ЖАРЫЛҚАЙ ГӨР, ЖАҢА ҒАСЫР!
І.
Сыр бойы ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемге «экологиялық апат аймағы» атымен әйгілі болды ғой. Сол өңірдегі Кіші Арал теңізінің жағалауына жақындап келе бердік. Алдымыздан менмұндалаған мына көріністі маған біреу айтып келсе, сенбес едім. Ал көріп тұрғаным: адам айтса, нанғысыз жағдай. Көкарал бөгетіндегі су өткізетін 9 шлюздің бәрін айқара ашып тастаған. Кіші теңіздің дариядан жинаған суы сол 9 өткелден аңыраған ашық далаға сарқырап, бұрқырап, күркіреп, ақтарыла зырқырап кетіп жатыр. Пәті тым орасан қатты. Нағыз каскад. Алапат ағын. Құдды кинодағыдай. Мына арындап арқыраған ағын сумен бірге балықтар да қақпасы ашылған 9 шлюзден бөгеттің аңыраған екінші жағына жын ұрғандай жөңкіліп жатыр. Бүкіл шағала сонда, мол қызыққа кенелген. Адамдар да қарақұрым, ығы-жығы. Көпір үстімен балық тиеп алған жүк көліктері жүйткіп өтіп жатыр. Біз де өттік.
Бұл біздің көктем туа Ақбасты елді мекеніне жол жүріп бара жатқанымызда осыдан бес жыл бұрын көргеніміз еді. Қара күзде солай қарай тағы да жол жүруге тура келген. Бұл жолы да сол көрініс алдымыздан тағы қарсы алды.
Енді анау айдалаға жайылған су жаз айларында жерге сіңіп, бу болып ұшады. Құрғаған ұлтанында аққан сумен бірге аққан балықтар босқа қырылып, тұяқты-қанатты жыртқыштарға жем болады. Сондықтан оны жабыла аулап қалу керек. Жағалау толы машиналар. Ана шеті Ақтөбе, мына шеті Шым-кент, осы екі аралықтан «алақайлап» жеткендер. Көп көліктің шетінде екі алып рефери жератор тұр екен зәңкиіп. Балықтарды келгенін келгендей соған өлшеп тиеп жатыр. «Бұл қашан толып болады?», – деп едік, «қазір-ақ толады ғой», – деді көптің бірі. Рас шығар, бірақ оның толуын күтіп тұруға біздің уа-қытымыз жоқ, ілгері жүріп кеттік. Жүріп келе жатып ойға баттық.
Тарих толқынында 70 жыл дәуірлеген Совет өкіметі біздің халықты ұраншылдыққа бас бұрғызбай үйретіп еді. Тіпті, өткен ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы ашаршылықта беттері бүлк етпей ұрандатқандар да болыпты. Сол дағдыдан әлі арыла алмаппыз. Қай-қай кезеңде де ісімізден ұранымыз алға озып отырыпты. Іргелі жұмысты әуелі ұрандатып алмай бастамаймыз. Оны шала-шарпы бітіре сала тағы ұрандатамыз. Бірақ кейде артынан «толығынан бітірдік» деген ісіміздің шиі шығып жатады. Арал теңізінің солтүстік акваториясын бөліп алып «Кіші теңіз» жасаймыз деген ұран 1985 жылы горбачевтік «қайта құру» пәрменімен басталған еді. Содан бергі ширек ғасырда бір емес, екі кіші теңіз жасап алатындай уақыт болды. Ал біздің мақтанатынымыз сондай, көбіне шектен де шығып, шыңнан да асып кетеміз. Кіші теңіздің бірінші кезеңі бітерде: шөл далада мынадай «ұлы теңіз» жасау тарихта бұрын-соңды болмаған, теңдесі жоқ оқиға… – деп жер жаһанға жар салдық. Қайдағы теңіз, көл ғой.
Ал ақиқатында, «жасаймыз» деген Кіші теңізіміз әлі толық жасалып біткен жоқ. Бітіргеніміз: баяғы Арал теңізінің солтүстік акваториясында қалған сарқындысы ғана ауыздықталып бөгелді. Бар болғаны осы. Ал біз соның өзіне мәз болып шырқаудай-ақ шырқадық. «Кіші теңіз» деп баяғы шалқар теңіздің солтүстік Арал айдынын айтады. Сол айдынның акваториясы баяғысындай суға толмай толық Кіші теңіз бола алмайды. Бола алмағасын балық шаруашылығы да зар күйінде дами алмайды. Ал ақиқатында, «жасаймыз» деген Кіші теңізіміз әлі толық жасалып біткен жоқ. Бітіргеніміз: баяғы Арал теңізінің солтүстік акваториясында қалған сарқындысы ғана ауыздықталып бөгелді. Бар болғаны осы. Ал біз соның өзіне мәз болып шырқаудай-ақ шырқадық. «Кіші теңіз» деп баяғы шалқар теңіздің солтүстік Арал айдынын айтады. Сол айдынның акваториясы баяғысындай суға толмай толық Кіші теңіз бола алмайды. Бола алмағасын балық шаруашылығы да зар күйінде дами алмайды. Солтүстік бөліктің қазіргі көлемі мен маңайындағы көлдерде балық түрлерінің тым азайып және майдаланып кеткенін кәнігі кәсіпкерлердің бәрі айтады. Азаймай, майдаланбай қайтеді, теңіз қалдығының табиғаты өзгерді. Мұхиттар мен теңіздердің өзін-өзі тазалап тұратын, өзін-өзі емдеп алатын табиғи қасиеті болатынын білетін едік. Ал біздің «Кіші теңіз» деп жүрген мына сарқындымыздың баяғы зар күйіндегі иммунитеті кеміген. Оның үстіне бізде балықты көбейту және оны жыл мезгіліне қарай аулау ережесі ескерілмей келді. Біздің бітіргеніміз тек жан-жақтан жабыла сүзіп ала беру болды. Неде болса әй-шайға қаратпай қарпып қалу ниетімен жаудан бетер жанталасу. Біреулер бекіре, біреулер қаяз өсіріп жатырмыз, тағы біреулер бірдеңе істеп жатырмыз дейді. Кім білген, келешекте бекіре де, қаяз да өніп-өсіп, солтүс-тік Арал теңізінің атын шығаратын шығар. Үмітімізді үзбейік. Бекіре деген теңіз малы тасты-тастақты қойнауда өседі. («Бекіренің тұмсығы тасқа тимей қатпайды»). Баяғыда бекіре Қаратөс шыңы мен Тас-түбектің тасты-тастақты қойнауын жайлайтын. Көкарал балықшылары бекірені көбіне сол жерлерден аулайтын. Ол мекендер құрғап қалды. Біздің үкіметтің Ресейге «ат беріп, атан беріп» қалап алған мамандары Көкарал бөгетін салғанда сол Қаратөстің тасын пайдаланды. Таста өскен бекіренің қоңы жылқы етіндей болатын. Ал дүние жүзінің ешбір суында жоқ, тек Арал теңізінде ғана болған қаяз теңізде жайылып, дарияны өрлейтін – қос шалқарды бірдей сайрандайтын «уникальный» балық еді. Ондай қаяздың еті тығыз әрі дәмді, шұрайы сүбелі болатын. Анығы: солтүстік теңіздің бұрынғы акваториясы толмай балық сапалы болмайды, өсімі де еркін өрістемейді. Қазіргі Кіші теңіздің балығы баяғысындай семіз емес, арық. Тағы бір анығы: қаржының айналасында үйіріліп жүргендердің балық шаруашылығын көгертейін деп жүргендері де шамалы. Олар бөгеттің бірінші кезегі салынып жатқанда қайда қалды? Бөгет тағдырын көршіміздің ықтиярына тапсырды, бірақ жұмыс барысына оңды бақылау болмады. Ал олар білгендерін істеді: ішті-жеді, қыдырды, қаржыны судай шашты. Сосын: «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп тайып тұрды. Біз бәз-баяғы әдетімізбен: бір кем дүние-ай… деп опынып қала бердік.Маңғыт пен саңғыттың мәнісі: цементпен плотина салу өте ауыр жұмыс, әрі денсаулыққа зиян. Құрғақ цемент өкпені қабады. Сол ауыр жұмысты басынан аяғына дейін атқарғандар – облыстың өрімдей жастары еді. Оларға обал болды. Жататын бастырмасын, тіпті әжетханасына дейін өздері салып алды. Ас-ауқат екі түрлі болды: деликатес – шірен-байларға, ал қара табан жұмысшыларға одан бөлек ас-ауқат. Атан жілікті жігіттер ауыз жарымайтынды тамақсынбай, Қаратерең балықшыларынан ау сұрап алып, кезектесіп балық аулап жан сақтады. Жалақыны орекеңдер 15 күндікке 15 мың теңгеден асырмады. Күніне – мың теңгеден. Білетінім: үлкен ұлым бөгеттің ауыр жұмысында басынан аяғына дейін болды. Ата-бабаларымыздың қонысы болған киелі жеріне терің сіңсін деген ниетпен: соңыра жылдар өткенде, сендер бөгеттің бірінші құрылысшысы ретінде құрметтелесіңдер. Бұл – тарих шежіресінде қалатын ғасыр оқиғасы деп үгіттеп, өзім еді әдейі жіберген. Бөгет біткенде қол-аяғы балғадай балдарымыздың құр жаны келді. Ең сорақысы сол, үкімет құдайдай сенген комитет басшысы Рябцев сотталып тынды. Ресейден келген есеп-қисап маманының (әйел екен) қаржыны асап қойғаны кезінде облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланған еді. Соған бірде-бір басшы мән бермеді. Ал жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың иісіне елітіп біз қалдық. Жемқорлық жайлаған болмаса, «Ақлақ» шлюзі құрылысының тым ұзаққа созылып, зарықтырып барып біткенін немен түсіндіруге болады?! Тағы бір күрделі проблема – Ақбасты ауылының ауызсу «хикаясы». Бұл өзі бір ғасырдан бері – Совет үкіметі кезінен айтылып келе жатқан, алайда, түбегейлі шешілмей келген мәселе болатын. Ақбастыны таза ауыз-сумен түпкілікті қамтамасыз етудің көзге көрініп тұрған екі мүмкіндігі бар. Біріншісі – су құбыры Ақеспе ауылына жеткізілген, енді соны Ақбастыға әкелcе немесе құбырды Қаратереңнен келтірсе, қалай болар еді деген ой ғой. Бұл іске қаржы облыстық-республикалық бюджеттен бөлінбесе, ауданның қау-қары жетпейді. Ең өзекті тағы бір мәселе: біраздан бері Қамыстыбас көлінің жағалауын демалыс аймағына айналдыру жөнінде айтыла бастаған-ды. Өте құптарлық мәселе! Әсіресе, экологиялық дағдарыс жайлаған біздің облыс жағдайында. Осы проблеманы мен атышулы горбачëвтік «қайта құру» басталысымен-ақ облыстық басылымда көтерген едім. «Арал тағдыры – адам тағдыры» дейтін ұранның дүмпуімен. Сол мақалада көлдің жағасына санатория салынса деген сыңайда бір үзік ой айтылып еді. Несі бар, санатория салуға да болады. Санаторияға керекті ет, балық, сүт, шұбат, қымыз – проблема емес. Төрт түлік мал іргеде. Қамыстыбас көлі Арал ауданы мен Қазалы ауданының ортасында. Азық-түлікті екі жағынан да қатынатуға болады.Қамыстыбас көлі – бізге Алланың бере салған інжу маржаны. Тіпті, сол көл аймағын көркейтуді айнала төңіректің өзі құптап тұрғандай. Алыстағы тынығу, емделу аймағына облыс халқының бәрі бірдей бара алмайды. Қымбат! Экология зардабы Сыр бойы елінің денсаулығын білдірмей мүжуде. Қамыстыбас көлінің ақ шағыл құмына аунап, күнге қыздырынып жататын қонысқа қолайлы қойнауында туристік демалыс аймағын да, республика халқы үшін заманауи санаторияны да салуға болады. Бізге көктен Алланың өзі сыйға тартқан экзотикалық табиғат аясын неге пайдаланбасқа! Тек үкіметтің ықтиятты ықыласы болса, осы заманда демалыс аймағы мен санатория салу да бұйым болып па? Дөңгеленген дүниенің Сыр бойы тарабында да тағы бір демалыс аймағы мен санатория ірге көтерсе, артық болмас еді ғой. Соңғы бір-екі жылда демалыс аймағының қарекеті басталып кетті. Иншалла, санатория да салынар деген шуақты үміттеміз. Көкарал бөгетін жобалаушылар кезінде Солтүстік теңіздің оңтүстіктегі ұлы теңізге жалғасқан қылтасына бөгет-плотина салынса, жағалау баяғысындай Арал қаласының іргесін тепкілеп жататын болады деген еді. Бөгет тұрғызылды. Содан кейін арада жылдар жылжып өтті. Бірақ Кіші Аралдың жағалауы қалаға жете алмай, жиырма шақырымдай қалғанда іркіліп тоқтады. Бұл күнде қала іргесіне жеткен де болар ма еді, егер Көкарал бөгеті теңіз деңгейіне төтеп берген болса. Төтеп бере алмады. Бөгет салынып біткеннен кейінгі жылдарда Кіші теңіздің деңгейі біртіндеп көтеріле берді. Ақырында теңіз деңгейі бөгеттен асып кететін болды. Сосын қайтпек керек? Амалсыздан плотинаның 9 қақпасын аңыратып ашып қойды. Қақпалар ашылғасын Кіші теңіз Үлкен теңіздің құрғап қалған ұлтанына қарайлап қойды. Содан бері алтыныңнан да, долларыңнан да қымбат Кіші теңіздің суы айдалаға жайылып босқа ағып кетіп жатыр.Енді бөгеттің қазіргі деңгейін биіктету мәселесі күн тәртібінде тұр. Демек, бір-ақ рет атқарылуға тиісті жұмысқа қайырылып екінші рет оралуға тура келмек. Бұл ыңғайдағы сараптамадан өткен жоба Үкіметтің құзырына ұсынылған болатын. Парламент мақұлдады. Қаржы бөлінетін болды. Жергілікті жұрт осы күні Көкарал бөгетінің екінші кезегі қашан басталар екен деп Астанадан үміттеніп дәмеленуде. Бірақ бөгетті биіктетумен іс бітпейді. Бөгетті биіктеткеннен кейін Солтүстік теңіз акваториясын баяғы қалпына келтіру қамы ойластырылуы керек. Онсыз солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру жартыкеш болып қалады. Бұл орайда жергілікті халықтың ақыл-кеңесін ескерген дұрыс болар еді. Баяғыда Ауан мен Ақбасты жерін жарып өткен Жағыс деген өзек болған. Сол өзек – су жолы болатын. Кемелер сол өзекпен өтетін. Мына Кіші теңізді сол өзекке қарай бұрып жіберетін болса, баяғы Солтүстік айдынның акваториясы сонда толатын көрінеді. Ол – рас, Жағыс өзегі өте терең шұңғыма еді. Оған төрт түліктің сирақтысы түйенің өзі бойламайтын. Талайы сол өзекте суға кеткен. Жас күнімізде шет жағасын біз де көріп қалғанбыз. Жергілікті жұрттың бұл ұсыныс-кеңесі де ескерілсе дейміз.Сыр бойы өңірінде 158 су айдыны бар көрінеді (ертедегі мың көлден қалғаны осы). Дегенде, бұның өзі де аз байлық емес. Көлдер мен теңізге нәр беріп тұрған жалғыз тұма – Сырдариямыз. Тек, су айдындарын меншіктеп алғандар күтімсіздікке ұшыратпай, үйлесімді игерсе деңіз. Облысқа бөлінген балық аулау лимитінің 78 пайызы Кіші Арал теңізінің үлесінде. Су айдындарынан (теңіз, дария және көлдерден) балық аулау – Арал халқының баяғыдан қалыптасқан ата кәсібі. Теңіздің деңгейі ортаймай зар күйінде шалқып тұрған заманында балық шаруашылығы бір орталықтан басқарылатын. Арал балық комбинаты мен балық зауыттарында өңделіп, кептірілген өнім мейіздей болғасын бүкіл Одақтың жер-жеріне жөнелтіліп жататын. Облыс тұрғындары ол кезде жас балықтан да, өңделгенінен де тарыққан жоқ еді. Сол замандағы қалыптасқан берік жүйе қоғамның өзгеруімен бұл кәсіп «өтпелі кезең» деген өліарада берекесіздікке ұшырады. Балықты аулаған бойда (бұзылмай тұрғанда) жергілікті жерде өңдеместен алыс-жақынға тірілей жөнелту өріс алды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен сырттан балық дәметіп келгендер сыбайласып алғасын жоспар да орындалмайтын және өз жерінің өнімі елдің ерніне тимейтін болды. Облыстың балық шаруашылығы осындай барымта кезеңге тап болып, алыпсатарлық тез өрістеп кеткен еді…
ІІ.Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев облыс басшылығына тағайындалысымен, балық шаруашылығын жаңа өрісте өркендетудің ыңғайын шұғыл қарастырумен айналысты. Бұл саланың кері кеткен жағдайымен таныса келе, балық кластерін дамытпай істің оңал-майтынын нақтылап алып, шаруашылықты бір орталықтан басқарылатын консорциум құруды ұйымдастырды. Нәтиже көп күттірген жоқ, балық аулау лимитін бөлу оңтайландырылды. Арал, Қазалы аудандарында салынған балық өңдеу зауыттарының өнімдері республика аймақтарына, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Германия, Грузия, Польша және Венгрия елдеріне экспорттау қалыптасты. Үйлесімді жұмыс осылай басталған еді. Енді бірте-бірте қарқын алуда. Дегенде, ұзақ уақыт тоқырап қалған, тіпті жойылып кете жаздаған балық кәсіпшілігінің алда әлі де жүз жылға жетерлік жұмысы бар. Ошарылып қалған түйткілдері аз емес. Жаңа әкімге бұрынғылардан қалған «мұра», міне, осындай – ғұмырына жетерлік.Арал мен Қаратау аралығында су айдындары аз емес. Дария арнасы сол айдынды көлдерді сумен қамтамасыз етіп тұр. Облыста балық шаруашылығы мен өнеркәсібін өркендетуге мүмкіндік көзі бар. Балықты өңдейтін шағын зауыт салып алған кәсіпкерлер экспортқа шыға бастады. Олардың қазіргі таңдағы талабы ұтымды басшылық бағытымен осылай қарқын ала берсе, Кіші теңіздің бір қолайлы қолтығынан баяғы Арал балық комбинатындай жаңадан өндірістік ірі балық комбинатының ірге көтеруі де ғажап емес. Иншалла, ондай күнге де жетерміз. Оның алғы нышаны: теңіздің баяғы болған, толған кезеңінде балықшылар күні жылда сән-салтанатымен аталып өтілетін. Теңіз қайтып, өндіріс тоқайрағасын ондай мереке көзден бұлбұл ұшып кеткен-ді. Қырымбек Елеуұлы Арал балықшыларының сағымға айналған сол бір жүрек-жарды дәстүрін қайта жаңғыртты. Балықшылар күні сол баяғысындай жылда аталып өтілетін болды. Сөйтіп, облыс балық кәсіпшілігі кемелденуге бет алды. Балықшылар Кіші теңіз айдынында моторлы қайықтарымен толқыннан толқын асып шарықтап жүр. Биылғы мамырда облыс басшылығының діттеуімен Қызылорда қаласында өткен Арал халықаралық тұрақты даму форумының күн тәртібіне шығарған мәселесі солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру ыңғайында ойластырылған екен. Риза болдық. Бұл облыс өңірінде мәртебелі Президентіміз Н.Ә.Назарбаев тоқсаныншы жылдары Ресей, өзбек, қырғыз, тәжік, түркпен басшыларымен кездесуінен кейінгі облыс орталығында өткізілген екінші халықаралық оқиға болды. Форумда осы мемлекеттерден келген тұлғалар та-рапынан Арал проблемасына байланысты қыруар өзекті мәселелерді талқылады. Тараптар келісімді құжаттар қабылдап пәтуаласты. Айтқанымдай, ұлан-асыр қам-қарекет жетерлік. Уақыт осы бағыттағы ісіміздің ендігі сәтін тезірек жақындатқай деген үмітті тілек үстінде жүрміз. * * *Сонымен, ырысымызға қарай солтүстік Арал акваториясына Сырдың суы аз да болса 1994 жылдан түсе бастаған еді. Арада үзіліс болған жоқ. Айдынның бұл аймағы біртіндеп сауығайын деді. Бірақ Сыр суы ойдағы ойпатқа қарай сол баяғысындай сарқырап босқа ағып кетіп жатыр. Не істеу керек? Теңіздің ендігі жыры осы.Өтіп кеткен жиырмасыншы ғасырдың көл тауысқан тойымсыздары халықты дені сау теңізінен айырып қамықтырып еді. Енді тым болмаса, сен жарылқай гөр, жаңа ғасыр!
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ.
ПІКІРЛЕР1