«ЗАМАНА ТЫНЫСЫ»
Республикалық «Дәстүр» баспасынан жазушы-журналист, академик, мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «ТҮРКСОЙ» медалінің иегері Зәкір Асабаевтың 80 жасқа толуына орай «Замана тынысы» атты кітабы мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты. Бұл автордың аталмыш бағдарлама бойынша жарық көрген жетінші кітабы.
Кітапқа қаламгердің соңғы жылдарда жазып (барлығы да) мерзімдік басылымдарда жарияланған очерк, эссе, көсемсөз, естеліктер енген. Оқырман әу дегеннен Нұрымбек Жанділдин мен Саттар Имашев жайлы сараптама, белгілі театртанушы ғұлама-ғалым, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әшірбек Сығаев туралы естелік, ертеректе (1966) жазылып, Сәбит Мұқановтың батасымен газет-журнал, кітаптарда жарияланған «Сәкен Сейфулиннің Үржарға келуі», «Роза Бағланованың алғашқы махаббаты» атты деректі (көлемді) хикаялармен қауышады. Бұларда не айтылып, не қоятынын, нендей оқиға, жай-жапсар баяндалатынын тақырыптар айтып тұрса, өзге туындылар да оқырман көңілінен шығатынына сенім нық. Мәселенки, «Маэстро» қалай жазылды» дейтін шығармасында автор СССР және Қазақ ССР халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, сирек баритон, ұлы әнші Ермек Серкебаев хақында сыр-сұхбат кітап қалай жазылып, қатарынан үш рет басылғаны жөнінде профессор Шерәлі әл-Қорасанидың сұрақтарына жауап беру тәсілімен баян етеді.
Осылайша «Сәбит Оразбаевтың айтқаны», «Мәдениет және тұрмыс» журналының негізін қалап, тұңғыш бас редактор (автор ширек ғасыр орынбасар) болған ұлы тұлға Мұса Дінішев туралы «Менің редакторым», «Әлібек Дінішевке қойылмаған сұрақ», «Сәкен Сейфуллин ұнатқан екі ән», «Әуезовтің Арагонға хаты», «Ришат пен Байғали», «Қазақтар жалғыз Абайды да құртып тынбаса неғылсын», «Сәкен Сейфуллинді тергеген чекист», «Казактарды қуған қазақтар», «Момышұлының Жанділдинге жауабы», «Абай Бейсенбаев шырқаған «Үкілім-ай», «Нұрқаділовтің екі шапағаты», «Бибігүл Төлегенованың анасы» сынды туындылар өз кезектерімен тізбектеле береді. Сондай-ақ, қоғамдағы көлеңкелі тұстарды нақты айғақ, дәлел-деректермен сөз ететін жазбалар да бірқауым.
Кітап Герольд Бельгердің жан досы, марқұм Асқар Сүлейменовтің қызы Қаракөз хақында «Қаракөз салған «Қарлығаш» атты шағын суреттемемен жабылады.
Жинақ қалың оқырманға арналған. Таралымы 5 мың.
М.Шойбекова.