Талдау мен таңдау немесе насихат жолы
Қазақ әдебиеті – Жаһан «сөз өнерінде» өзіндік орны бар, үлкен әдебиеттердің бірі. Бір осал жеріміз – барды дұрыстап көрсете алмауымызда. Шетел О.Сүлейменов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаевтарды ғана білуі мүмкін. Ал қалғандары ше? Жазушыларды шет тіліне аударып, насихаттау жағы кемшін болуының басты себебі – аудармашылық мектептің әлсіреуінен. Бүгіндері аудармашылардың басым бөлігі шығарманы орыс тілі арқылы тәржімалауда. Бұл тиімді әдіс-тәсіл деуге келмес, әрине. Және әдебиетімізде орыс тілінде жазатын бір топ қаламгер бар. Әдебиетші, сыншылар әрқилы ой айтқанымен де, олар оқылады. Мәселен, О.Сүлейменов, Д.Нақып, Р.Сейсенбаев, Б.Қанапиянов, А.Жақсылықов, Е.Тұрсынов, М.Қоңыров, Ә.Омар, О.Жанайдаровтар шығармаларын қазақшаға аудару қажеттілігі бүгін болмаса да, ертең туындайды. Солардың бірі – Бақыт Кенжеев. Қазіргі кезде Америкада тұратын қазақ ақыны әрі жазушысы Бақыт Кенжеев Цветков, Сопровский, Гандлевскийлермен тізе қосып, «Московское время» шайырлар тобын кұрған еді. Ол шығармашылық жолын сонау 1972 жылдан бастап, сол аралықта сегіз жыр жинағы мен бес роман жазыпты. Оның өлеңдері ағылшын, француз, неміс, испан, итальян, украин, голланд, қытай, швед тілдеріне аударылған-ды. Ақын бір сөзінде: «Қашан, қалай, қайда жазсаң да, көркемдікке нұқсан келмеуі керек», – деген-ді. Жалпы, жазарман әркез Тәуелсіз болуға тиіс. Мәселен, жаман ойдан тәуелсіз, нашар тұрмыстан тәуелсіз, түрлі сыпаттағы әсерден тәуелсіз, т.б. Жазушы бәрінен биік болса ғана ойшылдық пен суреткерлік деңгейге көтеріле алмақ. Мазмұнды дүние беру үшін де кісінің ішкі Әлемі бай болумен қоса, шынайылық, әділдік, арлылық, сыншылдық, ізденімпаздық, еңбекқорлық керек. Бұның бәрі көркемдікке, іштей өсіп, түлеуге алып барар баспалдақтар. Абзалында, қайырымсыз, тоңмойын, бірбет адамнан жақсы дүние тумасы анық. Адам біткен көркемдікке құштар. Ал адуынды, азулы, өжет, өткір талант иесі түбі жақсы туынды жазады.
Қазіргі қазақ қоғамында өзінің әдебиеті мен мәдениетін өңгеден төмен көретін мінез пайда болды. Жазушы алдында бай мәдени мұраны негізге ала отыра, күрделі де оқылымды шығарма жазып, оның бәсекеге қабілетті екенін мойындатуы тиіс. Кейінгі қазақ қаламгерлерін айтпағанда, Махамбет, Абай, Мағжан, Мұқағали, Төлегендерді сапалы аударып, шетелге таныта алмай отырмыз. Кезіндегі одақтас республикалар тіліне тәржімалаумен ғана шектелген едік. О.Сүлейменов, Ә.Нұрпейісовтің ізін ала, Англия мен Америкаға барып, қазақ әдебиетін танытқандардың қатарында Дулат Исабеков пен Смағұл Елубай да бар. Осыдан аз жыл бұрын Тоқтарәлі Таңжарықтың Польшада жарық көрген жыр жинағы әдеби ортадағы тылсым тыныштықты бұзған еді. Кейіндеу ол үн поэтиканың ұлы симфониясына, үлкен күшке айналып, жалпы жұртты баурап алып кете алды ма, алмады ма деген, әрине, басқа әңгіме. Немесе бір кездері Қытайдағы қандасымыз Қажығұмар Шабданұлының түрмеде жазған «Қылмыс» атты алты томдық романы әдебиетшілер мен оқырман қауым қызығушылығын оятқан-ды. Және Таңжарық Жолдыұлы, Омарғазы Айтан, Жақсылық Сәмитұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Балапан Рабат, Жұмабай Біләл, Мұрат Шаймаран секілді қаламгерлер шығармалары Тәуелсіз Қазақ елінің оқырманына қажет. Себебі, онда ұлттың «өзін-өзі сақтап қалу инстинкті» ғажап берілген…
Дәл қазір – XXI ғасырда синтезге ұшырамаған әдебиетті Орта Азия, Африка, Қиыр Шығыс, Солтүстік Америка мен алыстағы арал, архипелагтардан ғана кезіктіресіз. Ал сан ғасырлық тарихы бар, өз әдеби мұрасын толықтай игере отыра, «абсорбцияға» ұшырату үрдісін басынан өткерген әдебиетте бұндай балаңдықты таппауыңыз заңдылық.
Уақытында «Эмиграциялық әдебиет» деп ат қойып, айдар таққан Набоков,
Бродский, Давлатов туындылары бүгіндері «Ұлы орыс әдебиетінің» алтын қазынасына айналды. Ал Бунин, Паустовскийлер өмір тауқыметін көп көргенімен де жазу өнеріне сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі. Сонда әлгі атау әдебиеттанушылардың «сөз өнерінің» кезең-кезеңге бөлгендегі тұжырым-пайымы ғана боп қалды. Ол ғылым үшін тиімді шығар, бірақ әдебиет – біреу, жалғыз. Сол шақтағы Башқұрт АКСР-да туып, бірақ жазмыштың жазуымен мұхиттың арғы жағындағы Америкаға кетуге мәжбүр болған Давлатовты орыс қоғамы, әсіресе зиялылары жатсынған жоқ. «Ол не жазды екен?» деп алақанын ысқылап отырған оқырман таралымы аздау әрі табуға қиын соғатын шетелдік газет-жорналдарды іздеп жүріп оқитын-ды. Біршама уақыттан кейін сағынып, Отанына оралуын өтінгендер де болыпты. Давлатов әңгімелерін жазған бойда, баспаға алып барады екен. Біреу жақтырады, біреу жақтырмайды дегендей, әйтеуір бір баспагер оның жинағын шығарып беруге күш салады. Ол капитализмнің заң-законына енді ғана бой үйрете бастаған кезі-тін. Алғашқыда жазушы үшін қолжазбаны көтеріп алып әр баспаға бір бас сұғып, «тауарын» ұсынып жүргені жабайы тірлік көрінген. Ал туған жерінде жағдай өзгеше. Баспаға бердің болды, қаламақың дайын, бір жыл жұмыс істемей, демала беруіңе рұқсат. Ал Америка қатал. Сөйткен Давлатов көп ұзамай атақты боп оянады. Ол лилипуттар арасында жүрген Гулливерше тіршілік кешкісі келмеді. Ол өсуді ғана ойлады. Және арманына жетті. Ал Бізде қалай? «Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген бейресми атау тапқанымызға да көп бола қойған жоқ. Жаңа туынды, жаңа авторды тапсақ қуанып, одан сұхбат алып, оның жазғанын жариялауға асығамыз. Жуырда ғана Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында «Жастық туралы» атты пьесасы сахналанған (режиссері С.Срайыл) мәскеулік қазақ Олжас Жанайдаровпен қауыштық. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» демекші, өз елі танып, өзіне жақын тарта бастауының арқасында әдебиетіміз түрленуде. Десек те, қазақ әдебиетінің өсуіне үлес қосқан кез келген қаламгер ескерусіз қалмайтыны анық. Қайта, туындыгер түбі Отанына оралары даусыз. Шыңғыс Айтматов Мұхтар Әуезовтің шәкірті және қазақ жазушыларымен бірге өскен қарымды қаламгер бола тұра, ол қырғыз ұлтының өкілі. Бұл ұлтқа бөлуден туған ой емес, шындығында да солай. Өйткені, ана сүтімен, әке қанымен келген тек, қан, тұтастай алғанда, талант табиғаты мен жаратылысы деген өте күрделі дүние. Айтматов «Манастан» бастап, Арыстанбек, Қатаған, Қалмырза, Тоқтағұл, Османқұл, Жеңіжоқ сынды ырчыларын ешкімнен артық көрмесі ақиқат. Сонда да, бір парадокс бар. Жазушы қырғыз болғанымен, қазаққа бір рухани жақындығы да жоқ емес. Үйренгені, көргені, оқып-тоқығаны, түйгені, бәрі-бәрі Айтматов шығармаларында көрініс тапқан. Соған қарағанда, әдеби интеграция бар да, таза сол бір әдебиеттің маңызды бөлшегіне айналу бар. Әдебиетімізде шетелге танытудың басты тетігі – көркемдігінде. Егер жазарман суреткерлік дәрежеге көтеріліп, оның туындысы барлық критерийлерге толықтай сай болса, онда оқырман да көбеймек. Моңғолияда тұратын қазақ ақыны Сұраған Рахметпен де жырсүйер жанкүйердің «қауышқанына» көп болмады. Содан бері шайырдың әр жазған өлеңі жұрт назарында. Әрі әдебиетімізде орыс тілінде жазатындардың да үлес салмағы басымырақ. Орысша жазды демесең, онда қазақ тағдыры, қазақ өмірі, қазақ тұрмыс-тіршілігі, қазақ тарихы, жалпы қазақ проблемасы бар. Айырқалпақты ағайын Айтматовты орысша жаздың деп сөккен жоқ. Қайта көтермеледі, көтерді, мақтанды. Бірнеше рет сілкініп алған соң қырғыздардың өнерге деген көзқарасы өзгере бастағанын байқадық. Әсіресе, кино мен театр саласында күрделі үрдістер жүріп жатыр. Бұнда да Айтматов әсері бар екені рас. Сол секілді, қазақ әдебиетіндегі орысша жазатын жазушыларды да сыртқа теппей, қайта ортаға тартуымыз керек. Мәселен, Р.Сейсенбаевтың «Трон сатаны», Д.Нақыптың «Время Ре», Б.Қанапияновтың «Куранты небес» пен Е.Тұрсыновтың «Мамлюки» секілді роман, повестерді Еуропа тілдеріне аударып, оның таралуына ықпал етудің жолын қарастыру керек-ақ. 2013 жылы АҚШ-тың Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов бастамасымен «Ұлы даланың әңгімелері: қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы» жарық көріп, тұсаукесері Вашингтонда өткен соң, оқырманды былай қойғанда, қазақ әдебиетіне үлкен-үлкен ғалымдар қызығушылық танытқан еді. Сонда оларды қызықтырған – табиғилық, органика. Яғни әдебиетіміздің тек өзіне ғана тән ерекшелігі, оның басқа әдебиеттерге ұқсай бермейтін ішкі ырғағы, бояуы, мақамы, әуезі, әуені, әлемі, сарыны, сыр-құпиясы, танымы, тынысы, тұтастығы мен тереңдігі. «Сырт көз сыншы» екенін ескерсек, әдебиетіміздің одан ары дамып, басқа бір кеңістікке шығуы үшін аударманы жолға қоюымыз керек. Бүгіндері аударма әдебиеттің өгей баласына айналды. «Былай істеу қажет», «ол мәселе өз шешімін табады» деген сыңайдағы жаттанды сөздер «сөз өнерін» өсірмесі белгілі. Себебі, бүгін болмаса ертең, ертең болмаса, алдағы уақытта осы айтқанымыз алдымыздан шығады. Алайда, о кезде Біз уақыт жағынан ұтыларымыз хақ. Ал механизмді іске қосу да оңай шаруа емес. Қазіргі кезде француз, ағылшын, испан, португал, италиян тілдерінде тікелей және өте сапалы тәржіма жасайтын аудармашылар жоқтың қасы. Аударма – әдебиет пен әдебиет, ұлт пен ұлт, құрлық пен құрлық, мәдениет пен мәдениет арасын жалғайтын алтын көпір. Герольд Бельгер бір сұхбатында: «Әдебиетімізде барлық шетел жазушыларының шығармаларын жүз томмен жарыққа шығару деген «мания величия» бар. Нобель сыйлығының лауреаттары жүз том, орыс жазушылар жүз том, қазақ жазушларын жүз томмен шығару деген сияқты. Сұрыптап, іріктеп таңдамалы он томмен шектелсе де болар еді деп ойлаймын. Бұл тенденциядан арылу ләзім, өйткені, бұндай шығармаларды оқитындар сирек», – деген болатын. Қазақ әдебиетін биік деңгейге көтерген, үлкен шеберлік мектебін қалыптастырған ұлы суреткер, тағдыры тым қиын, табиғаты күрделі, болмыс-бітімі бөлектеу Мұхтар Омарханұлы Әуезов мұрасы – ұлттық сөз өнерінің байлығы әрі аса құнды рухани қазынасы. Ұлы ұстазына өмір бойы тағзым етіп өткен Айтматов: «Кезінде орыс әдебиетінің құнарлануына Пушкин қалай әсер етсе, күллі Орта Азия әдебиетінің дамуына да Әуезовтің әсері сондай…», – депті. Кез келген қазақ қаламгерінің әуелі Әуезовтен үйренуі заңдылық. Қазіргі қазақ әдебиетінің тақырыптық, пішіндік, тілдік, стильдік, жанрлық жағынан баи түсіп, көркемдік, интеллектуалдық, пәлсапалық, психологиялық тұрғыдан дамып, өресінің өскендігінің белгісі – бұрнағы соқпақтан гөрі, жаңаша жазуға деген талпыныстың пайда болуы. XX ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне келген толқын өзіне дейінгі әдеби дәстүрді бойына сіңіріп, үйрену арқылы жиреніп, өзінше өрнек тоқып, «сөз өнерін» сапалық, көркемдік-эстетикалық жағынан жаңа бір деңгейге көтеруді мақсұт тұтты. Демек, ұрпақтар сабақтастығын да ұмытпаған жөн. Бұдан шығатын қорытынды, қазақ әдебиетін шетелге таныту үшін алдымен антология құрастырып, оған әр әдеби кезеңнің ірі-ірі өкілдерін енгізіп, оның сапалы да көркем тәржімалануын қадалаған абзал. Бүгіндері қазақ-түрік әдеби байланыстары нығая бастады.
ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы мен Түркиядағы әдеби басылымдар арқасында қазақ қаламгерлерінің туындылары түрікшеге аударылып, түрлі бәйге-мүшәйраларда топ жарғандар жинағына еніп, олар азды-көпті ойлы оқырманға жетіп жатқаны да дәтке қуат. Тағы, «Простор» жорналы да қазақ әдебиетінің насихатталуына барынша күш салуда. Яғни қазіргі уақытта ең маңызды мәселе әдеби байланыстарды, әдеби дипломатияны күшейтіп, жолға қою. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағына Мысырдан делегация келген-ді. Сонда мысырлық әріптестер аударма турасында ерекше айтқан-тын. Қазақ әдебиетін танып, білу үшін арабшаға тәржімалап, сол арқылы қос ел арасындағы рухани, мәдени, әдеби байланысты нығайту қажеттігі сөз болғанда қуанып қалған ек. Таяуда, Қап тауынан келген қаба сақал ағайын – діні, арғы түп-тегі бізге аса бөтен емес авар ақындары келген еді. Сонда газетімізге блиц-сұхбат берген Дағыстан Жазушылар одағының төрағасы, авар халық ақыны «бір ел екінші елді алдымен әдебиеті арқылы танитынын» һәм «бұрын аударманың ғажап мектебі болғаны» туралы айтқан еді. Демек, оқырман қазақ әдебиетін оқу арқылы ғана оның жанын түсіне алады. Өйткені, онда ұлт мінезі, тарихы, жүріп өткен жолы, өшкені мен өскен кезі, кемшілігі мен артықшылығы суреттелген. «Қазақ қандай ұлт?» деген сауалға тек өнер, оның ішінде «сөз өнері» ғана жауап бере алмақ.
Жалпақ Жаһанға тез танылғымыз келеді. Сырттай қараған кісіге дәл осы науқанбастылық Сервантес Дон Кихотының диірменге шабуыл жасағанындай әпенде әрекетіне ұқсауы мүмкін. Әдеби байланыстың мықты болуының алғышарты – жас ақын-жазушылардың туындыларын өзге тілге аударып, оны таратып, насихаттаудың жетіспеуінде. Мемлекет мүмкіндік тудырар болса, күш-қуаты мен тың ойы бар жастар аянып қалмасы анық.
«Жетісу кітапханасы», «Сырдария кітапханасы», «Алтай – Ертіс кітапханасы», «Баянауыл кітапханасы», «Сарыарқа кітапханасы», «Маңғыстау кітапханасы» секілді сериялар арқылы әр өңір өз әдеби мұрасын түгендеуде. Оның ішінде жасы бар, жасамысы бар. Жақсы дүние!.. Тағы, жыл сайынғы «Жалын» баспасынан жарық көретін «Жас толқын» сериясы мен «Kitap.kz», «Әдебиет порталы» секілді электронды ресурстардан жаңаны да, ескіні де, бұрынғыны да, қазіргіні де оқып, ой-пікіріңізді айта аласыз. Ендігі нәрсе – осындай өңірдегі кітапханалар мен ғаламтордағы – сайт, портал, электронды кітапханалардағы тәржімалауға лайық деп табылған әр ақын, жазушы, драматургтың шығармаларымен танысып, оларды сұрыптап, іріктеп, оның елшілік және басқа да орган-орындар арқылы шетелге шығу жағын жан-жақты қарастырсақ, қазақ әдебиетінің даму бағыт-бағдарын, оның бет алысын, даму динамикасын байқар едік. Дулат Исабеков драмаларының Лондонда сахналануының өзі үлкен жаңалық болды. Содан кейін ағылшын оқырманының қазақ әдебиетіне қызығушылығы артқан екен. Мына заманда томаға-тұйық жүруге болмайды. Қытайдағы «I am a Singer» ән додасына қатысқан Димаш Құдайберген өзінің ерекше даусымен дүйім жұртты таң қалдырғаны естеріңізде болар. Енді: «Димаштың жанкүрейлері Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқи бастапты» деген хабарды әлеуметтік желі арқылы оқып, қуанып қалдық. Бұл да қазақ өнерін насихаттаудың бір түрі.
Аударуға сұранып тұрған қаламгердің бірі – Тынымбай Нұрмағамбетов. Оның тіліне, сюжеттік-композициялық құрылысына, көркемдік амал-тәсіліне, суреткерлік стиліне қарап, Әлем әдебиетін терең зерттеп, зерделеп, үйрене отыра, өз жолын тапқанын түсінесіз. Бұл ерекшелік, бұл даралық өзінен-өзі келе қойған жоқ.
Т.Нұрмағамбетов талмай ізденіп, ұзақ уақыт бойғы қалыптасу кезеңін басынан өткеріп, тек өзіне ғана тән, тек өзіне ғана тиесілі шығармашылық ареалын түзей алған жазушы. Ақын-жазушылардың суреткерлік табиғаты мен қаламгерлік болмыс тамыршыдай тап басатын сыншылар, соның негізіндегі мазмұнды талдаудың жетіспей жатқаны өкінішті-ақ. Өйткені, бәйгеге қосатын тұлпарды көріп-ақ мәреге нешінші боп жететінін айтатын Толыбай сыншылардың сәуегейлігі қазақ қаламгерлерін шетелге таныту кезінде аса қажет болатынын ескерген жөн. Бүгіндері өзіндік ұстанымы, өзіндік ойы бар, өзіндік әдеби-көркем дүниетанымы қалыптасқан саусақпен санарлық қана сыншыларымыз бар. Десек те, іріктеп, сүзгіден өткізу үшін де ойлы да кәсіби орта керек. Қазіргі кездегі мұратымыз – жинаққа енуге лайық жазушы мен шығарманы таңдау, екінші мәселе – оны аудару, үшіншісі – тарату, насихаттау, төртіншісі – шетелдегі оқырманмен, сыншы, әдебиетші, жазушылармен жеке-жеке байланыс орнатып, сын-ескертпелерін ескеру. Туынды мен туындыгерді танытудың дәл осынау үлгісі қалыптасу кезеңін басынан өткеріп жатқан әдебиетке ғана тән. Мәселен, көрші Ресейде, әсіресе Мәскеуде жалпыға ортақ Одақ жоқ, тек әр-әр жердегі агенттіктер мен бірлестіктер ғана бар. Және санай келе, олардың аз емес екеніне көзіңіз жетеді. Агенттіктер тікелей баспамен жұмыс жасайды. Автор ұсынады, ал баспа директоры мен редактор екеуі ақылдаса келе, шығарманы таңдайды. Бәрі ерікті түрде жүзеге асады. Бұ жерде әдебиетке коммерцияның да араласқанын айта кеткен дұрыс. Дәл қазір – XXI ғасырда синтезге ұшырамаған әдебиетті Орта Азия, Африка, Қиыр Шығыс, Солтүстік Америка мен алыстағы арал, архипелагтардан ғана кезіктіресіз. Ал сан ғасырлық тарихы бар, өз әдеби мұрасын толықтай игере отыра, «абсорбцияға» ұшырату үрдісін басынан өткерген әдебиетте бұндай балаңдықты таппауыңыз заңдылық.
Аты орыс, бірақ заты жебірей көптеген академик, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, тілтанушы, философтар өзінің еңбектерінде «современная литература» деген сөзді ұдайы қолданады. Соған қарағанда, «Қазіргі қазақ әдебиеті», «Қазіргі қазақ прозасы» немесе «Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет» секілді ұғым-түсініктер Аспаннан алынбағанына, керісінше Қазақ елі де бәрі бағынатын, алайда, көзге көрінбейтін Жержүзілік жүйеден жырақтай алмайтындығының дәлелі. Көркемдік, шынайылық қалады, бірақ әдебиетке деген көзқарас өзгереді. Мәселен, әдеби бейнелеу құралдарының көркемдік қызметі мен кейіпкерлердің ішкі иірімдері жөнінде біраз кітап табуға болады. Біріншісі екіншісін, екіншісі үшіншісін, үшіншісі төртіншісін жоққа шығарып, өз теориясын жақтап әлек. Қайталап айтуға тиіспіз, көркем әдебиетке қойылатын ең басты критерий – көркемдік. Сол ғана өзгермейді.
2015 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин мен Қазақстан Жазушылар одағы, «Литературная газета», «Роман-газета» басылымдарының бастамасымен «Қазақстан-Ресей» альманағының жарық көргенін білесіздер. Енді, осынау жинақтар санын көбейтіп, тек Ресейге ғана емес, басқа да елдерге таратсақ деген ниет бар.
P.S.:
Бүгіндері – жаһандану ғасыры. Ал оған қарсы тұра алатын антивирус – «асыл сөз». «Жағдай жасалса ғана әдебиет өркендейді, дамиды» дегенді айтудан жалығар емеспіз. Рас, алдымен қазақ әдебиетінің ішкі, көркемдік жағынан реттеп, Ницше айтқандай, «құндылықтарды саралап» алсақ, болғаны. Осы күнге дейін қазақ әдебиетін кеңінен насихаттадық деп айту қиындау. Шетелде кітап шығаруға кез келген жазушының қаржысы жете бермейді. Одан бұрын, мына нарық заманында баспа тек атақты жазушыны ғана басып шығаратыны шындық. Ендеше, қалай болғанда да мемлекет әдебиетке қамқоршы болуға тиіс. Қазақ әдебиетінде өзгемен иық тірестіре алатын қаншама мойны озық шығармалар бар. Басқа-басқа, Әуезовтің өзін шетелге толықтай аудара алмай жүргеніміз бәрімізге сын. Ал Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза, т.б. кім біліп жатыр?.. Әр өсер әдебиет осындай жолмен жүріп өткен. Біз де жүреміз!.. Себебі, Қазақ елі де Әлемнің бір бөлшегі…
Әлібек БАЙБОЛ.