Сынның сыры мен сымбаты
11.08.2017
5053
0

Сын – сымбатты жанр. Сондай-ақ, ол – шығарма бағын ашып, әдеби ортада қаламгердің маңдайын жарық етуімен қоса, оңдырмай «тоқпаштап», кей тұста бәзбіреудің обалына қалып, «бетің бар, жүзің бар демейтін» қуатты да қызба жанр. Дегенмен де, әдеби сынға Уақыт талап-тілегі мен ойлы оқырман талғамы биігінен қарасақ, «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек» екенін түсінеміз. Ұмыт болған туынды да, сын мен сыншы да көп. Ескі тігінділерді қарап, баспа өнімдеріне ден қойсаңыз, соған көз жеткізесіз. Жазарман көңіліне, тамыр-таныстыққа қарамайтын, қара қылды қақ жаратын әділ де адал сыны қалыптасқан, толықтай орныққан әдебиет әркез бақытты. Себебі, бүгіндері жоқты бардай, барды дардай етіп көрсету үрдісі белең алғаны соншалық, жазуға еш қатысы жоқтардың өзі «асыл сөзді» ермек қылатыны қынжылтады. Әдеби сыны мықты әдебиет – ұлы әдебиет. Өйткені, сын функциясы қаламгерді ұялту, оны асыра мақтау я болмаса бас көтертпестей тұқырту, талқандау емес, керісінше өз әдебиетіне деген асқан жанашырлықпен қарап, соның өнуін, дамуын, түрленуін, мүлде өзге кеңістікке шығуын ойлаудан туған іңкәр көңіл мен нәзік сезім қажет деп білеміз.

Сонда ғана сын сын болмақ. Жү­сіпбек Аймауытовтың «Мағ­жан­­­ның ақындығы туралы» ма­қа­ла­сында былай ой қорытуының өзінен-ақ сол кездегі қазақ сын­шы­лық ойының өскенін байқай­мыз. «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзiндей «тiл­­ге жұмсақ, жүрекке жылы тие­тiн» үл­бiреген нәзiк әуез қа­зақтың бұ­рын­ғы ақындарында болған емес. Ол жүректiң қобы­зын шерте бiледi, оның жүрегiнен жаспен қаны аралас шыққан тәт­тi сөздерi өзгенiң жү­регiне тәттi у себедi. Мағжан не жаз­са да сыр­лы, көркем, сәндi жазады. Оқу­шы­ның жүрегiне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңдi, жабайы жыр­ды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйел­дi жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегi айта ма, ұран са­ла ма – бә­рiн­де де ақынның ой­лағаны, сез­генi, жүрегiнiң қайғыруы, жаны­ның күйзелуi, көңi­лiнiң кiрбеңi кө­рiнiп тұрады. Қай өлеңiн оқысаң да, не ақын­мен, не өз жүрегiңмен, не ел жү­ре­гi­мен сырласқандай бо­ласың. Ақын­ның өзi көрiнбейтiн өлең­­дерiн оқысаңыз да, ерiксiз бiр сезiм туғызады. Әлде өкiндiредi, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде есiркетедi, әлд­е жiгер бередi». Осыған қарап-ақ қазақ әдебиетінде классикалық сын платформасы қалыптас­қа­нын байқар едіңіз. Жалғыз нәрсе, Біз сол сыншылық ареалды дамытып, білім-білігі, қарым-қабі­ле­ті, па­расат-пайымы, оқу-тоқуы қатар жүрген әдебиет­яшілердің дәс­түрін қаншалықты жалғай алдық?.. Бүгінгі қазақ сыны не­лік­тен өз бағыт-бағдарын айқын­дай алмай келеді? Бұрындары жа­зылған сын қаншалықты ес­кірді?.. Бізді мазалайтын сауалдар өте көп. Өйткені, сын – бел­гілі бір әдебиеттің өсуіне өзін­­дік сеп­тігін тигізетін ең қа­жет­ті жанр. Орыс сыншысы Д.И.Писа­рев «Реалисты» атты көлемді ма­қаласында мынадай бір керемет ой айт­ады: «Мне кажется, что в русском обществе начинает выработываться в настоящее время совершенно самостоятельное нап­равление мысли. Я не думаю, чтобы это направление было совершенно ново и вполне оригинально: оно непременно обусловливается тем, что было до него, и тем, что его окружает; оно непременно заимствует с различных сторон то, что соответствует его потребностям; в этом отношении оно, разумеется, подходит вполне под тот общий естественный закон, что в природе ничто не возникает из ничего». Сұңғыла сын­шы «ничто не возникает из ничего» дейді. Сынның озығы мен тозығы, ескі мен жаңасы, асылы мен жа­сы­ғы, сәттісі мен сәтсізі, жаманы мен жақсысы, әділі мен әді­лет­сізі болатынын ес­керсек, онда о жанрға да асқан сақтықпен келмесе бәз­біреу­ге ке­сірі тиіп кетуі мүмкін екен. Бір сәт­те «әдеби киллерлердің» құр­ба­нына айналып кете беруің ға­жап емес. Әлгі сыншым шын­ды­ғын айтса бәр сәрі ғой, «шы­­бық­пен шық­пыртады» келіп. Бірақ ондай сын қаншалықты ғұмырлы?.. Ара­ға жылдар салып барып оқы­ғанда қалай қабылданар екен?.. Оны ойлаған кім бар?.. Орыс клас­сика­лық сынын қалып­тас­тырған Белинский, Добролюбов, Герцен, Пи­сарев секілді сын­шы­лардың жаз­ғаны ескірді деген ел жоқ. Кері­сінше, орыс әдебиет­танушылары бес жылда бір рет классик-сын­шылардың антологиясын шығарып отырады. Шы­ғарып қана қоймай, олар­дың сәуе­гейлікпен айтқан тұ­сын, ал­даспанын артық сілтеген жа­ғын да баса айтады.
ХХ ғасыр қазақ әдебиеті үшін өте табысты болды. Көркем әде­биеттің басты нысаны – адам. Сол се­бепті де, «сөз өнері» кезең­де­рінің дамуы адам болмыс-біті­мі­нің, оның психологиялық хал-ахуалы­ның күрделене түсуі­мен тығыз бай­ланысты. Туын­ды­ның қай түрі болсын кісі әрекетінің логикалық се­беп-салдарымен қа­тар, жандү­ниесін ашып, жан­да­ғы көп құб­ы­лысты сөз атты ғажаппен өрнектеу арқылы образдың өз дәуіріне сәй­кес портретін жасайды. Әдебиетті өмірдің сандаған қырын кеңінен көрсетіп, қым-қиғаш саяси-әлеу­меттік, қар­жы­лық, рухани, діни уақиғаларды бақырбасты тағды­ры­мен қам­шы­дай өре суреттейтін өнердің ең шыңы деп білеміз. Сын жанры та­қыр жерде, бір күнде ғана пайда бола салған жоқ. Ол адамзат ой-санасының дамып, белгілі бір деңгейге көтерілгенде туған тарихи феномен. Демек, сын қоғам­ның ішкі сұранысына сай туады. Ал ол сұраныс туу үшін уақыт қа­жет екен. Қазіргі қазақ әдебие­тіне та­би­ғи даму тұрғысынан емес, тарихи тұрғыдан баға берер бол­сақ, тоқ­саныншы жылдардан кейінгі романтикалы-лирика­лық, тарихи туындыларға әдет­тен­ген оқырман «жаңа прозаға» қаншалықты дайын боп шықты және ол дүниелер әркімнің ішкі сұранысын қанағат­тандыра алды ма екен?.. Талғамды тәрбиелейтін эстет сын мен жазушы болған­дық­тан, Тәуелсіздіктен соңғы жиыр­ма бес жыл ішінде дәл осын­дай бір жаңашыл әдеби үл­гіні оқитын орта қалыптасты ма?.. Және бүгіндері түрлі жаңа­шыл­дықтарға баға беріп, үлкен ойшыл­дықпен қорыта алатын сыншылық топ түзілді ме?.. Сын да тірі ағза се­кілді болғандықтан ол жан-жағына бажайлап қарап, жаман мен жақсыға қарайды, са­лыс­ты­рады, бой теңестіреді, озсам, алда болсам, шеберлігімді шың­дай түс­сем деген мақсат-мұ­рат қояды. Жазу­шы мұраты – оқыр­манға эсте­тикалық ләззат сыйлау. Әсіре­се, бүгінгі заманда. Ал сыншы мақсаты – сол жа­зыл­ған дүниелерге мониторинг жасау. Қазақ әдебиеті тарихына бір сәтке ой көзімен қарасақ, та­рихи кезеңдердің талабы мен сұра­нысына сай, сынның да миссиясы өзгеріп отырған-ды. Мысалы, орыс отаршылдығына қар­сылық ретінде туындаған «Зар заман әдебиеті», ұлт-азат­тыққа шақырған «Алашұранды әдебиет», одан кейінгі «социа­листік реализм әдебиеті», азат ойлы «Тәуелсіздік­тен кейінгі әде­биет», бәрі-бәрі қазақ сы­нының қалыптасуына, оның сы­пат-мазмұнының өзгеруі­не сеп­тігін ти­гізгені анық. Сондық­тан қа­зақ әдебиетінің жанрлық, сти­ль­дік, формалық, тақырыптық жағынан түрленуіне бірден-бір се­бепші – сын жанры. Әдебиетші әрі ғалым Б.А.Ахундов: «XIX ға­сыр­дың ая­ғы мен ХХ ғасырдың басын­дағы шұғыл әлеуметтік қа­дамдар шын­дықтың тек эпикалық кең кар­тинасын ғана емес, өзгер­мелі дәуірдің эмоционалдық атмос­фе­расын бере алатын лирикалық баяндауларды да қажетсінеді», – де­ген болатын. Бұдан шығатын қо­­ры­тынды, сын бағыт-бағ­дары­ның өзгеруіне тек сыншылардың сын­дары ғана емес, әр кезеңде жа­зыл­ған туындылардың да әсе­рі мол.
Сын айту мәдениеті бар да, сын қабылдау мәдениеті бар. Қа­зіргі қазақ әдебиетінде қайсысы ба­сым?.. Әр жазушы өзін мінсіз санайды. Бір шығарманы бір, екі, үш рет емес, жиырма-отыз рет көшіріп жазудан шаршамаған Чехов, Тургенев, Толстойлар ер­лі­гін қайталай айтудан еш жа­лықпайтын себе­біміз, олар – үлгі. Дегенмен, барлы­ғы дерлік арысы Гете, Шекспир, Данте, бе­рісі Жамбыл, Әуезов, Қа­сым емес. Әлемдік үрдіске айнал­ған адам­ның екіге жарылуы (пси­хо­­логиялық патология) өткен ға­­сыр­дың жетпісінші жылдары қазақ прозасына келіп үлгерді. Оралхан Бөкейдің беймаза да аса сезімтал кейіпкерлері мен Төлен Әбдіктің «Оң қол», «Парасат май­даны» шы­ғармаларындағы іштей қоғаммен қайшылыққа түсіп, қақ жарылған жандар әдебие­ті­мізге пішіндік өз­герістер алып кел­ді. Осынау кезең­де кісі бол­мыс-бі­тімінің күрделі әрі жұмбақ мә­селелерін, рухани құн­ды­лық­тарды зерделеуде бей­не­леудің дәстүрлі әдістерімен қоса реа­­листік емес сарындардың да орын тебе бас­та­ғанын аңғару қиын емес. Жетпі­сін­ші-сек­се­нін­ші жылдардан бастап қазақ әдебиетінде әлем­дік әдеби эстетикасынан да алыс емес екенін байқаған болар ек. Ал сол тұс­тағы қазақ сыны қан­дай болуы керек еді?.. Яғни ол жанр­ға қойы­лар талапта күрделене түс­кені белгілі. Дүниежүзілік әдеби кеңістігінде жойқын да қуатты рухани әлуеті бар сын жанры дами келе, XXI ғасырда толықтай орны­ғып, қалыптасып үлгерді. Әдебиет­танушы-ғалым Гинзбург «әдебиет әркез тоқырап, қайта қалпына ке­летіні» жөніндегі бол­жамын ескерсек, онда сын да трансформацияланып отыратыны шындық. Қазақ әңгімешіл­дігіндегі негізгі бағыт өткен ға­сырдың бас кезінде ұлт өмі­рінің маңызды делінген хал-күйлері­нен өріс алғанымен де, көп жазарман Советтік жүйе кесірінен кеңі­нен көсіле алмай, шығарма­шылық күш-қуатын толықтай аша ал­май, қатаң да қатал идеология қыс­пағында қалып қойды. Адамзат асқан жылдамдықпен өмір қа­ғи­даттарын күл-талқан етіп, таны­мастай өзгертіп жатқан осынау заманда «сөз өнеріне» қойылар талап-тілек те, оған артылар жүк те бөлекше. Жаһандық классикалық әде­биет, оның ішіндегі ойлы оқыр­ман-жанкүйер үшін алтыннан да бағалы сын жанры әр кезең, әр дәуірде көркемдік-эстетикалық талғам-таразысымен, әрқандай сая­си-идеологиялық мүдде биігі­нен сараланып отыру дағдысы әлі де жалғасуда. Осы бір бағытта қа­зақ әдебиетіне қарайлап, оның жанр­лық, стильдік, формалық, тақырыптық тұрғыдан өскен тұсын барлаған З.Серікқалиев, Т.Тоқбер­ге­нов, Ә.Кекілбаев, Р.Нұрғали,
А.Сү­лейменов, Ж.Әбдірәш,
С.Әшімбаев, С.Жұмабек секілді сыншылар болды. Аты аталған сын­шылар қазақ ой-санасына қоз­ғау салды. Демек, қазақ жазба әдебиетінде орныққан, қалыптас­қан, балталасаң да бұзылмайтын дәстүр бар дегенді именбей айта ала­ды екенбіз. Илеп, билеп-төс­теуге көнбейтін нәрсе – Тәуелсіз ой мен рух күші.
Жазарманға талантпен қатар бі­лім, еңбекқорлық һәм көркем әде­биетке деген сүйіспеншілік керек! Ең негізгісі қаламгерлік қа­сиетке – өнер деп қарау! Қазіргі қа­зақ әдебиетінде сын ескірген жоқ па деген де ойдың төбе көрсет­кені ақиқатқа жақын. Біздіңше, сын ескірмейді, керісінше біздің сын­ға деген сеніміміз азайған. Сен­­бейміз! Себебі, әйтеуір бір сын­шысымақ қаламгерлерді жер-көкке сыйдырмай мақтайды, ал енді бі­рін тас-талқан етеді. Алайда, жазушы табиғатын ашып, оның кем­ші­лік-артықшылығын қатар көр­­сететіндер көп емес екені тағы бар. Бүгінгі сын сынап сияқты сусып тұр. Кімді құбыжық, кімді сүп-сүйкімді етіп көрсетсе де өз еркі. Соған қарап айтар болсақ, нақ­ты бір сыни көзқарас қалып­таспай тұр. Сын жанры бір сәтке сергектігінен айырылып қалды, қалғып кетті десек те болар. Кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін анық­тап беретін сын емес пе?.. Қоғамдық құрылыс, әлеуметтік жағдай, саясат, экономика әдеби сынға өз әсе­рін тигізуде. Бір жағынан сынға деген сұраныстың да азайып кет­кені белгілі. «Қажет кезде жаздырамын» деген көзақарстың да бары рас. Басқа-басқа Біз Совет кезіндегі М.Қа­ратаев, Е.Ысмайылов, Р.Берді­баев, С.Қирабаев, М.Базарбаев,
Т.Кә­кі­шев, Б.Майтанов, А.Егеу­баев­тардың сыни еңбектерін жоққа шығара аламыз ба?.. Әрине, жоқ. Өйткені, аталмыш сыншылар қа­зақ сынының жүріп өткен жолын бағамдау үшін керек-ті. Біз олардың ақын-жазушының шығар­ма­шы­лығын талдау, саралаудағы шын­дық­ты айтуына, кәсіби білікті­лі­гіне, шеберлігіне тәнтіміз. «Сын – сын болсын, сын – шын болсын» де­ген қағида осы тұста шықса керек. Ал шындық ескірмейді. Ақи­қат алтын секілді. Ысқылап жібер­сең жарқырап шыға келеді. Орыс­тың ұлы сыншысы В.Г. Бе­линс­кий «…до Пушкина были у нас поэты, но не было ни одного поэ­та-художника», – деп заманы ту­дырған талант иесін бірінші боп ормандай орыс оқырманына танытқан еді. Әдебиетті дамытуда, әдеби ортадағы талантты қаламгер еңбегін бағалап, бұқараға жария етуде сынның орны алабөтен. Совет кезінде Партия аталмыш жанр­ға аса үлкен мән бергені бекер емес.
Қазіргі қазақ әдебиеті сынының тарихына, оның жүріп өткен жолы­на көркемдік сапа деңгейі тұр­ғы­сынан қарағанда бірнеше айтулы кезеңдерді атап өтуге болар еді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы-оты­зын­шы жылдарында Алаш арыстары негізін қалаған, осылардың ар­қа­сында жаңаша, ұлттық таным­дық-көркемдік биігіне көтерілген әде­би-көркем сынымыз, ең бастысы осы арқылы сол кезеңдегі туған әде­биетіміздің тарихын, теориясын, көркемдік ізденістерін бір жүйе­­ге түсіруге деген талпыныс зая кет­кен жоқ. Қазір қолымызда қал­ған осынау баға жетпес құнды мұра бүгінгі әдебиетін іздейтін, әдебие­тін сүйетін жас ұрпаққа да таптырмас рухани азық екендігін айтып жату артықтау. Демек, қазақ көркем сыны тақыр жерде пайда бола сал­ған жоқ, құнарлы мектептен, телегей теңіз әдебиетіміздің өз қай­на­рынан қуат алды. Әдеби сынымыз бен әдебиеттану ғылымын­дағы осынау күрделі жылдарда қа­лып­тасқан, өркен жайған құнар­лы дәстүр – алпысыншы-тоқсаныншы жылдар аралығында осынау құнар­ға мықтап табан тіреген, содан нәр алған бірнеше буын қазақ сыншылары да өсіп жетілді, әдебиет айдынына шықты. Жетпісінші жылдар­дың ішінде жазған дүниелерімен оқырманды елең еткізіп осы көшке келіп қосылған З.Серікқалиев, Т.Тоқ­бергенов, А.Сүлейменов,
Ж.Әб­дірәшев, С.Әшімбаев, т.б. сын еңбектері әдебиетке соны леп алып келді. Осынау талантты, тегеурінді, ең бастысы әлемдік әдебиеттен то­қығаны, түйгені мол білімді, білік­ті әдебиет сыншылары кәсіби сын­ның ауыр жүгін ауырсынбай ар­қа­лап, көптеген уақыт бойына өз тағдырына балап, бір ерекшелігі әдебиеттің барлық жанрларын бір­дей қамтып, өндіре жазып, жемісті еңбек етті. Әдебиет пен сынның биік белесіне сирек дарын, тума т­а­лантымен, ешкімді қайталамай­тын өзіндік стилімен, жазу мәне­рі­мен, ең бастысы осынау ұзақ жыл­дардың өн бойында тынымсыз ізденіс пен таза еңбекке ғана арқа сүйеген сыншылардың қазақ оқыр­манына ұсынған жинақтары аз емес. Әркімнің өнімді еңбегі арқа­сын­да олардың кітаптары жұрт жадында қалды. Әрбірі қазақ әде­биетінің бір-бір шоқтығына ай­налған, жоғарыда аты аталған қалам­герлердің шығармашылық зерт­ханасының, олардың көркем­дік әлемінің қазіргі әдебиеттану, сыни-эстетикалық дүниетанымы­мыз­дың бүгінгі жеткен биігінен талдау арнасында қарастырылуы басты рухани олжамыз дер едік. Айталық, Сайлаубек Жұмабектің «Ро­ман және әлеуметтік талдау» деп аталатын көлемді мақаласында Шерхан Мұртазаның «Қызыл ж­е­бе», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» жә­не «Елең-алаң», Есенжол Дом­баевтың «Жаман Жәутік», О.Бө­кей­дің «Өз отыңды өшірме», Б.Нұр­жеке-ұлының «Бір өкініш, бір үміт» шығармаларындағы қол жеткен көркемдік табыстар мен орын алған кемшіліктер нақты бір проблема төңірегінде, яғни осы шы­ғармалардағы әлеуметтік талдау деңгейінің ара салмағымен өл­шенуі көп сырдың бетін ашқан. Осы орайда көркемдік талдау, кейіпкер шынайылығы, жазу­шының тіл шеберлігі сияқты мәнді мәселелер де назардан тыс қалма­ған. Әрі ол бұл қаламгерлердің көп жылғы шығармашылық ізденіс­терінің жемісті екендігін, олардың қаламынан туған шығармалардың көркемдік әлемін, танымдық-тағ­лымдық мән-мағынасын, рухани-философиялық парасатын, қала берді суреткерлік қолтаңба ерекше­ліктерін егжей-тегжейлі иін қан­дыра әңгімелейді. Сыншы: «Жазушы әке мен бала қарым-қатынасын педагогикалық, эстетикалық, фи­лософиялық өрімде өзгеше біртұ­тас­тық сақтап, екі кітаптың өн бойын­да осы өрімді ылғи ірі планда көрсетіп отырады», – дей келе, романның орталық кейіпкерлері – Рысқұл мен Тұрар тұлғаларын да­ралаудағы, оларды типтік образ биі­гіне көтеру мақсатындағы жазушы ізденістеріне, романның реа­листік қуатына, романтикалық ты­нысына ерекше әсер еткен көр­кемдік факторларды кеңінен сөз ете­ді. Сайлаубек Жұмабек Ш.Айт­матовтың «Жан пидасы» туралы да жазды. «Әлеуметтік әділет тартысы» атты мақаланың құндылығы сон­да, ол «темірді қызған кезде соқ» дегендей, сыншы сол кезеңдегі одақ қаламгерлері пікіріне дер шағында үн қосып, автордың терең таным-талғамын, биік парасат-пайымын аңғартқандығында. Сол буынның ерекшелігі – қай мәселені көтерсе Сде, асқан жауапкершілікпен келіп, соны немқұрайды сөз етпей, те­реңінен толғап, сезіммен шал­қуы, нені айтса да жүрек түбінен тебіреніп айтуы. Олар алпысыншы-сексенінші жылдар проза, драма, поэзияның тақырыптық, жанрлық, стильдік ізденістерін қамтып айтуға тырысты. Енді ғана таныла бас­таған, алғашқы тырнақалды шы­ғармаларымен оқырманға жол тарт­қан жас қаламгерлердің аяқ алы­сы туралы да сыншының ой-толғамдары, пікір-байламдары орын­ды көрінеді. Сыншы әдебие­тіміздің ертеңгі күнінен де суырт­пақтап сыр тартады. Шер-ағаң – Шер­хан Мұртаза С.Жұмабек тура­лы былай деген еді: «Сайлаубек шығарманы, жалпы әдебиетті өзге сыншылардан гөрі жете таниды. Сол танығанын бүкпесіз, риясыз, тек өзіне тән турашылдықпен айта біледі. Бірақ «турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың» деген де бар. Шын сыншының тағдырын Құдай солай жаратқан. Бірақ үйтіп үр­кек­теп қалған Сайлаубек жоқ, қара­ғай тектес!..». Немесе Сағат Әшім­баевты айтсақ болар. Ол сын­шының қолтаңбасын бірден ажыратамыз. Әсіресе, ой-пікірді поэ­ти­калық аяда айшықтап жеткізу, сти­льдік тұрғыдан шегелей, ши­рық­тыра қайыру мақсатында әдеби-теориялық терминдерді, ха­лықаралық лексикадағы таным­дық, аясы кең, өткір, танымал сөз­дерді өте ұтымды пайдаланады. Қол­дана отыра әлгі ұғым-түсінік­терді контекст тініне ойнақы, тігі­сін жатқыза кіргізіп, киік сақасына қорғасын құйғандай етіп сөзге сал­мақ үйіреді. Бұл сыншының ұта­тын тұстары. С.Әшімбаевтың бір ерекшелігі – әдеби-эстетикалық тал­даудың тосын, қызықты және де өнімді көрінетін әдісі – терең талдап, ауа жайылмай, кемшілік­терін нақты айта алатындығында. Ол қаламгерлердің эстетикалық көз­қарастарын – туындыларымен және әр алуан тақырыптағы әдеби-талдау мақалаларымен жарыстыра отырып, яғни сол кездегі әдеби үр­діс­тегі жазарманның көркемдік жүйе­сі мен жаңашыл ізденістерін қа­тар алып қарайды. Сол тұста әдеби ағымдағы көзге түскен көр­кемдік ізденістердің барлығын са­лыстыра келе, соның егіз өрім, бір өзек табиғатын, яғни талант таби­ғатындағы ішкі әрі сәулелі қа­сиеттерін, даралығын, артық­шылығы мен кемшілігін дөп көр­сетіп, алабөтен тұстарын ешкімнен жасырмай, аршып көрсетеді. Сонымен де ол – Сағат!.. Сағат сын­шы­ның басқалардан тағы бір айырмасы – жасырмауында. Өсетін, болашақта үміт күтетін авторларды аямай сынайды. Сол үшін де біреу­ге ұнады, біреуге ұнаңқырамай қал­ды. Бірақ Сағатты кейінгі ұр­пақ оқиды деп сенеміз. Себебі, ол талдаудың өзіндік үлгісін қалып­тастырған қаламгер. Осындай әдіс-тәсілдің бәрі өз кезегінде сын­шы үшін туындыгер портретін іш­тен ашуға, іштен танытуға тап­тыр­мас кілт болмақ. Жалпы, қа­зіргі қазақ әдебиетінің ең бір зәру мәселелерін дер кезінде оқырман талқысына салып, жекелеген жа­зармандардың күрделі шығар­ма­шылығын қалт жібермей қадаға­лап, ұдайы жазып, талдап, талғап, саралап, олардың рухани мұрасына бір-бір кітап арнау мақсатында өнімді еңбек етіп, бүгінгі қазақ көр­кем сынына сүбелі үлес қосып, ең бастысы осы жанрдың ауыр жү­гін жарты жолда тастап кетпей, бас­қа жанрға бұрылып кетпей, әлгі жанрға адалдық танытқан алымды сын­шыларымыздың еңбектерін өскелең ұрпақ қолынан көргіміз келетінін жасырмаймыз. Туабітті болмыс-бітімінде қанағат пен тұрақ­тылықты тұғыр етіп, парасат-пайымы мен адамгершілігіне қы­лау түсірмей келе жатқан сын сар­дар­ларына тағзым етіп, олардың ең­бегін ұмытпасақ екен. Өйткені, әде­биеттегі ең қауіпті дүние – ұм­тылу ғой…

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір