Кәкішев мектебі
11.08.2017
1249
0

Құныпия Алпысбаев,
филология ғылымының
докторы, профессор


Уақыт шіркіннің жылдамын-ай! Бәрі де кеше ғана сияқты еді! Алыстап кеткен өткен күн, Абай дана айтқан «алдыңғы толқын ағалар» еске түссе кімнің болса да жүрегі сыздап, көңілі тол­қымай тұрмайтыны белгілі. Қазақстан жоғары білім ор­даларының көшбасшысы – Қазақ ұлттық университетінің киелі табалдырығын студент болып аттаған алғашқы қадам­нан бергі жылдардың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Өткен өміріңе ой жібергенде артта қалған жылдарың қас-қағым сәттей болып көрінетін сағым бейнесін сезініп, арман-мақсатыңның алмағайып жолында жөргем ілінген азды-көп­ті табысты сәттеріңе марқаяды екенсің, жас ғұмырдың жалау­латқан думанын іздеп, өмір мұңының өзегі талмас қиыр­ларын кезеді екенсің… Арман жо­лының алғашқы сатысына же­тектеп әкеліп жебеу болған, білім нәрімен тұңғыш сусындатып, ғылым қиясының сансыз сүрлеуіне жол сілтеген ұстаз­дардың, ұстаз ұлағатын қаздай тізіле қатар отырып меңгерген, арман-тілегі мен үміт-мақ­сат­тары бір арнада тоғысқан қыз-жігіттердің аяулы бейнелерін есіңе түсіріп, өткен өмір, кешкен ғұмырдың бергені мен алғанын ой елегінен өткізе бастайтының тағы бар…

Біз, өткен ғасырдағы 60-70 жыл­­дардың түбіт иек шәкірттері ұстаздарымызбен мақтанушы едік, олардың аты-жөндерін ауыз толтыра айтып масаттанушы едік. Өйткені, бізге дәріс бер­­ген ұстаздардың қай-қай­сы­сы да ұлт мақтанышы деуге тұрарлық, есімдері ел жадында әлдеқашан жатталып үлгер­ген тұлғалар болатын. Тек ұлы Мұхаңның – Мұхтар Омархан­ұлы Әуезовтің лекцияларын ғұ­­ламаның өз үнімен тыңдай ал­ма­дық демесек, бізге жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әде­биет­тануы мен тіл білімі ғылым­ының атынан ат үркетін не­бір марқас­қалары дәріс берді. Біздің бақы­тымызға орай, қазақ әдебиеттану ғылымы мен оның әдеби сынын қалып­тастыру сатысын алаш қай­рат­кер­лерінен кейінгі жаңа белеске көтерген Б.Кенжебаевтың,
М.Қаратаевтың, Т.Нұртазиннің, Б.Шалабаевтың, қазақ тіл білі­мі­нің майталмандары М.Бала­қаев­тың, Ы.Маманов­тың көздері тірі кез еді. Өздері айтатындай, соғыс­тан кейінгі «өр­теңге шыққан» өрендер тобы Т.Кәкішев, З.Қаб­долов, К.Ақанов­тардың орны бір бөлек болса, С.Садыр­баев, М.Жол­дасбеков, Р.Нұр­ғалиев,
О.Төлегенов, Х.Кәрі­мов, М.Томановтар да алдыңғы жақсылардың жалғасындай тәр­бие-тағылым көрсеткен ұстаз­дар болатын. Осынау бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын ардақты да аяулы есімдер шоғырының ішінде, қадірлі Тұрсекеңнің – про­фессор Тұрсынбек Кәкішұлы­ның­ ағалық, адамдық тұлғасы көңілге ерекше жылылық ұяла­тып, айналасына сәуле шашып тұратын ұстаздық ұлағаты күні бүгінге дейін жақсы ұстазға шәкірт болу олжасының ізгі иірімдеріне жетелейді.
Әлі есімде, 1969 жылғы шілде айы­ның бас кезі болатын. Өзіме тете інім Мырзахметтің ұзақ науқастанып, ақыры алып тынбас ажал тырнағына ілінуінен есең­гіреген отбасымыздың, әсіресе, қарт ата-анамның жағдайы жоғар­ы оқу орнына түсуге деген талпынысымды кейінге шегерген болатын… Дей тұрғанмен, қалай десек те, өмір заңы бір бөтен – тірі адам тіршілігін істейді. Ауыр қайғыдан енді-енді ғана есін жиып, еңсесін көтере бастаған әкем жарықтық­тың ақылына тоқтап, ақ батасын алып, ару қалам Алматыма, жоға­ры білім іздеп келген бетім осы.
Келе сала, анау-мынау деп ойланып-толғанып жатпай-ақ, бірден, сол кездегі арудай әсем астанамыздағы жалғыз университет – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжат­тарымды тапсырып тастап, бола­шақ емтихандарға жатпай-тұрмай дайындала бастадым. Орайы келген бір күні университеттің қа­был­дау комиссиясы орналасқан маңға келіп, талапкерлерге ар­налған әр түрлі хабарнамалар ілі­нетін тақтаға көз салсам, емтихан алынатын пәндер бойынша өтілетін үш апталық сабақ кестесі де қатар ілінген екен. Үміт пен күдіктен жан жүрегі лүпілдеп жүрген талапкердің іздегеніне сұраған кездескен сәтті қалт жібермей, кестенің етек жағында көрсетілген мекенжай – қазіргі Төле би мен А.Байтұрсынов атын­дағы көшелер қиылысындағы ғи­маратқа келдім. Керекті дәріс­хананы тауып алып, ашық тұрған есікті ашып ішке кірсем… тым-ты­рыс, ешкім жоқ. Бұл тым-ты­рыстықтың құпиясы – дәріс бас­талуға дейін әлі біраз уақыттың бар болғандығынан шығар, неде болса кідіре тұрайын деген оймен қай­тадан бас-аяғы атшаптырым ке­летін дәлізге шығып, соңғы 4-5 ай бойы қолым­нан түспейтін бас­ты кітабым – конспектіге шұқ­шидым.
Сәлден соң мен тұрған үшінші қабатқа аққұба ашаң жүзді, келісті келбетіне ашық түсті жаздық киі­мі ерекше жарасқан жігіт ағасы ши­рақ басып, көтеріліп келе жатты. Толып жатқан талапкерлердің бірі екенімді айтпай таныған болуы керек, бірден еш кідіріссіз тура маған қарай жүрді. Мен де қарсы жүріп, ауылдағы әдетімізше аузымды толтыра «ассалаумаға­лей­кум!», – деп салем бердім. Қол берісіп амандастық. Оқуға түсуге кел­генімді, аты-жөнімді сұрап біл­ген соң қолындағы папкасынан әдеттегі оқушы дәптерін шы­ғарып, талапкерлердің тізімі жазылатын графикті қолма-қол сыз­ды да, реттік сан бойынша бірін­ші етіп менің аты-жөнімді жаз­ып алды. Талапкерлер жиналып, бүгінгі дәрісті жүргізетін оқы­тушы да келді. Бейтаныс ағай ау­диторияға кіріп, менің аты-жө­німнен басталатын тізімін то­лық­тырды. Осы отырған бәрімізге етене таныс 60-шы жылдардағы ауыл клубынан да аумақтырақ көрінетін аудиторияда көздері жәутеңдеп отырған талапкерлер үшін – «созсам қолым жетерме»-нің биігінде бұлдырап тұрған, бәріміздің өміріміздегі нөмірі бірінші «биік лауазым» – студент атанудың жай-жапсарын асықпай түсіндіріп, сабақ берушіні таныс­тырды да кетіп қалды. Әрине, ол кезде біз бейтаныс ағайдың аты-жөнін батылымыз жетіп сұрай алмадық, о кісі де өзін таныстыруды «келер кезекке» қалдырса керек, «батылы жетіп» аты-жөнін айта қоймады. Әйтеуір универ­ситеттің қабылдау комиссиясына тікелей қатысы бар жауапты адам­дарының бірі болар деп топ­шыладық. Кейін ғой, ашаң жүзді ағайдың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен алынатын емтихан комиссиясының төрағасы екенін, дауылпаз ақын Сәкен Сей­фул­линнің ұлағатын сан қырынан сипаттаған «Қызыл сұңқар» атты эссе кітаптың авторы, көр­нек­ті ғалым Тұрсынбек Кәкішев екенін білгеніміз. Өз басым ағай­дың аталған кітабын ерекше ықы­лас­пен, қызыға оқығаным рас. Олай деуге басты себеп – мек­тебімізде С.Сейфуллин шы­ғармашылығына арналған са­бақ­тар төңкерісшіл рух тұр­­ғы­сынан да, әдеби жаңа­шыл­дық тұрғы­сынан да, патриот­тық тағылым тұрғысынан да өте жо­ғарғы дең­гей­де дәріптеліп, ерек­ше ілти­патпен өткізілетін. Өйт­кені, өзім оқыған Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің есімі елімізге ете­не таныс әйгілі ұстазы Әлия Дүй­сенова апайымыз Сәкен шығар­машылығына арналған са­бақтарды ерекше бір толға­ныс­пен, тіптен, керек жерінде оның ән­дерін де шырқата салып жіберіп, шабыттана сөйлеп, қызықтыра түсіндіре­тін, еріксіз ынта қойып тың­дауға мәж­бүр ететін. Сон­дықтан да болар, Сәкен туралы жазылған кез келген шығарманы дүкенде кездессе, қолма-қол сатып алып, ал­да-жалда қолда кездессе, қоймай жүріп сұрап алып оқуға тырысатынмын. Міне, сол Сәкеннің «сы­рын білетін», оның ақындық алымы мен қажырлы қайраткер­лігі, салтанатты сәнімен сабақ­тасқан адамдық болмысы, аңызға айналған тұлғасы туралы кітап жазған, біреулер үшін өзі де қол жетпейтін тұлға болып елес­тейтін адамның, сәті түсіп ал­дың­нан шығуы қандай әсерге бөлей­тінін айтып жеткізу қиын. Сондай көр­некті тұлға, көрікті ұстаздың алдынан дәріс тыңдап, оның шә­кірті болу бақыты маңдайы­мыз­ға жа­зыл­ғанына қалайша қуан­бай­сың.
Оқуға түссек, білім қуған азамат болсақ деген арман-тілек орын­далып, студент атандық. Жо­ғары және орта білім берудің сол кездердегі тәртібіне сәйкес, бір айдан астам ауыл шаруашы­лығы жұмыстарын атқарып, Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты ұжымшарлардың жүгерісін жинасып қайтқанымыз бар. Аталған науқаннан Алматыға қазан айының ортасында орал­дық, алып-ұшып аңсап күткен са­бағымыз да басталды. Біз оқи­тын Масанчи мен Киров (қазіргі Бөгенбай) көшелерінің қиылы­сындағы ғимараттың үшінші қабатында деканат, қазақ әдебиеті кафедрасы да осында орналасқан. Ол кезде үзіліске қырық бес минут сайын шығатын. Біздің жазғы аса жауапты емтихан қарсаңындағы қосымша сабақтарды тыңғылықты тыңдап, ағайлардан ақыл-кеңес алуымызды жіті бақылап, ұйым­дастыра білген, тіптен, әлде­қа­шан­ғы әз-қамқоршымыздай етене болып кеткен, өзінің өрімі бөлек іл­типатымен, мәуелі мейірім шуа­ғымен жан-сезімімізді қас қағым сәт­тен-ақ баурап алған сүйікті ағайымыз Тұрсынбек Кәкішевпен сондай үзілістерде кездесуге асы­ғатын ек. Сәті түсіп кездесе қалған жағдайда профессор Кәкішев ешкімді алаламай бәріміздің хал-жайымызды сұрап, тыңғылықты білім алып, жақсы оқуға талпындыратын, қоғамдық өмірге белсене араласуға бағыттайтын, жылы-жылы сөздер айтып, бауырына тартатын. Шын жүректен шымырлап шығып, ағалық мейірімге ұласатын ақыл-кеңестері, ізгі тілектері бізді ерекше қанаттан­дырып, талпынысқа жетелейтін.
Содан бері де міне, аттай қы­рық сегіз жыл артта қалыпты. 69 жыл­дың ақауыз балапандары­ның алды жетпіске таяп, арты пай­ғам­бар жасынан асқан, ақыл­гөй ақ­сақалдар алқасынан үміт­керлер са­натында тұрса керек. Өмір тол­қы­нының қиыр жолында, тағдыр тезінің сан қырында іздері сайрап жат­қан 69-дың сол абитуриенттері, алдарында абыз ақылшылары, арт­тарында асқар таудай таяныштары бар екенін, өмірден өзған сәт­теріне дейін де сеңді бұзар сөз айта алар биі­гінен таймаған Тұр­сын­бек аға­ларының болғанын ме­дет көріп, мей­маналары тасып мақ­тан етті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, ардақты ұстазымыз сексеннің сең­­­гірінен асқан сәтіне дейін «сел­­­кілдеп» үйде отырмай өмір-кү­рес­­тің қайнаған ортасында жүрді. Оны біз, шәкірттері – адами асқақ рухты жоғалтпаудың, өнегелі болмыстың жасқа қарай жаси қоймайтындығы­ның, жаны таза адамның тәні де тегеруінді бо­латындығының, ойы таза адам­ның мойын омыртқасын тік ұстай алатындығының бір бел­гісі деп қабылдаймыз.
Қысқа күннің құбылма мінезі­нен ада, турашылдықтың тұтқа­сын мықтап ұстаған, ұлттың ұла­ға­тына қызмет жасаудың жарқын бейнесін­дей ғұмыр кешкен Тұр­сын­бек аға, қай қырынан алып қа­расаңыз да, өнеге үлгісіндей әсер береді. Жүрген ортасы мен шә­кірттеріне адалды­ғын, кез келген пікірталастан туындайтын қиын түйіндерді шешу­дегі әділ­дігін көрдік те, естідік те.
Тұрсынбек Кәкішұлының ға­лымдық жолына көз салар бол­саңыз, қазақ әдебиеттануын­дағы, әсіресе талас-тартысқа толы, қыр­тыс-қабаттары көп кезең әдебиетін зерт­теп-зерделеу барысында, оның жаужүрек жанкештілік та­ны­тып, кешегі «түрі – ұлттық, маз­­мұны – социалистік» жүйе­дегі бұ­ралаңы мол, қиюы қиын соқ­пақ­тарды басып өткенін бай­қай­сыз. Ғалымдық қайсарлық пен қа­жырлы еңбектің нәти­жесінде шаң басқан архивтер­ді арымай-талмай аударыстыра жүріп өткен кезең шындығын ашуға күш жұм­сады, тың тақы­рыптарды игерді. Қазақ әдебиет­тануында ұзақ жылдар бойы қозғалмай жатқан та­қырыптар­дың бірі – қазақ әдеби сынының тууы мен қалыптасуы еді десек, оны да алғаш көтеріп ғы­лыми ай­налымға енгізген Тұр­сынбек Кәкішев екені бәрімізге аян. Қазақ әдеби сынының тарихына арналған «Дәуір суреттері» (1967), «Сын сапары» (1971), «Оңа­ша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сы­­нының тарихы» (1994), т.б. ең­бек­тері соның айғағы. Сондай-ақ, «Қа­зақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1–2-кіт., 1967), «Қазақ кеңес әде­биеті тарихы» (1970; орыс тілінде), «Көп ұлтты кеңес әдебиетінің тари­хы» (1970, Мәскеу) сияқты ұжымдық еңбектерді жазуға белсене араласуы да ғалымның аза­маттық қажыр-қайратының, үз­діксіз қалам тартқан қарымының белгісі болса керек.
Бір ғана С.Сейфуллиннің шы­ғармашылығы мен өмір жолын баяндауға арналған «Сәкен Сейфуллин» (1967; орыс тілінде, ЖЗЛ сериясы бойынша, Мәскеу, 1972), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин. Өнегелі өмір» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Мағжан және Сәкен» (2000) сияқты шоғырлы кітап­тар жазуы ғалымның Сәкен­дей ұлы тұлғаға, Сәкендей ұлды тәрбиелеген Ұлы Далаға деген адами-азаматтық адалдығын көр­сетеді. Бұлардан басқа, қазақ әде­бие­тінің өткен кезеңдері мен бүгінгі биігі жайлы толғаныс-пікір­лері топтастырылған «Сана­дағы жаралар» (1992), «Кер за­манның кереғар ойлары» (1995), т.б. жинақтары – жиырмасыншы ғасырдағы төл әдебиетіміздің толайым шежіресі деуге тұрарлық дүниелер. Ал «Ұштасқан үш өзен» мен (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Ескірмейді естелік» (1994), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Жасампаз өлке» (1989), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002), «Сәкен аялаған арулар» (2003) сияқты ғылыми-көпшілік, сапарнамалық кітаптары танымдық қасиетімен ерекшеленетін ғалымдығы жазу­шылықпен ұштасқан өзіндік өрнек танытады.
Ардақты ағаның ондаған жылдар бойы жүздеген балауса санаға білім дәнін сеуіп, олардың адами жадына ұлт алдындағы парыз бен қарыз қасиетін дарыта білген ұс­таздық ұлы жолы – арнайы зерт­теп-зерделеуге татырлық бір әлем, абыз ағаның өз сөзімен айшық­тасақ, өзінше бір құбылыс есебін­дегі «оңаша отау». Алғашын­да қатаң талап қойғыштығы қа­тал­дық сияқты болып көрінгенімен, уақыт өте келе оның бәрі де ел ертеңі – болашақ ұрпақты қалай да білім бұлағынан молынан сусындатсам деген толайым тілектен туған өзіндік әдіс-тәсіл екеніне кө­зің жетеді. Шәкірттерге тек қа­тал талап қою ғана емес, соны­мен бірге оларға ылғи да қамқор бо­лып жүретін қасиеті ше?! Қадірлі ұстазымыз алдына келген тала­балардың талай легіне ел мен жерге қызмет ету бағытын сіл­теуден бірде-бір рет жаңылған емес, жалаң ақыл айтуға жаны қас ғұлама, керек жерінде кімге болса да көмек қолын созудан танып көрмепті. Туған тіл үшін тұяғынан от өрілген тұлпарлар дүбірін, туған діл үшін қанат­тарын жалын шарпыған сұң­қарлар жүрегінің дүрсілін бізден гөрі «жақыннан» тұрып естіген ғұламаның айтқан Сөзі мен жасаған Ісінің арасында алшақ­тық жоқ. Бұл – филология ғы­лымының докторы, профессор, қазақ еліндегі жоғары білім са­ласының ардагер-абыз­дарының бірі Тұрсынбек Кә­кішұлының көптің көкейіне қонақтаған тағы бір феномені, үздік қасиеті. Бұл – кез келге­німіз қысылмай, қымтырылмай дәріс алуға тұрар­лық Кәкішев мектебі!
Ол қай тұста, қандай мін­бер­де сөйлесе де адалдыққа ара­­ша болуға тырысады, жас ұрпақ болашағына алаңдайды, ұлт тағдыры үшін күйіне тіл қатады. Қашан болса да әдебиет жайлы, сол әдебиеттің көркем нақышпен көмкерілген нұсқа­ларын жасаушы қаламгерлер жайлы, өрелі өнер мен өміршең ғылым, иманды білім мен ибалы тәрбие жайында ой-толғаныс­тарын ашық білдіріп жатқаны. Таза шындық пен әділдік жолында жалтақ­тауды білмейтін, жағынуды жа­ны сүймейтін Тұр­сынбек Кә­кіш­ұлындай абзал ағаның әрқашан да туған ел, өскен орта алдындағы мерейі үстем болғаны бүгінде айдан анық. Жаны жай­саң, жаратылысы жомарт, қайсар мі­незді, дарқан көңілді, асыл текті аяулы Ұстаз ғибратты өмірі мен ғылы­ми мұрасы арқылы келер ұрпақ санасына да та­ғы­лымды өнеге қалыптас­тыруға қыз­мет ете бе­ретіні, әрбір жаңа буын­мен сыр­ласа беретіні ақи­қат.

ПІКІР ҚОСУ