Қалыңдық таңдау (Әңгіме)
07.07.2024
890
2

– Әй, шырағым, – деген Мәрзия шешей ертеңгі шайды ұлы екеуі алдарына енді ала бергенде. Түсі суық, қос жанарынан ұшқын атып тұрғандай, ұлы Қобыланды болса, Ебінің желіндей екпінді сөз тасқыны бүгін де тек өзіне ғана бағыт алып, әбден жауыр болған әңгімені қозғап келе жатқанын сезіп, тағы да жылы жымиысымен қара дауылды бәсеңдетпек болған.
– Неменеңе жетісіп жымиясың? Жымияды ғой, мен бір ойын көрсеткелі отырғандай. Мына даңғарадай сарайыңды неменеме салдырдың? Қаршадай қарындасың үшеуіміз тығылмақ ойнасын дедің бе? Бұл саған бір салтанат­ты түрмеге ұқсамай ма? – Шешесінің бұрындары да бұл әңгімені жиі-жиі қозғағанымен, дәл бүгінгідей қат­ты ашуланып, «қара есегіне теріс мінгелі» тұрғанын байқаған. Ол кісінің үкілі арманы да, бұлтартпас мақсаты да біреу ғана. Ол – отыз дегеннің ауылына айналасы екі-үш айдан ке­йін жеткелі тұрған сүрбойдақ ұлының «аяғын шырмау». Шеше жазғанның бұл әңгімені қаузай-қаузай жағы талған. Ұрысты да, жалынды да, нағашы жұртына да айт­тырды. Жо-жоқ, сөз өтпейді. Тас керең болып қалғандай. Бар білері – жұмыс, тек қана жұмыс.
– Әй, саған жұмыс қатын бола ма? – Әбден ашуланғанда осылай деп те көрді. Баяғыда елде колхоздың сан-салалы қара жұмысында жүргенде басынан сөз асырып көрмеген адуын Мәрзия еді. Енді өзінің жалғыз ұлына сөзін өткізе алмай отырған түрі мынау.
Отағасы Қанағатын жер қойнына тапсырған соң, қара шаңырақта оның жылдығын өткізгенше тапжылмай отырып алған. Бір ауылда тұрып жатқан қыз-күйеудің үйіне де көп бара бермейтін. Отағасына көңіл айтамыз, құран оқимыз деп келгендер болса, иен үйге келмесін деп ойлады. «Ойбай, сенің әлгі қалада жүрген жалғыз ұлың Қобыландың мықты азамат болыпты деп жүр ғой жұрт. Жалғыз өзің иен үйді күзетпей, соның қолына бармайсың ба?!» дейтін ақылшылар көбейген. «Оның қасына барып, сол жаманымның тілеуін тілеп отырмағанда не етермін?» – деп жауап беретін оларға. Қобыланды да: «Тәтетай, үй-күйім бар, қалаға көшіріп алайын», – деп қанша жалынса да, қара шаңырағында отағасының жылдығын өткізген соң қалаға көшіп, ұл қолына кетсе, Қанағатының қара шаңырағы иесіз қалардай көрінген. Әкесінің жылдығын ауданның көп адамын сауын айт­қандай шақыртып, айтағасын ас қып өткізген де Қобыландының арқасы. Оған де­йін де әкесінің басына күмбездеп, зират­ты да қаладан шеберлер жалдап тұрғызған да сол. «Ұл туғанға – күн туады» деген осы. «Жалғыз да болса, жампозым атанды»» десіп, ағайын риза болысқан.
Мәрзия шіркін оның бәрін біледі-ау. Білсе де кешегі өздерінің бар ғұмырларын өткізген үйін иен тастап, ауылдан аулақ кеткісі жоқ-ақ еді. Ақыры ағайынның ақылын, ұлының тілегін қабыл алып, ел-жұртына қоштасу шайын беріп болғаннан ке­йін үлкен шаһарға көшкен. Көшкені бар болсын, келгеннен бергі зуылдап өте шыққан екі жылда ұлына бір сөзін қайталаумен-ақ шаршайтын болды. Ұл болса:
– Үлкен үй салдырып жатырмын, келініңді сонда бір-ақ түсіріп, ауылдағы ағайындарды түгел шақырып, дүрілдеген той жасаймыз, – дейтін. Үлкен үйі де бітіп, оған кіргендеріне де жылдан асқан. Ұлдың ендігі айтары: «Өзіңді алақанына салып бағатын бір дұрыс қыз кез­деспей жүр», – деп торығатын. «Құдай-ау, көше толған қыз-қырқын. Қалайша, менің Қобыландымның көңілінен шығатын бір бойжеткеннің табылмайтынына кім сенер. Әлде бұл шіркіннің денсаулығында біз білмейтін бір кінәрат бар ма екен?!» деген сияқты үрейлі ойларға қалатын. Бір күні ол ұлына үзілді-кесілді шарт қойған:
– Мен сенің мына салтанат­ты түрмеңде отырып шаршадым. Енді екі айдың ішінде мынау жылудан жұрдай, рақат­тан ада сұп-суық сарайыңның иесін тауып әкелмедің бар ғой, ауылыма, қыз-күйеу­дің қолына көшемін. «Ауыздыға – сөз, аяқтыға – жол бермейтін Мәрзия жазған жалғыз ұлының қолына сыймай, қайтадан ауылдағы қыз-күйеуінің үйіне көшіп келіпті!» деген ағайынның сөзіне қаларсың, ең жаманы. Айтпады деме, Құдай маған немере бағуды бұйыртпаса, жиендерімді бауырыма басармын. Соңғы сөзім – осы!» – деп қат­ты кеткен.
– Тәтетай, екі айың тіпті аз ғой, тым болмаса үш-төрт ай берші, – деп тағы да жымияды. – Өмірлік жар таңдау соғымдық мал таңдау емес қой.
– Айт­тым – біт­ті, кестім – үзілді! Бар, көз алдымда ербимей! – деп анасы шынында да қатал үкім айт­қан. – «Әке, көке» дегенге білмей жүр екенсің ғой, Мәрзияның кім екенін!
Сол күні Қобыланды кешкі шайын іше салып, екі-үш жылдан бері гаражда тұрған кузовының әр жері майысып, сызылған ескі «Жигулиін» айдаушысына оталдыртып, өзі көнетоз спорт­тық костюмін киіп алып, ескі көлігімен көшеге шыққан. Кетерінде күле сөйлеп:
– Тәте! Қалыңдық таңдауға ат­тандым. Батаңды бер, – деп тағы да күлген ессіз неме. «Құдай-ау, мына неменің шынымен-ақ есі ауысқан шығар» деп шешесі жазған торығыңқы көңілмен үйге кірген.

 

* * *

Өзіне адал жар болатын, «қу жалғыздың қызығын көрсем» деп соңынан ерген анасына тәрбиелі, тәлімді келін болатын қалыңдықты Қобыланды іздемей жүр десек әрі жалған, әрі қиянат болар. Табанынан таусылып, күн-түн демей, іздеп жүр деу де шындықтан шалғай сөз болар еді. Таңның атысы, күннің батысы уақытының негізін жұмысы жейді екен. Әрине, кез­дескен қыздардан сыр тартып, сөйлесетіні бар. Жігітіміздің келісті келбетін, қоғамдағы орнын білген ол шіркіндердің көбі-ақ айтулы сүрбойдаққа жар болуға кет әрі еместіктері бірден-ақ байқалар еді. Құдайдың құдіреті, Қобыланды қыздармен бір тілдескеннен-ақ «бұл жар болуға жарамайды» деген шешімді бірден шығарып, сыпайы-салтаң қоштасар еді. Тіпті кейбір қыздардың «хабарласып тұрайық» деп, ашықтан-ашық айт­қан ұсыныстарына да: «Айналайын, хабарласып тұруға менің уақытым бола бермейді. Айыпқа бұйырма!» – деп онымен қарым-қатынас жасаудың болашағы жоқ екенін бірден білдіретін. Жұмыста да небір күлім көздердің мұны көргенде жібектей үлбіреп қалатындары бар. «Барын киіп, бақанын қолына алып» дегендей, тізеден қарыс жоғары тылтиған шолақ көйлек киіп, «саған қажет қазына осы тұста» дегендей ақ балтыр, жұмыр сандарын жарқылдатып жүретіндерге де, жартылай жалаңаш қос анарын қаншалықты едіреңдетіп, асыл текті киімдерін киіп келетіндерге де көз қиығын салмауға тырысады. Беті-жүздерін штукатуралап қапысыз боянғандарын жуып тастауға, көз сүріндірер жалт-жұлт, жарқ-жұрқ киімдерін ауыстыруға болар, ал заманына қарай өзгеріске ұшыраған мінезін, ішкі жан-дүниесін оң қалыпқа әкелу оңай болмас.
Бір таныс жігітінің: «Әйелім әке-шешеммен мүлде тіл табыса алмаған соң бөлек шығып кетіп, құлағым тыныш тапты», – деген сөзін естігенде не айтарын білмей қалғаны бар. Оны қойғанда не әкесін, не шешесін қарт­тар үйіне өткізіп тастайтын қазақ жігіт­тері туралы жиі ести бастады. Олар сияқты жігіт­тердің қылығына зығырданы қайнағанымен, қолынан келер қайраны жоқ, іштен тынатын. Әр бойжеткенді көріп, аз-кем тілдескен соң: «Сен де менің тілімді тап­қанмен, анамды жарата қоймайтын қуаяқ болармысың?» деп өзінен өзі оларға мін тағуға даяр тұрар еді. Кей-кейде өзінің «анау – анандай, мынау – мынандай, бәрі де көңілден шықпайды» деп ойлайтыны бар. Ой ұшығын таба алмай, торығатыны да рас.
Үйлі-баранды болып, алды екі-үш күлшашардың әкесі атанып үлгерген дос-жарандары баршылық. Жігіт­терді қойшы, «Әй, тойыңа қашан шақырасың?» деп қана әзіл айтса, олардың келіншектері мұның әлі үйленбей жүргені соларға батып бара жатқандай, кез­дескен сайын жағаға жармасатын. Айтатындары – баяғы бір сөз. Бір сөздерін айтып қана қоя қойса, қанеки? Олар мұны қонаққа шақырса, дәл қасына бір бойжеткенді ыздитып отырғызып қоятын болыпты. Бір әредікте: «Мынау – бәленшекеңнің қызы, дұрыстап сөйлес. Қыздың өзі де сенімен танысуға қарсы емес» деп сыбырлайтындарын қайтерсің. Иә, талайымен танысып, талайымен сөйлескен. Алайда, кірпияз Қобыландының сөзді ширатып: «Осы қыз көңілден шығып қалар» дейтін бір шешімге тоқтай алмаған. Небір қалам қас, бота көз нағыз арулар ұшырасты-ау, бірақ сыңарсыз қалған анасының көңілін тауып, қапысыз келін болар-ау деген бойжеткен ұшыраспай, әбден қажытқан. Тіпті, бұрындары тұрмыста болып, дәм-тұздары жараспаған соң, ажырасып кеткендерін жасырмай айтып, өздерін оң жақта отырған пәк бойжеткендей сезінетіндердің жиі кез­десетініне таңданған. Не керек, олардың көбіне кісілікті байдан гөрі, өмірлік серік болар қосақтан гөрі шалқып жүретін байлық керек екен. «Шаруаң табысты ма, үй-күйің қандай, өзіңмен бірге тұратын әке-шеше, бауыр-қарындастарың бар ма?». Танысқан бет­тегі олардың білгісі келетіні осы сауалдың айналасында. Әр әрекет­тің бір шегі бар. Қобыланды бір шешімге бел байлаған соң, ауылдан өзі мініп келген, тәуекелмен қолға алған ісінің бәріне де алғашқы «куә» болған ескі «жигуліне» біраз жылдан соң жудырып-шайдырып, аяқ артқаны сол тың шешімнің әсері болатын.

* * *

Бір-екі көше айланбай жатып, қол көтеріп тұрған екі бойжеткеннің жандарына келіп тоқтаған. Есікті ашқан сұңғақ бойлысы қаланың шет жағындағы бір мейрамхананы атады. Есікті ашқан бет­те қыз жақтан ғажап бір хош иіс жігітімізге қарай лап қойған. Әлде қалың жаққан бояуын, әлде Жаратушының пейілі түскеннен қасы-көзі қиылып тұр. Қап-қара қалың кірпігі ақша жүзге ерекше сән береді екен.
– Отырыңдар, қыздар, – деген жігіт. Әлі тілге келе қоймаған екінші орта бойлы қыз артқы есікті екі-үш жұлқып барып ашты да, бірден шешім шығарды.
– Фи, бүгін бармай қалсам да, мынау «драндулетке» отырмаймын!
Есікті ашып, әдемі иісімен жігіт­ті масайта жаздап тұрған қыз тоқтатқан көлігінің қандай екенін жаңа көргендей ол да есікті тарс жапты.
– Бара беріңіз! – Жігіт басын бір шайқады да, машинасын жылжыта берді.
Қобыланды өзінің ұзақ ойланып барып таңдап тапқан тәсілінің жеміс береріне бір түрлі күмәнмен қараған. Ол қалай болғанда да тың тәсілін бір-екі күн жалғастырып көрмек болған.
* * *
Шүкірдей сары «Жигули» екі көшеден айнала бере қол көтеріп тұрған бірнеше бойжеткенді жолықтырған. Бәрі де шұбатылған қара көйлек киіп, бет-ауыздарын тұмшалап алыпты. Қобыланды соңғы кез­де бөгде дінге бой алдырып, еліктеп-солықтап жүрген жастардың пайда бола бастағанына іштей наразы болып жүретін. Олардың ту сыртындағы көк шатырлы еңселі үйден шолақ шалбарлы, қауға сақалды бірнеше жігіт­тің шығып келе жатқанын көріп, ол: «Иә, мына үй солардың бас қосатын ордасы болды. Бұл жерден қалыңдық іздеп, қарқ болмаспын», – деген оймен олардың қастарынан өте шықты.
Көп ұзамай «№ пәленінші қалалық аурухана» деген жазуы бар еңселі ғимарат­тың қасынан бір бойжеткен қол көтерген. Сары «Жигули» тоқтап, жүргізушінің өзі есікті ашып, тіл қатқан.
– Отырыңыз.
Қыз артқы орындыққа отырып жатып:
– Қай жерге баратынымды сұрамайсыз ба? – деген.
– Әйтеуір, Тараз, Шымкент сияқты басқа қалаға апар демейтін боларсыз.
Қобыланды маңдай алдындағы айнадан қыздың жымиып отырған түрін анық байқады.
– Өзге қала емес, өз үйіме жеткізсеңіз ризамын. Пәленші көшедегі түгенінші үй.
– Айтсаңыз болды. Біздер, таксишілер, жолаушылардың айт­қанын бұйрық деп қабылдаймыз.
– Таксишілердің бәрі сондай ма?
– Басқаларды қайдам, өзім солаймын.
– Онда жақсы екенсіз.
– Жақсы болу үшін барымды салып жүрген жайым бар. – Қыз әңгімені әрі қарай созбаған соң, оны жалғастыруға жігіт талпыныс жасаған.
– Ауруханадан шықтыңыз-ау деймін. Түріңізге қарағанда емделуге келген кісіге ұқсамайсыз. – Қыз бұлталақтатпай салмақты жауап берген.
– Иә, мен осы ауруханада жұмыс істеймін.
– Дәрігер боларсыз?
– Оны қайдан білдіңіз?
– Көзіңізден оқыдым.
– Сіз мені әбден тергедіңіз ғой. Иә, кардиолог-дәрігермін.
– Сізге келіп, жүрек дейтін қозғалт­қышымды тексертіп алуыма болады екен ғой.
– Біріншіден, біздің ауданның тұрғыны болсаңыз, екіншіден, шынында жүрегіңіздің кінәраты болса ғана… Ал, туысқан, әңгімелесіп отырып, үйімізге келіп те қалдық. Рақмет сізге, – деп қыз таксишіге екі мың теңгесін ұсынып, машинадан түсуге ыңғайланды.
– Замандас, кішкене кідіріңіз, үйі­ңіз жақын екен. Мен артық жолақы алмаушы едім, – деп қалтасынан бес жүздікті ұсынып жатып, бір сұрақ қойып үлгерген. – Қазір жұмыстан шығып бара жатқан бетіңіз ғой?
– Иә, – деп, қыз келте жауап берді де, бұрыла беріп: «Рақмет!» деді.
Қобыланды машинасын оталдырып жатып, кетіп бара жатқан қыздың келісті сырт тұлғасына қалай көз салғанын өзі де байқай алмай қалған.
Кешкі алагеуімдегі көгілдір аспанның жерге үзіліп түскен бір бөлшегіндей қыздың үстіндегі көгілдір көйлегі елестей болып ұзай берген.
Неге екенін жігітіміздің өзі де білмейді, ол өзінің бүгін ойлап тапқан жаңа «қызмет-таксишілікті» әрі қарай жалғастырмай, бірден үйіне қайт­қан. Анасы тағы да «Қайда барып келдің?» деп сұрамас үшін машинасын гаражға кіргізіп, бөлмесіне қарай бет алып еді, Мәрзия да ұлын тосып жүргендей алдынан шыққан.
– Ескі машинаңды сағынып қалғансың-ау, балам, – деп ұлы қорқатын сауалдардан ада, бейбіт сұрақ қойды.
– Иә, тәте, ауылда жүргенде мұқыр мүйіз қасқа сиырды «малымның басы» деп отырушы едің ғой. Сол сияқты сары машина да «ырысымның алды» ғой. Анда-санда салдыр-гүлдір еткізіп, соны мінгім келіп тұрады, – деп ол бөлмесіне кірген. Теледидарын қосып, соңғы хабарды көрді. Бірақ айтылған көп жаңалықты миы қабылдамапты. Компьютерін ашып, аяқталмаған шаруаларды тиянақтамақ еді, оның да шырайын шығара алмады. Бұрын-соңды ұшырамаған бір күйден құтыла алмай, әлі аты-жөнін де білмейтін жолаушы-дәрігердің сөйлегенде жылы жымиып тұратын дидары, үйіне қарай кетіп бара жатқандағы сырт тұлғасы, аспан түстес көгілдір көйлегі көзіне елестей берген. «Иә, ол бойжеткенді соншалықты ойлауға болмайды ғой. Егер ол біреудің жары болса ше? Мұндай қыздың тұрмысқа осы кезге де­йін шықпауы мүмкін де емес қой».
Ол осы бір зіл-батпан сауалдарды өзіне жиі-жиі қоя жүріп, келесі жұмыс күнін аяқтаған. Үйге келіп, күтуші келіншек әзірлеп әкелген кешкі асын анасы екеуі уақ-түйекті әңгімелесе отырып ішкен. Бір жақсысы, ұлдың жанына жақпайтын мәселе қозғалған жоқ.
Жігітіміз түнгі кезекке баратындай сағатына жиі-жиі қарай жүріп, кешегі көнетоз спорт­тық костюмін киіп, сары «жигулиіне» мінген. Оның неге былайша киініп, ескі машинаға неге мініп кеткенін ұға алмаған анасы ұлын үнсіз шығарып салған. Тек «Пәлен жыл сағынбаған ескі машинасына бүгін де неге құмартып қалды?» дейтін мәселенің жауабын таба алмаған. «Не қылса да бір ойы бар шығар» деген байламға келген.
Қобыланды еш жерге аялдамай, тағы да «№ пәленінші қалалық аурухана» деген жазуы бар кешегі еңселі ғимаратқа жақындамай, көз жетер жерге аялдап, аурухананың есігін алыстан аңдыған. Ғимаратқа кірушілер аз болғанымен, одан шығып келе жатқандар баршылық еді. Алайда өзіне таныс бейне көзіне түсе қоймады. Бірте-бірте ауруханадан шығып жатқандар да азайып, жұмыс уақыты аяқталғанына да бірер сағат уақыт өткен кез­де жігіт­тің де төзімі тау­сылып, машинасын от алдырып, енді қозғала берген кез­де кешегі көгілдір көйлекті бейне көзіне от­тай басылған. Көгілдір көйлектіні әлдебір таксиші іліп ала жөнелердей сары «жигулиін» ышқынта қуалап, қыздың жанына келіп, бір-ақ тоқтаған. Қыз жалт қараған. Жүзінде таңданыстың ізі бар еді.
– Отырыңыз, – деп жігіт кабинасынан шығып, алдыңғы есікті ашқан.
– Апыр-ау, бұл тағы да сізсіз бе?
– Мені айдап келген тағдыр шығар.
– Әлде жүрегіңіздің кінәраты бар ма еді?
– Кінәраты бар-ау деп ойлай бастадым.
– Ондай болса күндіз қабылдауыма келіңіз. Тексеріп көрейік. Ем-шарасын қарастырайық. Ал, енді мен күнде такси жалдайтын кісі емеспін. Жұмыстан жай шыққан күндері ғана болмаса.
– Бүгін де жай шыққандықтан отыруыңызға тура келеді. Отырыңыз.
Қыз жігіт ұсынған алдыңғы орындыққа емес, артқы есікті ашып отырды. Жігітіміз неге олай дегенін өзі де байқамай: «Рақмет!» деген.
– Рақмет­ті сіз емес, мен айтуым керек қой, – деген қыздың сөзінен жігіт өз сырын ашып қойғандай қысылып қалған. Бірақ онысын әзілге сүйеп, жаймашуақтат­ты.
– Қуанғанымнан шығар. – Ол аз ғана үнсіздіктен соң батыл қадам жасаған. – «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген. Есімің кім болады, бойжеткен?
– Есімім Шұғыла болады.
– Мен Қобыландымын. Әкем Қобыландыдай батыр болсын деп ырымдаған болар. Батыр да емес, пақыр да емес, көптің бірі дегендей тіршілік иесіміз.
– Батыр болу шарт емес, сіздей азамат­тың пақыр болмауы – парыз деп білемін.
– Сеніміңізге рақмет. Шұғыла, айып болмаса, ертең де сізді үйіңізге шығарып салайын. – Қыздың тағы да жылы жымиғанын жігіт айнадан көрді. Жымиған кез­де он жақ бетінде бір жарасымды шұңқырша пайда болады екен. – Әрине, тегін.
– Сіздің табыс көзіңізге зиян келтіргім келмейді.
– Оның есесін көбірек жүріп толтырармын.
– Рақмет сізге, міне үйге де келіп қалдық. Жолақысын алыңыз, – деп ол кешегідей екі мыңдығын ұсынған. – Алмасаңыз, ренжимін, – деп ол ақшасын отырған орындығына қалдырып, үйіне бет алған.
Дәл кешегі сурет, кешегі көңіл күйде қалған жігіт бойжеткен үйіне кіріп, көрінбей кеткенше орнынан қозғалмаған.

* * *

Қобыланды бұл жолы үйреншікті аурухана ғимаратының алдына жарты айдай уақыт­тан бері қызды аурухана ғимаратының алдынан тосып алып, үйіне шығарып салып жүрген сары «жигулиі» емес, шабыс тілеп, ауыздығымен алысқан сәйгүліктей есік пен төрдей сүт­тей аппақ «мерседес» дейтін заманауи көлікпен келген. Таксиші жігіт күн құрғатпай келе беріп, қызды жол­ақысын төлемеуге көндірді. Күн өткен сайын әзілдері мен ниет­тес, мақсат­тас әңгімелері жараса бастаған. Күндегідей аурухана қызметкерлерінің негізі тысқа шығып, біреулері машиналарына мініп, біреулері автобус аялдамасын бетке алған. Қай уақыт­тағыдай Шұғыла тысқа шыққан соң жалтақтап, жан-жағына қарап, сары «жигули» тұратын жердегі бөтен машинаға жақындаған.
– Бойжеткен, біреуді іздеп тұрсыз ба? – деген қара костюм, ақ көйлек киіп, ыздиып тұрған жігітке жалт қарап, өз көзіне өзі сенбегендей аңырды да қалды.
– Бұл, Қобыланды батыр, сізсіз бе?
– Иә, Шұғыла, сол батырыңыз мен боламын.
– Немене, мына машинаны жалға алдыңыз ба, әлде біреуден сұрап алдыңыз ба?
– Шұғылажан, үлкен әңгімені соңынан түгел айтармын. Кел, әуелі машинаға отыр. – Қыз күндегі әдетімен артқы есікті ашқалы жатқанда жігіт оны қақпайлап әкеліп, алдыңғы орындыққа отырғызды.
– Шұғыла, анаңа телефон шалып, сәл кешігіп баратыныңды айт. Ал, екеуіміз бүгінгі кешкі асты бірге ішейік.
Әлі ештеңеге түсінбей аң-таң болып отырған бойжеткен ештеңе дей алмаған. Олар екі қабат­ты еңселі мейрамхананың алдына келіп тоқтағанда мұнтаздай киінген бір жас жігіт жүгіріп келіп, қыз отырған жақтың есігін ашып, иіліп сәлемнің ишарасын жасады да: «Хош келдіңіз», – деп, оны сүйемелдеп түсірген соң, Қобыландыға қарап:
– Қобыланды Ақберенұлы, сіздер асықпай демала беріңіздер. Қажет болғанда қоңырау шаласыз ғой, – деді оның қолынан машинаның кілтін алып жатып.
Қызды таң-тамаша қалдырып, мейрамхана алдынан бұларды қарсы алған үш-төрт қыз-жігіт Шұғылаға құшақ-құшақ гүл шоғын ұсынған.
– Бұл не қылған спектакль? – Төзімі таусылған қыз өзін қолтықтап келе жатқан кешегі таксиші жігітке ренішті сауал қойған.
– Сәл шыдасаң, ішке кірген соң бәрін де айтамын.
Мейрамхананың екінші қабатындағы игі жақсыларға арналған оңаша бөлменің төргі шет жағына үстелді майыстырардай мол дастарқан әзірленіпті. Кіре берістегі бір бүйірде тұрған біраз музыкант қыз-жігіт­тер әртүрлі аспаптармен «Махаббат вальсін» сызылта жөнелген.
Аққудай қалықтаған қос даяшы қыз:
– Қобыланды Ақберенұлы, алдымен шай әкелейік пе? Құрбымыз қандай шай ішеді? – деп музыка аяқталысымен сауалдарын қойған.
Шайдың екі-үш түрі құйылған шайнектер келіп, кеселерге құйылған соң, Қобыландының иек қағуымен музыкант­тар да, даяшылар да бөлмеден шығып, екеуі оңаша қалған.
– Бұл не қылған спектакль? – Қыз өңін әлі жібітпеген қалпы бағанағы са­уалын қайталаған.
– Бұл – Шұғылажан, спектакль емес, өмір. Менің және сенің өміріңнің, екеуіміздің өміріміздің шындығы. Әбден тозығы жеткен ескі «жигулиімді» мініп, таксиші болып жүргенім ғана спектакль болатын. Барлықты, байлықты ғана өмірдің мәні мен сәні деп түсінетіндер емес, азамат­тың жанын, жаратылысын бағалай білетін, өмірдің ыстық-суығын бірге көтеріп, баршылыққа шалқаймайтын, жоқшылыққа еңкеймейтін жар табу үшін ойлап тапқан спектакль болатын. Бұл ойын емес, өмір шындығына келсек, мен ұзақ іздеген адамымды тапқан сияқтымын. Ол – сенсің Шұғылажан. Маған өмірлік қосағым бол деп бүгін қолыңды, ықыласыңды сұраймын. Өзім күн-түн демей еңбектеніп, әр жұрт­тың өнерін үйрене жүріп, бастаған жиһаз жасау цехым қазір бірнеше қалаларда бөлімшелері бар елімізге әйгілі фабрикаға айналды. Мынау сәнді мейрамхана да – менің меншігім. Жалған таксиші болуым да байлықты басты мақсаты етіп ұстанбайтын, азамат­тың жан-дүниесін түсіне білетін қалыңдық іздеу болатын. Жолым болды деп ойлаймын. Шұғылажан, «ескі машинаңа отырмаймын» демедің, тиын санаған «таксишіні» тең көре білдің. Сол үшін де өзіңді жан-тәніммен ұнат­тым. Мақұл десең, осы аптада-ақ шешем мен бірнеше үлкен кісілерді құда түсуге жіберемін. Не айтасың?
– Мен не айтайын?! Жаны таза, аузын ашса жүрегі көрінетін таксиші Қобыландыны ұнатқаным рас. Мені жарты айдай алдап жүрген Қобыландыға ренішім басылар-басылмасы әлі белгісіз. Оқу деп жүріп, жалғыз анам мен бауырымды қалдырып кете алмай жүргенде, менің де жастық шағым қарайламай жылжып барады екен. Уақыт бер, ойланайын, анама айтайын. Тек қана «Кедей дәрігерге қайдан тап болдым» деп, өкініп жүрмеңіз…

* * *

Келінін ақ босағасынан ат­татқанша Мәрзияның жаны жай тап­пай телефонға жармасып, қыз-күйеуі ғана емес, ауылдағы ағайын, көрші-қолаңға де­йін хабарлап, бәрін де тойға шақырған. Болашақ келінінің жүректі емдейтін дәрігер әрі ибалы жан екенін, өзі сияқты жесір әйелдің қызы екенін, жақында ғана құда түсіп барып, анасының рұқсатын алғанын – бәрін-бәрін қылға тізгендей айтып шыққан.
Ол үшін ғасырға бергісіз күндер аяқталып, Қобыландының өз мейрамханасындағы той күні де жеткен еді.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 30.07.2024 | 16:51

күшті

Аноним 12.08.2024 | 18:03

жасандылығы көрініп тұр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір