Әке сұрағына жауап
Танымал тұлғаның перзенті болуға әркім-ақ іштей құштар болғанымен, оның астарындағы жүктің салмағын сезінбей тұрып, қасиетіне ешкім бойлай бермейтіндей. Ал ол болса «Ғафудың ұлы» деген атақтан ылғи да қашатын. Осы бір алтын торды қалай да бұзып шығуға ұмтылатын.
Мақсаты – халыққа танымал ақын әкесінен алыстау емес, керісінше, өзі де өлең жазатындықтан өзін дәлелдеу арқылы оған бұрынғыдан да жақындай түскісі келген болса керек.
Ал бүгін оны әріптестері «Қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер туралы көп білетін жылнамашы» деп атап кеткен. Оның оннан аса жыр жинағының авторы, ақын әрі аудармашы екенін кейін білдік. Тамырын іздеу жолында саналы ғұмырын сарыптап, көшпелі халық тарихын күллі әлемге паш еткенімен жарнамадан шеткерірек жүруді құп көретін тұлға, кинорежиссер Бақыт Ғафуұлы Қайырбековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Ол жүзден аса деректі фильмнің авторы, сценарист. Ең бастысы – ол өз әкесіне лайықты ұл бола білді.
– Ең алғашқы өлеңіңізді әжеңізге арнаған екенсіз. Сізді көпшілік кино саласында жақсы таниды. Ақындық жолыңыз туралы да айтып берсеңіз.
– Қазір мен өмір мен өлім қарсаңын суреттейтін жаңа өлеңдер топтамасын әзірлеу үстіндемін. Өлім тақырыбы қаншалықты суық болғанымен кез келген адам үшін ең өзекті мәселелердің бірі екені рас. Солармен қатар, менің де көңіліме бұл сөздің орнығуы бала күнімнен ежелгі қазақ қағидаттарымен тәрбиелеген, өзім «Ана» деп атап кеткен әжемнің қайтыс болғанында шығарған алғашқы өлеңімнен басталды. Ол 1969 жылы 31 желтоқсанда көз жұмған еді. Қайтыс болар алдындағы бейнесі әлі көз алдымда. Мына ғаламдағы ең соңғы тынысын алып жатқан әжемнің жанына жақындап, маңдайы мен қолынан сүйген бойда әкемнің бөлмесіне рұқсатсыз кірдім де бір парақ тауып, өлең жаза бастадым. Санама келген алғашқы ұйқастар арқылы мені біржола тәрк етіп бара жатқан «Анаммен» қоштасу жолдарын қағазға түсірдім. Өз қиялымда осы мезетте оның мазарының басында топырақ тастап тұрғандай едім. Анам, кешқұрым, Жаңа жылға алты сағат қалғанда өмірден өтті. Арада алты жыл өткенде оның арманы орындалып, тура осы мезгілде, 1975 жылдың 31 желтоқсаны, сағат 18:00-де тұңғыш қызым Мадина өмірге келді.
– Орыс тілінде жазса да орыс ұлтынан шықпаса, не орыс жерінде тумаса ол ақынды (не жазушыны) орыс халқы көп елей қоймайтын секілді. Мысалы, Қазақстаннан шыққан Иван Шухов «Қасірет белдеуі» («Горькая линия») деген роман жазды. Оның ұлы И.Шухов бір мақаласында әкесінің осындай роман жазғанын, оны Горькийдің өзі жоғары бағалағанын айтады. Бірақ ол, түптеп келгенде, орыс халқы үшін елеусіз дүние болып қалды. Бұл туралы не айтар едіңіз?
– 1972 жылы алғашқы өлеңдерім «Простор» журналында, сонымен бір мезгілде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Аударма жасаған – әкем. Қазір ойлап қарасам (Әдебиет институтында оқып жүрген кездерімде, көпшіліктің көзінше мүлде қарама-қарсы пікірде болғанымен), әкемнің арманы – ұлының ақын болғанын көру екен. Ол шетке шығып, қалыс қала алмайтын еді. Тағы да өздігіне басып, арқа сүйеу болуға асығатын. Мен мұны қалаймын ба, жоқ па, сұрамастан-ақ өмір бойы осылай әрекет етті. Оның бұл ісі қызғаншақ жандардың арасында «Ғафу ұлының атынан да өлең жазып үлгереді» деген өсек тарауына себеп болды (бір қызығы – неге орыс тілінде?)…
Біз бір-бірімізді түсінісуге әдеттен тыс, керемет болмағанымен, ең терең жол – шығармашылық арқылы қадам бастық. Шығармашылық – әлемді рухани тану болатын.
Осы жерде екінші сауалыңызға жауап беруге тырысайын. Иван Шухов жайындағы мысал сәтсіз әрі қате. Дегенмен, бұл сіздің ар-ұжданыңызға қалсын.
Орыс әдебиетінде орыс ақыны немесе қазақ әдебиетінде қазақ ақыны болып тарихта қалу мақсатын ешқашан алдыма қойған емеспін. Әкемнің шынайы халық ақыны болғаны мен үшін жетеді. Бұған өзім көз жеткіздім: қай түкпірге бармайын, барлық жерде мені оның өлеңдері қарсы алды. Өздері сүйген ақынның ұлы екенімді білмей тұрып, әр түрлі жастағы, түрлі мамандық иелері маған оның өлеңдерінен үзінді келтіріп жататын. Бұл оның әр қазақтың сезімін суреттегенінің белгісі емес пе?!
Менің драмам – әлем әдебиетінің кең кеңістігімен танысуыма мүмкіндік берген орыстілді мәдени ортада өскендігім. Осы уақытқа дейін орыс сөзінің поэтикасын зерттеп, бейнелі славян тілінің семантикасына мейлінше терең үңілдім. Тағдыр маған бақытты мамандық – аудармашылықты – «мәдениеттер жалғаушысы» болуды жазыпты. Аудармашы еңбегі оңай емес, рахметі жоқ мамандық. Шекспир драмаларын немесе Гомердің поэмаларын, Басё, Тагор, Пушкин өлеңдерін, Сервантес, Фолкнер романдарын, Ницше мен Шопенгауэр еңбектерін аударған кімдер екендігін білетіндер сирек. Американ немесе жапон, француз немесе қытай бола ма, кез келген әдебиетті алып қараңыз. Біз оларды бірнеше тілді меңгеріп қана қоймаған, сөйлеу тілінде ғана емес, жоғарғы көркемдік дәрежедегі үлкен аудармашылар тобының арқасында оқи аламыз. Оның үстіне олардың өзі де ақын-жазушылар.
Міне, мені құтқарғаны – осы. Мен – поэзия мен прозаны қазақ тілінен орыс тіліне тәржімалайтын аудармашымын. Бұл өрістегі алғашқы қадамым әкемнің өлеңдерін аударудан басталды. Өйткені, әкемді жақынырақ танығым келді. Қайталап айтамын, менің драмам – әкеммен әр түрлі тілде сөйлескеніміз. Бұл туралы алғашқы фильмім – курстық жұмысым «Шақыру» деп аталды. Туысқандармен қалай тіл табысуды білмегендіктен әкемнің туған ортасында бөтен болдым. Бұл қала асфальтінде өскен бала үшін басқа әлем еді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да әлі күнге қоғам еңсермей келе жатқан әке мен бала арасындағы терең сызатты аңғармаған алшақтықты көрсеткен еді.
А.М.Горький атындағы Әдебиет институтының қазақ ақындары мен жазушыларының өлеңдері мен әңгімелерінен тұратын дипломдық жұмысын «өте жақсы» деген бағаға қорғадым. Олардың бәрі «Простор» журналында жарияланды. Содан бері менің аудармаммен әкемнің өлеңдері мен прозасы ғана емес, сонымен қатар, Асанқайғы, Бұқар жырау, Ақтамберді жырау, Абай, Мағжан, Ілияс Жансүгіров, Оразақын Асқар, Тұманбай Молдағалиев, т.б. шығармалары жарыққа шықты. Жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбековтің кеңесімен әрі көмегімен Шәкәрімнің «Шежіресін» орыс тіліне аудардым. Осының барлығы маған туған тілімнің дәмін ұмытпауыма көмектесіп, сол арқылы көптілді түрік мәдениеті Даласына деген айнымас сүйіспеншілігімді оятты.
Тіліміздің Қазақстанда тұрып жатқан баршаға қанат-құшағын жайып, түсінікті ғана емес, оны үйренемін деушілерге қолжетімді әрі нағыз ана тілі болуы үшін не істеу керек? Қазақ тілін сүюдің негізінде біздің мәдени мұраларымызды, музыка, өлеңдерімізді қадірлеп, көпғасырлық поэтикалық салттарға бойлай отыра, соның артында тұрған Ұлы Көшпенділердің жоғалған әлемі – Ұлы Даланың ауыр сипатын меңгерудің оңай емес жолы тұр.
Орыстілді дәуірдің үстемдік жүргізіп, қазақ зиялыларының мәдени ұлт болып қалуына өз шартын қойғандығына орыстілді ұрпақ кінәлі емес. Бұл туралы Абай мен «Алаш» көсемдері де жазған. Біз жайлы, яғни қазақтар турасында орыс тіліндегі алғашқы деректерді Шоқан Уәлиханов очерктерінен, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлының еңбектерінен оқыдық. Орыс тілінің арқасында әлем бізді М.О.Әуезов және басқа да қазақ жазушыларының шығармалары арқылы танып-білді. Классиктеріміздің еңбектері түпнұсқадан емес, орыс тілінен аударылды. Орыс тілі мен кириллица арқылы әлемдік мәдени алмасудың үлкен тәжірибесін енді латын тілінде қайта жасау қажет. Латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Бірақ мені оған көшу мәселесі қалай жүзеге асатыны алаңдатады. Қазақ тіліне әлі аударылмаған әлемдік мәдени мұраларды жоғалтып алу қаупі бар. Әрі келешек ұрпақ әлемдік классиканы түпнұсқадан оқып, қазақшаға тәржімалауы үшін еуропалық тілдердің барлығын меңгеруі керек болады. Бірақ ол уақытқа дейін бүкіл бір ұрпақ олармен танысуға, яғни әлемдік мәдениет жауһарларының бай мұрасынан мәдени оқшаулануға ерік береді.
– Тұңғыш деректі фильміңіз әкеңіз туралы түсірілген «Мен саған сәбимін» атты туынды болған екен. Әкеңіз мұны көрген сәтте қандай сезімде болды? Осы жайлы тоқталып өтсеңіз.
– Әкем екеуміз бір-бірімізге көп нәрсе айта алмадық. Халыққа белгілі танымал тұлғамен арамызда үлкен қашықтық болды. Оның үстіне, жүрекпен сөйлесуге де мүмкіндік болған жоқ. Анам – Шайзада Мөңкеқызы қайтыс болғанда мектепті бітірген едім. Кейін ата-анам басқа квартираға көшіпті (үй әжеме сақталғаны анықталды), ал мен алыс Мәскеуде болатынмын. Бір жылдан соң әскерден келдім, алғашқы өлең кітабым жарық көрді, қызым дүниеге келді.
Әкем екеуміз бір-бірімізге айналма жолмен емес, өлең арқылы қадам бастық. Көркем аударма жасау үшін мұқият оқып, поэтикалық бейненің болмысын түсініп, Гете айтқандай «Ақынның туған жеріне барып көру» қажет. Бұл қанша өткір естілсе де, әкем екеуміз өлеңге келгенде, бір-бірімізге жат жұрттық болдық. Бірақ біз Құдайдан дарыған бастаманы, бізді біріктірген туыстықты іздеп, оны тапқан едік. Қызық бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде анам маған кешқұрым қоңырау шалып өз бөлмесінде әкемнің әлдекіммен дауыстап ұрсысып жатқандығы себепті екеуміздің арамызда не болғандығын сұрады. Ал таңертең хабарласып, әкемнің «Пушкинді, Лермонтовты, Гейнені қазақша сөйлеткен мен өз ұлымның өлеңдерін аудара алмаймын» деп толғанғанын жеткізді. Міне, осы кезде әкем маған: «сенің өлеңдерің тым орыстық сарында. Мәселен, Бунин мен Чеховты оқыған орыс оқырманы «автобус кетіп барады» деген жолдардан күз қарсаңындағы жазбен қоштасу сәтінің бейнеленгенін түсінсе, ал оны қазақ оқырмандарына дәл осы жолдар арқылы қалай жеткіземін», – деген еді.
– Бірқатар киносыншылар сіздің қазақтың этномәдени мұраларын жинап, тарихи тағылымы зор деректі фильмдерді түсірумен айналысып жүрген бірден-бір адам екеніңізді айтады. Фильмдеріңіз көшпелі қазақ халқының өмірі, оның мәдениеті мен салт-дәстүрі арқылы көрініс тапқан. Тарих қойнауына тереңдеп, түп-тамырды іздеуіңіз жай ғана қызығушылықтан туған дүние ме, әлде мұндай қадамға баруыңызға әсер еткен басқа да себептер болды ма?
– Ұзақ уақыт бойы көпшілік үшін мен бұрынғысынша «Ғафудың ұлы» болып жүрдім. Адамдар мені әкем арқылы қабылдап, олардың сүйікті ақынына деген махаббаты еріксіз түрде маған ауысты. Көпшілік мұнан тек қана бақытты балалықты көреді. Мен болсам, барымды салып осы бір алтын тордан қалай да шығуға ұмтылатынмын. Ал бүгін түсірген фильмдерімнің төменгі титрына «Бақыт Ғафу» деп жазғанымды мақтан тұтамын. Бұлай ету әдеті түркі жолы атауынан көп ілгері пайда болған еді.
Әкем өмірден өтпес бұрын өз атын жаңа сапада көріп үлгерді. Осы сәттерде оның қаншалықты бақытты болғандығын білемін. Өзі туралы түсірілген фильмді тамашалап шыққаннан кейін өзіне көзі тірісінде ескерткіш орнатқанымды айтып қалды. Бұл менің деректі кино саласындағы алғашқы тәжірибем болатын. Кейінірек аңғарғанымдай, сол кезде өз жұмысымды қазақ тілінде ешбір қиындықсыз істеген екенмін. Мен бұл кезде өлеңдерімнің халқымның тағдырына берері аз екенін сезініп ( ал өзімді басқа бір халықтың кеңістігінде ол кезеңде де, қазір де елестеткен емеспін!), бәріне түсінікті тіл – кино саласына кеттім. Оның үстіне, ондағы менің басты мақсатым – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының барлық нұсқасымен танысып, төрт жыл жазған өз сценарийім негізінде фильм түсіру болатын. Өкінішке қарай, бұл арман болып қала берді. Бірақ мен этнографиялық кино режиссеріне айналғаныма ешқашан өкінген емеспін.
Күтпеген жерден «тапқан табысым» әкемді қатты алаңдатты. Оны құптамағанымен, бірінші болып көмекке келіп, алғашқы фильміме түсуге келісімін берді (бас қаһарманның әкесінің рөлін, яғни өзін сомдап шықты). Бұл, шынында да, аз ғана адам бағалай алар, оның тарапынан жасалған рухани ерлік болатын. Белгілі поляк режиссері Кшиштоф Занусси басты рөлді сомдаушы кім екенін сұрағанында, «Менің әкем», – деп жауап бердім. Бұл факт оны таң қалдырған еді.
Съемкаға дайындық үшін қаншама көп уақыт жұмсалатынын көре тұрып оған: «Сен де мен секілді жазасың. Ал маған жұмыс үшін керегі – жақсы қағаз, жақсы қалам және жақсы сигарет. Ал сен болсаң тіпті шекпейсің. Яғни саған сигареттің де қажеті жоқ. Ал кинода сенің жұмысың қаншама адамға байланысты болады. Жүрек шыдамайды», – дедім.
Мен әкеме оның кітаптары арқылы үңілдім. Оның повестері өз жады арқылы таң қалдырды. Тағдыр әкемнің айналасындағы ең қымбат жандарын – әкесін, ағасы мен әпкелерін, снайпердің оғындай, жапырып кетті. Ал маған аудармада не көмектесті дейсіз ғой? Жер бетіндегі әрбіріміз үшін ең негізгісі, барлық сынақтарға қарамастан бас қаһарманның да өміріндегі ынтықтық пен сенімнің ошағы болған – мейірім. Суық пен аштықта кішкентай адамды естен шығармай, оны түрлі сенімсіздік пен жігерсіздіктен сақтай алған алғыс пен махаббат сезімі еді. Әкемнің бойындағы дәл осы сенім мен алғыс Ақын туралы – халықтың перзенті жайлы фильмнің негізі болды. Азапты өз басынан өткізгендер ғана басқа біреумен бірге оны сезіне алады. Әкемнің рухани жомарттығы көпті таң қалдыратын. Мен оның өлеңдерін, повестерін аударып, радиохабарлардан сөйлеп, ол хақында фильм түсіріп әке алдындағы міндетімді атқардым деп ойладым. Ал қазір ол өмірде жоқ. Оның таңсәріде тұрып «Бүгін не істедің?» деген көңілді сауалына жауап беру мен үшін қашан да қиын. Шығармашылық – өз уақытыңа, өз халқыңа беретін алым-салық. Оның бүкіл ғұмырының мазмұны осы еді. Ал мен, әкемнің ұлы ретінде, дәл осы биік бағытта, мені Ресейде оқып, орыс ақыны ретінде біле ме дегенге бас қатырмастан-ақ, кино мен филология саласында өз ісімді жалғастырып келемін.
– Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Аспанның мәңгілік назарында» атты 10 сериялық ғылыми-танымдық деректі фильм түсірдіңіз. Түп-тамыры ежелгі көк түріктерден басталатын қазақ тарихы туралы аз ізденбегеніңізді білеміз. Танымал кинотанушы Гүлнәр Әбікеева сіз жайлы «Оны қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер туралы көп білетін жылнамашы деуге де болады» деген екен. Көшпелі қазақ халқының өмірі, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты іздену барысында бізге беймәлім қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
– Әдебиет институтында оқып жүрген кезімде орыс ертегілерінің жинақтаушысы Н.Афанасьевтың «Славяндардың табиғатқа поэтикалық көзқарасы» атты кітабына қатты қызықтым. «Неге бізде, түрік халқында мұндай кітап жоқ?» деп ойладым. Біз табиғатты қалай танимыз? Тәңірі мен Ұмай деген кімдер? Не себептен жерге сүт төгуге болмайды?
Бұл ырымдардың барлығын әжемнен естіген едім. Бірақ ол бұл тыйымдардың шығу тарихын түсіндіріп бере алмады. Осылайша түрік халықтарының аңыз-дастандарын жинап қана қоймай, олардың түп-тамырын іздеу идеясы пайда болды. Өйткені, Ұлы Көшпенділердің Тарихынсыз біздерді, қазақтарды елестету мүмкін емес, әрі ол тарих біздің сөзіміз бен мерекемізде бірге жасасып келеді. Оны тұп-тұнық суға ынтызар бұлақ көзімен ғана салыстыруға болады.
Маған бала туғанда жасалынатын салттарымызға байланысты деректі лента түсіруге ұсыныс жасалғанда, демеушінің уәде етілген қаржысы түспегеніне қарамастан, сценарий жазып, актер орнына туыстарымды, әкем мен анамды алып, қуана жұмыс істедім…
«Ақбосаға» атты осы фильмге орай «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақтардың жерлеу рәсімі» деген тақырыппен этнографиялық зерттеу жүргізуді ұсынды. «Аспан астына оралу» фильмі шетелдік мамандардың қызығушылығын оятып, Венгрия, Иран, Германияда өтетін деректі фильмдер фестиваліне шақырту келді… Осылайша, ойда-жоқта деректі фильмдердің, анығында, ғылыми-ағартушылық кино режиссеріне айналып шыға келдім. Бұл, менің аудармашылық қызметімді ескергенде, логикалық жағынан дұрыс та болатын. Ал бұл кезде мен дәстүрімізді кино тіліне көшіре бастаған едім.
– Еңбектеріңіздің арасында «Дешті Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты деректі фильміңіз назар аудартады. Фильмнің бірінші бөлімі қыпшақтар мен армяндар арасындағы байланысты көрсетеді. Деректі туындының екінші бөлімінде қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Кодекс Куманикус» кітабы сөз болған екен. Бұл туралы өзіңіз «Арменияда қыпшақ тілінде жазылған қолжазбалар көбірек. Өз дәуірінде қыпшақ тілі үлкен міндет атқарған. «Қыпшақ тілі» дегеніміз – бүгінгі қазақ тілі. Осы тілді барлық Еуропа тұрғындары білуге тырысқан» деген екенсіз. Осы жайлы тарқатып айтсаңыз.
– Әрине, республикамыздың Мәдениет министрлігі тарапынан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған деректі сериал түсіруге ұсыныстың түсуі мен үшін үлкен шығармашылық табыс болды. Кеңестік ресми дереккөздерден замандастарымның біле алмаған тарихи шындығын қалпына келтіру аз күш талап етпеді. Біз Ұлы Дала тарихы турасында кез келген мәліметтің қиындыларына дейін аса құштарлықпен жинадық. Ал қазір тәуелсіздіктің арқасында өткенімізге қатысты көптеген тарихи мәліметтерді жарыққа шығардық. Бірақ мұның кері жағы – аз зерттелген тақырыпты бұрып, тарихи шындықты ойдан құрастырған деректермен толтырған авторлық жинақтардың шығуына да себеп болды.
«Аспанның мәңгілік назарында» сериалы – бұл далалық қоныстың шынайы тарихын қалпына келтіре отырып, еуропоцентристік көзқарастағы батыс тарихшыларына туған мекенімізге көнеден қоныс тепкен көшпенді халықтардың дүниетанымы мен менталитетін қарсы қою. Еуропа халықтары еріксіз дала дәстүрі мен бабаларымыздың туған табиғат пен аспан астындағылардың космосын танымай тұрып ешқашан тарихи процестің маңызын түсіну мүмкін еместігінің куәсі болды. «Дешті Қыпшақ. Құпия таңбалар» фильмі де дәл осы бағытты – «біз, шын мәнінде кімбіз және бізге, Ұлы Дала халықтарына қандай тарихи міндет жүктелген?» деген тақырыпты жалғастырады. Ал шындығында, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұзақ жылғы көпір болу тек қана Жібек жолының өмірге келуін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, оларды бірін-бірі танып-білуге ынтықтырып, шабыт берді. Бұл қыпшақ тілінің бүкіл әлемдік мәдениеттегі ұлы қызметінің кезеңі болатын. Оған дәлел – бабаларымыздың ауызекі мұрасының 47 жұмбағын қолданған қыпшақ тілінің сөздігі, мәдени әлемде «Кодекс Куманикус» («Codex Cumanicus») атымен танымал, сақталған қолжазба. Бұл әрбір адам көруі үшін түсірілген кино болғандықтан фильмнің мазмұнын айтқым келмейді. Барша адамзат мәдениеті тарихындағы түркі халықтарының ұлы қызметі турасындағы өлмейтін тақырыпты жалғастырып, Еуропаның саяси қызығушылықтарының ықпалымен біздің назарымыздан жасырынып сақталған құжаттар мен куәліктердің барлығын ашып көрсеткім келеді. Бір ғана фильммен барлық дүние шектелмейді. Бұл картинаға кірмей қалған дүниелер басқа да деректі жобаларда көрініс табады деп сенемін.
– Бұл фильмде Парижде, Англияда сақталған қолжазбаларды көрсете алмағаныңызды айтқан екенсіз. Қарт құрлықта көне тарихымызға қатысты қандай деректер болуы мүмкін?
– Көшпелі өркениеттің барлық мәдениетті ежелгі гректік, антикалық дереккөздерден оқып үйренген еуропалықтардан айырмашылығы турасында көшпелі халықтардың дүниетанымдық тәжірибесін сіңірген баспадағы ағымдағы кітаптарым арналған еді.
2011 жылы «Empire» компаниясы сыйлық түрінде басып шығарған алғашқы жоба – «Ұлттық салт-дәстүрлер. Қазақы этикет» деп аталды. Одан кейін, 2013 жылы Мәскеудегі РУДН-да (Ресей халықтар достығы университеті) «Көшпенділер әлемі» атты кітап жарыққа шықты.
2015 жылы оқырмандарға көшпелі халықтар жасаған әлем туралы ежелгі поэтикалық танымды, киелі Салт символикасы – жоғалған Салт Құпиясын жеткіземін деген үшінші әрекетім де жүзеге асты. Кітап «Көшпенділер әлемі. Ұлы Дала Аңыздары. Қазақы этикет» деп аталды. Бұл тақырып шексіз болғандықтан, осы бағыттағы жұмысымды жалғастырудамын: біздің мұрамыз сарқылмас қайнар көз – оның ғажап энергиясынан сусындап, ең бастысы, туған тіліңмен, мәдениетіңмен тамырыңның біте қайнасып кеткендігіне көз жеткізу.
Бұл, әзірге менің өз тамырыма, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне бағышталған кішкене нәтижем. Бұл – бүкіл өмірімнің мазмұны, аудармашы, ақын, режиссер ретіндегі шығармашылығымның, Анам мен әкемнің бойыма сіңірген сол баяғы терең қызығушылықтың жалғасы. Мен «қазақ» этнонимінің шығу тарихынан әрбір адам армандайтын еркіндікті, кеңдік пен рухты, ұлы әлемдер арасын жалғайтын көпір – Аспан мен Жердің орталығын көремін. Және француз ойшылы Рене Генон айтқандай, «қашан болсын «қалаған жерінде тыныстай алатын» РУХ әманда өз мәнін жоғалтқан символдар мен салттарды тірілтіп, бұрынғы күшін қайтара алатынына» сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.