АТЫ ШАТАҚ ФИРМА
24.07.2023
317
0

Әйеліміз екеуміз кәсіпкерлікпен айналысып, бір бизнес түрін аштық.
Бизнесіміз құрылыс саласына қатысты. Негізгі атқаратын жұмыс қаладағы жер үйлерге бөлмелер қосып беру. Бір бөлмелі үй болса, екі бөлмеге, екі бөлмелі болса үш бөлмеге ұлғайтамыз.
Клиент қанша бөлме қосқысы келеді, сол тапсырмаларды орындаймыз. Бизнес-жоспар, арнайы жабдықтар, жұмысшылар – бәрі дайын.
Тек фирманың атын қою керек болатын.
Бұл сұрақтың шешімін пысық әйелім тапты.
Фирманы менің атыма тіркетті де, фирманың атын өз ауылының атымен атамақшы болды.
Айтқаны айтқан, әйелімнің ауылының аты «Қыз емшек» болатын. Фирма солай аталды. Әйелім бес баланың анасы болса да ауылының атына қатысты төс төңірегіндегі қос кереметі қаз-қалпында сақталған еді.
Бірақ фирма маған рәсімделді.
Хош!
Дереу жарнама агенттіктеріне билбордтарға тапсырыс бердік. Атқаратын жұмысын жарнамаламап, жапа-тармағай фирманың атауын әр жерге іліп, телефон нөмірін жазып, билбордтар ілдік.
Мемлекеттік тілге шорқақ жарнама агенттігі былай деп жазыпты:
«Егер сіздікі бір болса, екі-үш, төрт-беске дейін үлкейтеміз».
Содан қойшы, кешікпей телефон шырылдады. Телефонды алсам, қыздың дауысы.
– Сәлеметсіз бе!
– Сәлемет пе!
– Аға, қаншаға дейін қоса аласыздар?
– Сенікі нешеу? – дедім.
– Менікі кішкентай, біреу ғой сол. Соны үлкейтсем деп едім!
– Біреу деген шынымен кішкентай екен.
– Иә, үшеуге үлкейтсем деп едім, қашан барсам болады?
– Келетін түгі жоқ, өзім арнайы бригада жіберем, солар қанша десеңіз, соншаға үлкейтеді.
– Мен бір ғана адам жасай ма деп ойласам.
– Япыр-ау, бір адамның шамасы жете ме? Тек адам күші емес, техника да керек-ау деймін. Мысалы, машина, экскаватор деген тәрізді.
– Ойбай! Қайдағы экскаватор? Сіз нені үлкейткелі тұрсыз?
– Нені үлкейткені несі? Үйіңізді. Сіз біреу ғана дедіңіз. Ал мен: «Қанша бөлме қосқыңыз келеді?» – деп сұрадым. Бір бөлмеңізге екі-үш бөлмеге дейін қосып, үлкейтіп береміз.
– Бәле, мен басқа нәрсені айтып тұрсам. Фирмаңыздың аты – «Қыз емшек». Ал сіздер басқа жұмыспен айналысады екенсіздер ғой, – деп, телефонды тастай салды.
Сөйтсем, әлгі қыздың үлкейтем, қосам дегені басқа нәрсе екен. Жаңағы қыздан кейін сол тақырыпта қаншама қыз телефон шалды. Ақыры әйелім қызғанатынды шығарды. Қызғаныштың соңы ұрыс-керіске айналды. Ақыры әйеліммен ақылдасып, фирманың атын өзгерту туралы шешім қабылдадық. Әйеліме фирманы сенің атыңа аударайық дедім. Жарнамаға сенің телефон нөміріңді жіберейік. Клиенттер тек саған телефон шалатын болады. Бірақ фирманың атын менің туып-өскен ауылымның атымен атаймыз дедім. Ауылымның аты «Қос жұмыртқа» болатын. Қос өзен, Қос­арық, Қос бұта деген сияқты.
Неге «Қос жұмыртқа» аталғанын және қандай жұмыртқаға байланысты екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Уақытты көп созбай, фирманың атауын «Қыз емшектен» «Қос жұмыртқаға» лезде ауыстырдық. Табақтай жазуларымен жазылған жарнамалар қаланың бұрыш-бұрышында менмұндалап тұр. «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» деген. Жарнама агенттігіндегі дүбәралар мемлекеттік тілдегі хабарландыруды былай жазыпты: «Егер сізде біреу болса, тағы біреуден қосамыз…» Алғашқы клиенттер де фирманың иесі – әйеліме телефон шала бастады. Бір ер адам хабарласып:
– Сәлеметсіз бе, менікі біреу, қасына біреу қоссам деп едім, – депті түйеден түскендей.
– Әрине, қосамыз.
Қуанғанып кеткен әлгі кісі:
– Қашан?
– Бірінші өлшеу керек.
– Қазір келейін бе?
– Жоқ, қазір мамандарды жіберемін, солар өлшейді және арнайы машиналар мен көтеріп, түсіретін крандарды да жіберемін.
Ер кісі шошып кетіп:
– Кранның қажеті қанша? – дейді.
Әйелім:
– Қызықсыз, біздің фирмада бәрі – заманауи. Қолмен ешкім жұмыс істемейді, бәрі техникамен атқарылады, – деп мақтаныпты.
– Түсінем ғой, бірақ бір жұмыртқа қосу үшін кранның қажеті қанша? – деген ғой әлгі лезде тіл қатып.
Әйелім:
– Қайдағы жұмыртқаны айтып тұрсыз?! Біздің фирма бөлмелер қосады. Үйіңіз бір бөлмелі болса, тағы бір немесе екі-үш бөлме қосып береді.
– Қайдан білейін, фирмаларыңыздың аты – «Қос жұмыртқа». Жарнамаларыңызда: «Егер сізде біреу болса, тағы біреуін қосамыз», – деп жазулы тұр. Туғаннан жұмыртқам – біреу еді, қасына тағы біреу қостырсам деп едім, – деп телефонды тастай салады хабарласқан кісі.
Одан кейін де жұмыртқа мәселесімен талай еркек телефон шалыпты. Әйелім телефон көтеруден қорқатын болды. Сонымен, әйелім екеуміз фирманың атын өзгерту тағы да туралы шешім қабылдадық. Қалай аталғанын алдағы уақытта жарнамадан білетін боласыздар.

Самат СЛӘМҒАЗИН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір