Бес Тәңірдің басынан шашылған «Шұғыла»
07.08.2017
2457
1

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде атқарылып жатқан шаруалар жетерлік. Елбасының мемлекеттік тілді дамыту саясаты аясында жүзеге асырылуы тиіс шаруалардың бірі – қазақ әдебиетінің тек ел ішінде ғана емес, шетелдерде де кең насихатталуына жол ашу. Осы тұрғыдан алғанда, Баян Өлгей жерінде жарық көретін «Шұғыла» әдеби басылымының көтерер жүгі басым. Қазақ қаламгерлерін сырт елге танытуға елеулі үлес қосып жүрген журнал туралы толғаныс біраз ойға жетелейді.


Тіні де, діңі де Алтай топыра­ғы­нан жаралып, алтын, күміс ар­алас суынан нәр алған, алтай текті тілі бар түркі дүниесінің Қара шаңырағы аталған қазақ баласын Алтайдан ажырата алмаймыз. Алтай тауының солтүс­тік шығыс қапталы, бүгінгі Баян Өл­­гей – Байбесік жеріне алғаш аяқ басқан адам үшін осы өлке қа­лың тапал төбешік, тазығыр, жа­лаңаш төбелерден жаратыл­ғанға ұқсайды. Алайда, сол төбе-төбешіктерге шыға қалсаңыз, бүкіл Азия аумағының шығыстан батысқа созылған үстірттері мен сайын жазығы алақаныңызға салғандай жайылып сала береді.
Міне, осы өлкеде, 1940 жылы Ал­тай тауының солтүстік шығыс қапталын түгел алып Моңғолия құрамында қазақ аймағы дүниеге келеді.Жаңа орнаған аймақты Баян Өлгей (Байбесiк) деп атады.Байбесiк атына заты сай құтты ме­кен болды. Бұған дейін өзен бой­лап қыстап, қыстаудан көктеу, жайлауға, тау жайлап, жайлаудан күзеу, қыстауға қотарыла көшіп-қонып келген қазақтар Қобда өзенінің оң жағында Өлгей атты орталық қала құрып, жұдырықтай жұмылып, бір түпке бағынып, Моңғол Халық Революцияшыл Партиясы мен үкіметінің жете­гінде территориялық әкімшілік басқарудың үлкен өзгерісін жасап, ірі-ірі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, жасампаздық игі жеңістерге жетті. Бұл жеңіс аз уақыт аралығында қоғамның үл­кенді-кішілі бүкіл саласын тү­гел­дей дерлік қамтыды. Су жаңа инф­ра­құрылымдар пайда бол­ды. 1942 жылы баянөлгейлік қазақ­тар­дың бұған дейін қолданыста болып келген латын әліпбиінің орнына Қазақстан жұртшылы­ғымен бірдей криллицаға алфави­тіне өтуі қазақстандық оқу-құ­рал­дарды пайдаланып, халықтың жаппай сауат ашуына игі әсерін тигізген елеулі оқиға болды. Жергілікті халықтың қазақс­тан­дық оқу-құралдарды пайдаланып, қазақ көркем әдебиет туындыларын оқуға мүмкіндік алуы жергілікті қазақтардың аумақ­тық-рулық сипаттағы (Ш.Сарыбаев) тілінің орнына, жалпы, қазаққа ор­тақ қазақ әдеби тілінің орны­ғып, оның қоғамдық қызме­тiнiң өсуiне зор ықпал жасады. 1930 жылдардан бастап қазақ тілінде алғашқы парақша-газет­тер өмірге келді. Қазақ тілінің баспасөз саласындағы қызметі қалып­та­суы­­мен қатар, сарқылмас қайнар бұлағы халық ауыз әде­биетінен бастау алған көркем әде­биет саласы да осы жылдардан бастап жаңа қарқында дами
бастады.
Баян Өлгей қазақтарының жазба әдебиетi Ақыт Үлiмжiұлы шығармаларынан бастау алады. Алайда, мұны біреу мойындайды, ал біреу мойындамай жатады. Мойындамайтыны Ақыт Үлiм­жiұ­лының өмірінің соңғы жылдары Қытайда өткендігінде. Ол кезде Қытай мен Моңғолия ара­сын­дағы саяси жағдай жайсыз болды. Соның әсері Ақытты моң­ғо­­лия қазақтарының жазба әде­бие­­тінің қайнары деуге салқы­нын тигізді. Сондықтан Бая­н Өл­гей қазақ көркем әдебиеті­нің көр­некті өкілі Ақтан Бабиұлы жазба әдебиеттің бастауы деп те айтылады. «Күркіреп зеңгір ас­пан, естілді үн, //Селк етті, шо­шын­ғандай меңіреу түн. //Таң атып, көк жиектен көтеріліп,
//Жай­натып дүниежүзін жарқ етті күн». Бұл Ақтан ақынның жыры.Жырласа жырлағандай, 1942 жылы Өлгей қаласында аймақ жазушыларының «Өлеңдер жинағы» атты кітапшасы латын қарпімен жарық көреді.
Ал 1947 жылы қазақ тілінде «Өр­кендеу» атты тұңғыш газет шық­ты. Әрине, алғашқы газеттің төңірегінде, оның ыстық-суығына төзіп, баянөлгейлік қазақ әдебие­тінің алғашқылары болған ақын-жазушылар жүрді.
Баянөлгейлік ақын-жазу­шы­лар­дың аздаған жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай же­тіс­тіге жетіп, жергілікті халық-бұқараның басынан кешірген қи­лы тарихы, қиын-қыстау өмірі, бү­гінгі тыныс-тіршілігі, ілгергі жар­­қын болашаққа деген нық се­ні­мін реалистік тұрғыдан көр­се­тіп, шынайы суреттеуде көркем әдебиеттің түрлі салаларына тү­рен салып, меңгеріп, елдің де елді бас­қарып, билеген биліктің де мүд­де, үдесінен шығуы1955 жылы аймақта Моңғолия Жазушылар одағының қазақ бөлімшесінің құ­рылуына мұрындық болды.Осы­лай моңғолиядағы қазақ ақын-жазушылары ресми орта­лық­қа топтасуы олардың шығар­ма­шылдық ынта-жігерін қанат­тан­дырып қойған жоқ, өзінің эпицентрінен тысқары жердегі, шалғайдағы қазақ көркем әдебие­тінің еселей дамуына үлкен күш-қуат берді.1957 жылы Баян Өлгей қа­зақ­тарының рухани өмірінде тағы бір үлкен жаңалық болды. Сол кездің мақамымен айтар болсақ, аймақтық атқару әкім­шілі­гінің мәдениет отделі мен әдебиет әуесқойлары коллек­тивінің әдеби журналы «Жаңа талап» өмірге келді. Бұл шынында да «түрі ұлттық, мазмұны со­циалистік лениндік ұлт саяса­тының» жемісі еді. «Жаңа талап» журналының алғашқы саны жур­налдың редакторы Ә.Қажек­бер­дің «Қазіргі өлең­ге және басқа әдеби жанрлар­ға қойылатын талап күшейді. «Жылтырағанның бәрі алтын бол­майтыны сияқты» ұйқас­қан­ның бәрі өлең, сөз тіз­бегінің бәрі көркем сөз бола бермейді» деген салмақты алғы сөзімен ашылып, жергілікті қаламгерлердің елуге жуық өлеңдері мен ән мәтіндері, бірнеше очерктер мен әңгімелер жариялаған. «Жаңа талап» журналы жарық көрген күннен бастап халықтың саяси-мәдени өмірінде зор міндеттерді атқарды. «Жаңа талап» журналы арқылы байөл­гей­­лік қазақ көркем әдебиеті туып, қалыптасып, дамып, өне­ге­лі өркен жайды. Оншақ­ты ­жылдың ішінде өз миссиясын абыроймен орындаған «Жаңа талап» журналы 1970 жылы «Шұ­ғыла» деген атпен жаңғырып шы­ға бастады. Сөйтіп, байөлгейлік ақын-жазушылар жаңа талап­кер­лік деңгейден шартарапқа өзінің нұрлы шұғылалы сәулесін шашар жаңа өріске қадам басты. Ол Моң­ғолия Жазушылар одағының (МЖО) Баян Өлгей аймақтық бө­лi­мiнiң қазақ әдеби журналы деп аталды. Осы журналдың мақсаты мен міндетін МЖО-ның бастығы С.Удвал: «Қандай бiр ре­волюция­лық баспаның қоғамдық, саяси жаңа жағдай, жаңа талап­тарға сай дамып отыратын заң­дылығы бар. Баян Өлгей аймақ жазушы­лары­ның басылымының идеялық деңгейі жоғары, әдебиет өмiрiн дұрыс бағытта бейнелеу талабы биiк, тек жазушыларды ғана емес, жалпы интеллигенцияны, еңбек­шiлердi тәрбиелеуде, жас жазу­шылардың шеберлiгiн жетiлдiруде аса маңызды роль ат­қар­мақ… Қалқа, қазақ тiлiнде шығып жат­қан таңдаулы туындыларды екi тiлге бiрдей аударма арқылы таныстыруда журнал көрнектi мiндет атқаруы тиiс» деп белгі­леген. Сөйтiп, Моңғолиядағы қазақ әдебиетi дамудың екiншi сатысына аяқ басады. Әдеби кадр­лар өсiп жетiлдi. Олар барлық шығармаларын қазақ тiлiнде жаз­ды. Шағын әңгiме, шумақ өлеңнен тартып, ұзақ жыр-дастан, эпи­калық романға дейiнгi әдебиеттiң барлық жанры туып, қалыптасып, дамыды. «Шұғыла» журналының оқырманы да көбейіп, таралымы молайды. Оның әр жылдардағы таралымын мына кестеден көруге болады.
«Жаңа талап» – «Шұғыла» журналының 1957–2017 жылдар аралығында 192 саны жарық көрген. Кестеге 1984 жылдан 1992 жылдар аралығындағы «Шұ­ғыла» журналының ең бір өнімді шағы қамтылды. Баян Өлгей аймағында журналдың таралымы 1985-87 жылдары ең жоғарғы көрсеткiшке жеткен. «Жаңа талап» журналы алғаш 1957 жылы 2000 данамен жарық көрсе, «Шұғыла» журналының жалпы та­ралымы 1989 жылы 16600 да­наға өскен. Бұл сандық көрсет­кіштер әдебиет дамуынан да хабар береді.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Бабиұлы Ақтан, Мұха­ма­ди­ұлы Құрманхан, Байбатыр­ұлы Имашхан, Жаңжұңұлы Кә­кей, баянөлгейлік алғашқы роман авторы Мұхамәдиұлы Елеусіз, Моңғолияның Халық жазушысы Сұлтанияұлы Ма­ғауия қатарлы ақын-жазушылар шықты. Жалпы, Моңғолия қа­зақ­тарының жазба әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қа­лам­гер­лер: Даниял Дікейұлы, Ар­ғынбай Жұмажан­ұлы, Шабдарбай Қатшанұлы, Дайын Қа­лау­байұлы, Байыт Жанатұлы, Ик­рам­бек Жәбен­ұлы, Шерияздан Нығышұлы, Махфуз Құлы­бекұлы, Кәп Құмар­ұлы, Егеухан Мұқамади­қызы, Қауия Арыс_бай­ұлы, Яки Ілиясұлы, Зуқай Шаріпақын­ұлы, Ақын Алақан­ұлы, Шынай Рахметұлы, Кеңес Ілиясұлы, Тойлыбай Құрман­дол­даұлы, Солдатхан Орайхан­ұлы, Жамлиха Шалұлы, Сейіт­хан Әбіл­қасым­ұлы, Берімбай Ыс­­қақ­ұлы, Сұлтан Тәукей­ұлы,Қуанған Жұмажанұлы, Мұрат Бұшатай­ұлы, Рысбек Зұрғанбайұлы, т.б. Қабидаш Қалтасқарұлы, Ислам Қабыш­ұлы, Қаржаубай Сартқо­жа­ұлы қатарлы әдебиетші, тарихшы ғалымдар, алысты аралап көрген кейінгі толқын інілердің бар­лығы да «Шұғыла» журналы­ның түлектері болумен қатар, оның өркендеуіне бір кісідей ат салыс­қа­нын мақта­нышпен атап өтуі­міз ләзім.Қазақ қаламгер­лерінің бiр жылда 60 әңгiмесі жарық көрген. Бұл – үлкен табыс. Бүгiнге дейiн 200-ге тарта повесть, 40-қа тарта романы өмiрге келсе, со­ның барлығы да «Шұғыла» журналы арқылы пісіп-жетіліп өмір­ге жолдама алып жатты. Әдеби кейіпкер­лерін тапқа, топ­қа бөліп, «бай – ақы­мақ, ақылды кедей, молла – пасық, би – паң, шонжары шұбар төс» болып келетін ескі қоғамды жеріне жет­кізе желкелей, жексұрын ет­іп, жаңа қоғам жетекшісі компартияға шаң жуытпай ас­пандата дәріптеп, партия хатшысын алғыр-да­ныш­пан, жұ­мысшы қауымын өңкей жетелі, жеңімпаз етіп көрсеткен әдеби туындылармен қатар, өмірдің шынайы келбетін суреттеген шы­ғар­малар да бір-бірімен жарыса қа­тар жариялануы «Шұғыла» жу­рналының тағы бір жетістігі деп бағалауға болады.
Өзiнiң ұлттық этникалық Отанынан жырақта, басқа тiлдi елдерде жүрiп үстем тiлдердiң қор­ша­уында қалған ана тiлiнде көркем әдебиет туындыларын жасау – өмiрде сирек кездесетiн құбылыс.Әлемге аты әйгілі көптеген әде­биет­­­ші­лердің ұлты мен жазған шығар­ма­ларының тілі сәйкеспей жататыны соның айғағы. Шығарма қай тілде жазылса, сол ұлттың әде­биеті көркейеді. Осы тұрғыдан кел­генде, Қытай, Моңғолия, Өз­бек­­стан қа­зақтарының көркем әдебиет саласында қол жеткiзген жетiстiк­терi Қазақстаннан шалғай ортадағы көркем әдебиетін дамыту арқылы қазақтың бай әдеби тiлiн аясын кеңейтіп, ұлттық құн­дылық­тың бас­ты кодын сақтап қалды. Мысалы, Қытай, Моңғолия, Өзбекс­тан­дағы қазақ ақын-жазушылары көркем әдебиеттiң арнасы толған, ең үлкен жанры дастандар мен романдарды өмiрге әкелсе, Түркия қазақтары аз да болса кең көлемде жазылған көркем-публицисти­калық роман-эссе, естелiк-эсселер (Х.Алтай «Ал­тайдан ауған ел», Х.Оралтай «Елiм-айлап өткен өмiр», Д.Жаналтай «Қилы заман, қиын күндер», т.б.) жазды. Ал Ресейдегі бір мил­лионға жуық қазақтардан қазақ тілінде жазылған бірде-бір шығарма тумағаны өкінішті. Бұл жергілікті жерде «Шұғыла» журналы сияқты көркем әдебиет өкілдерінің басын қосып, бағыт-бағдар беретін орган­ның болмауы да әсер еткені сөзсіз.
«Шұғыла» журналы қазақ тiлiнiң көркем әдебиеттің аударма саласында да өлшеусіз бiрқыдыру еңбек сiңiрдi. Аударма арқылы өзін басқаға, басқаны өзіне танытты. Мың жылдық бай тарихы бар моң­ғол әдебиетiнiң ертедегi тамаша үлгiлерi мен бертiнгi кезеңдердегi көркем туындылары қазақ тiлiне аударылды. Қазақ әдеби тiлiнiң сөздiк қорын кеңiнен пайдаланған аудармашылар моңғол тiлiндегi шығармаларды сәттi тәржiмалады. Моңғол халқының көне шежiрелерi «Моңғолдың құпия шежiресi», «Гэсэр», «Жаңғыр» сынды эпика­лық дастандарымен қатар, моң­ғол­дың жаңа әдебиетiнiң белдi өкiлдерi Д.Нацагдорж, Д.Сэнгээ, Ч.Лодойдамба, Ц.Дамдинсүрэн, С.Эрдэнэ, Б.Явухуулан, Д. Намдаг, Ц.Гайтав, Б.Бааст, С.Удвал, Л.Түдэв, тағы басқалардың көптеген туынды­лары қазақ оқырманының игiлiгiне айналды.
«Шұғыла» журналы жер жүзiн­дегi барша қазақтың ұлттық ана тiлi, қазақ тiлiнің өркен жаюына өз тарапынан өлшеусіз үлес қосты.Солай болса да қазақ тілінің бү­гінгі күйіне баға беріп, ертеңіне алаң­даған күрделі мәселелер де жоқ емес еді. «Жаңа талап», «Шұ­ғыла» журналдары жергілікті жерде қалыптасқан тілдік жағ­даят­қа қатысты толғақты, көкей­гесті мәселелерді дер кезінде кө­те­ріп, оның оң шешімін табуынан тыс қалмай, тұрақты түрде атсалысып, қызмет қылды. Көркем әдебиет тiлдiң жергiлiктi ерек­ше­лiктерiн азайтуға зор үлес қоса­тын­дығы белгiлi. «Жергiлiктi ха­лықтың тiлiне әдеби тiлдiң әсерi неғұрлым күштi болса, соғұрлым ондағы диалектiлiк ерекшелiктер тез жойылады» (Ш.Сарыбаев). Бұл күнде баянөлгейлік қазақтар қазақ тілін қаймағын бұзбай сақтап, ана тілінде сөйлеп отырса оған жергілікті жерде дамыған көркем әдебиеттің, оның органы «Шұғыла» журналының үлесі зор деп білеміз.
Алайда, 1991 жылдан бастап «Шұ­ғыла» журналының таралымы күрт құлдырап, кей жылдары жарық көрмей қалған. 1999 жылы аталмыш журналдың 2 саны бi­рiк­тiрi­лiп, әдебиет сүйер жан­дар­дың де­меуімен Ұланбатыр қала­сында 500 данамен шықты. Бұның себебі мынада еді. Өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарының басында елде демократиялық өз­ге­рістер жүріп, нарықтық эконо­ми­каға бет бұрған шақта журналды орталықтан қар­жыландыру то­қ­та­тылып, «Шұғыла» журналының тұрақты шығуы қаржылық тап­шылыққа байланыс­ты аса қиын жағдайға душар болды. Сөйтсе де «Шұғыла» журналы жоғарыда айтқанымыздай, көркем әдебиет­тің шынайы демеуші, жанашырла­ры­ның арқасында тыныс-тірлігін тоқтатқан жоқ. Ал «Шұғыла» жур­налы­ның Бас редакторлығына ақын, тарихшы, іскер азамат, «Шұғыланың» шын жанашыры Сұраған Рахметұлының келуімен журнал өзінің жаңа бет-бейнесін тауып, бұл күнде беделді журналға айналып отыр. Соның нәтижесінде, елімізде өтіп жатқан ЭКСПО аясында «Шұ­ғы­ла» журналы Астанадағы халы­қаралық кітап көрмесіне қатысып, өзінің 60 жыл­дық мерейтойын атап өтті.
«Шұғыла» журналы әдеби тіл­дің дамуына үлкен үлес қосты деп айттық. Алайда, қазiргi жағдайда әдеби тiлдiң үстемдiк алуына қыз­мет атқаруға тиiс көркем әде­биет туындыларының таралымы азайып, жергілікті халықтың ауызекі сөйлеу тiлінiң қолдану ая­­сы кеңейіп, әдеби тілдің нор­ма­ларының тұрақты сақталмауы байқалады. Көркем әдебиет өкiл­дерi өз туындыларын әдеби тiлде жазғанымен, оны жұрты түсiнбесе табиғи жолмен-ақ халық толық­қан­ды түсiнетiн тiлге көшуге мәж­бүр болады. Егер біз шетел­дердегі қазақтардың тілін сақтап қалғымыз келсе, олардың көркем әдебиетінің дамуына, «Шұғыла» сияқты халықтың көңі­лінен шыққан оқылымды журнал­да­рының тұрақты шығып тұруына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Әйтпейiнше, жергiлiктi халық қазақ тілдерін араластырып сөйлейтін жаңа тілге қоныс аударады. Бұл үдерiс тым ұзаққа да созылмайды.

Бақытбек Бәмішұлы,
ақын-жазушы, филология ғылымының кандидаты.

ПІКІРЛЕР1
Бақытбек 08.08.2017 | 16:27

ҚӘ ұжымына алғысымды білдіремін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір