Әңгімеге адалдық
04.08.2017
1503
0

Ертеректе мен «Жұлдыз» журналынан Келіс Рахымжановтың екі әңгімесін оқыған едім. Әлгі екі қысқа әңгіме көңілімді ұйқы-тұйқы еткен-ді. Менің жазушы Келістің шығармашылығымен таныстығым осылай басталды. Кейіннен ол маған «Оралу» әңгімелер жинағын сыйға тартты. Бір деммен оқып шықтым. Көптеген туындылары көкейімде жатталып қалды.

Міне, менің қолымда Келіс Рахымжановтың мемлекеттік тап­сырыспен жарық көрген «Қалғұты» деп аталатын әңгіме­лер жинағы. Кітаптың беташарына «Қазына» туындысы бері­ліпті. Тұяқбай қарт төрт бірдей бас малы жоғалып, соны іздеуге шығады. «Тұяқбай жоқ іздеушіден гөрі ойға батқан адамның кей­пінде ат үстінде қимылсыз, жансыз адамдай кетіп барады». Иә, ол сырт қарағанда ғана солай. Ал шын мәнінде, іші алай-түлей. Кеше ғана мына төскей мың­ғыр­ған малға толы еді. Енді құлазып тұр. Соны ойлағанда көңілі әлем-жәлем болады. Өз басының қайғысын ұмытып, елдің жайын көп ойлап кетеді. Жолай қарын­дасының үйіне соғады. Тұяқбай қарындасының жадау тұрмысын көріп, оны іштей аяйды. Күйеу баласының ескі тракторы бар. Сонымен елдің шөбін тасып беріп күн көреді. Ал балалары…
« – Балалар қалай?– деді.
– Жүр ғой, базар, сауда деп. Оқу бітірді, жұмыс жоқ.
– Малға әкелу керек-ау, соларды қайта, – деді Тұяқбай.
– Қайдан келсін малға, әкеле­рінің қыры жоқ. Менің қу­зауым­мен істейді, бірдеңе істесе. Әйт­песе о да жоқ, – деді.
– Мал шіркін де баққанға бітеді ғой, – деді Тұяқбай оны қостағандай».
Осы диалогтан көп нәрсені аңғаруға болады. Күйеу баласы адал еңбек етсе де, бос жүрген бала­ларын іске жұмылдыруға өресі жетпей, қараусыз жібереді.
Ақыры қарттың іздеген жоғы табылады. Ұрылар малды сойып, бірақ базарға етке өткізуге үлгер­меген екен. Қарт құлынынан өсір­ген сүйікті жануардың рәсуа болғанына іші ашып, көзінен жас шығады. «– Иттер-ай, жайратты-ау, бар малымның басы еді, – деді жылап тұрып». Қарттың осы кей­пі кәдімгідей жаныңды елжіретіп жібереді.
Сонда әлгі суық қолды жандар кімдер? Ұрыларға малды шы­ғарып беруші қарттың жиені, қарындасының баласы болып шығады. Оны естігенде қарт қара­дан-қарап қысылып:
« – Қыдырбай қарағым, сен мұны тісіңнен шығара көрме, ел естімесін. Дос бар, дұшпан бар. Ертең не айтады сыртымыздан, кім білсін», – дейді.
Сөйтіп, қасындағы жоқ іздеу­ші серігінен қысылғаны сондай, қой сойып, қол қусырып қонақ қып шығарып салады. Туынды­ның «Қазына» деп аталуы да те­гін емес. Мұндай көкірегі қазына қарттар да күн санап азайып барады емес пе? Шап-шағын ғана әңгіме. Келіс осы бір шағын туындысы арқылы заманның ащы шындығын да ашып көрсетіп отыр.
Автордың бірқатар әңгімелері мұғалімдердің тыныс-тіршілігі­нен сыр шертеді. «Сезік пен се­зім» әңгімесінде Нұртазаның бейнесі шынайы ашылған.Нұр­таза оқу ісінің меңгерушісі болса да бар жұмысты бір өзі атқарады.Сабаққа қатысатын, педагоги­калық кеңесті де жүргізетін сол. «Толқып тұрған, наразы болған жұртты Нұртаза теңгереді. Аралхан төраға боп, Нұртазаның аузына қарайды. Тізгінді беріп, сол арқылы бәрін ұқсатып, сымдай ғып түзетеді». Директор Аралхан кейде осыған өзі намыстанып, бірдеңеге араласа қалса, бүйрек­тен сирақ шығарып, ойламаған тұстан дау тудырады. Ал Нұртаза қып-қызыл даудың ортасында жүріп-ақ жанған оттан үнемі аман шығады. Келістің өзі де мұғалімдік қызмет атқарғандық­тан, ұстаздар өмірін жете білетіні аңғарылып тұрады. Міне, Нұр­таза мектепті айналып, асхана, қойма жақты аралап жүр. Екі қыздың сөмке арқалап жүргенін аңғарып қалды. «Бұлар не істеп жүр?» – десе, жас мұғалімдер отырыс жасамақ екен. Айына бір-екі рет бас қосып, шүйіркеле­сіп әңгімелесу бұлардың әдеті. Бірін-бірі түсінісу үшін бұндай отырыстар да қажет. Нұртаза амал жоқ, үйіне қайтпай іркіліп қалды. Жастардың сауық кеші созылып барып, қызыл іңірде бітті.
«Нұртаза жеңіл киімнің сыртынан тон мен малақайын, қоңыр пимасын киіп жатар алдында далаға шықты. Ауыл ай астында ағарып, тыныш ұйқымен мүлгіп жатыр. Әр тұстан әупілдеп ұй­қылы иттердің еріне үрген дыбысы шығады. Ауа тап-таза. Түннің сәл шыңылтыр аязы болмаса, далада ұзақ жүріп серуендеуге, түн тыныштығын тамашалау­ға болатындай. Нұртаза біраз жүр­генде тынысы кеңіп, ұйықтар алдында тыңайып, жеңілдеп қал­ған­дай болды». Қандай әдемі көрініс десеңізші! Кенет мектеп жақтан айқай-шу естілді де, ол солай қарай жүгіре жөнелді… Біз білмейтін ұстаздардың қиын өмірі көз алдыңда осылайша өтіп жатады.
Келіс – натуралист жазушы. Оның әңгімелерді өмірден көшіре­тіні сондай, кейіпкерлері де өмірдің өзіндей шынайы болып келеді. Мәселен, «Балалық шақпен қоштасу» әңгімесін ала­йық. Қырда шөп орып жүрген Талжан той тойлап төмен түсіп келе жатып, жолай досын ұшы­рас­тырып, қоярда-қоймай үйіне алып келеді.
«Қонақ жігіт рақмет айтып, кетпек болды. Онысына Талжан ызалана бастады.
– Неге сен менің дастарқа­ным­ды сыйламайсың? Дәм тат, наннан үлкен емессің, – деп сөйлеп-сөйлеп алды.
Жүгіріп дастарқан әзірлеп жүрген Талжанның келіншегі күйеуі үшін қызарақтап ұялды:
– Ұрсуға айналды ғой мынау. Бәрімізге сөйтеді. Ішіп алса апама да, маған да ұрсып, ақыл айтады».
« – Сен әлі ғой арақ ішуге жоқ­сың. Ішу керек. Несіне жаси­сың. Өмір болса өтіп жатыр.
– Өмір өтіп жатыр деп ішу керек пе? – деп әйелі күліп еді. Қонағы ілесе күлді».
Арақ ішуді өмірдің қызығы деп ойлайтындар арамызда әлі де бар. Автор кейіпкерінің бір-екі ауыз сөзі арқылы оның ой-өрісі­нің қандай екенін аңғартып тұр.
« – Былай ішсе іше берсін. Бұл қызса төбелес іздейді, – деді әйелі тағы бір әңгіменің шетін шығарып.
– Тфу-у, – деп Талжан санын ұрды. Күліп отырған қонағына бір, әйеліне бір қарады. – Мынау бір бәлені ақтарды-ау».
Алаңғасар Талжан мен оның қателігін үнемі түзетіп отыратын әйелі етене таныс адамдардай көз алдыңа елестейді.
Талжан досын таң білінгенше жіберген жоқ. Киімшең төсекке қисайып, аузынан сілекейі ағып ұйықтады.
«Бригадир: – Барған соң ұйық­тар­сың, – деп көзі қызарып, қызуы тарқамаған Талжанды машинаға салып алды.
Шөп төселген машина үстіне жайғасып отырғанда, шалғын, жайлау, гүл, жалбыз иістері аңқып қоя берді».
Ауыл көріністері жадыңда осылайша өшпестей боп ұялап қалады.
Көңілім босап оқыған әңгі­мелер­дің бірі – «Әке» туындысы болды. «Асанның жатса-тұрса көкейінен кетпейтін, ешкімге айт­пайтын, өзі ғана білетін мұңы бар еді» деп басталады әңгіме. Мұңсыз адам бола ма? «Бөлмеде оңаша қалғанда немесе көп түн­дерде ұйықтай алмай жатып алыс­тағы туған туыстарын ойласа, көз алдынан жұпыны киінген, үнемі күйбеңдеп бірдеңе істеп жүретін, егде тартқан әкесінің суреті кетпейді» деп ары қарай жетектей жөнеледі туынды. Жас­тау кезінде әкесінің асау, шадыр мінезі болған деседі. Еркіндік пен ішкілікті ұнатыпты. Соның ке­сірінен отбасынан айрылып, жалғыз қалады. Шашы ағарған қара шал ауылда өйтіп-бүйтіп, біреулердің жұмысын істеп, ақы­сыз-пұлсыз көлігін жөндеп, көңі­лін тауып, кім ауырсынбаса со­ның үйінде жүріп жатады. Есей­ген шақта бұл жай Асанның көңіліне қатты батады. Жанын жегідей жеген ойдан құтыла алмаған соң, ақыры бір тоқтамға келіп, әкесін іздеп табады.
« – Әке, – деді дауысы толқи дірілдеп. – Сенің өстіп панасы жоқ адамдай жалғыз жүргенің менің жаныма батады. Алыста жүрсек те сенің осы дүниеде бар екеніңе қуанып, сыртыңнан сүйеніш тұтамыз. Туған туысқа, елге өкпең жоқ екенін, оларды қимайтыныңды білсем де, өзіңді қалаға алып кетуге келгенімді енді жасыруға бола ма. Арамызда түк болмағандай бөтен адамша жолға түсіп кете берсем ел не дейді. Әкесі барларға жаутаңдап, менің әкесіз өскенім аз ба, маған бұйырмаған қамқорлығың мен жүрек жылуыңды немерелеріңе қи, әке. Бұл менің сізге өмір бойы айтсам деп келген сөзім екенін ұмытпаңыз», – деді.
Иә, бұл оның сан ойланып-толғанып айтсам деп жүрген сөзі еді. Өз кезегінде әке де:
« – Әкеңді осалдығы үшін қалай кінәласаң да орынды. Тек өткен-кеткенді бетіме басып, қазбаламағаныңа рахмет. Сенің қай сыныңа төтеп берем мен. Байғұс шешең мен сендердің алдыңдағы ұят өмір бойы мазалаумен, жанымды жегідей жеумен келеді. Пенде баласымын ғой, армансыз адам бола ма, мен де өзіңді бір көруді, кезігуді армандап жүруші едім. Енді сенің алдыңда өлсем арманым жоқ. Кеш қарағым, сорлы әкеңді», – дейді.
Әке мен бала арасындағы диа­логты толқымай оқу мүмкін емес. Ең бастысы, әке мен бала табысты. Біртүрлі арқаңнан ауыр жүк түсіп қалғандай болады. Мұндай әңгіме, әкесі мен шеше­сін қарттар үйіне өткізетіндер кө­бейіп тұрған шақта, ауадай қажет.
Келісте әңгіме көп. Тақырып­тары да сан қырлы. Оның бәріне тоқталып жата алмаймыз, әрине. Бір байқағаным, автор көлем қуаламайды. Тіпті, қандай тақы­рыпты алса да үш-төрт бетке си­ғызып жібереді. Бұл оның бас­ты ерекшелігі. Кезінде атақты Толстойдың өзі Чеховтың шағын жанрды шебер меңгергеніне таң қалып: «Мен неге осылай қысқа жазбадым екен?» – деп өкінген екен. Ал Чеховтың: «Краткость – сестра таланта», – деген сөзі бәрімізге белгілі. Сол айтқандай, шұбалаңқы жазатын кейбір замандастарымыз Келістен үлгі алса, қанеки. Қазақ прозасында тек қана әңгіме жазғандар некен-саяқ. Әңгімеге адалдық таныт­қан­дардың бірі кеше ғана дүние­ден өткен Дидахмет Әшімханұлы болса, одан кейінгісі осы Келіс Рахымжанов болар, сірә.
Келіс Рахымжанов сондай-ақ «Қанатты жылдар», «Дариға дәурен», «Шуағым менің» өлеңдер жинақтарының, көптеген әдеби-зерттеу мақалалардың авторы. Филология ғылымының кандидаты. М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтында жемісті еңбек етіп жүр.
Алпысқа толған Келіс тәжіри­бесі толысып, нағыз кемеліне кел­ген шақта. Одан күтеріміз мол.

Сәбит Дүйсенбиев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір