«Қызыл алмадан» басталған таныстық
Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы әңгіме тартқатарда байырғының жырын көбірек қозғайтын бір мінез бар. Өйтпеске тағы болмайды, ежелден қоңсы қонған екі елдің рухани, мәдени, әдеби жалғастығының тамыры тым тереңде.
Бішкекке барған сапарымызда ғалым Абдылдажан Акматалиевтің қазақ-қырғыз әдеби байланыстары, қазақ және қырғыз қаламгерлерінің қамқорлығы мен сыйластығы туралы сағынышты әңгімесін тыңдаған едік. Сол әдеби байланыстың бүгінгі жалғастығы туралы да осы сұхбатта айта кеткенді жөн көрдік…
– Алматыға алғаш қашан келдіңіз, қазақ қаламгерлерімен етене араласуыңыз қалай басталып еді?
– 1979 жылы, 20 қазанда «Шыңғыс Айтматов және қазақ-қырғыз әдеби байланысы» деген ғылыми тақырыбыма қажет материалдар жинау мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына іссапармен бардым. Алматыны алғаш көруім. Бұл жерде Жайсаңбек Молдағалиев, Файзолла Оразаев деген қазақтың қаламгерлері құшақ жая күтіп алды. «Алматы» қонақүйіне орналастым. Алматыны аралап, қаланы сәл де болса біліп қалдым-ау деген соң, екі күн өткеннен кейін Зейнолла Қабдоловқа телефон шалдым. Оның себебі де жоқ емес. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» әңгімесі «З.Қабдоловқа арналған» деп басылған еді. Кейін оның жайын білсем, бұл әңгіменің жазылуына Зейнола Қабдолов түрткі болған екен. Содан Зейнолла ағайға хабарласып, өзімнің кім екенімді таныстырып, ғылыми тақырыбымды, Шыңғыс Айтматов және қазақ-қырғыз әдеби байланысын зерттеп жүргенімді жеткізіп, кездескім келетін тілегімді айттым. Қабдолов ол уақытта ҚазҰУ-де дәріс оқиды екен, университетке шақырды. Тақырыбым бойынша бірнеше дәрістерін тыңдадым. Сол жолғы сапарымда түйгендерімді жинақтап, «Айтматов қазақ аудиториясында» деген мақала жаздым. Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Әлімжанов, Т.Ахтанов сынды қазақ әдебиетінің азуын айға білеген өкілдерімен таныстым. Қалтай Мұхамеджановпен жасаған сұхбатым «Советтік Қырғызстан» журналына жарияланды. Д.Исабеков, М.Сүндетов, Қ.Найманбаев, С.Бердіқұлов ағаларыммен қазақ-қырғыз әдеби байланыстары жөнінде пікір алмастық. О.Бөкей, Б.Мұқаи секілді арыстармен достық қарым-қатынас түздім. Нақты тақырыптар бойынша қазақ қаламгерлерімен сауалнама жасадым. Сол сапарымда «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылып, қазақ қаламгерлерінің шығармашылығына жақындай түстім. Сол уақыттан бері қалыптасқан дағды: қазақ еліне барған бойда бірден қазақ баспасөзін қолыма аламын. Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық бар, кім қандай леп әкелді – оқып, танысқым келеді. Қырғыз мәдениеті, әдебиеті туралы қазақ баспасөзі не жазып жатқанын білсем деймін.
Қазақ жазушыларымен жақын таныстығым Шыңғыс Айтматовқа бір қадам жақындай түсуіме де себеп болды.
Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы әңгіме тартқатарда байырғының жырын көбірек қозғайтын бір мінез бар. Өйтпеске тағы болмайды, ежелден қоңсы қонған екі елдің рухани, мәдени, әдеби жалғастығының тамыры тым тереңде.
Бішкекке барған сапарымызда ғалым Абдылдажан Акматалиевтің қазақ-қырғыз әдеби байланыстары, қазақ және қырғыз қаламгерлерінің қамқорлығы мен сыйластығы туралы сағынышты әңгімесін тыңдаған едік. Сол әдеби байланыстың бүгінгі жалғастығы туралы да осы сұхбатта айта кеткенді жөн көрдік…
– Сонда қалай, Айтматовты бұрын-соңды көрмеген бе едіңіз?
– Мен ол кісінің шығармашылығын жақсы білгеніммен, қол алысып, таныспаған едік. Алматыдан келген соң, арада біраз уақыт өткенде, Бішкектегі Қырғыз Ғылым академиясында бүкілодақтық ғылыми конференция өтті. Үзіліс кезінде Шыңғыс Айтматовқа: «Жақында іссапармен Алматыда болдым. Сізге достарыңыз Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов сәлем айтып жатыр. Сол кісілердің сәлемін жеткізейін деп едім», – дедім. Айтматов жөн сұрап, мен Алматыға барған іссапарымның себебін, кандидаттық жұмысымның тақырыбын айттым. Шыңғыс Төреқұлұлы «Советтік Қырғызстанда» жарияланған Қалтай Мұхамеджановпен жасаған сұхбатымды оқыған екен, мені бірден есіне түсірді. Кандидаттық тақырыбым бойынша бірқатар сауалдар туындаған соң, Ш.Айтматовтың кабинетіне барып, сұрақтарыма жауап алып, «Қырғыз әдебиетін танушылар ішіндегі таланттыларының бірі – менің кіші інім Акматалиев Абдылдаға» деген тілек-қолтаңбамен «Ғасырдан да ұзақ күн» атты қырғыз тілінде шыққан кітабын сыйға тартты.
Аға-дос ретінде 1985 жылдардан бері қарай Шыңғыс Төреқұлұлымен өте тығыз қарым-қатынаста болдық.
– Ол кезеңдегі қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы не айтасыз?
– Қазақ-қырғыз әдеби байланысы қос елдің бауырластық, туыстық сезімінен ғана туындап жатпаған заман еді ғой. Біз қандас ел ғана емес, мәдени, рухани, әдеби салада да егіз ел едік. Бір-біріміздің жазған-сызғандарымызды жаппай оқып, жаппай талдап жататынбыз. Кандидаттық жұмыс жазып жүрген уақытта, Қазақстан Жазушылар одағының анықтамалығы қолыма тиді. Одақ мүшелерінің телефон анықтамалығы дерлік бар. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін» оқығанмын. Жазылу тарихын да білемін. Бірінші кітабы Ш.Айтматовтың алғысөзімен жарық көрген. Содан үйіне бардым. Сөйлесіп, қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы пікір алмастық. Ғылыми жұмысымның авторефераты дайын болған еді, соны беріп едім, ғылыми жұмысыма деген көзқарасын рецензия ретінде жазып берді.
Диссертациялық жұмысымды қорғарда М.Қаратаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Қ.Мұхамеджановтар ағалық қамқорлығын көрсетті. 1986 жылы Алматыда Қырғыз әдебиетінің онкүндігі өтіп, Шыңғыс Айтматов бастап келген делегация құрамында болдым. Сол кездегі Қазақ тарабының басшысы Д.Қонаев қазақ-қырғыз әдеби байланысы туралы жылы пікір білдіріп, рухани, мәдени қарым-қатынасымыз тереңдей түссін деген тілегін айтып еді. 1987 жылдың 25 қыркүйегінде Алматыда Мұхтар Әуезовтің туғанына тоқсан жыл толуына орай үлкен мереке өтті. Онда да қырғыз елінен бір топ қаламгер бардық. Кездесуді сол кездегі республика басшысы Колбин ашып, мәдениет пен әдебиет мәселелеріне қатысты Олжас Сүлейменовке шүйлігіп отырғандай көрінді. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін екеуінің арасындағы текетірестен хабардар едік. Колбин сөзін қазақ тілін үйреніп жат-қанын айтып аяқтады. Одан соң Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Камиль Яшен, Мумин Каноат сөйледі. Бірақ барлығы емен-жарқын ашыла алмағанын аңғардық. Сол күні кеште қазіргі Республика сарайында салтанатты жиналыс басталады. Мінберге Олжас Сүлейменов көтерілгенде, көпшілік біразға дейін қол соғып тұрып алады. Залда тыныштық орнағанда, Олжас Сүлейменов Әуезовтің өмірі, қызметі мен шығармашылығы, жазушының заманында басына үйірілген қауіп пен қатер жайлы кеңінен әңгімеледі. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан трагедиясынан кейінгі алғашқы салтанатты жиналыс еді. Жиналғандардың көбінің жанарына жас үйірілді. Олар орындарынан тұрып, қол соқты. Олжас Сүлейменов көпшілікке алғыс білдіріп жатты. Бірақ жиналғандар қол соғуын тоқтатпады. ОК өкілдері абыржып кетті, алайда, олар да халықтың ұзақ қол шапалағын тоқтата алмайтын халде екенін түсініп отырғандай. Ақыры, Олжас Сүлейменовтің өзі залды тыныштандырды. Біз, қырғыз қаламгерлері қашан да қазақ жазушысының жаңалығына, қуанышына ортақ едік, керек десеңіз, қазақ қаламгерінің басына бұлт үйірілгенін естіген уақыттарда жүрегіміз бен тілегіміз олардың үстінде болды.
Қазақ қаламгерлері де қырғыз бауырларын ерекше елжірей сүйгенінен, әркез қолдап-қуаттап отырғанынан хабардармыз.
Біздер, қырғыздар, Шыңғыс туралы әңгімелегенде оның Мұхтар Әуезовпен достық, туыстық қарым-қатынасын естен шығарған емеспіз.
Сол күні кеште қазіргі Республика сарайында салтанатты жиналыс басталады. Мінберге Олжас Сүлейменов көтерілгенде, залда жиналған көпшілік біразға дейін қол соғып тұрып алады. Залда тыныштық орнағанда, Олжас Сүлейменов Әуезовтің өмірі, қызметі мен шығармашылығы, жазушының заманында басына үйірілген қауіп пен қатер жайлы кеңінен әңгімеледі. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан трагедиясынан кейінгі алғашқы салтанатты жиналыс еді. Жиналғандардың көбінің жанарына жас үйірілді.
«Дүниежүзі әдебиетінің кітапханасы» деп аталатын 200 томдықта, Шекспир мен Данте, Толстой мен Томас Манн, Горький мен Шолоховтармен бір қатарда М.Әуезовтің екі томдығы тұрғанын қазақ та, қырғыз да мақтан тұтады деп ойлаймын.
«Бір кездері орыс мәдениетінің дамуына Пушкин қалай әсер етсе, Орта Азиядағы көршілес елдердің заманауи шығармашылық ойы мен рухани өмірінің қалыптасуына Әуезов дәл сондай ықпал етті деп ойлаймын», – деп жазады Шыңғыс Айтматов. «Шетелге өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық мақтанышым бар. Біреуі – «Манас», екіншісі Мұхтар Әуезовтің кітабы. Менен қазақ пен қырғыз кім десе, Манас пен Әуезов жайлы айтып беремін», – деген де Шыңғыс Айтматов болатын. «Қырғыз Ғылым академиясында 1952 жылы «Манас» эпосын талдаған үлкен жиналыс өтті. Біз, жастар оны тыңдауға бардық. Сонда алғаш рет Мұхтар Әуезовті көріп, сөзін тыңдадым. Залда ине шаншар орын болмады. Себебі, біздің ұлы мұрамыз «Манас» эпосының тағдыры шешіліп жатты. Тек Әуезовтің батылдығы және шешендігінің арқасында «Манас» эпосы халыққа қайта оралды. Әуезовтің жалынды сөздеріне риза болған көпшілік бірнеше рет қол соғып отырды. Сонда маған шешеннің кең де ашық маңдайы, мәселені талдаудағы батылдығы, жан дүниесінің тереңдігі ұнады. Кейіннен ол екеуміз бір-бірімізге әке мен баладай болып кеттік», – деген сөзді де Шыңғыс Төреқұлұлының өз аузынан естіп едім…
Қазақ қаламгерлері туралы айтқанда, Әбіш Кекілбаев туралы үндемей өту мүмкін емес. Оның «Баллада степей» деген жинағы шығып, Шыңғыс Айтматов жақсы пікір білдірді. Жалпы, Әбіш шығармашылығы туралы Шыңғыс Айтматовтың пікірі өте жоғары еді.
Айтматов шығармашылығы және қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы зерттеп жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінен өзге, «Жұлдыз» журналы мен «Жалын» альманағын да тұрақты оқу әдетіме айналды. Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, Жанғара Дәдебаев, Шәкір Ыбыраевтардың шығармашылығы, зерттеулері туралы әркез хабардар болып жүрдім.
Осы күні қазақ ағайынның шығармашылығынан алшақтап кеттім дей алмаймын. Дархан Қыдырәлі басқаратын Түркі академиясымен үлкен шығармашылық байланыстамыз. Бірігіп үлкен жобаларды жүзеге асырудамыз. Ш.Айтматовтың қазақ тіліндегі шығармаларының жинақтарын, «Манас» энциклопедиясын шығардық. Осы күні Бауыржан Омаров, Дихан Қамзабекұлы, Амантай Шәріп секілді жас достар таптым. Қазақтың бүгінгі жас қаламгерлері мен ғылым қайраткерлерінің шығармашылығымен, журналистік зерттеулерімен жете таныспын деп мақтанып айта аламын…
– Бұрынғының әңгімесінен бүгінгі күнге оралдық қой. Енді сұрағымызды осы күнге орайластыра қойсақ, 1990 жылдардан бергі қазақ-қырғыз әдеби байланысы туралы не айтасыз?
– Бұрындары қазақ-қырғыз прозаиктерінің, ақындарының жинақтары шығып жататын. 1991 жылдан бері ондай жинақ шыққан емес. Жекеленген ақындар достарының, демеушілердің көмегімен аударылды, бірлі-жарым әңгіме-жырлар газеттерде жарияланды дегеніміз болмаса, жаппай бір-біріміздің әдеби ахуалымызды, не жазып, не қойып жүргенімізді терең білеміз деп айта алмаймын. Қазір, тіпті қырғыз оқырмандары қазақ емес, қырғыздың өзін оқымай қалды…
– Неге?
– Себебі, заман басқа, халық ғаламтор, компьютерге құмар болып алды. Екіншіден, бізде баспа, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор», «Жалын» журналдары сияқты үкімет тарапынан қамқорлықтағы басылым жоқ. «Қырғызстан мәдениеті» шықпағанына 20 жылдай уақыт өтті. «Жаңа Алатоо» демеушілерге байланысты ара-тұра шығып тұрады, шықпай қалатын да кезі көп. Жазушылар үйі де, одағы да қалмады. Әдеби, мәдени күндер де өтпейтін болды. Осы күні қазақ-қырғыздың әдеби, рухани, мәдени байланысын екі ел арасында өтетін түрлі ғылыми конференциялар ғана сақтап тұр. Ш.Айтматов, «Манас» конференцияларына қазақ ғалымдары, қаламгерлері келіп қатысады. Сіздің елдің әдебиеттегі, ғылымдағы маңдайалды тұлғаларының мерейтойларына арналған ғылыми конференцияларға біздер барамыз. Байланыстың солғындап бара жатқаны мұңайтады…
– Бүгінгі қырғыз қаламгер жастары, жас жазушылар, жас ақындар туралы не айтасыз? Олар қай бағытта қалам тербеп жүр?
– Шүкір, әдебиетші жастар өсіп келеді. Бірақ әрқайсысы, өзінің шағын ортасында ғана, шағын алаңында ғана. Жастарды үлкен алаңдарға алып шығатын мемлекеттік қамқорлық, үлкен халықаралық жобалар болса деп армандаймын. Көркем дүниеден бөлек, заманға деген көзқарастарын публицистикалық сарында жазатындары көптеу. Ол шығармашылық ортада кейде қабылданады, кейде қабылданбай жатады…
– Бүгінгі жастардың кітапқа, кітап оқуға, іздеуге деген қызығушылығы қандай деңгейде?
– «Кітап шығарудың керегі не, бәрібір түптің түбінде елдің бәрі керегін компьютерден, ғаламтордан оқып алады» деген пікірді естіп қаламын. Кітапты жан дүниеңмен оқуың керек. Кітаптың бергенін ғаламтор, компьютер арқылы сіңіре аласың дегенге өз басым сенбеймін. Өкініштісі, қазір көркем дүниені университет студенттері, тіпті, филология факультетінде оқитындардың өздері емтиханнан өту үшін ғана оқитын бір әдет пайда болған. Көркем шығарманы оқу – мамандыққа байланысты болмауы керек еді ғой. Химик пе, физик пе, математик пе – жастар жаппай көркемдікке ұмтылуы, іңкәрлікті іздеуі тиіс еді. Біздің кезімізде солай болатын. Кітап оқымау, көркем дүниеден алшақтау – адамның сезімін өлтіреді. Жалпы, кітап оқу, оқымау атты мәселе қазақ пен қырғызға ортақ па деп ойлаймын. Қазақ пен қырғызға ортақ мәселелер тіптен көп, менің ойымша. Мәселен, қазақ пен қырғыз тілінің мәселесі. Біз де жас ұрпақ қырғыз тілінде сөйлемейді деп күйінеміз. Ал біз оларға үлгі бола алып жүрміз бе? Меніңше, үлгі бола алған жоқпыз. Тіл мәселесін ұлт интеллигенциясы өз мойнына алуы керек. Зиялы қауым түгелдей өз тілінде сөйлей бастаған уақытта ғана ұлт сақталып қалады. Тілі жоқ мемлекет – ұлты жоқ мемлекет. Сондықтан ең әуелі өз тілімізде толық сөйлейтін мемлекеттік жүйе жұмыс істеуі керек. Бүгінгі аласапыран заманда бай шығармашылық мұрамызды сақтап қалу өте маңызды. Заңғар жазушымыз Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов арамыздан кеткелi берi рухани дүниемiздiң жүдеп қалғаны жасырын емес…
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.