс-тіршілігінде пайдалана алмайтын дүниелер болып тұр.
– Бұл тікелей оқулық сапасына да қатысты мәселе ғой. Соңғы кездерде оқу құралдарының кемшілік­тері туралы көп айтылып, жазылуда. екінші, бесінші және жетінші сынып оқулықтары туралы не айтар едіңіз?
– Оқулық жазу ғылыми тұрғы­дан қарағанда – өте күрделі проблема. Оның машақатын көп көрген академик А.Колмолгоров оны реактивті ұшақ жасаумен салыстырған болатын. Оқулық­тану ғылымына көп үлес қосқан француз ғалымдары жақсы оқу­лық жасау үшін 3-5 жыл уақыт қажет дейді.
Бізде авторларға қажетті жағ­дай жасалмайды, олар өз оқулық­тарын негізгі жұмыстары­нан қолдары босаған кезде және өте асығыс жағдайда, 9-10 ай уақыт ішінде жазады.
Жазылған оқулықтар міндетті түрде теориялық және тәжірибелік сынақтан өткізілуі керек. Ол балалар үшін жазылғандықтан, 1 жыл бойы эксперименттік сыныптарда тәжірибелік сынақтын өткізіліп, оның барлық кемшілік­тері анықталып, тиянақты түрде жетілдіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бізде, өкінішке қарай, 5-ші және 7-ші сынып оқулықтары кеш жазылғандықтан, ешқандай тә­жіри­белік сынақтан өткізілмеді.
– Сонда, жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп, оқушыларға сапалы білім беру үшін алдын-ала қыруар істер атқару қажет болғаны ғой…
– Әрине, тек бір ғана сыныпта оқушыларға сапалы білім беру үшін, яғни оның барлық жүйе құраушыларының сапасын көтеру үшін, көптеген ғылыми мекемелер мен орталықтар, жоғары оқу орын­дары, колледждер, мектеп ұжымдары, ғалымдар мен ұстаз­дар, оқу әдебиеті авторлары мен баспалар бірлесе отырып, алдын ала, үлкен дайындық жұмыстарын жүргізулері керек. Сонда ғана осы сыныпта сапалы білім берілетін болады.
– Демек, биылғы 2017-2018 оқу жылында бірден үш сынып жаңа бағдарламамен оқымақ. Байқап отырғанымыздай, бір сыныптың өзін жаңа мазмұн талаптарымен оқыту үшін қыруар дайындық жұмыстарын жүргізу керек екен. Басты мақсат білім беру сапасын көтеру болса, біз неге осынша асы­ғыстыққа жол береміз?
– Шындығында 1 жылда 3 сы­ныпты жаңартылған білім мазмұ­ны­мен оқыту үшін қыруар іс атқа­рылуы керек. Және бұл жұмыстар сапалы, әрі жүйелі түрде атқарыл­ған жағдайда ғана білімде сапа болады. Өкінішке қарай, қажетті дайындық жұмыс­тары сапалы деңгейде атқарылмай отыр. Бар­лық құраушылардың сапасын көтеруде көптеген кемшіліктерге жол берілуде.
Биылғы оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарды жаңар­тылған білім мазмұнымен оқыту Қазақстан Республи­ка­сындағы Білім мен ғылымды да­мыту­дың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарла­масында көрсетілген. 2018-2019 оқу жылында 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып оқушыларын жаңар­тылған білім мазмұнымен оқыту жоспарланған.
Біз бір оқу жылда 3 сыныпты бірдей жаңартылған білім маз­мұнымен оқытуға көшіру барысында орын алған барлық қиын­дық­тарды, дайындық жұ­­мыс­тарының сапалы ат­қарыл­май отырғанының объективті және субъективті себептерін ашық айтып, Үкіметке, осы бағдар­ламаның жаңартылған мазмұнмен оқыту кестесі берілген бабына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасау керек деп ойлаймыз. 2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнымен тек қана 3-ші сынып оқушыларын оқыту керек. Бұл уақытта тиімсіз жұмсалып жатқан миллиардтаған теңге қаражат үнемделіп, білім беру сапасын ғылыми негізде тиянақты түрде көтеруге болады. Басты мақсат та осы ғой.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақс­тан 2050 жылға дейін әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елі қатарына енуі тиіс деген болатын. Ал осы 30 елдің қатарына қосылу үшін білім беру сапасы да алдыңғы 30 елдің білім беру сапалары деңгейіне көтерілуі керек. Біз дамыған 30 ел мен орта білім беру сапасы озық дамыған 30 елді салыстырып көрдік. Орта білім сапасы озық дамыған 30 елдің 90 пайызына жуы­ғы дамыған 30 елдің қатары­нан орын алған. Бұл ел экономикасын дамытуда орта білім сапасының маңыздылығын тағы да дәлелдей түседі.
– Соңғы уақытта қоғамда қызу талқылауға айналып көп айтылып, көп жазылып жүрген мәселелердің бірі – үш тілде оқыту мәселесі. Бі­лім сапасын көтеру үшін жоғары сы­ныптарда біраз пәндерді ағыл­шын тілінде оқыту туралы шешім де қабылданған сияқты. Осы мә­се­ле­ге қатысты сіздің пікіріңіз қалай?
– Мен сіздің сұрағыңызға айтылып отырған білім сапасын көтеру тұрғысынан жауап беріп көрейін. Өзіңіз де байқап отырған боларсыз, білім сапасын құрау­шы­лардың ішінде тіл туралы еш­теңе де айтылмаған. Неге? Себебі, тіл оқу құралы. Әр елде өз оқу құралы, яғни ол елдің балалары еркін сөйлейтін өз тілі бар, сол тіл ол елдің оқу тілі, яғни оқу құралы ретінде пайдаланылады. Сіз Гер­манияға барып балаларыңыз физика пәнін жақсы білім алуы үшін оларға физика пәнін ағыл­шын тілінде оқыту керек десеңіз, олар сізге не айтар еді?..
Біз екі нәрсені шатастырмауымыз керек: бірі – ғылымды мең­геру; екіншісі – шет тілін үйрену. Бұлар орта мектеп деңгейінде бір-біріне мүлде қосылмайтын дүние­лер. Мектептің басты мақсаты – онда оқытылатын пәндерден балаларға жақсы, іргелі білім беру. Ол білімді жақсы меңгерген бала мектеп көлемінде шет тілінің негізін де жақсы меңгерген болса, онда ол алдағы өмірінде екеуін өзі-ақ жалғастырып, физика, химия, тарих, әдебиет, тіпті тіл және басқа ғылымдардың бірін терең меңгеру жолына еркін түсе алады. Сондықтан шет тілі балаға мектеп аясында берілетін ғылымдар негізін меңгеру үшін емес, келешекте сол ғылымдардың бірін таңдағанда бәсекеге қабілетті жақсы маман болуы үшін керек. Осыны біздің дұрыс түсінгеніміз абзал.
– Әйтсе де, мектептерде ағыл­шын тілінде сабақ беру мәселесін оң жолға қою мақсатында мұғалім­дерді арнайы курстарға жинап, шет тілін үйрету жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр. Осындай дайын­дық курстарынан өткен мұғалімдер мектепте ағылшын тілінде айталық, физика пәнінен жақсы дәріс бере ала ма?
– Мен, рұқсат етсеңіз, Сіздің сұрағыңызға өзімнің өмірлік тә­жіри­бемнен жауап берейін. Шет тілін үйрену машақаты әбден көп тартқан жанмын.
Мен қазақ ауылында өмірге келіп, осы ауылдағы қазақ орта мектебінде 10 жыл оқыдым. Содан Алматыдағы Қазақ Политехни­калық иститутының Энергетика факультетіне оқуға түстім. Сабақ тек орыс тілінде жүреді. Оқу жылы басталып, 2-3 жұма уақыт өткен­нен кейін тарих пәнінің саминар сабағында қазақша білмейтін орыс доценті маған сабақ айтуымды өтінді. Сондағы менің жағ­дайымды көрсеңіз… Мектепте оқыған орыс тілім ештеңеге жарамай қалды. Қатты намыстанып, күндіз-түні оқуға кірістім, бірақ ол оңай болмады. Тек 3-ші курста ғана еркін пікірлесетін деңгейге жеттім.
Институтты жақсы аяқтап, Төменгі температурадағы плазманы зерттеу лабораториясына ғы­лыми қызметке қалдым. 1975 жылы жаңадан ашылған Алматы энергетикалық институтына Кеңес Одағының Білім министр­лігі Германияда аспирантураға бір орын берді. Конкурстан өтіп, Ильменау қаласының Жоғары техникалық мектебінде 3 жыл аспирантурада оқуға жолдама алдым. Неміс тілін мектепте оқыған едім, осы іс-сапарға байланысты маған арнайы неміс тілі оқытушысы бекітіліп, 1 жыл бойы аптасына 4-5 күн дәріс алдым.
Германияға келіп, ғылыми ортаға түскенде тілімнің кем­шілі­гін сезініп, қатты қиналдым. Бір мәселені тақылап отырғанда айтатын ойымды жектізуге тілімнің жетпей қалатын қорлығы жаныма әбден батты. Жарты жылдай арнайы дәріс алып, көп дайындалып, тілімді жетілдірдім.
Мен бұл жайларды айтып отырған себебім, шет тілін белгілі бір пәннен дәріс беретіндей дең­гейде үйрену көп уақытты қажет ететін, өте ауыр жұмыс. Үш, алты тіпті 10 ай көлемінде арнайы курс­тан өтіп, ағылшын тілінде мектепте еркін сабақ беретіндей деңгейде үйренуге болады деу, бос әурешілік болады. Ол үшін міндетті түрде сол пәнді ЖОО-да ағылшын тілінде оқу керек.
Миллиардтаған қаражат жұм­сап ешқандай нәтиже бермейтін курс ұйымдастырғанша, сол қаражатқа ЖОО ағылшын тілі бөлімдерін ашу керек.
Мектептерде ағылшын тілінде сапалы дәріс беру үшін қойылатын талаптардың ішінде, ерекше маңызды, төменде көрсетілген 3 та­лап қатаң ескеріліп, орындалуы керек. Олар:
1. Ағылшын тілінде дәріс бере­тін мұғалім ол тілді пән аясында еркін сөйлейтіндей деңгейде білуі керек;
2. Ол сынапта оқитын оқу­шылар ағылшын тілінде сөйлеп тұрған мұғалімді толық түсініп, онымен сұхбаттаса алатындай деңгейде ағылшын тілін меңгерген болулары керек.
3. Еліміздің білім беру стандарттары талаптары негізінде Қазақстанда жазылған ағылшын тілінің оқулықтары мен оқу құралдары болуы керек. Мектепте оқытылатын оқу құралдарының тек қана Отандық болуының үлкен идеологиялық маңызы бар екенін, біз, әсте естен шығар­мауы­мыз қажет.
Осы жағдайды терең түсінетін Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаң­ғы­руы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» деген жолдауында: Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныс­тар әзірленсін.
Қазақ тілінің басымдығы сақ­талады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді…
2019 жылдан бастап кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыта­тын боламыз. Бұл мәселені тиянақ­ты ойланып, ақылмен шешу керек.
Мектептің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе, ауыл мен қалада әр түрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы бар. Сон­дық­тан осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.
Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын» деді.
Мен бұл пікірді толық мақұл­даймын. Елбасы бұл мәселені ешқандай асығыстыққа жол бермей, бар жағдайды жан-жақты ойластырып, аздаған жыл ішінде емес, кезең-кезеңмен, шешу қа­жеттігін ашық айтып отыр. Біз бірінші кезеңде, жоғарыда көр­сетілген мәселелерді шешу керек деп ойлаймыз.
– Сіздің Тұжырымдама Білім және ғылым министрлігіне жол­данғанынан хабардармын. Минис­тр­ліктен жауап болды ма?
– Министрлік қызметкерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мырзадан Тұжырымдаманы талқылау жұмыстарын ұйымдас­тыру жөнінде тапсырма болғанын айтып, хабарласты. Одан кейін бір қауырт жұмыстар болып қалды, содан жазғы демалыс уақыты бас­талып кетті. Енді тамыз кеңесіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір уақыты келер, минис­трлік тарапынан талқылау жұмыс­тары ұйымдастырылатын болар деп ойлаймын.
– Орта білім беру сапасын кө­теру мәселесі кез келген ата-ана­ны ойландыратын мәселе. Себебі, ата-ананың мақсаты баласына жақсы білім беру ғой. Демек, олар да осы Тұжырымдамамен танысып, өз пікірлерін айтқысы келетін болар?
– Халықтан ұсыныс-пікірлер түсіп жатса, біз оларды үлкен ризашылық сезіммен қабыл алған болар едік, себебі, ешкім халықтан көп білемін деп айта алмайды. даналық халықта ғой.

Сұхбаттасқан Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір