«Бөтен сөз» бен «шатақ тілден» сақтанудың жолы бар ма?
11.07.2017
1425
1

Көктегі жұлдызға қарап қонысын ауыстырып, желдің бағытына орай өрісін өзгертіп отырған бабаларымыздың өзін қоршаған ортаға беретін тілдік бейнелері де өзінше бөлек, дүниені тануы мен қабылдауы басқаларға ұқсамайды. В.В.Радловтың: «Язык киргизов (казахов) плавен и красноречив, они остроумны и часто находчивы в вопросах и ответах, иногда даже удивительно ловки, и всеки, даже самый необразованный киргиз (казах) владеет языком в той силе, в какой мы это в Европе замечаем только у французов и у русских», – деп мойындауы бүгінгі күннің шындығына қаншалықты сәйкесетінін бір уақ ойлап қойған да дұрыс сияқты.

Ойын образды тілмен өрнектеп, әңгіменің майын тамыза айтқанда, бүкіл ауылды айналасына үйіріп алатын қарияларымыз бұрын көп болатын. Ал бүгін сөзбен сурет салу­ былай тұрсын, екі ауыз сөзбен ойындұрыс жеткізе алмайтын дүбәралар көбейген. Аптап ыстық­тың астында ұзақ күткен автобус­тың алыстан асықпай жылжып келе жатқанын көрген қарт кісінің: «Жарықтық автобус сызып келе жатыр ғой» дегенін құлағым шалып қалды. Образды ойлау үрдісі­нің сарқыншағын көргендей жалт бұрылдым. «Сызғаны несі» дегендей шолақ шалбар киген бір-екі қыз ол кісіге тесіле қарады. Сөзді дұрыс саптау, сөз жауапкершілігін түсіну, сөз қадіріне жету былай тұрсын, бүгінгі жастардың біразы сөз түсінуден қалғандай көрінді сол сәтте.
«Сөз – ойдың көрінісі». Халқы­мыздың қонағын киіміне қарап қарсы алып, сөзіне қарап шығарып салатын себебі де сондықтан. Бай тіліміздің құнары мен құрамын саралаған зерттеушілер көшпенді­лер­дің ойлау қабілетінің сұңғы­лалы­ғына талай тәнті болған. Сол ерекшелікті бүгін неге сақтап қала алмадық? Көкейге қонымды, көңілге жағымды, ойға орамды ма­қал-мәтелдер мен фразеоло­гизм­дердің сан мың үлгісін жасап, ұрпақ игілігіне ұсынған бабалар аманатына адалдық таныта алдық па? Ана тіліміздің ахуалын сәл де болса жақсарту жолында кім не тындырып жүр бүгін? «Тілдің түйт­­кілін шешейік» дейтін ұран сөз­­дерді неге жұртшылықтың жүй­кесіне тиетін жауыр сөзге айналдырып алдық? Өз жерімізде өз тілі­­міздің құрметін асырамыз деп жү­ріп, керісінше құтын қашырып алғанымыз қалай? Толғауы тоқсан туған тіліміз туралы сөз қозғағанда, көкейімізге кеп құйылатын сауалдар легі осылай жалғаса береді, жалғаса береді. Сұрақ көп, жауап жоқ.
Кезінде тіл мәселесі – ұлт мәселесі екенін айтпай түсініп, қазақ тілінің тынысын кеңейту жолында қолынан келгенін аямаған Алаш зиялыларының ерлікпен бара-бар істері бүгінгі буын үшін – аңыз іспетті. Олардың батылдықтарына бас шайқап, сергектіктеріне сүйсінгеннен басқа қолымыздан келер лаж жоқтай, өткенкүннің естелігін сапырамыз келіп жарыса. Ал іске келгенде, бәрі­мізді бір көрінбейтін жіппен тұсап қойғандай, ауламыздан асып кете алмай айналшықтаймыз. Сөйтеміз де тағы сол бұрынғыла­рымыздың батырлығы мен ақын­дығын, сөз киесін түсінер кі­сі­лігін жыр етеміз баяғы. Тұлпардан қал­ған тұяқпыз, асылдан қалған сы­нықпыз деп өзеурегенде ал­ды­мыз­ға жан салмаймыз. Ал олардың ұл­тына деген адалдығын, тіліне деген құрмет сезімін бүгінгі буын бойына дарыта алдық па, жоқ па дегенге келсек, үміттен гөрі күдігі­міз басым түсе­тінін жасырын емес. Егер мұны­мызды жоққа шығарып, сезігімізді сейілтіп, сенімімізді ны­ғайтар дәлеліңіз болса, мәрхабат, әрине.
«Ұлттың рухани саулығын сынағыңыз келсе, оның қолда­ныс­тағы тіліне қараңыз» деген түсінік бар. Қазақ қоғамындағы рухани дағдарыстың мәнін тілімізге қарап-ақ түсінуге болады деген сөз. Тілдік қордың жұтаң тартуы, ұлттың ойлау қабілетінің төмендеуінің айға­ғы болса керек. Бұл тұрғыдан келгенде, қазіргі жастар тілінің жұ­­пы­­нылығы бірден ойға оралады. Яғни ойсыздықпен күрес кезеңі келе жатыр деген сөз. Ойымыз дәлелді болу үшін бір-екі мысал келтірейін. Мәселен, қазіргі жас­тар, тіпті аға буын да түрлі әлеу­мет­тік желілерге тіркелген. Сол арқылы бір-бірімен танысады, жа­зысады, ой алмасады. Ал сол жас буынның байланып отырып көп уақытын сарп ететін желідегі тіл­десулеріне қарасаңыз, қазіргі қазақ тіліндегі кей ұғымдардың тонын теріс кие бастағанын аңғарасыз. Мысалға бір нәрсенің тамаша, керемет екенін қазіргі буын «жынды кино, жынды қыз, жынды көй­лек» деп жеткізетін болған. Ал алданыпқалғанын «құлақтан теуіп кетті», сөзінде тұрмаған жағдайда «лақтырды», біреуді ұнатып қалса «сынып қалдым» деген сөздермен түсіндіреді. Тіпті, бір нәрсеге үл­ге­ре алмай жатқандай сөздерді қыс­қар­тып, ешбір тыныс белгісіз тіз­бек­тей беретіндерін қайтерсіз. «Прив не жан каксын» деген сөз­дерді алғаш оқығанда түсінбей қа­луыңыз мүм­кін. Түсінбейтін несі бар? Бұл жас­тардың мал-жан­ның амандығы мен ауыл аймақ жаңа­лығын сұрауы­ның жаңа үлгісі. «Салем. Қа­лайсың? Не жаңалық?» деп жазуға не шыдамдары, я уа­қыт­тары жетпей қалатын болуы ке­рек. Егер осындай мәтіндегі хаттарды құ­дірет бітіп, кешегі Абай мен Жамбылдар келіп оқыса, нендей күйге түсер екен, жарықтық­тар?
Хат арқылы тілдесу адамзатқа о бастан ортақ игілік екені анық. Бірақ бүгінгі хат пен бұрынғы хат­тың арасында айырма көп. Жазба тілдің ғана емес-ау, ауызекі тілі­міздің де жағдайы мәз емес бүгін. Заман талабына икемделу ме, әлде кітап оқымаудың салдары ма, әй­теуір қазіргі қазақтың тілі қасаң, тақ-тұқ, тым жұпыны. Бір кездегі тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын әуезді тіліміздің ыр­ғақты иірімдерін тіпті, тарихи кинолардан да таба алмайсыз қазір. Жастар түсінбейді дей ме, әйтеуір, қалмақтармен қырқысып жүрген бабаларымызды қазіргі халыққа түсінікті тілмен сөйлетеді киногерлер. Құдіретті тілдің қадіріне жету үшін, тұнығына қану үшін тек қасиетті кітапқа жүгінуің керек. Ал оған ынтасы болса, ыңғайын тап­пай, ыңғайы келсе, ынтасы бол­май жүрген жұртшылыққа нендей кінә артасыз?
Халық тілінің қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін сол елдегі ақпарат құралдары екені бесенеден белгілі. Әйтсе де телевидение мен радио арқылы бүтін бір ұрпақ тәр­бие­леніп жатқанына ондағы басшы­лар бас ауырта қоймайтын секілді. Ең маңыздысы, халық күл­се, жаппай көрсе, сөйтіп, рейтин­гі­лері көтерілсе болды. Ұлт ал­дын­дағы ұлы мұраттай барлығы осы жолда тер төгеді. Ана бір әншінің той көйлегінің бағасын білу, келесі бір жұлдызсымақтың ақсарайдай үйін жұрт назарына ұсыну, енді бір «жұлдыздың» қанша рет ажырас­қанын айдай әлемге паш ету – олардың басты парызы іспетті. Ал «осыдан халық не алады?», «Қазақ­қа қандай пайдамды тигізіп жатырмын?» деген сұрақ ешкімді мазаламайтын болса керек.
Оң-солын танып үлгермеген бүлдіршін өзіне не керегін қайдан білсін. Ата-анасы не көрсе, соны көріп отыра береді. Жәй отырмайды, естіген-көргенін жадына жазып, жаттап отырады олар. Сөйте-сөйте өмір туралы түсінігі, құн­ды­­лықтарға деген көзқарасы қате қалыптаса бастайды. Түсінік танымымен қатар, сөздік қорды да олар осылай жинақтайды. Әсіресе, жиі-жиі қайталанып отыратын жарнамалардағы қателіктер бала санасында жатталып қалатыны өкінішті. Әрине, жарнама ең алдымен маркетинг заңдарына бағына­тыны түсінікті. Десе де тиісті органдар сол жарнаманы ұсынып отырған ұлттың мәдениеті мен тілдік ерекшеліктері, заңдылықта­ры сақталуын назарда жіті ұстап отырса, жақсы болар еді. Әйтпесе, «шашымыздың сапасын жақсарту­ға» арналған сусабындар мен «әл­ем­ді дәмді ететін» майонез, «ауыз қуысының иммунитетін қор­ғай­тын» тіс пастасы, «жүз па­йыз шоколадпен көмкерілген» балмұздақ, «достықты бекітетін» кәмпит, сондай-ақ, «махабба­ты­мыз­дың қызуын» анықтап беретін «ғашық­тық кеңестер» көзіқарақты көрер­менді мезі еткенімен, қара­пайым жұртшылықтың көзі мен құлағына үйреншікті бола баста­ғандай. Ұлтқа жаны ашыған аға­лардың «Ел боламын десең, экраныңді түзе» деп дабыл қағуы да осыдан болса керек. Алайда, оған құлақ түрген кім бар? Баяғы жартас сол жартас. Десе де бір кездегі сөзді кие тұтқан ұлт ұрпа­ғының бүгінде сөз түсінуден қалып бара жатқаны әркімді де ойлантуға тиіс. Қалай болса солай сөйлеу, айтылған сөз салмағын сараламау, жауапкер­шілігін сезінбеу телеарна тілшіле­рінің көбінен кездесетін олқылық. Тіпті, қазір осыдан біраз жыл бұ­рын­ғы телетілшілеріміз бен телебағдарламалармен жылап көрісетін жағдайға жеткеніміз де шындық.
Сонымен халық тілінің саф алтындай асыл жауһарларын сандық түбінде сақтамай, күн­де­лік­ті айналымға енгізу үшін не істе­мек керек? Тіл құнарлылығы туралы сөз еткенде, сырттан енетін кірме сөздердің дұрыс аударылу мәселесіне тоқталмай өте алмаймыз.
Кезінде бір өзі бір институттың жұмысын атқарып кеткен А.Бай­тұрсынұлы әдебиет пен тіл ғылымы саласындағы сырттан енген термин сөздерді қазақы танымға лайықтап дәл аудара білген. «Зат есім, сын есім, сан есім, етістік» се­кілді тіл терминдерімен қатар «егіздеу, теңеу» секілді әдеби ұғым­дардың, «тармақ, шумақ, буын, бунақ» секілді өлең элементтерінің баламасын нақ тапқаны сондай, қазір бұл сөздер қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан төл ұғымдардай әсер береді. Термин мәселесінде бізге осы А.Бай­тұрсынұлы ұстанған жолды таңдаған жөн секілді. Әрине, кірме сөзсіз таза күйінде сақталған тілдің болуы мүмкін емес. Сондықтан аударды деген осы екен деп, «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керін келтіріп, бәрін жаппай қазақшалай берудің де қажеті шамалы. Сол секілді, қазақша баламасы жоқ екен деп кез келген ғылыми тер­мин­ді тіліміздің заңдылығына икемдемей қолданысқа енгізу де қателік. Осы тұста Халел Досмұха­медовтің қазақ тіліндегі кірме сөздер туралы: «Жат сөздерді өз­гертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді. …Көп қазаққа «шатақ» тілдің әсері жарытып тиген жоқ. Шатақ тілден сақ­таған: 1) көшпелі салтымыз; 2) бай, ауызша айтылып жүрген ел әде­биеті; 3) Ыбырай Алтынсарыұлы һәм Абай Құнан­байұлы сияқты шын тіл қамқоры болған нағыз әдебиет тіліне жол салған оқымыс­ты жігіттеріміз», –деген сөзі ойға оралады. Ал бүгінгі қазақ тілінің «бөтен сөзбен» былғанбауына, «шатақ тілмен» шұбарланбауына кепіл бола алатын қандай негіздерді атай аламыз? Түркілік негізі ең көп сақталған таза тіл деп мақтанғанда алдымызға жан салмағанымызбен, туған тіліміздің тазалығын сақтау жолында өзіміз не істей алдық осы?
Сөз байлығы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын қазыналы тілімізді тәуелсіз ел атана тұрып неге босағамыздан оздырып, төрімізге жайғастыра алмай жүрміз деген сауал туа қалса, айтар уәжіміз де жоқ емес. Сол баяғы өткен тарихымызды алға тартып ақталамыз, жаһандануды желеу етіп жуып-шаямыз. Анығында, біздікі тек сылтау ғана. Ал шындап келгенде, дәл кешегі бабаларымыз секілді, ұлт алдындағы жауапкершілік пен ұрпақ алдындағы борышты ойлап бас ауыртатындар аз.

Айнара АШАН.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.10.2019 | 13:09

Бббббббббббббб ккккккккккккккккккккккк ааааааааааааааааааааааа аааа

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір