Медициналық сақтандыру – салауатты өмір кепілі
Адамның амандығынан артық ештеңенің жоқ екені, денсаулықты ақшаға сатып ала алмайтынымыз бесенеден белгілі. «Тәннің саулығы, жанның саулығы» демекші, егер тәніңіз сау болса, жаныңыз да жайлы өмір сүреді емес пе?! Жапондықтар «Көп ауыратын адам – мәдениетсіз адам» деп топшылайды екен. Өз денсаулығына салғырт қараған адам аурушаң келеді деген сөз. Ал оның алдын алудың жолын ата-бабамыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысында қандай іс-шаралар атқарылуда? Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Сейділдахан Ахатаевпен сұхбаттасқан едік.
– Сейділдахан Сайбишұлы, өңірімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар қаншалықты деңгейде?
– Елімізде қабылданған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы салааралық бағытта инфекциялық дерттер мен туберкулездің алдын алу, ана мен бала денсаулығын сақтау, репродуктивті денсаулық, жыныстық қатынас арқылы таралатын дерт және жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі, шылым шегу, арақ ішуді азайту, нашақорлықтың алдын алу бағыттарында бекітілген іс-жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бірақ жұмысымыздың қай деңгейде екеніне халықтың баға бергені абзал.
Жалпы, салауатты өмір салтын қалыптастыру алдымен аурудың алдын алу, сақтанудан басталады. Бұл бағытта орталықтың ұйымдастыруымен қыс мезгілінде болатын жазатайым жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында қаңтар айының алғашқы он күндігінен бастап мектептерде «Ревматикалық аурулардың алдын алу» және «Тұмаудың алдын алу», «Абайлаңыз, көктайғақ!» тақырыптары бойынша дәрістер пен тренингтер өткізілді. Созылмалы инфекциялық-аллергиялық ауруға жататын ревматизмге көбінесе 7-15 жас аралығындағы балалар шалдығады. Оның алдын алу үшін не істеу керек? Ең алдымен күнделікті тұтынатын тағамдарымыз құнарлы болуы тиіс. Сосын дене шынықтыру жаттығуларын жасап тұру маңызды. Осыны ұғындыруға ұмтылған валеолог мамандарымыз мұғалімдермен қатар оқушыларға ақ қар, көк мұзда жарақат алып қалмаудың тәсілдерін үйретті. «Тайғанақтап құлап қалғанда не істеу керек? Қыста жол жиегінде, көлік қозғалысына жақын жүру неге қауіпті?» деген сияқты сұрақтарға жауап береді. Жалпы, жол қозғалысы ережелерін сақтамау адам өміріне қауіпті. Елімізде жол көлік оқиғаларынан болатын апаттардан талай адам зардап шегуде. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің назарын аудару үшін ақпараттық кампания ұйымдастырып тұрамыз. Бұған волонтер жастар да белсене атсалысып жүргенін айту парыз.
Биыл 24 ақпан және 24 наурыз аралығында «Туберкулезді тоқтатамыз!» атты айлық ұйымдастырылып, шара облыс бойынша халық көп шоғырланатын орындарда, яғни «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен филиалдарында, «Казпошта», «Қазақтелеком» филиалдарында, «Автовокзал» бекеттерінде, теміржол вокзалында, сауда үйлері мен орталықтарында, мешіттерде және жоғарғы оқу орындарында үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды. Осы секілді адам денсаулығын жақсартуда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Жалпы, салауатты өмір салтын оң ұстануға бетбұрыс бар.
– Темекі, маскүнемдік, нашақорлыққа қарсы күрестен өзге қандай жұмыстар жоспарларыңызға енгізілген?
– Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жанынан құрылған «Әлем» жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сол арқылы ағымдағы жылдың басынан бері темекі, маскүнемдік, нашақорлыққа қарсы күрес мақсатымен түрлі іс-шаралар, әсіресе жастар арасында семинар-тренингтер, акциялар ұйымдастырылып келеді. «Ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, көп ата-аналар балаларының көзінше темекі шегіп, ішімдік ішеді. Ал мұны көріп өскен бала ержеткенде ата-анасының ісін қайталамауына кім кепіл?! Шылым тартып тұрған әкесінен гөрі қасында тұрған бала көбірек зардап шегеді. Сондықтан ұрпағының саулығына алаңдаған әрбір ата-ана ең алдымен өзін темекі, ішімдіктен тежеуі қажет.
Сонымен қатар, жастар арасында «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Отбасын жоспарлау», «Аса жұқпалы дертттердің алдын алу», «Депрессия: кел, сөйлесейік» секілді тақырыптарда дөңгелек үстелдер өткізіп, тиісті салада қызмет етіп жүрген білікті дәрігерлерімен бірге психолог мамандардың кеңестерін де ұйымдастырамыз. Адамдардың анонимді түрде жеке кабинеттерде кеңес алуларына да жағдай жасалған. Мұндай шаралар мамандарымыздың үйлестіруімен орталықтың өзінде ғана емес, оқу орындарында, студенттер арасында, саябақтарда да жүргізіледі.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бекітілген жоспары бойынша, «Облыста обыр ауруының жағдайы, алдын алу шаралары», «Сүт безінің қатерлі ісік ауруы, алдын алу шаралары», «Тік ішектің қатерлі ісік ауруы, алдын алу шаралары», «Асқазан ішек жолдары қатерлі ісігінің алдын алу», «Облыста өкпе қатерлі ісігі ауруларының жағдайы, алдын алу шаралары», «Эндокринді жүйенің қатерлі ісік ауруларының алдын алу шаралары», «Тері қатерлі ісік ауруларының алдын алу» тақырыптарында облыстық, аудандық, қалалық медицина ұйымдарының мамандарының қатысуымен семинарлар өткізілді. Аталған бағыттарда облыстық, жергілікті телеарналарда сұхбаттар беріп, тұрғындардың сауалдарына жауаптар берілді.
Мұның барлығы салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталғанымен, сапалы ғұмыр кешу әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына тікелей қатысты. Сондықтан әрбіріміз Алланың берген аманаты – жанымыз бен тәнімізге немқұрайлық танытпауымыз қажет.
– Ауруды алдын алу дегенде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру еріксіз еске түседі. Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттің облысымызда орындалуы қай деңгейде?
– Өткен аптада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының үшінші кезеңі шеңберінде «Нұр Отан» партиясының облыстағы барлық қоғамдық қабылдау бөлімдерінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» (МӘМС) жүйесін түсіндіру бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдау» республикалық акциясын өткіздік. Стендтермен қамтамасыз еттік. 15 маусымда таңертеңнен бастап, жұмыс уақыты аяқталғанша тұрғындарға 600 дана ақпараттық танымдық материал тараттық. 500-дей адам қамтылды. Оларға МӘМС жүйесін енгізудің инфографикасы мен талаптары түсіндіріліп, бейнероликтер көрсетілді.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының заңнамаларындағы өзгерістер мен толықтыруларды халық арасында кеңінен насихаттау аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының ІІІ кезеңінде аймақтық штаб спикерлерінің санат бойынша халықпен кездесуінің кесте-жоспары бекітілді. Бүгінге дейінгі бес айда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ендіру бойынша 641 кездесу өткізіліп, 287 мыңға жуық адам қамтылды. Түсіндіру жұмыстары барысында, 145 мың дана ақпараттық материал таратылды. Министрліктен берілген видео және аудиороликтер, буклеттер, ақпараттық бейнелер тұрақты түрде медицина ұйымдарында және халық тығыз орналасқан орындарда таратылуда. Қалалық транспорттар мен сауда орындарының LED-экрандарында видеороликтер көрсетіліп жатыр. Аудан, қала әкімдіктерімен, медицина ұйымдарының қатысуымен 543 бұқаралық ақпарат құралын арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша, халықтың сұрақтары барлық сұрақтарына жауап беріп, түсіндіретін арнайы Call-орталық жұмыс жасауда. Мамыр айынан бастап қаланың 70 қоғамдық автокөліктерінде видеороликтер телеэкран арқылы көрсету қолға алынды, күнделікті 25 мыңға жуық адам қамтылуда. Облыстағы әрбір медициналық ұйымда ақпараттық дүңгіршек орнатылып, оқытылған 5 менеджер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, танымдық материалдарды таратуда. Ал 5 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін «Емханаға тіркел де – әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен жалғасатын акция аясында емханаларға тіркелгендердің саны 2 млн. 241 мыңнан астам адамды құрады.
Бұл бағыттағы насихаттау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша бүгінге дейін емдеу мекемелерінің 30 мыңнан астам қызметкері, облыстағы медицицна мамандарының барлығы білімдерін жетілдірді. Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес 117 жекеменшік медицина ұйымында семинар жұмыстары жүргізілді.
– Жазы аптап ыстық болатын Оңтүстікте ғана емес, жалпы елімізде қан қысымы, қант диабетіне шалдыққандар қатары артып барады…
– Дұрыс айтасыз, қант диабеті, жүрек-қантамырлары аурулары жылдан-жылға жасарып барады. Бұның себеп-салдары – жастардың қимыл-қозғалысының аздығы және дұрыс тамақтанбауы. Бүгінде бес метр жерді жаяу жүрмейтіндер де жетерлік. Дене белсенділігі төмендеген сайын артық салмақ үсті-үстіне қосыла береді. Семіздік те ауру. Денеге жиналған артық май тынысымызды тарылтып, жүрекке салмақ түсіреді. Оның алдын алу үшін адам дұрыс тамақтанып, күніне кемінде 30 минут қозғалыс жасауы тиіс. Қан айналымын жақсарту үшін дене жаттығуларына көбірек көңіл бөлу маңызды. Бұл бағытта біздің орталықтың жанынан ашылған жаттығу залы жұмыс істейді. Мұнда келушілер дәрігер мен жаттықтырушылардың назарында болады.
Облыста аймақтық қант диабеті мектебінің жұмыс істеуі аурудың алдын алудың қаншалықты маңызды екенін аңғартып тұрса керек. Бұл ауруды туғызатын түрлі инфекциялар. Ас қорыту ағзаларының сырқаты, асқазанның ойық жарасы, ұйқы безінің бұзылуы, артық салмақ және күйзеліс те осы ауруға шалдықтыратын бірден-бір себеп.
– «Ауру – астан…» деп жатамыз. Өзіңіз айтқан семіздік, артық салмақ тамақтану тәртібін сақтап жүрмегенімізді білдіре ме? Мұны реттеудің амалы бар ма?
– Өкінішке қарай, ұтымды тамақтана алмай жүргеніміз жасырын емес. Оның тәртібін бізге өзгеден үйренудің қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз ұтымды тамақтануды білген. Олар тек асылған, бұқтырылған тағамдарды, яғни етті асып, құртын, жентін жасап, айран пісіріп, қатығын ұйытып табиғи тағамдарды пайдаланған. Оған қоса қымызы мен шұбаты тағы бар. Ал қазір макаронды да, картопты да қуырып жеуді дағдыға айналдырып алғанбыз. Тағы өсімдік майы зая кетпесін деп артылған майға келесі тамақты жасай саламыз. Ал өсімдік майын шыжғыра берген сайын ол өзінің улы заттарын адам бойына сіңіре береді. Сондықтан біз тұрғындарға таңғы уақытта бұқтырған, асылған, қайнатылған тағам тұтынуды насихаттаудамыз. Себебі, адам ағзасы түнімен демалады. Ал азанда қуырылған тағам жейтін болсақ, асқазанынға ауырлық түсіреміз. Қайталана берсе, ас қорыту жұмысы бұзылады. Сондықтан адам тоя тамақ ішпеуі қажет. Ұтымды тамақтанудың келесі қағидасы көбірек көкөніс тұтыну қажет. Әр адам күніне кемінде 300-400 грамм көкөніс пайдалануы қажет. Негізі әр отбасы апталық ас мәзірін жасап алса болады. Тек апта ішінде тағамдар бірін-бірі қайталамауы керек. Бір күнге балықты енгізген абзал. Өйткені, балықта адам ағзасына қажет фосфор бар. Сонымен қатар, әр үйдің дастарханында сөк, талқан болғаны жақсы. Мысалы, сөк – микроэлементке бай тағам, таңғы асқа тұтынса, күні бойы тоқ жүреді, әрі ағза микроэлементтерге және дәрумендерге толыға түседі. Қазіргі күні балалар мен жасөспірімдер арасында асқазан аурулары, әсіресе, гастрит, өт жолының қабынуы аурулары көбейіп кетті. Сондықтан балалар мен жасөспірімдерге осы тағамдарды көбірек, күнделікті пайдалану қажет. Ұтымды тамақтануда біз өзіміздің ұлттық тағамдарымызды жарнамалауымыз қажет.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.