Іргелі еңбек
28.07.2017
1800
0

Қазақта ұзақ жасаған адам ту­ралы шындыққа бергісіз аңыз әңгіме жетіп-артылады. Басқаны айтпа­ғанның өзінде, Желмаясына мініп алып, Жерұйығын іздеген Асан қайғы үш жүз жыл жасаған де­седі. Ескінің сөзін қозғап отыр­ған себебіміз, бүгінгі күні де ұзақ өмір сүру мәселесі өзекті. Тағы бір өзекті мәселе – дүниежүзі халқы­ның тұтас қартайып бара жатқан тағдыры. Сарап­шы маман­дар АҚШ-тағы қарт адамдардың үлесі – 19,7%, Германияда – 23,2%, Ұлыб­ританияда – 28%, Жапон елін­де – 32,3%-ға жеткенін айтып дабыл қаққа­лы да бірнеше жыл­дың жүзі болды. Өзге елдің жағ­дайын айтқанда, өзі­міздікін жасырып қала алмаймыз. Қазақстан хал­­қының да орташа жасын анық­тағанда – ел тұрғын­дарының қар­тайып бара жатқанын байқауға болады. Ғалымдар, дәрігерлер 2050 жылдарға қарай еліміздің әр­бір төртінші тұрғынының жасы ал­пыстан асады деп болжап отыр.

Қартын қадірлеген елміз ғой, қа­рияларымыз көбейсе, елге құт келер деп бір жағынан шүкіршілік етсек, бұл мәселенің екінші ұшы ба­ры да еске түседі. Еліміздің көп бө­лігі қарттарға айналса, Қазақ­стан экономикасында, руханиятында, қоғамында кімдер ең­бек­тен­бек? Еуропа жұрты бұл мә­­селені өз білгендерімен шешіп қой­ды: жан-жақтан еңбек мигранттарын шақыра бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға дейінгі Әлеуметтік даму жал­пы­халықтық тұжырымдамасын­да: «Кез келген жастағы адамдар қо­ғамның әлеуметтік-эконо­мика­лық өміріне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Егде жастағы адамдар­дың өзін-өзі көрсетуі олар жи­нақ­таған бағасыз өмірлік және кәсіби тәжірибені сақтауға және пайдалануға, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді. Рас сөз. Елімізде қарт­тардың үлес салмағы артса, олар үйлерінде бос қарап отырады дегенді білдірмесе керек.
Осы жерде тағы бір мәселенің бір ұшығы шығады. Еліміздегі қарт­тар саны артса, оларды емдеу, сауықтыру мәселелері де қо­са көбеймеуі үшін не істеу керек? Біздің көкейімізге келген бұл сұрақтың жауабын табуға де­ген талпыныс осы күннен басталып кеткендей. Қарттыққа мойын­сұнбай, белсенді өмір жасын ұзарту мәселесі, яғни қар­таюды тежеу мүмкіндігін зерттеу­лермен айналысып жүрген дә­рі­герлер де бар екен. Олай дейтініміз, белсенді ұзақ өмір – ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ғылыми тақырыбы. Бұл мекеме­нің Алматыдағы базасы – Орта­лық клини­калық ауруханасында ұзақ жылдардан бері қарт адамдар денсаулығын бақылау-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осы орталыққа тұрақты түрде тек­серіліп жүрген адам ретінде де байқағаным, бүгінгі таңда адамның белсенді өмір жасының ұза­ра түсуі үшін орталық маман­да­ры барын салып жүр. Білуі­міз­ше, қарттыққа мойынсұнбай, бел­сенді өмір жасын ұзарту мә­селесі бойынша ғылыми зерттеулер де дәл осы орталықта жасалып жатыр. ҚР ПІБ МО ОКА ке­­летін сырқаттардың көп бөлігі ег­де жастағылар (60-74 жас ара­лығындағылар), қарттар (75 жас­тан үлкендер) және ұзақ өмір сүру­шілер (90 жастан үлкендер) екен.
Осы орталықтың тұрақты ем­делушілерінің денсаулығын ұзақ жылдар бойы тексеру мен оларды емдеу арқылы «Қартайған ша­ғың­да жас кезіңдегідей белсенді өмір сүре алуға бола ма?» деген әлеуметтік-медициналық факторларды зерттейтін ғылыми жұмыстар жасалды.
Орталық мамандары өмір ұзақ­тығы мен өмір сапасы тұқым қуалайды (19,2%); мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық саяса­тына тәуелді (12,5%); экология­лық жағдайлармен де тығыз бай­ланысты (8,1%); география­лық және өзге де жағдаяттардан да тыс қала алмайды (6,5%), ең бас­тысы, өмір салтымен тікелей бай­ланысты (53,7%) деген қоры­тын­дыға келген.
Жыл сайын, әр туған күнінде ке­летін жас бүгінгі ғылыми тіл­мен айтқанда, адам ағзасының нақ­ты қанша жаста екенін анық­тап бере алмайды. Оның се­беп­тері өте көп. Түйдей құрдастардың біреуінің әлдеқайда жас, екін­ші­­сінің әлдеқайда қартаң көрі­нуінің себебі не екенін де осы маман дә­­рігерлер егжей-тегжейлі түсін­діреді. Біз білген де­рек­те биологиялық жас – адам ден­саулығының көрсеткіші екен. Се­­бебі, «биологиялық жас – адам­­ның биологиялық мүм­кін­дік­теріне сәйкес, ағзаның өмір сүруге құштарлығы» дейді орта­лық дәрігерлері. Ал адам ағза­сы­ның биологиялық мүмкіндіктері әр­ түрлі. Қарттарды былай қой­ған­да, осы күні жас адамның да ағза­сында әр түрлі ауытқулар бар: бі­реуінің жүйкесі бұзылған, бі­реуінің жүрегі ауырады, біреуінің өті толған…
Адам шау тартқанда қимыл-қоз­ғалыс азаятыны белгілі. Біз­дің елде қарт адамдардың көп­ші­лігі денсаулыққа пайдалы, құ­нарлы аспен ауқаттана бер­мей­тінін, дұрыс тамақтан­бай­ты­нын (яғни диета ұстай қоймай­ты­нын) ескерсек,қозғалысы азай­ған жанның дене қуатының әл­сірей бастағанына қоса, жүй­кесі де сыр беретіні түсінікті жайт. Әрине, бұл адамның жеке мі­нез құлқы мен өмір сүру дағ­дысына да байланысты. Кейбір адам қарттық жеткенде тағдыры­на мойынсұнып жата бермей, бірден өзін қолға алып, денсау­лық жағдайына алаңдап, дәрі­гер­дің айтқанын істеп, белсенді өмі­рін жалғастыра береді.
Ал кейбір адамдар, керісінше, бойында күш-қуаты таси тұра, қарт­тық келген осы деп күн­де­лікті жүріс-тұрысты кеміткен үс­тіне кеміте береді. Сөйтіп, адам ағзасының қызмет ету мүмкін­дігін кемітеді. Бұл жағдайда адам­ды ауру айналдырып, төсек тар­тып жатып қалуы да ғажап емес.
Адам ағзасының түрлі өзгеріс­терге тез бейімделе алмауы қарт­тық келгенінің бірден-бір көр­сет­­кіші дейді дәрігерлер. Сон­­дық­тан қартаймау үшін көп қи­мылдау ке­регін айтқан дәрі­гер­­лерге қо­сылмасқа амалың жоқ.
Себебі, саламатты өмір салты қарт­тарға да пайдалы. Адам қар­тай­ған шағында да дене қозғалы­сы мен шығармашылық қуатын ке­мітпесе, ауру да одан айнала қа­шып, ұзақ уақыт бойы белсенді өмір салтын ұстана алады. Ал біз­дің қоғамға жай ғана қарт адам емес, көргені мен түйгенін келешек ұрпаққа жеткізуге күш-қуа­ты толық жететін, тәжірибелі адам көбірек қажет.
Мен сөз етіп отырған мамандар тобы қарт адамдардың бейім­деле алу қабілеті, биологиялық жа­сы, қартаю қарқынын зерттеп, медициналық мінездеме жасаған екен. ҚР ПІБ МО ОКА келіп ем­дел­ген қарт адамдар қартаюға бейім емес екенін анықтаған. Әсі­ресе, 75–89 жас аралығындағы мейлі, әйел, мейлі ер адам болсын, науқастардың қартаю про­цесі уақыт өте келе тежеле түскен. Адамның жасы келген сайын, қандай медициналық көмек көр­сетсе де, бейімделу мүмкіндігі азая береді. Бұл адамның қан қы­сымына да тәуелді. Қан қысымы жоғарылаған сайын, оның бейім­делу мүмкіндігі де кеми түс­пек. «Адамның қан тамырлары қан­ша­лықты қартайса, адам да сон­шалықты шау тартқан» деген тәм­сіл бар. Адамның жүрегі, мей­лі, 120 жыл соға алады, алайда, түрлі жағдайлардың кесірінен жү­рек-қан тамырлары ауруы ас­қынып, қазіргі таңда жүрек талмасы, инсульт пен инфарктан көз жұмғандардың саны артуда. Аурулардың бұл түрін емдеу шаралары арқылы дәрігерлер мы­на­ған көз жеткізген: Орталық кли­ни­калық ауруханада жүректің ишемиялық ауруларымен емделген науқастар өзге ауруханада емделгендерге қарағанда 1,5 есе ұза­ғырақ ғұмыр кешеді екен. Мұ­ның себе неде? Себебі, орталық дәрігерлері науқастың қан қы­сымын, холестерин мен глюкоза деңгейін ұдайы бақылап отыр­ғандықтан, олардың қан тамыры жақсырақ сақталған. Бұл менің сөзім емес, коронароаортография мәліметтері. Оған қоса, ор­талық зерттеген науқастар тобында тарылған қан тамыр­ларына ме­талл каркас орнату арқылы қан тамырларында қанның жү­руін қалпына келтіретін әдіс те қолданылған. Осылайша, ауру­дың дәл осы түрімен ауыратын өзге науқастар сияқты жүрекке апаратын қан тамырлары қатты зақымданбаған. Оларға жүрекке апаратын қан тамырлары қатты тарылып кеткендіктен, қосымша тамыр шығару да қажет болмай қалған, жүрекке қан жеткізетін түр­лі оталар да жасалмай, дін аман жүр.
Назарбаев Университеті және ҚР ПІБ МО ұжымы біз айтып отыр­ған осы бір зерттеудің авторы болып саналады. Бұл ұжым то­бы жасаған әлеуметтік және кли­никалық-зертханалық зерт­теулерінде ертегідегі «мәңгілік өмірдің элексирі» жоғын айтады. Үздіксіз емдеу-сауықтыру шаралары, әлеуметтік-маңызды аурулар түрін ертерек анықтау, тұрақ­ты бақылау мен сауықтыру, са­л­аматты өмір салтының ең қар­қынды технологияларын қол­дану арқылы ғана қартаю процесін шектеп қана қоймай, қарт адамдардың белсенді өмір жа­сын ұзартуға болады дейді.
Ұзақ өмір сүруге мүмкіндік бе­ретін әлеуметтік факторлардың ішінде ең маңыздысы, интеллектуалды еңбек, тәртіп, дене сал­ма­ғын қадағалау, қимыл-қозға­лыс және құнарлы тағам тұтыну екенін баса айту керек.
Жыл өткен сайын барлық нау­қастың систолалық қан қы­сымы деңгейі (тамыр арқылы жү­рекке өтетін қан мөлшері) мен жүрек қағысының жиілігі маңыз­ды роль атқаратынын білу қажет. Демек, бұл жағдайда науқасты де­реу қатаң медициналық бақы­лауға алған жөн. Ұзақ өмір сүретін қарттарды клиникалық-зертха­на­лық тұрғыдан тексеру жұмыс­тары жүргізілгенде, олардың көбі артық еті жоқ, липопротеид дең­гейі қалыпты және тығыздығы жоғары болғаны анықталған.
Осы бақылау-зерттеуді қоры­тын­дылай келе, ғылыми жұмыс ав­торлары адам белсенді және ұзақ өмір үшін келесі факторлар керек екенін айтады:
1. Саламатты өмір салты: жа­ман әдеттерден арылу – темекі шек­пеу, кальян тартпау, күніне үш мезгіл тамақтану, дене сал­ма­ғын қадағалау;
2. Қоғам өміріне белсене араласу;
3. Көптеген жылдар бойы қа­лыпты физикалық күш жұмсау (емдік денешынықтыру, жаяу жү­ру, жүзу, йога);
4. Профилактика мақсатында үздіксіз медициналық бақылау­дан өту;
5. Жалпы, холестерин мөлше­рін бақылап қана қою жеткіліксіз. Сонымен бірге, «жақсы» холестерин атымен белгілі өмір ұзақтығы көр­сеткіші – липопротенид­тер­дің қалыпты деңгейі және тығыз­дығы жоғары болуын да қада­ға­лап отыру керек.
Бұған өз тарапымнан қоса­рым, ұзақ әрі тың өмір сүру үшін адам қайырымдылық шараларын көп жасауы, жаман ойлардан ау­лақ болуы, әркез жақсылыққа ұм­тылуы керек екен.
Қарттар да еңбекке жарамды бо­ла алады. Олардың бай тәжі­ри­бесі мен белсенді өмір салты ел эко­номикасына өлшеусіз пайда әкеледі, ал қарттардың денсау­лы­ғы жақсы болса, оларға көрсе­ті­летін медициналық көмекке ке­те­тін шығын көлемі де азаяды.
ҚР ПІБ МО мен Назарбаев Уни­верситеті ғылыми ұжымы­ның бұл іргелі еңбегі Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік сый­­лығын алуға әбден лайық де­­ген ойдамын.

­Бибігүл Иманғазина,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының президенті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір