Әр халықтың өз генофонды бар
14.07.2017
2555
0

Қай кезде де қазақ өз тегін Шежіре арқылы біліп отырған. Ата-бабаларымыз жеті атасын білмегенді жетесіз деп бекер айтпаған болса керек. Текті білу жай ғана ұрпақ сабақтастығының көрінісі емес, ол үлкен ғылым екен. Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев жақында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық қасиетті сақтап, жаңа заманда ел болашағына үлес қосып жүрген азаматтарды қолдау ниетінде: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», – деген еді. Дәл осындай деңгейде еңбек етіп, ұлттық ғылымға үлес қосып келе жатқан геномдық медицина ғылымының маманы Мақсат Жабағин
«100 жаңа есім» жобасына кіруге әбден лайық деп ойлаймыз. Генетик маманмен осы саласының болашағы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.


Мақсат ЖАБАҒИН,
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Болашақ бағдарламасының түлегі, Назарбаев Университеті, National Laboratory Astana – Өмір туралы ғылымдар орталығының ғылыми қызметкері

– Бүгінде Қазақстанның медицина саласында геномдық зерттеулерге көңіл бө­ліне бастады. Генетик ретінде осы бағыт­та атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстан толық геномдық зерттеулер заманына жақында кірді  деуге болады. Бірақ оның алдында да отандық зерттеушілер генетика және молекулалық биология саласында көптеген маңызды ғылыми зерттеулер жүргізгенін естен шы­ғар­мау қажет. Елімізде осы бағыттардың іргетасын қалап жатқан бірнеше орталық бар. Олар – академик Айтхожин Мұрат Әбенұлы құрған Молекулалық биология және биохимия институты, академик Бер­сімбаев Рахметқажы Ескендірұлы құр­ған Генетика және Цитология институты, көп жылдар бойы академик Раман­құлов Ерлан Мірхайдарұлы басқарып отырған Ұлттық Биотехнология орталығы және жаңадан құрылған Назарбаев Уни­вер­ситетінің профессор Жұмаділов Жақ­сыбай Шаймарданұлы бастаған National Laboratory Astana – Өмір туралы ғылымдар орталығы. Мысалы, біздің орталықта геномдық зерттеулерді ілгері дамыту үшін арнайы құрылған лабораториялар бар. Олар – Геномдық және дербес медицина лабораториясы, Биоинформатика және системді биология есептеу лабораториясы. Осы лабораториялардың инфақұрылы­мы негізінде қазақстандық алғашқы геномдары мен экзомдары оқылды. Барлық жұмыстар басынан аяғына дейін Акильжанова Айнұр және Каиров Ұлықбек басқарған отандық жас мамандардың қатысуымен өтті. Бұл – үлкен шара, бұл – үлкен тәжірибе. Үлгілерді шетелге жіберіп зерттеу емес, керісінше, өзімізде отандық ғылыми бағытты қалыптастыру­дың жолы. Қазақстандық геном әр түр­лі­лігі және ерекшеліктері жөніндегі ақпарат елімізде жүргізіліп жатқан медициналық зерттеулерге үлесін қосып жатыр. Мәсе­лен, лабораториямызда обыр және жүрек ауруының генетикасы зерттелуде. Жинақ­талып жатқан мағлұмат халықтың ден­сау­лығын жақсартуға өз пайдасын тигізеді деп сенеміз.
Геномдық зерттеулерді жүргізу үшін қажетті инфақұрылым бүгін Қазақстан­ның медициналық университеттерінде де жасалып отыр. Заманға сай жас мамандар даярланып жатыр. Көбісі Болашақ бағ­дар­ла­масы арқылы біліктілігін арттырған. Тәжірибе алмасу үшін жыл сайын халы­қ­а­ралық конференциялар өткізіліп ке­леді. Солардың бірі – біздің орталықта екі жылда бір рет өтетін Дербес медицина жә­не  Ғаламдық  Денсаулық конференция­сы: Семей және Шымкентте жыл сайын өтетін генетик және дәрігер мамандардың бас қосатын конференциялары. Білім және ғылым министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі геномдық зерттеулер­дің маңыздылығын түсіне отырып, бір­қатар үлкен ғылыми жобаларды қар­жы­ландыруды ойластыруда. Бұл бағыттағы зерттеулер өте қымбат екендігін атап айту жөн және көп зерттеулердің бағыты негізгі ғылымдарға жатады. Коммерциялық нә­ти­же шығу үшін төзім мен уақыт керек. Де­генмен, онсыз болмайды. Өйткені, хал­қы­мыздың генофонды мемлекеттің стра­те­гиялық ресурсы болып табылады. Сонымен қатар, генетика және геномдық селекция, гендік инженерия және биотехнология сияқты салалар да ауыл ша­руа­­шылығы және өндірісте қолданысқа енгізіліп жатыр.
– Этногенез тарихын зерттеп жүр екенсіз. Қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін өз салаңыздың қыр-сырын айта кетсеңіз.
– Этногенезді әр түрлі ғылым салалары зерттейді: антропология, археология, генетика, лингвистика, тарих және этнология. Біз этногенездің сұрақтарына генетика тарапынан жауап іздеп жүрміз.
Әр адамның бойында әкесінен және шешесінен мұра болып берілген генети­ка­лық ақпарат бар. Әкелеріміз бен шеш­лері­міз өз кезегінде генетикалық ақпарат­ты өз ата-анасынан бойға сіңірген, ал олар өз ата-аналарынан. Генетикалық ақпарат ДНК молекуласында сақтаулы және ол біз­дің биологиялық тұрғыдан қандай бола­тынымызды айқындайды. Бір жасу­ша­дағы бүкіл ДНК жиынтығын геном дей­міз. Ол бойымыздағы генетикалық барлық ақпаратты қамтиды. Бұл тек адамға ғана емес, тірі ағзалардың бәріне тән құ­бы­лыс. Әр ағзаның геном ақпараты әр түр­лі. Мысалы, адам геномы 3 млрд. символдан тұратын мәтін деп қарастыруға болады. Бұл мәтінде тек 4 әріп кездеседі. Олар А (аденин), Т (темин), Г (гуанин), Ц (цитозин) нуклеотидтері. Кез келген екі адамның арасында мәтіннің 99,9% ұқсас, тек 0,01% айырмашылық бар. Біз осы айырмашылықты адамдардың арасында және халықтардың арасында зерттейміз. Халықтың бойындағы геном әр түрлілігін генофонд дейміз. Мысалы, қазақ халқы­ның генофонды қайдан және қандай жол­дармен қалыптасты деген сұраққа жауап іздейміз. Жауап іздеу барысында қазақтың бойындағы мәтінге ұқсас басқа халықтар бойындағы мәтіндерін табамыз. Ол ұқсас­тық қалай пайда болды деген сұраққа жа­уап іздейміз. Жауап іздеу барысында та­рих­шылар және басқа пәнаралық мамандармен жақын байланыста талқылау өткіземіз.
Геном мәтінін әдеби шығарма жиын­тығы ретінде қарастырсақ, адам геномы 46 томнан тұрады деуге болады. Ол 23 жұп хромосома. Біз қазір соның бірін – Y-хромо­соманы зерттеп жүрміз. Оның өзінің ерекшелігі бар. Біріншіден, ол тұ­қым қуалауда әкеден тек ұл балаға бері­леді. Екіншіден, жаңа ағза геномы 50% әкесінің және 50% шешесінің мәтіндерінің араласуынан қалыптасса, тек бір ғана Y-хромосома араласпай, бойында жинал­ған ақпаратты жоғалтпай, келесі ұрпаққа толығымен біртұтас жиынтық ақпарат ретінде береді. Сондықтан Y-хромосо­ма­ның тарихы негізінде біз әкеміз жақтан аталарымыздың тарихын біле аламыз. Біз­дің халқымыз үшін бұл жағдай өте қызықты. Өйткені, бізде Шежіре бар. Ше­жіре мен генетиканы сәйкестіре отырып, біз халқымыздың демографиялық тарихын зерттей аламыз.
– Алғашында экономика мамандығын, кейін «Болашақ» бағдарламасымен мүлде басқа саланы таңдауыңызға не себеп болды?
– Мектепте оқып жүргенде өзіме тарих пәні қатты ұнайтын. Сондықтан жоғарғы сы­ныптарда тарих немесе саясаттану ма­ман­дығына түсетін ойым болған. Бірақ Елбасымыздың сол жылдары халыққа жол­дауында «әуелі экономика, содан кейін саясат» деген қағиданы ескере отырып, мен экономика мамандығына оқуға түсуге бел байладым. Нәтижесінде, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетінің экономика факультетіне грантқа түстім. Оқу барысында халық­аралық инвестициялар инновациялардың төңіре­гін­де айналып жатқандығын түсіне отырып, мамандығымды жаратылыстану бағытына ауыстыруды жөн көрдім. Негізгі ойым, «елі­мізге жаңа инвестицияларды ғылыми зерттеулер негізіндегі инновациялар ар­қылы тарту» болатын. Дарынды балаларға арналған Қарағанды облыстық «Дарын» мектеп түлегі болғандықтан шығар, бізге берілген жан-жақты білім мамандығымды ауыстыруға өз көмегін тигізді. Осылайша мен оқуымды М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­ле­кеттік университетінің биология факуль­теті генетика кафедрасында жаңадан бастадым. Ең қызығы, оқып жүр­ген кезімде мен мектеп қабырғасында ойым­ды және көңілімді толғатып жүрген «халқымыздың шығу тегі» сұрағына қайта оралдым. Бірақ енді оның жауаптарын генетика тарапынан іздестіру үстіндемін. Қазір соған байланысты диссертациялық зерттеуімді тәмамдап жатырмын. Сон­дықтан бұл жолдың негізгі себебі –  тағдыр деп түсінемін.
– «Қазақстан болашағы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі ретінде еліміздің келешегін қалай елестетер едіңіз? Өз салаңызда қандай жаңалықтар күтесіз?
– «Қазақстан болашағы» – әлеуметтік желіде 2009 жылы орын алған қозғалыс деу­ге де болады. Ол аз уақыттың ішінде же­ліде ірі топтардың біріне айналды. Ол кезде әлеуметтік желілер енді ғана қар­қын­ды дамып жатқан кезі еді. Негізінен, ол тек студенттердің басын қосатын. Бұл топ әлеуметтік және тарихи сұрақтарды талқылайтын, саяси модельдеуді жүр­гізе­тін платформаға айналды. 2011 жылдан бастап «Ырыс алды – ынтымақ» мақса­ты­мен қозғалыс қатысушылары тек интернет шеңберінде ғана емес, көзбе-көз бас қосулар өткізіп және әлеуметтік кішігірім шараларға қатысатын. Студенттік уақыт зымырап өтті. Дегенмен, сол кездегі қоз­ға­лыс мүшелері, өзім танитын қыз-жі­гіттер, бүгінде әр салада еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жатқанын білемін. Сол қозғалыстың бас-аяғында жүріп, елі­міз­дің келешегін елестететінбіз. Болашақ бүгін біздің қолымызда екенін білеміз. Тарих сахнасында ежелден келе жатқан орнымызды ұмытпай, болмысымызды жо­ғалтпай, халықтың әл-ауқаты мықты, ғы­лыми прогресс және бейбітшілік ұста­ным­дарына негізделген Мәңгілік Ел боламыз деп сенемін.
Өз саламнан XXI ғасырда көптеген маңызды жаңалықтар күтемін. Қысқаша үш бағытты айта өтейін: біріншіден, ге­ном­дық медицинаның қарқынды дамуы, яғни дербес медицина және гендік тера­пия­ның кеңінен қолданысқа өтуі халқы­мыздың  денсаулығын және өмір ұзақты­ғын жақсартады. Екіншіден, синтетикалық биологияда, соның ішінде ксенобиологияда керемет жаңалықтар күтіп тұр. Жа­қын­да ғана бір ғылыми мақалада табиғатта кездеспейтін нуклеин қышқылдарынан адам баласы алғаш құрастырған генети­калық мәтін тірі ағзаның бойына енгізіл­гені туралы жаңалық шыққан. Үшіншіден, палеогенетика және биоинформатика негізінде біз барлық тірі ағзалардың ежелгі тарихының реконструкциясын жасап, табиғаттағы орнымызды және ол үшін жауапкершілігімізді түсінетін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым Батыр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір