«Қызыл алмадан» басталған таныстық
11.07.2017
3963
0

Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы әңгіме тартқатарда байырғының жырын көбірек қозғайтын бір мінез бар. Өйтпеске тағы болмайды, ежелден қоңсы қонған екі елдің рухани, мәдени, әдеби жалғастығының тамыры тым тереңде.
Бішкекке барған сапарымызда ғалым Абдылдажан Акматалиевтің қазақ-қырғыз әдеби байланыстары, қазақ және қырғыз қаламгерлерінің қамқорлығы мен сыйластығы туралы сағынышты әңгімесін тыңдаған едік. Сол әдеби байланыстың бүгінгі жалғастығы туралы да осы сұхбатта айта кеткенді жөн көрдік…

– Алматыға алғаш қашан келдіңіз, қазақ қаламгерлерімен етене араласуыңыз қалай басталып еді?
– 1979 жылы, 20 қазанда «Шың­ғыс Айтматов және қазақ-қырғыз әдеби байланысы» деген ғылыми тақырыбыма қажет материалдар жинау мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтына іссапармен бардым. Алматыны алғаш көруім. Бұл жерде Жай­саң­бек Молдағалиев, Файзолла Оразаев деген қазақтың қалам­гер­лері құшақ жая күтіп алды. «Алматы» қонақүйіне орналас­тым. Алматыны аралап, қа­ланы сәл де болса біліп қалдым-ау деген соң, екі күн өткеннен кейін Зейнолла Қабдоловқа телефон шалдым. Оның себебі де жоқ емес. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» әңгімесі «З.Қаб­до­ловқа арналған» деп басылған еді. Кейін оның жайын білсем, бұл әңгіменің жазылуына Зейнола Қабдолов түрткі болған ек­ен. Содан Зейнолла ағайға ха­бар­ласып, өзімнің кім екенім­ді таныстырып, ғылыми та­қы­рыбымды, Шыңғыс Айтматов және қазақ-қырғыз әдеби байланысын зерттеп жүргенімді жеткізіп, кездескім келетін тіле­гімді айттым. Қабдолов ол уақытта ҚазҰУ-де дәріс оқиды екен, университетке шақырды. Тақырыбым бойынша бірнеше дәрістерін тыңдадым. Сол жол­ғы сапарымда түйгендерімді жинақтап, «Айтматов қазақ аудиториясында» деген мақала жаздым. Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұха­меджанов, Ә.Әлімжанов, Т.Ахтанов сынды қазақ әдебие­ті­нің азуын айға білеген өкілде­рімен таныстым. Қалтай Мұха­мед­жановпен жасаған сұхбатым «Советтік Қырғызстан» журналына жарияланды. Д.Исабеков, М.Сүндетов, Қ.Найманбаев, С.Бердіқұлов ағаларыммен қазақ-қырғыз әдеби байланыс­тары жөнінде пікір алмастық. О.Бөкей, Б.Мұқаи секілді арыс­тармен достық қарым-қатынас түздім. Нақты тақырыптар бо­йынша қазақ қаламгерлерімен сауалнама жасадым. Сол сапарымда «Қазақ әдебиеті» газетіне жазылып, қазақ қаламгерлерінің шығармашылығына жақындай түстім. Сол уақыттан бері қа­лыптасқан дағды: қазақ еліне барған бойда бірден қазақ баспасөзін қолыма аламын. Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық бар, кім қандай леп әкелді – оқып, танысқым келеді. Қырғыз мәдениеті, әдебиеті туралы қазақ баспасөзі не жазып жатқанын білсем деймін.
Қазақ жазушыларымен жа­қын таныстығым Шыңғыс Айтматовқа бір қадам жақындай түсуіме де себеп болды.


Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы әңгіме тартқатарда байырғының жырын көбірек қозғайтын бір мінез бар. Өйтпеске тағы болмайды, ежелден қоңсы қонған екі елдің рухани, мәдени, әдеби жалғастығының тамыры тым тереңде.
Бішкекке барған сапарымызда ғалым Абдылдажан Акматалиевтің қазақ-қырғыз әдеби байланыстары, қазақ және қырғыз қаламгерлерінің қамқорлығы мен сыйластығы туралы сағынышты әңгімесін тыңдаған едік. Сол әдеби байланыстың бүгінгі жалғастығы туралы да осы сұхбатта айта кеткенді жөн көрдік…


– Сонда қалай, Айтматовты бұрын-соңды көрмеген бе едіңіз?
– Мен ол кісінің шығар­ма­шылығын жақсы білгеніммен, қол алысып, таныспаған едік. Алматыдан келген соң, арада біраз уақыт өткенде, Біш­кек­тегі Қырғыз Ғылым академиясында бүкілодақтық ғылыми кон­ференция өтті. Үзіліс кезінде Шыңғыс Айтматовқа: «Жа­қын­да іссапармен Алматыда болдым. Сізге достарыңыз Қалтай Мұхамеджанов, Олжас Сүлей­менов, Зейнолла Қабдолов сәлем айтып жатыр. Сол кісілер­дің сәлемін жеткізейін деп едім», – дедім. Айтматов жөн сұрап, мен Алматыға барған іс­са­парымның себебін, канди­дат­тық жұмы­сымның тақыры­бын айттым. Шыңғыс Төреқұл­ұлы «Советтік Қырғызстанда» жа­рия­ланған Қалтай Мұха­мед­жановпен жасаған сұхбатымды оқыған екен, мені бірден есіне түсірді. Кандидаттық тақыры­бым бойынша бірқатар сауалдар туындаған соң, Ш.Айтматовтың кабинетіне барып, сұрақтарыма жауап алып, «Қырғыз әдебиетін танушылар ішіндегі талант­ты­лары­ның бірі – менің кіші інім Акматалиев Абдылдаға» деген тілек-қолтаңбамен «Ғасырдан да ұзақ күн» атты қырғыз тілінде шыққан кітабын сыйға тартты.
Аға-дос ретінде 1985 жылдар­дан бері қарай Шыңғыс Төре­құл­­ұлымен өте тығыз қарым-қатынаста болдық.
– Ол кезеңдегі қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы не айтасыз?
– Қазақ-қырғыз әдеби байланысы қос елдің бауырластық, туыстық сезімінен ғана туындап жатпаған заман еді ғой. Біз қан­дас ел ғана емес, мәдени, рухани, әдеби салада да егіз ел едік. Бір-біріміздің жазған-сызған­дарымызды жаппай оқып, жаппай талдап жататынбыз. Канди­даттық жұмыс жазып жүрген уақытта, Қазақстан Жазушылар одағының анықтамалығы қолыма тиді. Одақ мүшелерінің телефон анықтамалығы дерлік бар. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін» оқығанмын. Жазылу тарихын да білемін. Бірінші кітабы Ш.Айтматовтың алғысөзімен жарық көрген. Содан үйіне бардым. Сөйлесіп, қазақ-қырғыз әдеби байланыс­тары туралы пікір алмастық. Ғылыми жұ­мысымның авторефераты дайын болған еді, соны беріп едім, ғылыми жұмысыма деген көз­қарасын рецензия ретінде жазып берді.
Диссертациялық жұмы­сым­ды қорғарда М.Қаратаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Қ.Мұ­ха­мед­жановтар ағалық қам­қор­лығын көрсетті. 1986 жылы Алматыда Қырғыз әдебиетінің онкүндігі өтіп, Шыңғыс Айтматов бастап келген делегация құрамында болдым. Сол кездегі Қазақ тарабының басшысы Д.Қонаев қазақ-қырғыз әдеби байланысы туралы жылы пікір білдіріп, рухани, мәдени қарым-қатынасымыз тереңдей түссін деген тілегін айтып еді. 1987 жылдың 25 қыркүйегінде Алматыда Мұхтар Әуезовтің туға­нына тоқсан жыл толуына орай үлкен мереке өтті. Онда да қыр­ғыз елінен бір топ қаламгер бардық. Кездесуді сол кездегі республика басшысы Колбин ашып, мәдениет пен әдебиет мәселе­ле­ріне қатысты Олжас Сүлей­ме­новке шүйлігіп отыр­ғандай көрінді. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқи­ға­сынан кейін екеуінің арасындағы текетірес­тен хабардар едік. Колбин сөзін қазақ тілін үйреніп жат-қанын айтып аяқтады. Одан соң Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Камиль Яшен, Мумин Каноат сөйледі. Бірақ барлығы емен-жарқын ашыла алмағанын аңғардық. Сол күні кеште қазіргі Рес­публика сарайында салтанатты жиналыс басталады. Мінберге Олжас Сүлейменов көтерілгенде, көпшілік бі­р­азға дейін қол со­ғып тұрып алады. Залда тыныш­тық орна­ғанда, Олжас Сүлей­менов Әуезовтің өмірі, қызметі мен шығармашылығы, жазушы­ның заманында басына үйіріл­ген қауіп пен қатер жайлы кеңі­нен әңгімеледі. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан трагедиясынан кейін­гі алғашқы салтанатты жи­налыс еді. Жиналған­дардың көбінің жанарына жас үйірілді. Олар орындарынан тұрып, қол соқты. Олжас Сүлей­менов көп­шілікке алғыс білдіріп жатты. Бірақ жинал­ғандар қол соғуын тоқтатпады. ОК өкілдері абыржып кетті, алайда, олар да ха­лық­тың ұзақ қол шапалағын тоқтата алмайтын халде екенін түсініп отырғандай. Ақы­ры, Олжас Сүлейменовтің өзі залды тыныштандырды. Біз, қырғыз қаламгерлері қашан да қазақ жазушысының жаңалы­ғына, қуанышына ортақ едік, керек десеңіз, қазақ қаламгерінің басына бұлт үйірілгенін естіген уақыттарда жүрегіміз бен тілегі­міз олардың үстінде болды.
Қазақ қаламгерлері де қыр­ғыз бауырларын ерекше елжірей сүйгенінен, әркез қолдап-қуат­тап отырғанынан хабардармыз.
Біздер, қырғыздар, Шыңғыс туралы әңгімелегенде оның Мұхтар Әуезовпен достық, туыс­тық қарым-қатынасын ес­тен шығарған емеспіз.


Сол күні кеште қазіргі Респуб­лика сарайында салтанатты жиналыс басталады. Мінберге Олжас Сүлейменов көтерілгенде, залда жиналған көпшілік біразға дейін қол соғып тұрып алады. Залда тыныштық орнағанда, Олжас Сүлейменов Әуезовтің өмірі, қызметі мен шығармашылығы, жазушының заманында басына үйірілген қауіп пен қатер жайлы кеңінен әңгімеледі. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсан трагедиясынан кейінгі алғашқы салтанатты жиналыс еді. Жиналғандардың көбінің жанарына жас үйірілді.


«Дүниежүзі әдебиетінің кі­тап­ханасы» деп аталатын 200 томдықта, Шекспир мен Данте, Тол­стой мен Томас Манн, Горький мен Шолоховтармен бір қа­­тар­да М.Әуезовтің екі том­ды­ғы тұрғанын қазақ та, қырғыз да мақтан тұтады деп ойлаймын.
«Бір кездері орыс мәдение­ті­нің дамуына Пушкин қалай әсер етсе, Орта Азиядағы көр­ші­­лес елдердің заманауи шығар­ма­шылық ойы мен рухани өмі­рі­нің қалыптасуына Әуезов дәл сондай ықпал етті деп ойлаймын», – деп жазады Шыңғыс Айт­матов. «Шетелге өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық мақтанышым бар. Біреуі – «Манас», екіншісі Мұхтар Әуезовтің кітабы. Менен қазақ пен қырғыз кім десе, Манас пен Әуезов жайлы айтып беремін», – деген де Шыңғыс Айтматов бо­­латын. «Қырғыз Ғылым академиясында 1952 жылы «Манас» эпосын талдаған үлкен жиналыс өтті. Біз, жас­­тар оны тыңдауға бар­дық. Сонда ал­ғаш рет Мұхтар Әуезовті көріп, сөзін тың­дадым. Залда ине шаншар орын болмады. Себе­бі, біздің ұлы мұ­рамыз «Манас» эпо­сы­ның тағдыры ше­шіліп жатты. Тек Әуезовтің батыл­дығы және ше­шен­ді­гінің арқа­сында «Манас» эпосы халыққа қайта оралды. Әуе­зовтің жалынды сөздеріне риза болған көпшілік бірнеше рет қол соғып отырды. Сонда маған шешеннің кең де ашық маңдайы, мәселені тал­даудағы батылдығы, жан дү­ние­сінің тереңдігі ұнады. Кейіннен ол екеуміз бір-бірі­мізге әке мен баладай болып кеттік», – деген сөзді де Шыңғыс Төреқұл­ұлы­ның өз аузынан естіп едім…
Қазақ қаламгерлері туралы айтқанда, Әбіш Кекілбаев туралы үндемей өту мүмкін емес. Оның «Баллада степей» деген жинағы шығып, Шыңғыс Айтматов жақсы пікір білдірді. Жалпы, Әбіш шығармашылығы туралы Шыңғыс Айтматовтың пікірі өте жоғары еді.
Айтматов шығармашылығы және қазақ-қырғыз әдеби байланыстары туралы зерттеп жү­ріп, «Қазақ әдебиеті» газетінен өзге, «Жұлдыз» журналы мен «Жа­лын» альманағын да тұрақ­ты оқу әдетіме айналды. Рах­манқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, Жанғара Дәде­баев, Шәкір Ыбыраевтардың шығармашылығы, зерттеулері туралы әркез хабардар болып жүрдім.
Осы күні қазақ ағайынның шығармашылығынан алшақтап кеттім дей алмаймын. Дархан Қыдырәлі басқаратын Түркі академиясымен үлкен шығар­ма­шылық байланыстамыз. Бірігіп үлкен жобаларды жүзеге асырудамыз. Ш.Айтматовтың қазақ тіліндегі шығарм­а­ла­ры­ның жинақтарын, «Манас» энциклопедиясын шығардық. Осы күні Бауыржан Омаров, Дихан Қамзабекұлы, Амантай Шәріп секілді жас достар таптым. Қазақтың бүгінгі жас қаламгерлері мен ғылым қайрат­керлерінің шығар­ма­шы­лы­ғы­мен, журналистік зерттеулерімен жете таныспын деп мақтанып айта аламын…
– Бұрынғының әңгімесінен бүгінгі күнге оралдық қой. Енді сұрағымызды осы күнге орайлас­тыра қойсақ, 1990 жылдардан бергі қазақ-қырғыз әдеби байланысы туралы не айтасыз?
– Бұрындары қазақ-қырғыз прозаиктерінің, ақындарының жинақтары шығып жататын. 1991 жылдан бері ондай жинақ шық­қан емес. Жекеленген ақын­­дар достарының, демеу­ші­лер­дің көмегімен аударылды, бірлі-жарым әңгіме-жырлар газеттерде жарияланды дегені­міз болмаса, жаппай бір-бірі­міздің әдеби ахуалымызды, не жазып, не қойып жүргенімізді терең білеміз деп айта алмаймын. Қа­зір, тіпті қырғыз оқыр­мандары қазақ емес, қыр­ғыз­дың өзін оқымай қалды…
– Неге?
– Себебі, заман басқа, халық ғаламтор, компьютерге құмар болып алды. Екіншіден, біз­де баспа, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұл­дыз», «Простор», «Жалын» журналдары сияқ­ты үкімет тарапынан қамқорлықтағы басылым жоқ. «Қыр­ғыз­стан мә­де­ни­еті» шық­пағанына 20 жылдай уақыт өтті. «Жаңа Алатоо» де­меу­шілерге байланысты ара-тұра шығып тұрады, шықпай қала­тын да кезі көп. Жазушылар үйі де, одағы да қалмады. Әдеби, мәдени күндер де өт­пейтін болды. Осы күні қазақ-қыр­ғыздың әдеби, рухани, мәдени байланысын екі ел арасында өтетін түрлі ғы­лыми конференциялар ғана сақтап тұр. Ш.Айтматов, «Манас» конференцияларына қазақ ға­лымдары, қаламгерлері келіп қатысады. Сіздің елдің әдебиет­тегі, ғылымдағы маңдайалды тұлғаларының мерейтойларына арналған ғылыми конференция­ларға біздер барамыз. Байланыс­тың солғындап бара жатқаны мұңайтады…
– Бүгінгі қырғыз қаламгер жас­тары, жас жазушылар, жас ақындар туралы не айтасыз? Олар қай бағытта қалам тербеп жүр?
– Шүкір, әдебиетші жастар өсіп келеді. Бірақ әрқайсысы, өзінің шағын ортасында ғана, шағын алаңында ғана. Жастарды үлкен алаңдарға алып шыға­тын мемлекеттік қамқор­лық, үлкен халықаралық жобалар болса деп армандаймын. Көркем дүниеден бөлек, заманға деген көзқарастарын публицис­ти­калық сарында жазатындары көптеу. Ол шығармашылық ор­тада кейде қабылданады, кейде қабылданбай жатады…
– Бүгінгі жастардың кітапқа, кітап оқуға, іздеуге деген қызы­ғу­шылығы қандай деңгейде?
– «Кітап шығарудың керегі не, бәрібір түптің түбінде елдің бәрі керегін компьютерден, ғаламтордан оқып алады» деген пікірді естіп қаламын. Кітапты жан дүниеңмен оқуың керек. Кітаптың бергенін ғаламтор, компьютер арқылы сіңіре ала­сың дегенге өз басым сенбеймін. Өкініштісі, қазір көркем дүние­ні университет студенттері, тіпті, филология факультетінде оқи­тын­дардың өздері емтиханнан өту үшін ғана оқитын бір әдет пайда болған. Көркем шығар­маны оқу – мамандыққа байланысты болмауы керек еді ғой. Химик пе, физик пе, математик пе – жастар жаппай көркемдікке ұмтылуы, іңкәр­лікті іздеуі тиіс еді. Біздің кезімізде солай болатын. Кітап оқымау, көркем дүн­иеден алшақтау – адамның сезімін өлтіреді. Жалпы, кітап оқу, оқымау атты мәселе қазақ пен қырғызға ортақ па деп ойлаймын. Қазақ пен қырғызға ортақ мәселелер тіптен көп, менің ойымша. Мәселен, қазақ пен қырғыз тілінің мәселесі. Біз де жас ұрпақ қырғыз тілінде сөйлемейді деп күйінеміз. Ал біз оларға үлгі бола алып жүрміз бе? Меніңше, үлгі бола алған жоқ­пыз. Тіл мәселесін ұлт интеллигенциясы өз мойнына алуы керек. Зиялы қауым түгелдей өз тілінде сөйлей бастаған уақытта ғана ұлт сақталып қалады. Тілі жоқ мемлекет – ұлты жоқ мемлекет. Сондықтан ең әуелі өз тілімізде толық сөйлейтін мем­лекеттік жүйе жұмыс істеуі керек. Бүгінгі аласапыран заманда бай шығармашылық мұ­ра­мызды сақтап қалу өте маңызды. Заңғар жазушымыз Шыңғыс Төреқұл­ұлы Айтматов арамыздан кет­келi берi рухани дү­ние­мiздiң жүдеп қалғаны жасырын емес…
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір