Заман талабы
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемге үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», – деген еді.
Бүгіндері мектеп тек білім беру функциясын ғана атқарып қоймайды, жыл санап оның мүмкіндіктері кеңейуде. Қазіргі кездегі мектептің негізгі мақсаты – жеке тұлғаны қалыптастырып, білімді, ақылды, жан-жақты, рухани толысқан, үш тілде еркін сөйлейтін азамат етіп тәрбиелеу. Сондықтан үш тілде оқыту – уақыт сұранысы. Кеңес дәуірі кезінде бәрі екі тілде оқыса, қазіргі таңда үш тілді білу қажет болып тұр. Себебі, замана көшіне ілесуіміз керек. Қажет десеңіз, уақыт өте келе қытай тілін де меңгеруге мәжбүр болатын шығармыз, кім білсін. Бұл қорқатын нәрсе емес. Керісінше, жақсы нәрсе. Бірақ ескеретін мынадай дүниелер бар. Қазақ тіліне толықтай басымдық беріліп, оны оқушыларға жан-жақты меңгерудің әдіс-тәсілдерін үйретуге тиіспіз. Сонда бала дүниежүзі халықтарының мәдени құндылықтарын сыйлап өседі. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік береді. Жаһанның ең дамыған делінген елдердің көбісі сексенінші жылдардың ортасында білім берудің жаңа типіне көшу керек деген қорытындыға келген екен. Ол үшін білімнің санына емес, сапасына мән беру қажет болды. Яғни адамның көп білуі маңызды емес, оның қолынан не келеді және білімін қалай пайдалана алады деген мәселеге баса назар аударылды. 1988 жылдан бастап барлық мықты елдер бірінен соң бірі мектептерін осы бір жаңа жүйеге көшіре бастады. Бұл үрдіс тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай толық аяқталған екен. Сөйтіп, 1997 жылы көп ел PISA деп аталатын ортақ стандартқа өту туралы келісімге келді. Міне, енді Қазақстанда да осынау жүйені игере бастады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың елге үндеген 5 халықтық реформасын жүзеге асыруға байланысты құрылған Ұлт жоспарының бір қадамы – білім беру жүйесін ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшіру туралы тапсырма. Осыған орай, қазіргі күні оқу орындарында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бірдей оқыту тәжірибесі сәтті жүзеге асырылуда. Енді жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған стандарт енгізу жоспарланып отыр екен. Жуырда газет-журналды ақтарып отырып: «ҚР БҒМ вице-министрі Тахир Балықбаев 2018 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде Қазақстан тарихы пәні – қазақ тілінде, Дүниежүзі тарихы – орыс тілінде және бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылатындығын айтты. Аталғандар қатарына информатика, химия, биология және физика пәндері кіреді» дегенді оқыдым. Негізінен, елімізде ағылшын тілін 1 сыныптан бастап оқыту бағдарламасы бірнеше жыл бұрын енгізілген еді. Оқушыларға бастауыш сыныптан ағылшын тілінің бастапқы деңгейін меңгерту мақсатында осы жылдан бастап ағылшын тілін оқыту сағаттары аптасына 1-ден 2 сағатқа дейін көбейтіледі екен. 2018-2019 оқу жылдары Қазақстанда үш тілді оқыту моделі енгізілгеннен соң, бірқатар пәндер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытылатын болыпты. Құптарлық іс, әрине! Президент бір сөзінде: «Мен үш тіл білуді қолдаймын, бірақ біз қазақ тіліне баса назар аударуға тиіспіз деп санаймын. Өйткені, уақыт өте келе бүкіл мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару мен білім беру жүйесі түгелдей біртіндеп қазақ тіліне көшетін болады. Мен бұны еліміздің жастары өз отанымыздың мемлекеттік тілін балабақшадан бастап үйренуге талпынуы үшін айтып отырмын. Мәселенің бұлай қойылу себебі, кез келген мемлекеттің мемлекеттік тілі, мемлекет құрушы ұлттың тілі бар. Бұл ешқашан ешкімге қысым болып саналуға тиіс емес, неге десеңіз, Ресейде мемлекеттік тіл – орыс тілі, Қытайда – қытай тілі», – деген еді. Кейде, егер үш тілде білім беру жүйесі айналымға енер болса, қазақ тілінің мемлекеттік деңгейдегі мәртебесі құлдырап, одан қалса, қазақ тіліне деген сұраныс әлсіреп, орыс және ағылшын тілдерінің көлеңкесінде қалып қоймай ма деген де ой келеді. Адамзат дүниеге келген соң жан-жағына қарап, қоғамның қайнап жатқан тіршілігіне араласқысы келеді. Бірақ оған тіл білмеу факторы кедергі келтіретін анық. Сол себепті, орайы келсе бір емес, бірнеше шет тіл меңгерген жөн. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – дейді қазақ. Біз біртұтас ел болып, атадан қалған мұраны бізден кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз үшін өзімізге берік болуымыз қажет. Құлдық санадан ажырап бізден кейінгі өскелең ұрпаққа қазақи құндылықтарымызды сіңдіруіміз керек. Осының барлығы айналып келгенде тілге тіреледі. Қазақи болмыс, қазақи рух, ең алдымен, қазақ тілі арқылы мектепке енді келген бүлдіршіннің бойына дариды. Сол себепті, білімді қазақ тілінде алу біздің ұлт болып дамуымыздың алғышарты деп есептеймін. Әрине, бұл басқа шет тілдерін білуге деген құлшынысты тежеу деген пиғыл емес. Керісінше, ең алдымен, өз мемлекеттік тілімізді жетік біліп, кейіннен үш тілдік білім беру жүйесін енгізбей-ақ, шет тілдерін меңгеруіміз қажет деп есептеймін. Ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрмет-
те», – деп бекер айтпаса керек.
Жанна АЛИЕВА,
педагог, Қожа Ахмет Иассауи атындағы
№123 мектеп-гимназиясының мұғалімі.