«Тіл, мәдениет, жастар – жарқын болашақ!»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында Павлодар қаласындағы Достық үйінде «Тіл, мәдениет, жастар – жарқын болашақ!» атты жастар форумы өтті. Форумға Павлодар облысындағы қала мен аудандардың белсенді жастары қатысып, тіл саясаты мен «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты түйінді пікірлерін ортаға салды.
«Биыл «Қазақша сөйлесу оңай!» атты жоба қолға алынды. Жобаның мақсаты: «Серпін» студенттерін тарту арқылы Павлодар қаласында тұрып жатқан түрлі ұлт жастары арасындағы орыс тілді бөлігіне қазақша сөйлеу ортасын құру. Қатысушыларымыз «Серпін» бағдарламасының студенттері мен қазақ тілін ұсынылған жоба бойынша меңгергісі келетін Павлодар қаласының жастары. Бір айдың ішінде қазақша ортаны құрып, бір-бірімізге қонаққа барып, ұлттық дәстүрлерімізді көрсетіп, оңтүстіктен келген жастармен дос болдық», – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанаты этносының мүшесі Анастасия Ильченко.
Аталмыш жобаның мақсаты: Қазақ тілін үйренуді насихаттау; Қазақ тілін қызықты оқыту барысын көрсету; «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жүрген студентерді әлеуметтендіру; Павлодар қаласындағы қазақша сөйлей алатын жастар санын көбейту.
Форму барысында қатысушылар «Латын графикасы және қазақ тілі» және «Мемлекеттік тіл – жастар» тақырыбындағы секциялық блоктарда латын әліпбиіне көшудің ұтымды тұстары мен пайдасы туралы тұжырымдарымен бөлісті.