Тонықұқ ғұрыптық кешенінің бүгінгі халі
23.06.2017
1310
0

Тонықұқ кешені Моңғолияның астанасы Ұланбатырдан 40 шақырымдай оңтүстік-шығыс бағытында, Налайх ықшам ауданымен шекаралас Төв аймағының Эрдэнэ сумына және Толы өзеніне жақын орналасқан. Жуырда Тонықұқ ескерткішіне арнайы барып, тарихи мұраның өте қиын жағдайда екенін көзбен көріп, көңілімізге кірбің түсті. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген кешен айналасында жер жыртылып, егістік алқабына айнала бастаған екен. Жер жеке пайдалануға беріліп, түрлі демалыс кешендері салынған. Көптеген тарихи ескерткіштер құрылыс материалы ретінде қолданылғанға ұқсайды. Тонықұқ ескерткішінен солтүстікке қарай созылған балбал тастардың қасынан 1-2 метр қашықтықтан жер жыртылып, айдау түскен. Балбал тастар тіпті санауға келмейді, сынған, бөлінген, жерге кіріп кеткен, құрылысқа алынып кеткен. Екі жыл бұрын барғанымда 130-дай балбал тас санаған едім, қазір тіпті есеп жүргізудің өзі мүмкін емес жағдайға жетіпті. 

Ең алғаш, Тонықұқ кешені 1897 жылы Д.А.Клеменц бастаған Ресей Имериясының География­лық қоғамы Орхон экспедициясы барысында анықталған. Осыдан кейін Тонықұқ кешеніндегі көне түрік тарихы жырмен жазылған бітіктастарды көптеген ғалымдар зерттеді.
1902 жылы С.Кэмпбелл есімді ағылшын азаматы Батыс әлемі­нен алғашқылардың бірі болып Тонықұқ ескерткішін көзбен көріп, естелік жазып алады.
Тонықұқ ескерткішінде Г.Р.­Рамстедт (1909), Б.Я.Вла­ди­мир­цов және Б.Бародин (1925), Н.Сэр-Од­жав (1957), моңғол-түрік бір­лес­кен экспедициясы (2015-2016) қазба жұмыстарын жүргізді. 1898 жылы В.В. Радлов бітіктастардың қағаз көшірмесін жасап, аудармасын жариялайды. Одан өзге ескерткіш туралы Х.Н.Орхун, М.Сп­ен­глинг, С.Е.Малов, П. Аал­то, Р. Жиро, М.Ергин, Г. Клоусон, Ғ. Ай­доров, А.С.Аман­жолов, Б.Базылхан, Т.Текин, Қ.Са­рт­қожа, Н.Базылхан, т.б мә­тіндік зерттеу жүргізді. То­ны­құқ атауына байланысты ғалым­дар сан түрлі болжам жасаған. Солардың ішінде түркітанушы Нәпіл Базылханның піріне тоқ­тал­сақ. «Тұнық // Тұнұқ – «тұ­нық, тұңғиық, тереңге жеткен» немесе «кіршіксіз таза мөлдір, сұңғыла» деген мағыналы сөзге +ұқ // оқ «ұғым, ой, білгірлік» деген мәнді біріккен сөзі «тұң­ғиық таза ақыл ойдың иесі, ха­кімі» Тұнық-ұқ // Тұнұқ-ұқ деген ұлы бабамыздың ырым-жосын­дық аты деп танимыз» (Н.Базылхан. Қазақстан тарихы туралы түркі дерек­теме­лері. II том. Көне түрік бітіктастары мен ескерт­кіш­тері (Орхон, Енисей, Талас). Алматы, Дайк-Пресс, 2005.108 бет.).
Көне Түрік қағандығының негізін қалаушылардың бірі, мемлекетік басқару ісінде ерекше орны болғаны белгілі. Қаған­дық­тың идеологиясына ықпалды тұлға болғаны туралы деректер де кездеседі. Л.П.Потаповтың «Алтайдағы шаманизм» атты әйгілі еңбегінде былай деп жа­зыл­ған: «…когда реч шла о возможности внедрения к древним тюркам буддизма, против чего и выступил Тоньюкок: «Нам не следует возводить постоянные строения и тем самим разрушать свой старый обычай оставаться ничем не связанными. В противном случае Танская империя уничтожила ба нас. Кроме того, буддийские и даосийские учения приносят людем представления о доброте и слабости, а это не яв­ляет­ся верным путем для ведения войны и завоевания власти»
(Потапов Л.П. Алтайский шаманизм. – Ленинград, «Наука», 1991. – 89 с.).
Тонықұқтың өзге элиталық көне түрік ескерткіштерінен ере­к­­шелігі – екі бірдей бітікта­сының болуында. Көне түрік тіліндегі төл жазуымызбен жазылан бітік­тас­тарда Екінші Көне Түрік қағандығының тарихы, көшпелі тайпалар, олардың Қытаймен қарым-қатынасы және тағы басқа өзекті мәселелер туралы құнды мағлұматтар бізге жетіп отыр. Гүлді өрнек қашалған барық қоршауларының көркем­дігі де айрықша.
Кешен Көне Түрік қағандығы­ның Құтлық, Қапаған, Білге сияқ­ты үш қағанның тұсында кең­есші, ақылшы болған Білге Тонықұқ тәрізді ұлы тұлғаға арнап шамамен 720 жылы салынған. Ескерткіш тау ортасындағы жазиралы жазық далада, ежелгі дәстүрге сай ас өткізуге ыңғайлы кеңістікте орналасқан. Кешенде көне түрік жазулы қос бітіктастан бөлек бірнеше адам денесі бәдізделген бәдізтастар, солтүс­тік­ке қарай созылған балбал тас­тар тізбегі бар. Осы бағаналы балбал тас тізбегін қосып есептегенде кешен ұзындығы 1,3 шақы­рымға созылады. Бұл кешеннің құрылы­сы Моңғолиядағы өзге де көне тү­рік дәуірі элиталық табыну, еске алу орындарына тән белгі­лер­мен бой көтерген. Бұл әйгілі кешеннің қасында тағы да екі көне түрік ғұрыптық кешені анықталған. «Кешен-2» деп аталатын ескерткіш Тонықұқ ес­керт­кішінен солтүстік-шығыс­қа қарай 582 метрде орналасса, «Кешен-3» ескерткіші «Кешен-2» тарихи нысанынан солтүстік-батыс бағытына қарай 740 метрде (Тонықұқ кешенінен 1 167 метр солтүстікке қарай) орын тепкен. Ғалымдардың болжауынша, келесі қос кешен де Тонықұқ данышпанға арналған. Бұл ойға кешендердің өзара жақын орналасуы түрткі болып отыр. Бұл ай­мақта бұдан да өзге жерлеу, ас өткізу, құрбандық шалу рәсімдері бойынша әр түрлі сипаттағы ірілі-ұсақты ескерткіштерді жиі кездестіруге болады. Сол себепті, бұл аймақты тұтас рухани-мә­дени мемлекеттік нысан ретінде қор­ғауға алу көшпелі түрік-моң­ғол халықтары үшін өте маңызды болып табылады. Қала берді, бұл бүкіл адамзат үшін құнды мұра.
Көне түрік қағандығы Корей түбегінен Балтық жағалауына дейін созылған ұлы империя ретінде жаһандық тарихтан ойып тұрып өз орнын алады. Қыпшақ пен моңғол өзара XIII ғасырда ғана өзара ерекшеленіп, бір-бірі­нен ажырай бастағанын археоло­гия­лық және этнография­лық ма­терилдар негізінде анық аң­ғара­мыз. Сондықтан көне түрік дәуірі (VII-IX) ескерткіштері түрік халықтары ғана емес, моң­ғол жұртына да тікелей қатысты асыл мұра. Түрік қағандығының элиталық ғұрыптық кешендері (Білге қаған, Күлтегін, Тонықұқ ж.т.б.) негізінен Моңғолия территориясында шоғырланған. Олар қайта жаңғыртылған жағдайда Моңғолия мемлекеті үшін турис­тік тарихи нысан ретінде эко­но­ми­калық тұрғыдан да үлкен қызмет атқарары сөзсіз.
2002 жылы Моңғолия мемле­кеті шешіміне сәйкес Тонықұқ кешені айналасынан 65 шаршы километр қорғауға алу туралы шешім шыққан болатын. Соңғы жылдары ТИКА ұйымы Тонықұқ кешенінің барығы мен бітіктас­та­рын қоршауға алған. Қоршау жасаушылар кей жағдайда ке­шен­нің негізгі бастапқы қалпына зақым келтірген. Қоршау іргета­сына цементпен араластырып тарихи жәдігер саналатын ес­керт­кіш­тің (шатыр бөлшектері) кейбір сынық бөліктерін де қолданғанға ұқсайды. Сондай-ақ, құрбандық шалу орындары, балбал тастар, жақын маңайдағы өзге екі кешен және тағы басқа ескерткіштер қоршаусыз, тіпті ескерусіз қалған.
1957 жылы қазба жұмысы жасалып аршылған кешеннің кейбір жерлер әлі күнге сол қалпы тұр. Содан бері адамдар мен табиғат факторларынан ескерткіштің жағдайы күн санап нашарлай түсіп жатыр.
Тонықұқ кешеніне 2014 жылы 11 шақырым жол салынғаннан кейін жергілікті ықпалы күшті адамдар қолданыссыз жатқан жерді жеке мүдделеріне қолдана бастады.
Тонықұқ кешенінің балбалдар тізбегінің оң жағынан қап­тал­дай темір шарбақ түсіп, егіс­тік­ке арнап жер жыртылған (Жыртылған жер 440*420*165*84 метр көлемді қамтиды). Жер айдалып қана қоймаған, айналасында әр түрлі қоқыстар да шашылып жатыр.
2015 жылы Моңғолияның Конституциялық Сот судьялары жеке қолданыстары үшін үлкен демалыс кешенін салған. Олар ғимаратты ғана салып қоймай, жан-жағын биік бетонмен қоршаған. Бұл «Кешен-3» ескерткішінен батысқа қарай 239 метр қашықтықта орналас­қан. Тарихи нысан арнайы қор­ғауға алынбаған себепті, ескерт­кіш айналасындағы көркем алқапты жеке мүдделеріне қол­данушылар тарапынан бүлдіру, ластау, ескерткіштерді жою үрдісі толастар емес.
2015 жылдың тамыз айында Тонықұқ кешенінің шығысынан жер қазылып 630 метр төте жол салына бастады.
2016 жылдың көктем-жаз айларында Конституциялық Сот­тың демалыс кешені жақтан, Тонықұқ ескерткішінен сол­түс­тік-батысынан 520 метр болатын қоршау салынды.
2016 жылдың көктемінде То­нық­ұқ кешені мен «Кешен-3» нысаны аралығында терең арық­тар қазылған. Бұл арықтар Тонықұқ кешенінен солтүстікке қарай 80 метр созылса, «Кешен-3» тарихи нысанынан оңтүстік­ке қарай 480 метр қашықтықты алып жатыр. Сондай-ақ, атаулы арықтар «Кешен-2» нысанына өте жақын орын тепкен. Терең қазылған арық «Кешен-2» нысанынан оңтүстік жағынан бар-жоғы 12 метрден сызып өтеді. Егер бұл тіктөртбұрышты арық­тар 179200 шаршы метрді жерді айналдыра сызған. Егер бұл арықтар бойымен қоршау жасалса, Тонықұқ кешені маңындағы темір сым тартылған қоршаудан 66 есе үлкен аумақ қолданысқа өтетін түрі бар.
Тонықұқ ғұрыптық кешенін­дегі тас мүсіндер саны жылдан-жылға кеми түскенін мынадан байқауға болады. 1957 жылы 9 тас мүсін болса, 1983 жылы 8 тас мү­сін қалады. 2015 жылы 7 тас мүсін сақталғаны анықталған (2 тас мүсін кешен орнында, 3 тас мүсін жақын маңдағы базада, 2 тас мүсін Моңғолия ұлттық музейін­де сақтаулы).
Тонықұқ кешенінде екі барық болса, сол барықтардың қоршау плиталары жыл санап жоғалып отырғанын мына деректерден аңғарасыз.
1957 жылы бірінші барықта 4 қоршау плитасы және жерге төселетін плитаның жартысы болса, 1983 жылы 3 қоршау плитасы, 2 қоршау плита бөлшегі, ¼ төселетін плита қалдығы анық­тал­ған. Екінші барықтың жағ­дайы мүлде мүшкіл. 1957 жылы онда бар-жоғы 2 қоршау плитасы болса, 1983 жылы 1 қоршау плитасы ғана тұрса, 2015 жылы бірде-бір қоршау плитасы орнынан табылмайды (Munkhtulga Rin­chinc­horol. Protection of Cultural Heritage in Urban Areas in Mongolia: The Tonyukuk Complex. Cultural Heritage Protection Cooperation Office, Asia-Pacific Cultural Centre for UNESCO. ACCU Nara Inter­na­tional Correspondent. The Seven­teenth Regular Report. Vol.17.2017. 32-38 p.).
Тонықұқ кешенінен тізбек­тел­ген балбал тастар саны 1957 жылы 400 болса, 1983 жылы 286 балбал тас саналады. Ал 2015 жылы 280 балбал тас ресми есепке алынған екен. Бірақ осы жол­дар­дың авторы 2015 жылы То­нықұқ басына барғанда қатты бүліне қоймаған 130-дан балбал тасты санап шыққан болатын. Көбі жер астында, бөшектенген, қираған қалпында. Соған қара­ғанда, ресми санаққа балбал тастың сынық бөлшектері де кіргенге ұқсайды.
1300 жылдық тарихы бар аса құнды тарихи-мәдени жәдігер жойылу алдында тұр. Моңғолия­ның жергілікті әкімшілігі мәдени құндылықтарды сақтау жөніндегі заңды белден басып, халықара­лық мәні бар бағалы мұраға зиян келтіріп отыр.

Арман ӘУБӘКІР,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының PhD докторанты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір