Разылық сөздің беташары
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан». Дәл осынау өлшем өркөкіректеу де өршіл Өмірдің мөр-таңбасындай әсер ететіні бар. Өйткені, Уақыт бір орында тұрмайды, қоғам дамиды, түрленеді, өзгереді. Өзгерген сайын мазмұн жағынан баи түспек. «Ел қамын жеген Едігелер» мен «еңіреген ерлер» дәуіріндегі сан түрлі уақиғалар, жорықтар мен ерліктер мына заманда ертек секілді қабылдануы мүмкін. Себебі, Біз сенім мен нанымнан айырылып бара жатқандаймыз.
Ал сенім сетінеген жерде кім серке, кім ерке екенін ажырату да қиын. Тарихқа ой көзімен қарасақ, мемлекетті басқару формасы, саяси режимдер түрі көп болғанын аңғарамыз. Айталық, автократия, анархия, аристократия, бюрократия, геронтократия, демократия, деспотизм, диктатура, фашистік диктатура, ұлттық диктатура, матриархат, меритократия, монархия, абсолюттік монархия, т.б. саясаттың маңызды бөлшегі. Дегенмен, ел есінде саяси жүйеден гөрі, хас «шахматшы» – сұңғыла саясаткердің, ұлты үшін жанын қиған ұлдың, қол бастаған баһадүрдің, қара қылды қақ жарған әділ де адал би-шешеннің, ел басқару ісіне бел шеше араласқан алыптардың аты мәңгілікке сақталатыны хақ. Бұл күмәнсіз. Күмәнсіз болуының себебі – сенімнің күшті болуында. Хан да, қара да Құдай алдында тең. Бұ жалғаннан ең бай пайғамбар Сүлеймен де, ең кедей пайғамбар Ғайса да, бұ дүниеден ең ұлы патша Ескендір Зұлқарнайын да, ең қатал патша Ақсақ Темір де өткен еді. Адамзат баласы неге Жаратушыға ғана табынады?.. Тәңір-Тағаланың мұғжиза-кереметі сонда, Ол біреуді алаламайды, бөліп-жармайды да. Бәрін бірдей көреді. Сонысымен де Ол – Алла…
Әр мемлекет басшысының елінің, жерінің, халқының тарихына орай басқару әдіс-тәсілі болмақ. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы сөз бөлек. Ұлтымыз үшін өте қиын делінген XX ғасырдың саясат сахнасында санасаң санынан жаңылысар көптеген дүниелер орын алды. Ал қазіргі геосаяси ахуалдың қазаққа қатысы жоқ деп тағы айта алмайсыз. Аумалы-төкпелі кезеңде «өгізді де өлтірмей, арбаны сындырмаудың» қамын ойлаған әрбір көшбасшы іштей құрбандыққа баруға дайын жүретіні белгілі. Елішілік татулық, бірлік қана емес, сабырлық пен тәубешілдігіміздің арқасында аман-сау отырмыз. Көрші Қырғызстан, Гүржістан, Украина мен алыстағы Ауғанстан, Сирия – Шам еліндегі ауыр жағдайларды жауға да тілемейміз. Бәрін саралап, салмақтай келе айтарымыз, Елбасы халқының құрметіне бөленген тұлға екені рас. «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі» деп өскен халық аузынан: «Көш басшысы жоқ ел оңбайды, құралай бастаған киік оңбайды» деген мақалды естуіңіз де табиғи нәрсе. Ендеше, бүгінгі «Желқазығымыз» Президентіміздің бітім-болмысына арналып отыр.
Әлібек Байбол.
Серік ЕСЕНТАЙҰЛЫ,
философия ғылымының докторы, профессор
Халық көңіліне сенім ұялату басшыға міндет
Кез келген мемлекет басшысына, көрнекті тұлғасына нағыз шынайы бағаны тарихтың өзі уақыты келгенде беретіні белгілі. Әрбір адамның іс-әрекеті бірыңғай жетістіктерден тұрмайды, ол негізінен қиын соқпақтардан өтуден, өзін-өзі сараптаудан, кемшіліктерді түзеуден, алға қарай ұмтылудан тұрады. Қалайда болашаққа деген нық сенімді қоғамдық санада орнықтыру, ол сенімнің алдымен мемлекет басшысы өзінде болуы маңызды. Сенім – көшбасшы үшін нағыз керек қасиет екеніне дау жоқ. Ол жағынан алғанда, Елбасымыздың оптимистік ұстанымдары мен бағдары бүгінгі таңда кімге болса да демеу болатыны анық.
Еліміздің болашағына деген халықтың сенімін орнықтыру үшін қаншама қадамдар жасалғаны да белгілі. Әрине, кез келген коғамда қанша азамат болса, сонша пікір болуы мүмкін. Әркімнің үйлесімді, бақытты қоғам туралы ойы әрқилы болып келері анық. Қоғамды жетілдірудің, өркендетудің басқа сценарийлерін жақтаушылар да кездеседі. Дегенмен, өмірдің жақсы жақтарын бағалай білу де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі Қазақстанның жай-күйінің қанша проблемалық тұстары болса да, түбегейлі мәселелерге келгенде, әсіресе, еліміздің іргесі берік, қоғамымыз біртұтас болғандығымыз маңызды екенін ұмытпаған жөн. Келешек ұрпақ өз шамасы жеткен жерде бағалауларын беріп жатары анық. Ең негізгісі, нағыз рухани құндылықтарды бағалай алатын, адамның рухы мен табиғатына не қажет екенін білетін қауымдастықтың келгенін оң бағалауы тиіс деген ойдамын.
Айнұр Көшекова,
ҚазМемҚызПУ «Қазақ әдебиеті» кафедрасында қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, филология ғылымының кандидаты
Көшбасшысы жақсы болса…
Астананың көркейген бүгінгі келбетіне қарап отырып, Қазақ елі бұдан бұрын қандай ел болды, бүгінгі мамыражай уақытқа қалай қол жеткіздік деп ойлап, қазақ елінің сан ғасырлық тарихын көз алдымнан кино лентасындай өткізіп отырмын. Көзді ашып-жұмғанша Қазақстан жиырма бес жылдан астам уақыттан бері Тәуелсіз ел болып, іргесі мығым, болашағы кемел, төрт қиырындағы елдермен өз шекарасын белгілеп, өз іргесін нақты қалап алған, алыс-жақын шет елдердің барлығымен дипломатиялық, ішкі-сыртқы саяси тұрақтылықты реттеп, түрлі экономикалық, әлемдік маңызы бар іс-шаралардың басы-қасында жүретін, аса заманауи бағытта қарыштап дамып келе жатқан мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді.
Бұл елге қызмет етудің өзгеше үлгісін қалыптастыра білген Елбасымыздың еңбегі. Қазақ Алланың шарапатына ие болған халық. Өйткені, Алла Тағаланың өзі елін, жерін алға сүйреп, қазақтың сан ғасырлық тарихына қайта жан бітіріп, сол тарихты бүгінгі жаһандану дәуірінің тірегі ете отырып, өрісі кең, жаңа замандағы жаңа Қазақстанды құра білетін адамды біздің арамызға қазақ халқын бастар көшбасшы ретінде жіберіп отыр. Хадисте «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманда өмір сүретін адамдарға әр таң сайын бүкіл нығмет атаулының есігі ашық болады» деп жазылғанын естіген едім, Аллаға шүкір, дәл қазіргі біздің қоғамымыз осындай жағдайда тұр, біз таңертең ұйқымыздан «бүгінгі бір күндік тамағымды қалай табам, не болмаса бүгін қай жерде жарылыс, атыс-шабыс болып қалады екен» деген секілді жаман ойларды ойламай оянамыз. Бұған тұтас бір халыққа басшы болып отырған Елбасы және оған мойынұсынған халқы себепші деп білемін. Өткенге үңіле отырып, бүгінгі тыныш заманымыздың қадірін біле түсеміз.
Басшы мен оның халқы туралы Құранда көп айтылады. Мәселен, «кімде-кім өз жеріндегі сұлтандарға және ілім иелеріне мойынсұнса, ол халықтың арасынан берекет нығметі кетпейді» делініпті, яғни араларыңдағы Алланың қалауымен болған басшыларыңды сыйлаңдар дегені ғой.
Әлем ғұламаларының өзі мойындап отырғандай, басшыларына бағынбаған халықтың тоз-тозы шыққан. Мысалы, алысқа бармай-ақ, өзіміздің қазақ халқының арғы-бергі тарихына үңіліп қарасақ, әлем тарихында Мөңке Темір ханның тұсында саяси тәуелсіздіктің толық қамтамасыз етіліп, оның орыс князьдеріне өз қолынан жарлық беріп, батыс аймақта тыныштық орнатқаны келтірілген. Сондай-ақ, Мөңке Темір хан 1269 жылы Талас өзені бойында өткен құрылтайда Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстары арасындағы алауыздықты тоқтатуға ықпал етті. Мөңке Темір хан Алтын Орданы өз билігі тұсында бір орталықтан басқарылатын күшті мемлекетке айналдырды. Сол уақыттағы ел астанасы Сарайшық қаласы да тез дамып, мәдени-саяси орталыққа айналған.
Мөңке Темір сияқты біздің Елбасымыз да қазіргі кезде өзара алауыз болып жүрген елдерді табыстыруы, еліміздің шет мемлекеттермен ынтымақтастықты арттырып, біздердің сапалы білім алуымызға бар жағдайды жасап беруі оның парасаттылығының, көрегендігінің айғағы деп білемін.
Әйіп ЫСҚАҚОВ, биология ғылымының докторы, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры. Ғылым және коммерциаландыру бойынша халықаралық кеңестің мүшесі.
Халқымен бірге жасаған Елбасы
«Президент дегеніміз – өз елінің тәрбиелі тұтқасы»
(Ж. Аймауытов).
Елбасымыз туралы талай айтылып та, жазылып та жатыр, әлемдік деңгейде өзінің лайықты бағасын да алды. Бұл түсінген адамға бүкіл ұлтымыздың абыройы. Әлем державалары басшылары түскен суреттерде алдыңғы қатарда қақ ортада Қазақтың ұлы тұрғаны бәрімізге мақтаныш болды. Тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен қазақ тілінде сөз сөйлеген де біздің Елбасымыз. Мұндай мақтанатын нәрселерімізді тізе беруге әбден болады. Құдайға шүкір дейміз.
Өткенге көз жүгіртсек… Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Мәскеу қаласында Н.Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының аспирантурасында оқып жүрген кезімде елде не жаңалық болып жатыр деп елеңдеп жүретінбіз. Бірде газеттен Қазақстан Коммунистік партиясының саяси бюросының жаңарған құрамымен танысып отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың суретіне көзім түсіп, билікке жаңа толқын келгенін сезгендей болдым. Кейін егемендік алып, тұңғыш президентімізді сайлау кезінде бәріміз бірауыздан жас, жігерлі саясаткерді қолдап, үмітімізді Назарбаев тұлғасымен байланыстырып, үкілеген едік. Одан бері небір замандар өтті, үмітіміз ақталып, Қазақстан әлем таныған еңселі ел болып қалыптасып келеді.
Жақсы халыққа жақсы басшы лайық. Қазақтың әрбір шаңырағында айтылатын тілек алдымен елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеуден басталады. Өйткені, отбасының берекесі де, дастарханының молдығы да осыған тікелей байланысты. Еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуы халық пен билік арасындағы бірлік пен ынтымаққа негізделген сындарлы саясатқа негізделген. Еліміз өз алдына жеке, тәуелсіз ел болып қалыптасып келе жатқан сәттен бастап, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен мемлекетімізде жүзеге асып жатқан осындай басшылықтың куәсі болып келеміз. Президентімізді халқымызға жақын қылатын оның ұтымды саясатымен бірге, жеке тұлғасының сұңғыла қасиеттері. Әлі есімде, 1999 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің 70 жылдық мерейтойына қатысып, университет ұжымымен қоштасып жатқан сәтте, қазақтың келген қонағына айтатын «келіп тұрыңыз» деген сөздерді ешкім айтпағанын байқап қалған Елбасымыз артына бұрылып карап «келіп тұрайын ба?» деп бәрімізді ұялтқаны бар. Осы қалжыңымен бірге өзінің халыққа қаншама жақын екенін көрсетті.
Жақсы басшыға лайық жақсы халық болу керек, яғни еліміздің мықты болуы тек мықты басшыға ғана емес, сондай-ақ, ынтымақты мақсат тұтқан білімді де білікті халыққа байланысты. Осы жолда елімізде қаншама игі істер атқарылып жатыр. Мысалы, жаңа заманға лайық мамандар дайындаудың тамаша бағдарламалары жүзеге асып келеді, ауыл шаруашылығын көтеруге қаншама көмек беріліп жатыр, халықаралық ұйымдармен бірлесіп елімізге жаңа технологиялар мен білімдер әкелінуде. Осы істердің ортасында өз үлесімді қосып жүргенімді қуана отырып айтқым келеді. Біздің мақсат – халықты осы бағытта жұмыс істеуге жұмылдырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізу. Келешек ұрпаққа іргелі дамыған ел қалыптастырып, аманаттауымыз керек. Келесі ұрпақ шығатын баспалдақтар одан ары биіктерге бастай берсін десек, Елбасымыз жүргізіп жатқан игі істер, сындарлы саясат аясында топтасып, болашаққа жасампаздықтың жарқын үлгілерін қалыптастырып қалдыруымыз керек.
Дәрмен СМАЙЫЛ,
Ұлттық журналистік зерттеу орталығының жетекшісі
АСТАНАНЫҢ БҮКІЛӘЛЕМДІК КІТАП АСТАНАСЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН
Қазіргі Қазақстан қоғамында 6 шілде – Астана күні мерекесі жақындаған сайын кезінде сол бір сыңарезуленген, әбден таптаурын болған әңгіме жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайды. Ол – Астананы көшіруге қарсылық танытқандар мен оның болашағына ешкімнің сенбегені туралы бұрынғы құр даурықпа дүние жөнінде еске алу. Бұл қаузаудың не қажеті бар?! Көп шайнаған қазының кеткен дәмі секілді етпей, осыны доғаруымыз керек. Меніңше, аңыздан ақиқатқа айналған Астананың болашағы, оның өркендеуіне қатысты құнды пікірлер айтқанымыз абзал.
Тарихи шындық, бір кездегі Есіл өзенінің бойындағы қамал дүние жүзіне есігі мен құшағын айқара ашқан ғаламдық шаһарға айналды. Күннен-күнге оның қойыны ел тарихындағы маңызды шешімдердің қабылдануында алтын әріптермен жазылатын ғаламат оқиғаларға, өскелең ұрпақты мақтаныш сезімге баулитын құндылықтарға толғанның үстіне тола бермек. Тәуелсіздік тірегінің негізі Бас қаланың әлі алда бұдан да атқаратын, бас болатын игі істері жеткілікті.
Солардың бірі – биылғы ЭКСПО-ның астанасын мен алдағы жылдарда Бүкіләлемдік Кітап астанасы ретінде көргім келеді. Әрине, бұған Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматының да мүмкіндігі зор. Бірақ Астана да оған бірден-бір дәулескер бола алатыны сөзсіз. Өйткені, рухани құндылықтарды дамытуда оның ролі өте жоғары.
Бүкіләлемдік кітап астанасы болудың астарын не жатыр? Ол – ЮНЕСКО-ға мүше барлық мемлекеттер арасында, яғни жаһандық деңгейде ұлттық әдебиетті таныту, оның түрлі тілдерге аударылуын қамтамасыз ету, тілі мен ділін насихаттау, кітап оқытудың әлемдік үрдістерін иегеру, кітап ісін дамытудың тың идеяларына иелік ету, руханияттың алтын құрсақты қаласына айналу, т.б. деген сөз. Осының нәтижесіне Астана әлем шеңберінде кітап оқу мен сауаттылықты, білім мен мәдениетті дамытушы ел ретінде ұлтымызды жер жүзіне танытып қана қоймай, өзінің ұлттық рухани дүниелерін кеңінен көрсете алар еді. Мүмкін, әдебиет саласындағы болашақ Нобель сыйлығының иегерлері де қалыптасар…
Елбасының «Кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады» дегені бар. Түптің-түбінде біз осыған келеміз. Сондықтан Астананың алдағы күндерде де мерейі үстем бола беретініне сенім мол. Ел игілігі үшін жасалған тарихи шаралармен тамыры тереңдей түсетін Елордамыз әлі талай рухымызды асқақтататыны анық.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтану ғылымының кандидаты
Елбасы – Тәңірдің ұлтқа сыйы
Елімізде соңғы жылдары тұрақты түрде өткізілетін социологиялық зерттеулердің нәтижесі және респонденттердің пікірі бойынша мемлекет басшысының беделі, оның қызметі әрдайым жоғары бағаланып келеді. Демек, халық осы кезге дейінгі жетістіктерімізді Елбасының еңбегі, ішкі және сыртқы салиқалы саясатының жемісі деп біледі. Бетпе-бет кездесулерде, фокус-топтық әңгімелесулерде көпшілік білім беру мен денсаулық саласындағы елге қолайлы жағдайларды, әсіресе, жағдайлары төмен әлеуметтік топтардың мемлекет тарапынан қолдау табуын Президенттің еңбегі деп біледі.
Н.Назарбаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңартушылық бастамалары тек ел ішінде ғана емес, сонымен қатар, шетелдік сарапшылар тарапынан оңды баға алуда. Көптеген аналитиктер, сарапшылар Елбасының тек бір ел емес, бір аймақ емес, әлемдік деңгейде атқарып жатқан еңбегіне жоғары баға беруде. Шынында да, мойындауымыз керек, өз елінде халқының оңды тіршілігін ұйымдастырып, оны үлгі етерлік деңгейге жеткізіп, сонымен қатар, шетелдерде танымал болған заманауи саясаткерлер көп емес.
Менің ойымша, қанша уақыт өтсе де ел есінде қазақтың бірінші Елбасы әрқашан тек жақсы істерімен, салған әсем Астанамен, өткізген дүбірлі жиындармен қалады. Ел басқарып, ел көңілінен шыққан саясаткерді халық ұрпақтан-ұрпаққа аңыз қылып айтатыны сөзсіз. Жалпы, адам тағдыры деген болса, ұлт тағдыры да болатыны айқын. Бізге, қазақ ұлтының тағдырына жазған кемеңгер тұлға, ұлт сүйер ұлы, сол ұлтқа Тәңірдің сыйы ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы деуге болады.
Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті
ХАЛЫҚҚА ҒАНА БАҒЫНҒАН ДАРА ТҰЛҒА
Қазақстан Кеңестер одағы құлдырағаннан кейін біздің еліміздің басшылығы алдында реформалар реттілігін таңдаудың қиын мәселесі тұрды. Қандай қиындықтар тұрса да Президент Н.Ә.Назарбаев саяси өзгерістер алдында экономикалық даму міндетін қойып, экономиканы біртіндеп реформалау жолын таңдады. Тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт аралығы ішінде Қазақстан саяси және экономикалық тәуелсіз мемлекетке айналды. Елбасы жаңа мемлекет құру туралы өзінің теориялық ойларын «Ғасырлар тоғысында» (1996), «Тарих толқынында» (1999) еңбектерінде кеңінен баяндағанын білеміз.
Бүгінде Қазақстан Президенті – халыққа ғана бағынған мемлекеттік дара тұлға. Президент Н.Ә.Назарбаев еліміздің демократиялық бағытқа бет бұруын: «Қазақстан Республикасында демократия барған сайын өмір нормасына айналып келеді деп асқақ сезіммен айта аламыз. Бұл енді біржолата жасалған таңдау, біз үшін басқаша жол жоқ», – деп атап көрсетті. Демек, демократия – қоғамның өмір сүру ережесі. Бұл халықтың рухани деңгейіне, тарихи дәстүріне, мәдениеті мен менталитетіне байланысты. Заңға бағынып, оны құрметтеп, мүлтіксіз басшылыққа алу дәстүрі қоғамда терең қалыптасуы керек. Өйткені, әр ел – өз басшысына лайық.
Н.Ә.Назарбаев – қазіргі дәуірдің қабілетті де талантты басшыларының бірі. Ол мемлекет ісінің маңызды бағыттарына бар күш-жігерін шебер жұмылдыра білумен дараланады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет басшысы ядролық қаруды жою жөніндегі пікірін табанды түрде қорғап, оның еліміз үшін де аса маңызды екенін дәлелдеді. Бұл шын мәнінде бүкіл дүниенің, Қазақстанның болашағын бейбіт еткен өте құнды шешім еді. Қазақстанның тәуелсіздіктен кейінгі бірінші тарихи шешімдерінің қатарында Семей ядролық полигонын жабу мәселесі тұрды. Бұл шешім әлемдік қауымдастықтан жоғары баға алды.
Президент жауапкершілігінің жүгі ауыр. Статистикалық мәліметке жүгінсек, бір жыл ішінде мемлекет және шетелдік 450-ден астам іс-шара жүзеге асырылған, соның ішінде 20 шетелдік сапар, он халықаралық форум, шетелдік мемлекеттер басшыларының Қазақстанға 15 сапары, ел бойынша 14 өңірлік сапар бар. Сонда орташа алғанда күніне 2 іс-шарадан келеді екен. Бұдан Елбасының келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілігін көреміз. Өйткені, бүгінгі ұрпақтың берген әділ бағасы болашақ уақыттың сыны екендігін естен шығармауымыз керек.
Ақжол ОРЫНБАСАР,
актер, әнші, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жанындағы колледждің түлегі
Көптеген жұмыстар атқарылды
Ата-бабамыз ұлан-ғайыр мекенге ие болып қалу үшін қаншама қиын кезеңді басынан өткерді. Көптеген кенттер мен үлкен орталықтар қирап, жазықсыз жандардың қандары суша ақты. Дегенмен де, Жер-Анамыздың «ып-ыстық» алақанында аман қалған әр отбасынан рулы елге айналып, халық еңсе тіктеп, ес жия алды. Азуын Айға білеген алпауыттар арасында өмір сүру де оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда көреген, мықты әрі ақылман басшы-патша қажет.
Қазақ басынан қаншама қиындық өтті десеңізші. Ұлтымның тілі, діні, ділі құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрғанда бірінші Алла, екінші әділ хандар мен билер, батырлар мен жыраулардың арқасында аман қалып, XXI ғасырға дейін келгеніне шүкір дейміз. «Аттың жалы, түйенің қомында жүріп» тіршілік кешкен Алаш жұртының ең басты арзу-арманы – кемеңгер ойлы, кесек тұлғалы көсемді сайлау еді. Тоқсаныншы жылдың тоқырауынан соң Қазақ еліне топ бастайтын көшбасшы керек болды. «Қызыл империя» күйреп, құздан құлап, әр республика азаттық алған тұста өз алдына отау тігіп, Президент сайлау міндеті тұрды. Осынау ауыр кезеңде, осынау бір жүгі мен жауапкершілігі қатар тұрған кезеңді зіл батпандай ауыр міндетті атқару мақсатында саясат сахнасына қазіргі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев келген болатын. Ел тағдыры сынға түскен осындай бір қилы да қиын, аумалы-төкпелі заманда Президент бәрінің басын қосып, басты-басты делінген мәселелерді шешуге талпынды. Аюдай ақырған Ресей, «Қызыл айдаһардай» Қытай, басқа да елдермен тең дәрежеде лайықты дәрежеде қарым-қатынас орнату, мемлекетімізді бүкіл дүниежүзіне мойындату – бабаларымыздан бері армандап келе жатқан ұлы мұрат. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді атамқазақ. Қазіргі қазақ ұлтына ауызбіршілік пен татулық, тұтастық пен бірбеткейлік керек. Бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайларға қарап ойланып қаласың. Украинадағы, Қырғызстандағы, Сириядағы, Ауғанстандағы жайттар алаңдатпай қоймайды. Саясат пен экономика өз алдына, руханият, мәдениет, әдебиет, әсіресе, өнер мәселесін қолға алсақ деген тілек бар. Біз – жастар, «жарқын болашаққа» сенеміз. Себебі, ұлт ретінде қандай екенімізді көрсететін күн әлі алда деп ойлаймын. Ол үшін еңбек, қажыр-қайрат, денсаулық, бақыт, бейбітшілік, тыныштық, рух және соның бәрін ұқсата білетін ұлы басшы керек. Тың ойлар айтылып, рухты көтеретін істер атқарылса, жастар әр кез еруге, соны ары қарай іліп алып, дамытуға дайын. Ұлттық идея, Тәуелсіздік, Ұлт секілді қасиетті де киелі ұғымдар ұлт тірегіне айналғанда ғана ұлы елге айналамыз. Біз тоқсаныншы жылдардың төліміз. Алайда, арман көп әрі келешекте мықты халыққа айналсақ деген ой да жоқ емес. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдан бері Қазақ еліне басшылық етуде. Мықты басшысы жоқ ұлт басы жоқ бөрімен тең. Басы жоқ бөрінің сесі болмай, өз қаһар-айбатынан ажырап қалатыны шындық. Президентіміз «көп векторлы саясат» жүргізуде. Құптарлық іс. Көптеген жұмыстар атқарылды, бірақ әлі де күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер де баршылық. Біз, қазақ жастары, ұлтқа қызмет етуге дайынбыз. Өйткені, халық – Құдайдың екінші аты!
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.