Таныстық
07.06.2023
361
0

Аудандық оқу бөлімінің инспекторы Телпекбай аяқ астынан облысқа шақырылып, облыстық оқу бөліміне, тура Қостан Бостановичтің өзіне орынбасар болып шыға келді. Бірге қызметтес жолдастар мұның Қостан Бостановичке қандай алпауыт таныс тапқанын біле алмай дал болысты. Таныстықтың түрі көп. Сонау бір жылы Телпекбай екеуміз педагогикалық институттың үшінші курсында бірге оқитынбыз. Бірінші, екінші курс емес, үшінші курс. Студенттердің «қыз аулауға» еркін шығатын курсы. Кеудемізге бір-бір қап жел берген курс. Сол жылы Телпекбайдың «өртеніп неге кетпедім» деген махаббатқа толы өлеңі қабырға газетіне шығып, оны өзі «Абайдың любой өлеңінен кем емес» деп бағалап жүрген. Бұл оның кеудесіне тағы бір қап жел қосты. «Өртеніп неге кетпедім» деп әнге қосып ыңылдап жүретін де қоятын. «Өртеніп кетсең, бір суайттан құтылар едік-ау» десетін құрдастары.
Ол кезекті бір қыз аулау сапарынан түтігіп оралды.
– Қыздардың алдында маған бір жігіттің сөзі өтіп кетті.
Күйіп кеттім де жекпе-жекке шақырдым. – Сен секундант боласың – дегені.
– Пай-пай Құдайым-ай! Сен жазым боп кетсең қазіргі поэзияны Абай поэзиясының деңгейіне көтерген бір алып ақыннан айырылып қаламыз ғой. Поэзияға шөліркеп отырған бізді, ұлы ақынға зәру боп отырған халқыңды аясаң нетті?
– Жоқ, болмайды. Намыстың ақ туына қара дақ түсіре алмаймын. Қамысы жоқ жер болса да, намысы жоқ ер болмайды.
– Әй, осы ақындар-ай! Шырпыдай тұтанған киелі жарықтықтарым-ай. Намысқа шыдау деген болсайшы сендерде. Пушкин де намысқа шыдай алмаған. Лермонтов те сөйткен. Солардың аруағы қонған сен де енді міне. Бір ашуыңды берсейші бізге. Туған жұртыңның тағдырын қыл үстіне қойғаның неткенің?
– Жоқ, ағайын! Мен намысымды немен жуамын. Қыз алдында… Түсініп тұрсың ба? Сүйген қызының алдында сөзі өтіп кету деген… Маған қыздар «намысы жоқ әрмене екен» деп күлмей ме? Бір минөт те кідіре алмаймын. Кім жеңсе, қыз соныкі боларын есіңнен шығарма. Жеңілген адам қыздың көлеңкесін де көре алмайды. Бұйырса ертең дәдең Торсықгүлдің бетін албыратып, шашын жалбыратып қолтықтап көшеге алып шығады. Бол, тез киін. Көздің жауын алатын, қара кәстөміңді ки. Қызылды-жасылды галстук тақ. Менің секундантым оның секундантынан кем болмайтын болсын!
Мен сәнді киіндім. Ол Мәскеудің бір шыны «айрықша» арағын алды.
– Соңыра менің жеңісімді тойлаймыз.
– Мүмкін жеңіліп қаларсың?
– Қайдағы жеңілген? Мына жұдырық пен мускулаға қарамайсың ба? «Аф, уф!» деп бір соққанда бордай тоздырамын.
Телпекбай ауа қармап әлдекімді «аф,уф» деп соққылап жүр. – Міне, былай ұрамын, былай…
Микроскоппен қарасаң да көзге көрінбейтін ауадағы «жауды» жүгіріп, сабалап ұрып, «бұрышқа» тығады. Жау «қашып» бұл оны қуып жүріп ұрады.
– Аф, уф! Көріп тұрсың ба? «Аф, уф!» Соққылар прәмі иекке, ауызға, мұрынға тиіп жатыр. Өте дәл. Иекке, ауызға, мұрынға… Пай-пай шіркін-ау, көкесін көзіне көрсетіп тұрып күлін көкке ұшырармын-ау. Ойлану керек, қайткен дұрыс. Аузын апан қып, мұрнын тапап тастаған дұрыс па? Іштен соғып ішбетеке тидірсем бе екен. Әлде жапонский прием жасап, жападай ұшырсам ба? Желкеден соғып жер тістеттірсем ше? Естіген жұрт­тың есінде қаларлықтай бір оқиға жасаймын. Мені боксқа тегін қатыстырып жүр деймісің? Оң қолымды іске қосқанда ол сорлыға қиын болады. Менің оң қолымды жігіттер «смертельный» деп мақтап жүр ғой. Оң қолымды ұсынғаннан-ақ сен «байқа, байқа» деп қақсап тұр. Қызып кетіп өлтіріп алармын сормаңдайды. Кірпігіңді қақпай бақылап тұр мені. Қызып кетіп…
Уағдаласқан жерге біз бұрын келіппіз. Телпекбай мені жаттықтырып жатыр.
– Ананың қалтасын дұрыс қара. Тас, темір болып жүрмесін.
–Дөңгелекті үлкен сызуға тырыс. Қашатын кеңістік мол болсын.
– Қашатын болсаң несіне төбелесесің?
– Әуелі қашып, сілесін қатырып аламын да, сосын қапысын тауып, шалқасынан түсіремін.
Бес минөт өткенде әлгілердің қарасы көрінді. Көрінгені құрысын менің жүрегім мұздай болды. Анау бір нән. Быдым-быдым безеу бет, бұжыр қара. Талай төбелеспен дәмдес болған жайсаң -ау деймін.
– Ойбай, мынау сені өлтіріп кетеді – деп сыбырладым.
– Аман тұрғанда ана шыныдағыны бөліп ішіп тарайық.
– Қайдағы өлтірген? Ұзындығы болмаса кеуек, боркемік дей бер. Мен ішіне «кіріп» кетемін де ұзынынан сұлатамын. «Ближний бой» дегенді білмейтін бокстан хабары жоқ қасқасың ғой. Бокстан хабарың болса, оның бойына сонша мән бермес ең. Мен осы сол «ближний боймен» есін тандырып, дал-далын шығарамын.
– Әй, қайдам-ау!
Қарсыластармен қол алысып амандастық. Таныстық. Сондан соң секунданттар іске кірістік. Мен Дәуқараның, оның секунданты Телпекпайдың қалтасын қарадық. Таза! Мен Дәуқараға сұрақ қойдым.
– Құлаған адамды соғуға, не тебуге болмайтынын білесің бе?
– Білемін, жекпе-жектің барлық тәртібін сақтаймын.
– Дөңгелектің радиусы үш метр болсын, – деді оның секунданты.
– Он метр болсын, – дедім мен.
Ақыры бес метрге келістік. Дөңгелек жер сызып беріп, секунданттар үш метр кейін шегіндік те белгі бердік.
– Бокс!
Дәуқара қуып, Телпекбай секектеп, айнала қашып, алдап соқпақ боп әуреленіп жүр. Қашып жүріп- ақ күш көрсетіп қояды.
– Тиісетін адамыңды таппай жүрген бәдік екенсің.
– Ұзыныңнан сұлатармын, жер жастандырамын!
Анада үн жоқ. Сызықты айналдыра қуып жүр. Телпекбай екі-үш рет сызықтан шығып кетіп оның секунданты ескерту жасады.
– Қашудың да жөні бар, сызықтан шықпаңыз!
–Қашпай өле ме? Жанын тастай жүрген кім бар дейсің, – деп бедірейдім мен де.
Бір кезде анау Телпекбайды төбеден қойып қалып еді, мынау ұшып түсті.
– Бір, екі, үш!
Телпекбай тұрып қайта келді.
– Уақытша табысқа мақтанба! Мұрныңды бұзармын әлі! Желкеңді үзермін! Мынау мылжыңдап жүргенде анау төбеден тағы бір қойып қалды.
– Бір, екі, үш!
Бұл жолы менің «боксерім» тістеніп тұрды. Жүгірді, секірді. Селкілдеген сол қолы да «смертельный» оң қолы да өзі мақтағандай болмады. Көңілі бәрін танып тұр. Тұмсықтан соғып, тұрмыстай еткісі келеді. Бірақ бұның қолы жетер жерде тұмсық жоқ. Екі сыйдиған сирақпен және екі ұзын қолмен қорғалған іш те «іннің» түбінде жатыр. Айнала қашудан басқа ештеңе қалмаған сияқты.
Айнала қашып жүріп Телпекбай сызыққа «тіркеліп» қалды да Дәуқараның өзіне қарай ұмтылып еді, қапысыз тиген қатты соққыдан ұршықтай үйіріліп, өгіздей өкіріп, кең маңдаймен жер сүзді.
– Бір, екі, үш… он!
Телпекбай тұрмады.
– Онға дейін санағанда тұра қоятын ақымақ табыла ма осы күні. Жүзге дейін санау керек, – шатақ шығардым мен.
Олар көнді. Жүзге дейін санадық. Телпек бұған тұрмады. Ұят та керек. Мен «жеңілдік» деп қол көтердім. Сосын жабыла дем салдық. Болмады. Жақын жерде жан жоқ. Менің көзім қарауытып, көңілім бұзылды. «Тел қозыдай серігім, уәдесіне берігім. Түбіне жетті-ау желігің»…
Тағдыр жетіп, бұл көз жұмған соң, амалсыз Дәуқараға кетіп бара жатқан Торсықгүлдің зары құлағыма келді. «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды, өлгені Телпекжанның рас болса, құдайым Торсықгүлді неге алмайды»…
Осылай егіліп, ет жүрегім езіліп тұрғанда, қарсыластардың әптешкесі көмекке келді. Мен әптешке дайындағанмын. Телпекбай «біз жеңеміз, жеңілген адамды емдеп жүреміз бе» деп алғызбаған-ды.
Мүсәтір спиртін жеті рет иіскеткенде барып Телпекке жан бітті. Тұрғыздық. Кездірдік, жуындырдық, иіссу септік. Екеуі қол алысып, достасты. Әуелі олар бір шыны шығарды. Содан соң біз шығардық. Іштік, жедік. Сүйісіп тарастық. Естіген жұрттың есінде қаларлықтай оқиға болды. Ертеңіне біз елдің бетін көре алмай екі күн үйде жаттық.
Уақыт бәрін ұмыттырды. Содан бері біздің ауладағы тобылғы торы жиде ағашы неше рет гүл ашып, неше рет жеміс бергені есімде жоқ. Әйтеуір сондағы жекпе-жектің жеңімпазы Дәуқара – қазіргі құрметті Қостан Бостанович болатын. 

Төрежан МӘНДІБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір