Фаризатануға қосылған еңбек
Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады дейміз. Көрнекті сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов («Екі ауыз сөз»), Ә.Тәжібаев («Ой мен сезім нақыштары») айтқан бағалы ойлармен қоса М.Қаратаев, С.Сейітов, Ә.Жәмішев,
С.Қирабаев, Т.Тоқбергенов, Р.Нұрғали, т.б. ғалымдар да өз еңбектерінде
Ф.Оңғарсынова поэзиясына аса үлкен ықылас танытқан болатын. Ақынның өз замандас-қаламдастарынан, жолын қуған іні-сіңлілерінен Ә.Кекілбаев («Нұрлы жүрек туғызған Жыр-құдірет»), Б.Асылжанов («Менде бір тебіреніс бар»), К.Ахметова («Ақынсыз бір сәті, бір күні аңыз»), С.Жұмабеков («Жырлары жанарында жарқылдаған»), Н.Оразалин («Асқақтық пен Рухты аялаған жыр»), У.Қалижанов («Уақыт үндестігі»), Ә.Бөпежанова («Өжет жырға өлім жоқ»),
Т.Медетбек («Қасіреттен тұрады бақытым да») оның өлеңдеріне тоқталмағандары, жоғары бағаламағандары кемде-кем. Алайда, Ф.Оңғарсынова мұрасында әлі де жүйелі арнада зерттелмеген саланың бірі – ақынның поэмалары болатын.
Жуырда «Елтаным» баспасынан жарық көрген Б.Керімбекованың «Фариза Оңғарсынова поэмаларындағы идеялық-көркемдік ізденістер» атты монографиясы осы олқылықтың орнын толтырғандай. Еңбекте ақынның «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тартады бозбаланы магнитім», «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қасірет пен ерлік жыры», т.б. поэмаларының жанрлық-көркемдік ерекшеліктері бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша бағамдалыпты. Әсіресе, қазақ әйелінің ұлттық болмысын танытудағы дербес ізденістері мен поэтикалық шеберлік мәселелері Ф.Оңғарсынованың «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы», «Қырдағы айқас», «Ақбөбек жырлары», «Қарғыс», «Дыбыстар әлемі», «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» сынды поэмалары аясында талдап көрсетіледі. Сондай-ақ, автор Фариза поэмаларындағы ұлттық сипат, мінез даралығы, лиризм, психологизм, мотив мәселелеріне де назар аударып, теориялық тұрғыда жүйелі талдаулар жүргізген.
Аталған еңбек жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері мен магистранттарына, сондай-ақ, жалпы әдебиетші қауымға арналған.
Еркінгүл Солтанаева,
филология ғылымының кандидаты.
ПІКІРЛЕР1