Мен өлеңін оқимын ұлы Абайдың…
Молдасан ШӘПИҰЛЫ
Қараша көші
Сазды әуен өтіп,
Сарғайды тағы жапырақ.
Жаз тысын сөтіп,
Қобырап жатыр атырап.
Сұлу ақ қайың,
Әрінен кетті сілкініп,
Түскендей басқа мұң,
Дүрбелең кешті тіршілік.
Сыбызғы қурай
Сызылтып шерін қозғайды.
Сірә бұлар да
Келетін қысты болжайды.
Шыңдардан кетпейді,
Сұстанып қара бұлт төніп,
Тітіркендірді төскейді,
Төсіне дымқыл шық қонып.
Қына тастар да
Қылаумен жүзін шаяды.
Қиқулы шатқалда,
Құс үні азайып барады.
Тырналар тізбегін түзетіп,
Әуені көкжиекке ұласты.
Сарала шәйісін сүйретіп,
Қараша көші де қыр асты.
Тарасып базары күздің де,
Сарғайған орнында жұрт қалды.
Жүдеген жота-жон бұл күнде,
Еріксіз тағдырына ықтады.
***
Дос деп сені жүріппін жар сап бұрын,
Көңіл суып, арамыз алшақ бүгін.
Қуанышқа қуансақ бақыт санап,
Деуші едік «қайғырсақ ортақ мұңым».
Көрінбейді баяғы сыйластығың,
Аяғы жоқ әңгіме – сырлас түнім.
Дос лебізі танытып қымбаттығын,
Қиын шақта болмайтын қимас бұйым.
…Жүзіңнен сезіктендім бұлт көшкен
Құшақ жайып көрісу шығыпты естен.
Айрандайын ұйыған ағайын ек,
Арамыз бұл қалайша іріп кеткен?!
Бұрынғыдай мен саған бола алмадым,
Мейлі өткен достығым – болар қайғым.
Сен «түлігін» көксейсің Қарабайдың,
Мен өлеңін оқимын ұлы Абайдың.
Екеуміздің жолымыз – екі бағыт.
Ойлан, досым, сөзімді есіңе алып.
Соңында байлықтың да көзі – ғайып,
Өлеңімнің аяғы Еділ, Жайық.
Білем түспес ендігі ісің маған,
Салқын өңмен қарайсың, түсің жаман.
Дедің бе әлде: дәулетті атанған соң,
Неге керек көк сия, мүсін- қалам».
Мен саған бәсекелес фирма емеспін,
Келмейді «Қалталымен» күнде егескім.
Менің жияр асылым – өлең ғана
Келер ақын асатын бір белеспін.
Түбі жылым, тұңғиық адамдар-ай!
Бұл өмір маған қалай?
Саған қалай?
Мен жүрмеуші ем дос көңілін алаңдамай.
Бақ таласып, күндестей құм санасып,
Келгенің рас болса…
Мазамды алмай,
Алыс бол, айналамнан,
Тозаңданбай!..