«Алматы ғазалдары» немесе бөтен сөздің бөгенайы
04.11.2022
4311
0

Ақын деген кім? Өлең деген не? «Алладан шыққан бумен» (Шәкәрім) жүрегін шылаған әрбір жан иесі қолына қалам алмас бұрын үшбу сұрақтарға жауап іздегені дұрыс болар. Ал кітабы оқырманына жоғарыдағы сауалдардың жауабын табуға септігін тигізген ақыннан бақыты артық, бағы үстем кісі баласы табыла қоймас-ау, сірә.

Бірнеше жылдан бері бас сұққан кітапханаларымыздың түгелінің дерлік «Сұлудың беліндей майысқақ» (Ерлан Жүніс) сөрелерінде менмұндалап тұратын бір кітап бар. Ғалым Әріптің «Алматы ғазалдары» атты өлеңдер жинағы. Ақыры бізге дейін сыры толық ашылмаған, жұмбағы түбегейлі шешілмеген қос сұраққа жауап тауып қалар ма екенбіз деп сол кітапты қолымызға алдық. Автордың Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиа­лының директоры екенін, бұған дейін он шақты кітап шығарған еңбекқор қаламгер екенін, өлеңдері орыс тілінде кітап боп басылып шыққанын ойласақ, бастысы, аталмыш кітаптың мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көргенін есепке алсақ, бұл талабымыз орынды да.
Төрт бөлімнен («Алматы ғазалдары», «Лондон лирикалары», «Толғаулар, поэмалар», «Сезім лирикасы») тұратын осынау жинақтың аннотациясында «Қаламгердің бұл кітабына әр жылдары жарық көрген туған жер, курстас достары, дәріс берген ұстаздары, жастық шағы өткен Алматы қаласы туралы өлеңдері енді» деп жазылған. Демек, бұл – Ғалым Әріптің таңдаулы шығармалары енген туынды. Сөзіміздің әлқиссасын автордың ақкөңіл, аңғал, сезімтал екенін айтудан бастайық. «Алматы ғазалдарына» енген жүз шақты өлең мен балладаның, толғау мен поэманың ширегіне жуығы ізгі тілек, жақсы лебізбен түйінделетіні – осының дәлелі.
Мысалы;
«Айрықша биік болып ақыл-ойы,
Жастардың арта бергей абыройы.
Сексеннің сеңгіріне қадам басқан,
ҚазГу-дің құтты болғай ұлы тойы»

(Алматы ғазалдары: өлеңдер/
Әріп Ғалым. – Алматы: «Келешек»
баспасы, 2017. 47-бет).
Немесе:
«Аталардан аманат қой Ел үшін,
Басты байлық – күреселік Жер үшін!
Жеріміздің Елім татып жемісін,
Туған елдің біз тойлайық Жеңісін» (Осы кітап. 157-бет), т.б. Әйткенмен қаламгердің кісілік келбеті оның шығармаларының көркемдік сапасын анықтап бере алмайтыны кім-кімге де түсінікті.
Кітаппен аттас бірінші бөлімде елу өлең топтастырылған және мұның қырық алтысы қара өлең ұйқасы түрінде туыпты.
«Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; ақынның өзге жұрттан артықшылығы – бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез келген кісі тебірене бермейтін құбылысқа тебіренетіні, кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні. Бұл – ақынның табиғаты. Өлең ең әуелі тап осындай табиғаттан жаратылуы керек, ол сонда ғана табиғи; әйтпесе, жазып отырған кісінің өзін-өзі күштеуінен туған шығарма оқушыны да тебірентпейді» – дейді абыз Әбіш. Біз, әрине, осынау бөлімге автордың өзін-өзі күштеуінен туған шығармалар ғана енді дегіміз келмейді, алайда «тебіренбедім» деп құдайшылығын айту – парызымыз. Өйткені автор шығармаларының өзегіне айналған негізгі ойды өлең түрінде емес, мақала, очерк, естелік-эссе, жолсапар, т.б. формада жарыққа шығаруы керек еді. Мысалы, «Басымды саған дәйім иіп келем…» (Осы кітап. 11-бет) деп басталатын «өлеңде»:
«Алматым – Алаш жұрты –
Арыстарым,
Күн кешкен не ғұлама, данышпаным,» – дейді де, Әуезов, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қонаев бастаған тұлғалардың (Ішінде Нұрсұлтан Назарбаев, Иманғали Тасмағамбетов секілді көзі тірі адамдар да бар) аты-жөнін тізбектей жөнеледі. Тоғыз шумақ «туынды»:
«Лайым елдік дәстүр жойылмасын,
Лайым ерлік дәстүр жойылмасын.
Күйреткен КСРО-ны Алматымды
ТМД, бүкіл әлем мойындасын!» – деп қорытындылаған екен. Қалай ойлайсыз, мәртебелі оқырман, образдан ада, уәзіннен жұрдай, қарабайыр сөзбен өрілген (айшықты теңеу, татымды тіркес табамын деп әуреленбеңіз) осынау дүние өлең деуге келе ме? Бұл аз десеңіз, бір «өлеңін» алдыңызға басы бүтін тартайын:
«Бұл күнде мен бір саяқ, жырақтайын,
(Алайда, шоқытпаймын
құр аттайын…)
Жүрсем де арқайын бір Ақтауымда,
Ынтығам Алматыға бірақ дәйім.
Осында жанды ұғатын достарым да,
Жетемін қас-қағымда қастарына…
Жазушылар одағы…
Табалдырық…
«Біссіміллә» деп өтем басқанымда.
Әуелден аулақ едім тасырлықтан,
(Періште көңілімді қасым да ұққан).
Одаққа кіргенімде құшақ жайып,
Алдымнан Жанарбектей
досым шыққан.
Қарсы алды Оразалин – Нұр ағамыз,
(Жаны – жыр, жайсаң жанды
ұнатамыз).
Үш томдық таңдамалы
сыйға тартты,
Мен білген арда көңіл, міне, нағыз!
Ұқсаттым оны қазақ данасына,
Ұқсаттым оны қазақ даласына.
Жанына ұялатып сыршыл сезім,
Ұлағат құйған дерсің санасына.
Сөйледі Ол Ұлы Одаққа алаң болып,
Желпиді жылы сөзі самал болып.
Нұрағам шашып берді барлық сырын,
Ақиқат айнадайын маған толық…»
(Осы кітап. 43-бет).

Жә, мүжи берген сүйектің дәмі, айта берген сөздің мәні кетеді.
«Лондон лирикалары» бөлімі сегіз өлеңнен (оның үшеуі жолсеріктеріне «жыртарту») құралған. Сүйсінгеніміз – Ғалым Әріптің оқырманның жай-күйін ойлайтыны. Автор өз оқырмандары Лондонға бара қалса, адасып кетеді деп қорықса керек, «Гүлмира тағы бізді бастады алға» деп басталатын «өлеңін» басқа не үшін жазды деп ойлайсыз?
«…Қараймын жан-жағыма
байыптанып, 
Бір жағым Тюссо до гайд-парк.
Пикадилли, Трафальгар алаңдары –
СИТИ-ді көрмеген жан
айыпты анық…» – дейді ол
(Осы кітап. 66-бет).

Сәл кідіріңізші, «байыптанып» деген сөзді сіз де оқыдыңыз ба? Мүмкін, «байыпТАП» шығар? Жо-жоқ, олай оқысақ ұйқасқа келмейді екен, автор қазақ лексиконына жаңа бір сөз қосқан болар, тілімізді тістей қояйық. Бірақ ұйқастан сүрінбеймін деп сөзден, түбірге қосымша жалғаудан бір емес, бірнеше қате жібергенін автор да біле жүрсін. Тағы бір мысал, автор «Алматым, білім алған сенде ағайым…» деп басталатын өлеңінің бесінші шумағында былай дейді:
«Жайым бар бұл күндері бәрін діттер, 
Ақкөңіл ішкі сырын Ғалым бүкпер…
Алматым, тәліміңнен түйін түйген,
Өзіңе парыздар ма Әріповтер?»
(Осы кітап. 55-бет).

Бұл жерде көзімізді сүріндіріп, құлағымызға түрпідей тигені – «бүкпер» «сөзі». Есімшенің «-ар», «-ер», «-р», «-с» жұрнақтары бар. Бұлардың алдыңғы үшеуі болымды түрде (болар, келер), соңғысы болымсыз түрде қолданылады (болмас, келмес). Ғалым Әріп мектеп бағдарламасындағы қазақ тілінің қарапайым ережесін білмейді дегенге сенбеймін, бірақ…
Хош, үшінші бөлімнің аты «Толғаулар, поэмалар» деп аталғанына қуандық. Әйтпесе мұндағы ұйқасатын ой тізбектерінің толғаулар мен поэмалар екенін білмегендей екенбіз. Өйткені, автор эпикалық тақырыптарға барғанымен, бұған мүлдем дайын еместігі бірден көзге ұрады: тілі – жұтаң, ойы – көмес­кі, динамика жоқ. Сондықтан бұл бөлімді талдаудан бас тарттық. Осыған дейінгі сөзімізді, ойымызды қайталап жатпауымыз үшін соңғы бөлім туралы да әлдене деуді жөн көрмейміз.
Бір журналист Бернард Шоудан «Кісі баласы тұрмайтын елсіз жерге кетсеңіз, сөмкеңізге қай бес кітапты салар едіңіз?» деп сұрапты. Сонда драматург: «Парағына сия жұқпаған, яғни ештеңе жазылмаған кітапты алып кетемін» деп жауап берген екен. Қызығы сол, 1974 жылы Американың бір баспа үйі жазушының идеясын жүзеге асырып, 192 бос парақтан тұратын «Ештеңе» кітабын шығарады. Осынау кітаптың оқылымды болғаны соншалық, бірнеше рет қайта басылды. Демек, «Алматы ғазалдары» да өз оқырманын табады. Бірақ автор кітабы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрмес бұрын халықтың қаржысына шығатын жинақтың көркемдік сапасына асқан жауапкершілікпен қарауы керек пе еді…
Осы орайда ақын Темірхан Медетбектің сөзі ойға оралып отырғаны:  «Білемін, ертең менің де жазғандарымды біреулер быт-шытын шығарады. Солай болуға тиіс. Тіптен оған қуануымыз керек». Ал Ғалым ағамыздың азаматтық үн, ақындық жол табуына біз тек тілекшіміз.

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір