Сергек те сезімтал қаламгер
Данагөй халқымыз кемеңгер ғой, «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» деп қалай орынды айтқан. Катонқарағай ауданының басшылары, тұрғындары, жерлестері, ауданның Құрметті азаматы, ақын, журналист, баспагер, оннан астам жыр жинақтары мен шежіре, көркем шығармалардың авторы, бұдан 17 жыл бұрын жер жаннаты Алтайдан арқаның төсіндегі Астанаға қоныс аударып, шығармашылығын ұштай түскен Қайырды Нұрқасынұлы Назырбаевты тағатсыздана күтті. Оның себебі бар. Қаламгердің 70 жылдық мерейтойын кіндік қаны тамған өңірде атап өту жөніндегі өтінішті аудан тұрғындары мен сыныптас достары, Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы аудан басшыларына білдірген еді.
Қаламгердің шашбауын көтеріп, ағаларының мерейтойын атап өтуге Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әлібек Асқаров, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитетінің баспа бағдарламалары басқармасының бастығы Нұрасыл Тоғызбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, өскемендік ақын, Қайырдының құрдасы Әлібек Қаңтарбаев, Катонқарағай және Глубокое аудандарының әкімдері Ахметқали Нұрғожин, Қалихан Байғонысов, облыстың түрлі салаларында қызмет ететін азаматтар келді. Айта кету керек, Алматы мен Астанадан келген қонақтар бірден Катонқарағай ауылына топ етіп түсе қалған жоқ, олар Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлының қабыры басына барып, құран бағыштады. Үшбұлақ шипажайына барып демалды, панты кесу, маралшылардың ауыр жұмыстарымен танысты.
Дүйсенбі күні Катонқарағай ауылындағы Мәдениет үйінің алды тұрғындарға лық толды. Аспанда көңілді әуен қалықтап тұр. «Ауылым», «Туған жер» әндері бойды шымырлатады. Қайырды
Назырбаевты жерлестері есік алдынан күтіп алып, ыстық құшақтарына алды. Сосын Мәдениет үйінің ішіне енген халық «Катонқарағайдан ұшқан қаламгерлер» атты кітап көрмесін тамашалады. Ауданнан шыққан үш бірдей Мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, есімі елге кеңінен таныс, жергілікті ақын-жазушылар Нұрбай Ақтанов, Төлеген Рахымжанов, Жәнібек Қызыр, Әлібек Қаңтарбаевтың, тағы басқа катонқарағайлық ақын-жазушылардың кітаптарын жиналғандар қызыға тамашалап жатты.
Қаламгердің мерейтойына арналған салтанатты жиын тізгінін Әлібек Асқаров қолға алды.«Биыл кіндік қанымыз тамған өңірде ауа-райы жауынды-шашынды болып, егін жаман шықпаған сияқты. Демек, молшылық болады деген сөз. Елді алысты жүрген соң сағынамыз, жылына әрі кеткенде бір рет келетін шығармыз. Ал Қайырды ағамыз осында болды, аудандық газетті ұзақ жылдар басқарды. Ең ауыр жұмыс – аудандық газетте қызмет ету. Материалдар жинау, оны келесі санға беру, тарату оңай шаруа емес. Газетке өтірік ақпарат бере алмайсыз, себебі, оқырмандар мәліметтің бәрінен хабардар. Анау отырған Жәнібек Қызыр, мына Қайырдының ауданға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 17 жыл бұрын Астанаға барған Қайырды «Елорда» мемлекеттік баспасында бас редактор, сосын «Аударма» баспасының директоры қызметін атқарды. Айта кету керек, «Аударма» баспасы Әлем әдебиеті» деген тақырыппен 100 томдықты жарыққа шығарды.Қазір өзі ашып алған «Нұра Астана» баспасының жұмысын дөңгелентіп, классик, жергілікті қаламгерлердің кітаптарын шығаруда. Жасырары жоқ, соңғы кезде кім көрінгендер баспа ашып алып жатыр. Ал олар сапаға көңіл бөле бермейді. Қайырдының баспасынан шыққан көркем де әдемі, сапасы жоғары кітапты бүгін тамашалайсыздар. Ол өзінің жарық көрген «Өмір өтіп барады», «Катонқарағай қаламгерлері» атты қос жинағының тұсаукесер рәсімін көз алдарыңызда жасайды», – деді.
Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Қайырды ағасын құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
– Өр Алтайдың төрі қашан да таланттардан кенде болмаған. Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханұлы, тағы басқа жерлестеріміздің атақ-даңқы көпке мәлім. Біз оларды мақтан тұтамыз. Ал бүгін мерейтойын атап отырған Қайырды ағаның шығармаларымен жақсы таныспыз. Сіз аудандық газетте отыз жылдан астам қызмет еттіңіз. «Таудағы таңба», «Көркем сөздің һас шебері», «Қаратай батыр», «Ел ішіндегі бірқақпайлар», басқа шығармаларыңызды оқырмандардың қызыға оқитыны сөзсіз. Сізге аудан халқы атынан алдағы уақытта да шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз! – деп, Ахметқали Ақашұлы мерейтой иесіне ата салтымен иығына шапан жауып, тұлпар сыйлады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат және мұрағаттар комитетінің баспа бағдарламалары басқармасының бастығы Нұрасыл Тоғызбаев Қайырды Назырбаев басқаратын баспадан соңғы жылдары ел қызыға оқитын шығармалардың жарық көріп жатқанын тілге тиек етті. Ол мерейтой иесін Министрліктің Алғыс хатымен марапаттады. Бұдан кейін сахна төріне ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан шығып, ақжарма тілегін жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын оқып берді. Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғазыұлы мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Ал «Өскемен-құрылыс» ЖШС-інің басшысы Ержан Сқақов Қайырдының жазған мақалаларының өткір, өміршең болатынын, сондықтан қызыға оқитынын айтып, мерейтой иесіне арнайы сыйлығын тарту етті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, ақын, прозаик Әлібек Қаңтарбаев, ақын Бақытжан Райысова, Ақтан Нұрбаевтың қызы Гүлнәр Нұрбаева, журналист Жәнібек Қызыр жылы лебіз білдірді. Салтанатты жиынның арасында Қайырдының «Таудағы таңба» кітабынан, басқа да шығармаларынан мектеп оқушылары Айдана Мәлғаждарова, Меруерт Қадылханова өлеңдер оқыды. Ара-арасында жергілікті әншілер өнер көрсетті.
Берелдегі Сақтар патшасының мүрдесін тапқан, атақты археолог Зейнолла Самашев көпшілік біле бермейтін тарихи мағлұматты айта келе,мынандай ұсыныс жасады:
– Қайырды құрдасымды мерейтойымен құттықтай отырып, тек сізге ғана емес, осы өңірдің жазушыларына мынадай ұсыныс жасасам деймін. Он тоғыз жыл бойы осы өңірде қазба жұмыстарын жүргіздім. Бұдан екі жарым мың жыл бұрынғы Қаратай елінің тарихы жөнінде шығармалар жазып, 100, тіпті 200 серия болатын тарихи-деректі фильмдер түсірсек, халықтың алғысын арқалар едік. Берел патшасы біздің дәуірге дейінгі 3-ші ғасырда, яғни 297 жылы өмір сүрген. Бұл кезде көрші Қытайдың 50 тайпасы бір-бірімен қырық-пышақ болып, билік үшін соғысып жатқан. Мына қызықты қараңыз, Си-шин-хуань басқарған армия жауынгерлерінің аттарынан қазақтың ою-өрнегі бар ер-тұрман табылған. Демек, Берел патшасы Қытай империясын құруға қатысқан болып шыққаны ғой. Сиань қаласындағы балшықтан жасалған тұлпарлардың ер-тұрманы да осы жақтыкі болып шықты. Міне, осы тарихты жаңғыртуға үлес қоссаңыздар екен.
Мерейтой иесі әсерлі кеш сыйлаған аудан әкімі А.Нұрғожинге, аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бралинов, жерлестеріне алғысын айтты. Асығып-аптықпайтын, сырбаз, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, үндемей жүріп көп іс тындыратын сезімтал да сергек қаламгердің көпшілік біле бермейтін қырларына осы жиында көз жеткіздік. Жәнібек Қызыр екеуі Қаратай бабаларына ескерткіш орнату кезінде Қарағандының Шет ауданына, Ақсу-Аюлы ауылында тұратын өлкетанушы Кәмел Жүністегімен байланысқанын, «Фолиант» баспасынан шыққан «Катонқарағай» атты түрлі-түсті әдемі безендірілген кітаптың шығу тарихы, осы жолы тұсауы кесілгелі отырған екі кітаптың негізгі өзегі жерлестеріне арналғанын айтты. «Мәдениет қайраткері», «Астанаға 10 жыл», Министрліктің Құрмет Грамоталары, «Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері», басқа да марапаттардың ішінде мен үшін ең қымбаты «Ауданның Құрметті азаматын» атанғаным деп толғанды мерейтой иесі. Бұдан кейін ауданның құрметті азаматтары екі кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
Салтанатты жиыннан соң қонақтарды Катонқарағай ұлттық табиғат паркінің директоры Ерлан Мұстафин қабылдап, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Ертеңінде Берел табиғи-қорық-мұражайында болды. Тарбағатай жотасына шығып, Солдатқұлаған, Бұрқат асуының көрікті жерлерін тамашалады. Сергек те сезімтал қаламгердің мерейтойы жұрт есінде қалатындай әсерлі өтті.
Оңдасын Елубай,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.