СҰЛУЛЫҚТАН СЫР СУЫРҒАН СУРЕТКЕР
Антракт! Сахнада жарық өшті. М.Әуезов театрында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы қойылып жатқан. Шымылдық жабылып, қайта ашылғанда сахна төрінде пайда бола кеткен алып моланы көріп, таңырқаған бала таным «қалайша моланы тез соғып қойды?» деп таңданысын жасыра алмай, іштей күбірлей берді.
Сол кезде оған театр деген таңғажайып әлем болып елестеген. Аузы ашылып, көңілі алабұртып, сахнадан көз алмай, қызу тартыс жүріп жатқан жаққа қарайлай берген. Кенет… Кенет жаңа ғана көз алдына сиқырдай болып елестеген алып мола опырылып, көрермен залына қарай құлап түсті. Сонда байқады: мола дегені – қатырма қағаздан жасалған ойыншық құрылыс екен. Әлгіндегі ғана жүрек түкпіріне аялай орнықтырған сұлу әлемнің көз алдында быт-шыт болғанын көріп, есікке қарай тұра қашты. Әлдебіреу арманын аяқасты еткендей, тоқтай алмай еңкілдеп жылап жіберді…
Театрмен ең алғашқы таныстығы осылай: бір таңырқаныс, бір тосырқаныс сезімде басталған ауылдың қарасирақ баласы сол кезде-ақ өз-өзіне балғын күнінің куәсіндей болып, бауырына бойлатып ер жеткізген Қарқара тауының мұзартындай асқақ талап қойып үлгерген.
Міне, содан бастап болашақ сахнагер ешкімге ұқсамайтын өз сүрлеуін салуға іштей серт берді. Сұлулыққа сұқтана қарап, сұңғыла сезімге берілер бір кездегі өзі секілді қиялшыл жастардың сенімін күйретпей, керісінше, арманына қанат бітірсем деген ниетте өнер әлемінен ешкімді қайталамайтын өзіне ғана тиесілі дара жолын іздеп, ұлы сапарға шыққан. Ол жолаушының есімі – Нұрқанат Жақыпбай, ал бағыт алған меккесі – ТЕАТР деген тылсым әлем еді…
МАХАББАТ МАЙТАЛМАНЫ
Сөзге сараң, ойға бай сұңғақ бойлы сұңғыла да сымбатты жасты сахна жатырқамады, бірден бауырына басты. 70 жылдық тарихы бар қазақ топырағында өмірге келген алғашқы жастар театры – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры – Нұрқанат Жақыпбайдың өнерге бағыт алған сапарының алғашқы баспалдағы.Еңбек жолын осы өнер ордасында актер болып бастады. Аталмыш театр төрінде жасындай жарқыраған талантты жас сахнадағы өз сүрлеуін салуға білек сыбана кіріседі. Лидия Кәденова, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдiнәбиева сынды талантты әріптестерімен бірге Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында
37 жыл тынбай еңбек етіп, небір қайталанбас шоқтықты бейнелерді өмірге әкеледі.
Сәні мен сыны келіскен сыршыл бейнелер актер Нұрқанаттың сараптауында өзгеше өрнек тауып, суреткерлік биігінде көрерменімен қауышып жатты. Ә.Тәжібаевтың «Монологтарындағы» – С.Сейфуллин, С.Мұқановтың «Ботагөзіндегі» – Асқар, Б.Майлиннің «Шұғасындағы» – Әбіш, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан Сері–Ақтоқтысындағы» – Сердәлі, О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысындағы» – Мұса, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңындағы» – Нияз, М.Майжановтың «Әр үйде мерекедегі» – Сарман, М.Әуезовтің «Жас Абайындағы» – Құнанбай, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбетіндегі» – Жәңгірхан, О.Бөкейдің «Қар қызындағы» – Аманжан, «Атау кересіндегі» – Таған және тағы басқа кейіпкерлер Нұрқанат Жақыпбай қиялында қайта түлеп, қайталанбас бейне тудырды. Сахнагер бойындағы сыршылдық, тереңдік қай уақытта да көрерменін бейжай қалдырып көрген емес. Табиғаты лирикалық кейіпкерлермен үндес актердің бейнелеген әрбір рөлі ішкі зиялылығымен, тазалығымен, сыршылдығымен баурап алып, ұзақ уақыт көрермен жадында жатталып қалғандығы сарғайған газет беттерінде жиі жазылып, жиі айтылады. Осы орайда, біз тілге тиек еткен өнер иесін театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Махаббат кейіпкерлерін сәтімен сомдап, басты-басты рөлдердің бағын ашқан талантты актер» деп бағалауы да сөзімізді дәйектей түсетіндей.
СУРЕТКЕР
Актерлік соқпақ – Нұрқанат Жақыпбайдың ұлттық режиссураға әкелер соны сүрлеуіне жол салған ұлы дайындығы еді. Өнер иесінің табиғатындағы сөзге сараңдық, дабыра-дабылдан гөрі ойлану мен толғану үстінде жүрер ішкі көңіл-күй қатпарлары сахнагерді әрдайым ойлы бейнелер биігіне жетелейтін, тереңдікке ұмтылдыратын. Бұл қасиет режиссураға қадам басқанда да суреткердің жанынан бір елі ажырамады. Сыршыл актердің сезімтал әлемінен жеткен тазалықпен тең өрілген сұлулық енді тұтастай суреткерлік биіктен үн қатты.
Иә, сахнаның серігі – сұлулық! Сұлулықтан бұра тартқан өнер өміршеңдігінен айрылады. Табиғатын таптаурындылыққа ұрындырады. Мұны біздің бүгінгі әңгіме арқауына айналдырған кейіпкеріміз жақсы түсінеді. Түсініп қана қоймай, әр ісі мен мақсатында шебер пайдаланып та келеді. Сұлулық – Оның өмірлік кредосына айналғандай…
Егер ХХІ ғасырдағы заманауи театр өнері талаптары тұрғысынан қарайтын болсақ, қазір тек қана құрғақ сөзді тірек етіп қойылым қою жаңалық болудан әлдеқашан қалған. Бүгінде театрдың синтетикалық өнер ретіндегі рөлі алға шықты. Көрерменді таңқалдырарлық жаңалық ұсынбасаң, театрға өз еркімен табан тірей қояр жастар саусақпен санарлық. Себебі, қазіргі ғылыми техниканың қарыштап дамыған ғасырында, сахна арқылы ақыл айтып, пәлсапа соғып отыруды – уақыт та, сахна заңдылығы да көтермейді. Әлемдік театр үрдісінде сахна – шығармашылық қиял қарымын таразыға тартып, сынға салатын талғам барометріне айналған. Сондықтан да театрда қарабайыр ойлап, қарапайым тіршілік кешуге титтей де орын жоқ. Қазір тәжірибенің ғасыры. Міне, осы үрдісті өз шығармашылығында үздік пайдаланып жүрген отандық режиссерлердің ішінде Нұрқанат Жақыпбайдың есімі ерекше атап өтуге әбден лайық. Әлемдік театр, режиссура мектебінің озық тәжірибелерін игере отырып, соңғы он жылда қазақ театр үрдісінде өз мектебін қалыптастырды.
Нұрқанат Жақыпбай – ұлттық режиссураға өзіндік қолтаңба, соны сараптауымен енген санаулы суреткерлердің бірі. Режиссердің әу бастағы таңдаған соқпағы да, мақсаты да айқын – сахнадағы қай туындысына да жаңалықпен келу, өзгелерге ұқсамау, өнердің бар мүмкіндігін шегіне дейін пайдалану. Және ол мақсатына барынша адалдық танытып келеді. Нұрқанат Жақыпбай үшін сахнадағы ұзын-сонар сөз әрекетінен бұрын, қимыл мен ой әрекетіне басымдық беру зор маңызға ие. Сол себепті де режиссердің кейіпкерлері сылдыр сөзге сараң, көрерменіне орынды-орынсыз ақыл айтудан аулақ, керісінше, қиялға бай, жан дүниесі сыршылдықпен серік, ойланғыш, толғанғыш келеді. Сахнадағы кейіпкер өмірін суреткер сөзден емес, ең бірінші әрекеттен, қимыл эстетикасынан іздейді.
Мәселен, Жастар театры репертуарында жүріп жатқан Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» драма-ноктюрнын алып қарайтын болсақ, мұнда режиссердің ең бірінші мақсат тұтқаны – кейіпкерлерін әңгімешілдіктен алшақ әкетіп, сахналық ойынның бар динамикасын ішкі үнсіздік пен көркем қимыл, яғни бидің басымдығына береді.
Нұрқанат Жақыпбай әлемінің көркемдік құпиясы бұл жолы да сахнадағы өзіне ғана тән образбен сөйлеу тілінен, символмен астарлау стилінен, сол арқылы биік эстетикалық талғамға жетелейтін суреткерлік сұңғылалығынан сырт кетпеген. Спектакльде басы артық сөз де, әрекет те жоқ. Барлығы басты кейіпкерлер – Сұлу (Назгүл Қарабалина) мен Суретшінің (Әділ Ахметов) ішкі һәм сыртқы диалогына және көпшілік сахнаның пластикалық көркем қимылына құрылған. Мәселен, көпшілік сахнадағы бишілер бірде Сұлу мен Суретшінің көңіл-күй аласапыранын жеткізуші асау толқын болса, енді бірде су бетінде қалықтаған шағаланы елестетеді, ал тағы бірде Суретшінің өмір бойы іздеген, өмір бойы ізденген ұлы туындысының бөліктеріндей әсер сыйлайды. Сөйтіп, шымылдық ашылғаннан суретші қиялындағы әр бояу би арқылы көрініп, мозаикаша құрастырылып, күллі қойылым бойы «Ай мен ару» аталатын тұтас бір картинаның соңғы нүктесіне дейінгі детальдарын бейнелейді.
Пластика, би тілі – қойылым композициясында үлкен роль атқарады. Демек, режиссер қойылымның негізгі көркемдеуші құралы етіп басты орынға хореографияны шығарған. Би арқылы қойылым қаһармандары сөзбен айтып жеткізгісіз сан алуан көңіл-күй құбылуларын, сергелдеңге түскен сезімнің аласапыран әлемін әсем суреттеп, әсерлі баяндайды.Сахна – көркем-эстетикалық өнер тудыратын кеңістік екендігін ескерсек, аталған талапқа Нұрқанат Жақыпбайдың біз тілге тиек етіп отырған «Сұлу мен суретші» қойылымы толыққанды жауап береді деп айта аламыз.
Нұрқанат Жақыпбай шығармашылығының алтын қазығы, негізгі ұстанған бағыты – уақыт пен шекараға, ұлт пен ұлыс, қатып қалған дәстүр мен дағдыға бағына бермейді, күллі адамзатқа ортақ адами проблемаларды әр қолға алған еңбегінде ту етіп көтереді. Сол себепті де сахнадан көрермен жүрегіне жол тартар әр спектаклі өлмейтін өмір, өшпейтін тыныс тауып, уақыт алға жылжыған сайын ескірмей, керісінше, өзектілігін өткірлендіре түседі. Көркемдік талабы жоғары, тақырыбы талғампаз, айтар ойы өзекті ондай қойылымдар санатына Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасында тағдыр тапқан Н.Гогольдің «Ревизор», Ш.Айтматовтың «Жан азабы», Д.Саламаттың «Ғайыптағы махаббат сазы», С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол», Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың «Шыңғыс хан», П.Мерименің «Кармен», Б.Соқпақбаевтың «…Көзіме бір көрінсең, бала ғашық…», У.Шекспирдің «Асауға тұсау», О.Бөкейдің «Атау кере» сынды бірқатар жұмысын мысалға келтіріп өтуге болады.
«РЕВИЗОР»
Суреткер ретінде Нұрқанат Жақыпбайдың сахнаны оқуы мен оқиғаға келу тәсілі, идеясы ешкімге ұқсамайды, өзге режиссерлер жұмысынан дараланып, оқшауланып көрініп тұрады. Айтар ойында астар басым, символикамен сөйлейді. Сондықтан да Нұрқанат Жақыпбайдың қойылымдары жалғыз-ақ мәрте көріп, жалаң ой білдіруге көнбейді. Әр спектаклі ішкі үлкен дайындықпен келуді талап етеді көрерменінен. Пікірімізді режиссер қолтаңбасында көрерменіне жол тартқан «Ревизор» трагифарсы растай түсетіндей.
Бұл «Ревизордың» өзге «Ревизорлардан» артықшылығы – Гоголь суреттеген XVIII ғасырдағы дәстүрлі орыс қоғамының бет-бейне, көңіл-күйімен, қатып қалған қалыбымен шектеліп қалмай, еркін импровизацияға барып, тың форма табуы, режиссердің оқиғаны барынша ұлттық мінез-құлыққа сай өруі дер едік. Классикалық туындының мәңгілік ғұмырының негізгі кілті де осында болса керек – әр буынның өкілі ішінен өзіне қажетін алып, ұлттық мінезіне сай икемдей алатындығында. Сондықтан да арғысы – Антика дәуірінің Эсхил, Софокл, Еврипид, бергісі – Шекспир, Гоголь, Әуезовтердің әр заманның үніне, тынысы мен тіліне сай түрленіп, түлеп, екшеліп, дамып, оқтын-оқтын қайтып оралып, көрерменімен қауышып отыратындығы. Міне, Гоголь әлеміндегі осындай кеңістікті режиссер Нұрқанат Жақыпбай өте ұтымды пайдаланып, жаңа заманның үнінде жақсы спектакль жаратып шығарған. «Ревизорға» жан біткен. Сондықтан да қойылым сахнадан сан мәрте көріп, Гогольді жатқа соғатын көрерменнің өзін жалықтырмайды, керісінше, жаңа әсер, жарқын көрініс, ұтымды шешімдерімен таң қалдырады. Сол себепті де жалғыз қойын сойып, мейманының алдына ұсынып жанұшыра жалбақтап, шапан киіп «Қара жорға» билейтін Ляпкин-Тяпкиннің (Бақыт Хаджыбаев) шектен тыс қонақжайлығы мен серілігін, «мен секілді төре болсын» деп аузына түкіріп, әріптесінің маңдайына күйе жағып жүрген Хлестаковтың (Дәурен Серғазин) ырымшылдығын тіпті де жатырқамайсыз. Өзіңіздің төл туындыңыздай өзімсіне қабылдап, өзімсіне жерисіз.
Қойылымнан әдетте жаңалық күткіш, реформаға құштар көзі- қарақты көрермен талабына Жастар театры сахнасындағы біз әңгімеге арқау етіп отырған «Ревизор» толыққанды жауап береді деп сеніммен айта аламыз. Жанды дауыспен ән сала, үздіксіз би мен тынымсыз қимылдай жүріп талабы зор классикалық шығарманы өз деңгейінде игеру – ақиқатты мойындау керек, еліміздегі кез келген театрдың мүмкіндігіне сай келе бермейді. Жастар театрының басты жаңалығы да осы – көп жанрлылыққа батыл баруы, драматургия мен пластикасы қатар ұштасар спектакль қоюға деген талпынысы һәм табысы. Рас, дәстүрлі театрлық үрдіс пен талаптарға икемделген театрлармен салыстырғанда, Жастар театрының ұстанымы мен бағыты да, амплуасы да бөлек. Жаңалықсүйгіш, эксперименттік тәсілдерге ұмтылғыш, ой мен қимыл әрекетін бір арнада ұштастырғыш мүмкіндігі талайды тәнті етіп келеді. Әр қойылымынан жастыққа тән қуатты энергия мен ерекше темпераментті байқауға болады. Спектакльді сараптауға келгенде де режиссер еркін импровизация мен соны идеяларға, тосын шешімдерге батыл барады және сахна сырын бірден жайып салмай, соңғы түйінді көрерменнің өзіне қалдырады.
Сахна кеңістігі де режиссер тарапынан ұтымды пайдаланылып, формалық, алаңдық тәсілдер қойылым мазмұнымен шебер астастырыла біртұтас дүниеге айналып кеткен. Декорациялық безендірілуі де әдеттегі көпмүліктіліктен ада, арнайы аспалы әткеншек, қозғалмалы үстел, құрастырмалы орындық деген сынды таза қимыл-қозғалысқа негізделген дүниелермен толықтырылып, әртістердің сахнада барынша еркін қимылдауына мүмкіндік қарастырылған.
Көңілге құрмет ұялататын келесі тұс – труппаның вокалдық мүмкіндігі. Қойылымның басынан аяғына дейін жанды дауыспен ән айту, хор тәртібін жақсы меңгерген шеберліктері, ұжымдық ансамбльде жымдаса жұмыс істей алатын сахналық бірліктері де өз алдына үлкен әңгіменің арқауы. Әсіресе, актерлік ансамбльдік ішкі тұтастық, сахнадағы ұтымды ұғысу бірден баурап алады. Қараңызшы, «Ревизорда» бірде-бір басы артық әрекет жоқ. Барлығы орнында. Сахнадағы әр детальға жан біткен, біртұтас ағза болып өмір сүреді. Әр тынысынан режиссердің демі сезіледі. Декорацияны әрекеттен, актер ойынын музыкадан, музыканы кейіпкер көңіл-күйінен, биді оқиға желісінен бөлек алып, әсте жеке-дара қарастыра алмайсыз. Әрқайсысының орны ойсырап көрініп тұрады. Мұнда өлі тыныштыққа орын жоқ, сахнада әрекет үстемдік құрады. Қай бөлігіне қарасаң да тынымсыз, толассыз әрекет буырқанып қайнап жатады. Ой да, қимыл да – әрекет. Әрекет біткенде шымылдық та жабылады. Нұрқанат Жақыпбай режиссурасының басты ерекшелегі осында.
«АСАУҒА ТҰСАУ»
«Драмтургия – қым-қиғаш интрига. Мұны У.Шекспир де мойындаған. Арбасқан көздер, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан әрекетті сөз, қара тасты қақ айырар отты да өткір тіл. Қоғамдық-әлеуметтік көтерер жүк автор қиялының көркемдік мүмкіндігіне қарай жіті сұрыпталып, адамзат жүрегіне жол тартары тағы бар. Осынау ауыр мехнатқа саналы түрде бас қойған кісіні ықылым заманнан драматург деп атап келеміз».
Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың драматургия турасындағы бұл толғамы – драма өнеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің салмағына әділ таразы. Драматург – тек кешегі мен бүгінгінің емес, болашақтың жыршысы. Міне, дәл осы ерекшелікті сезіну және сахна механизміне толыққанды енгізе алу – режиссердің үлкен ізденісі мен суреткерлік ұшқыр қиялының жемісі болады. Осы тұрғыдан келгенде, бізді өз қатарластарының арасында өзгеше сөз саптау стилімен, ерекше ойлау, оқиға өрбіту ерекшелігімен, заман тынысын жаңаша түйсіну сезімталдығымен дараланатын режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемі қызықтырды.
Мәселен, 2013 жылдың желтоқсан айында Жастар театры сахнасында тұсауы кесілген Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын айрықша атап өтуге болады. Ең алғаш рет қазақ театр өнері тарихына 1943 жылдың 16 қазанында Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтының тәжірибелі мұғалімдері О.Пыжова мен Б.Бибиковтың сахналауымен енген комедия араға
70 жыл салып Астана қаласы Жастар театры төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналауымен мүлдем өзгеше сараптауда көрерменге жол тартты. Спектакльдің қоюшы-суретшісі – Ерлан Тұяқов, қоюшы-хореографы – Анар Жүсіпова. Қойылымда басты кейіпкерлер рөлін театрдың талантты актерлері: «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, Мемлекеттік Президент стипендиясының лауреаты Әділ Ахметов (Петручио), Айнұр Рахипова (Катарина) Азамат Есқұлов (Баптиста), Дәурен Серғазин (Люченцио), Бейбіт Құсанбаев (Гремио), Нұрлыбек Төлеген (Гортензио), Ербол Тілеукенов (Транио), Бекжан Керімбаев (Бъонделло), Мемлекеттік Президент стипендиясының лауреаты Жандәулет Батай (Грумио), Ғазиза Мұқан (Бьянка) сынды сахна шеберлері ойнайды.
«Асауға тұсау» – асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты жыр етеді. Сөзі өткір, өр мінезді Петруччио мен тапқыр әрі ақылды тентек Катарина екеуінің әзілді қақтығыстары қыз бен жігіттің айтысындай өте тартымды. Әзілқой Грумио, жылпос Транио, жұмсақ мінезді Баптиста тағы басқа кейіпкерлердің мінез-құлқы жалынды жастардың актерлік шеберлігіне ұласқанда, сахна көңілді көріністерге тола түседі.
Қойылымның әуелгі ерекшелігі – сахналау жұмысына қоюшы-режиссерден бөлек, Бекболат Құрманғожаев пен Дәурен Серғазиннің де қолтаңбасы кіріктірілгені. Үш бірдей режиссердің жұмыла жасасқан жұмысы Жастар театры сахнасына астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл-күйдің атмосферасын алып келді. Режиссерлік ұтқыр шешімдер, музыка мен би үндестігі, декорация жанр ерекшелігіне сай ұтымды ұйымдастырылған. Қоюшы-суретші Ерлан Тұяқов бейнелеген сахна суретінен анау айтқандай классикалық картина мен бай реквизитті көзіңіз шалмауы мүмкін. Есесіне мұнда кеңістік бар, тірі сахна бар, қажырлы еңбек бар. Әрбір актердің дем алысы мен жүрек лүпілі біте қайнасып, біртұтас дүниеге айналып кеткенін шымылдық ашылғаннан-ақ айқын сезінесіз. Сөйтіп, Люченцио (Дәурен Серғазин) мен Транио (Ербол Тілеукенов) сүйреп шығар дөңгелектей замана керуенімен бірге спектакль тізбегі де дөңгеленіп жүре береді. Сол көшке ілесіп комедия ішіне қалай еніп кеткеніңізді тіпті аңғармай да қаласыз.
Әне, сахнаға қамшысын оңды-солды сілтеп, адуынымен, тентектігімен талайды тайсалдырып асау да ерке Катарина шықты. Рөл жауапкершілігі театрдың талантты актрисасы Айнұр Рахиповаға жүктеліпті. Кезінде аталған рөлді кейіпкер биігіне көтерген Қазақ-
станның халық әртісі Хадиша Бөкеева жолын жалғаған Айнұрдың кейіпкер болмысын барынша бойына сіңіруге тырысқаны көрініп тұр.
Ал Петручионың орны бөлек. Шәкен Айманов салған тұңғыш сүрлеуді кейін Ыдырыс Ноғайбаев жалғаса, бүгінгі қойылымда эстафета дарынды актер Әділ Ахметовке тиіпті. Фактура, қимыл-әрекет, сыр-сымбат жағынан кейіпкер болмысын тап басып таныған режиссер таңдауы дөп түскен. Өзіне жүктелген жауапкершілікті актердің де жіті сезінгендігі сөз саптасы мен сахнадағы жүріс-тұрысынан айқын аңғарылады. Сөзі анық, әрекеті нық. Кейіпкерін барынша жанды етіп шығаруға тырысқан.
Аталған қойылымды тамашалап отырып, көрермен шын мәнінде «театрдың сана өнердің тоғысқан мейрамы» екендігіне көз жеткізеді, сол сезімді бастан кешеді. Себебі, Мұхтар Әуезовтің ақ өлеңмен өрілген аудармасын игеру өз алдына салмағы ауыр жүк болса, оны спектакльдің басынан аяғына дейін темпоритмі бәсеңдемейтін қимыл-қозғалыспен қатар ұштастыру – режиссерден де, актерлер де аз еңбекті талап етпейді. Осы қиындықты жемісті еңсерген режиссер, жұмыс нәтижесінде толыққанды ансамбльдік біртұтастыққа қол жеткізген.
Бір сөзбен түйгенде, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың реформаторлығы да сол – қойылымдарында мүлік емес, бірінші кезекке үнемі актерлердің өзі шығады. Сондықтан да сахна суреткерінің әр қойылымы үздіксіз қозғалысқа түсіп, тірі ағза секілді өнердегі өмірін сүріп жатады.
ДАРА ЖОЛ
Нұрқанат Жақыпбайдың өнер әлеміне әкелген ұлы жаңалығы – Елорда төрінен бағыты да, бағдары да бөлек жаңа театрдың іргесін қалауы.
Астанадан Жастар театрын ашу жайлы алғаш ұсыныс түскенде бәрін тастап, жылы орнын суытып, үйренген ортасын қиып Алматыдан жыраққа қоныс аудару оңай болмады. Шәкірттерінің оқуы, ал режиссердің ұстаздықтан бөлек, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдан бері етіп келе жатқан қызметі бар. Достары да, жақындары да, сырласар ортасы да осында. Қалай дегенмен, Алматы – мәдениеттің ошағы ғой. Сондықтан алғашында бір шешімге келуде қатты қиналды: «Бірді мыңға сата ма» («Абай»), әлде бәрін жалғыз арманының жолында құрбан ете ме? Режиссер арманын таңдады! 39 жыл қызмет еткен құтты орны – театрын, отбасын қалдырып, оқуын енді тәмамдағалы отырған шәкірттерін ертіп, тәуекел сапары – арманның ұлы жолына бағыт бұрды.
Театр ашу жайлы ұсынысты қабыл алуын алса да, баратын жер, табан тірейтін баспанасы жоқ бір қауым ел екі бөлмелі пәтерді қанағат тұтады. Қара басын емес, әуелі шәкірттерінің қамын алдыңғы орынға қойған режиссер пәтерді басы бүтін жас сахнагерлерге босатып беріп, өзі Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының үшінші қабатындағы кеңістіктің тарлығынан тік кіріп, тік шығатын аядай ғана бөлмені екі жыл тұрақ етеді. Сол шағын бөлмеде бүгінгі театр мамандары мен көрерменінің аузының суын құртып, тамсантқан жаңалыққа толы өнер туындылары өмірге келді. «Қиналдық, бірақ қинала жүріп алдағы жарқын күндерден бір сәт те үмітімізді үзбедік. Уақытпен санаспай жұмыс істедік. Бізде сенетін де, арқа сүйеп, иек артатын да ешкім болмады. Сондықтан өзімізге, екі қол мен жүрегімізге, маңдай терімізге сендік. Түні бойы отырып таң атқанша костюм тігеміз, киім үлгілерінің эскизін жасаймыз. Басында арнайы суретшісіз, кеңесшісіз жұмыс істедік. Өйткені, оған беретін ақшамыз болған жоқ. Базарға барып арзан бағамен мата, целлофан, жылтыр қағаздарды сатып әкелеміз де, орыс театрының иістеніп кеткен сыз жертөлесінде отырып, түнімен киім тігіп, декорацияны дайындаймыз. Күндіз қойылымға дайындық жүргізіп, кешкісін спектакль ойнап жүрдік. Ас мәзіріндегі басты тамағымыз – нан мен майонез болды. Соны талғажау етуге, қанағат тұтуға тура келді. Қазір мұның бәрі өтірік сияқты көрінеді, бірақ біз осындай жолдан, осы қиындықтардан өттік және ол қиындық бізді кәдімгідей шыңдады», – деп сыр тарқатады режисердің өзі өткен күндер естелігінен.
Есепсіз төгілген маңдай тер, адал еңбектің қай кезде де өтеуі болған. Бүгінде жас театр Елорда төрінде жаңа ғимаратқа ие болып, төл театры төрінде Х маусымының тұсауын кесіп жатса – бұл да сол өнерге деген шексіз махаббат пен ешбір өтеусіз еселене төгілген маңдай тер, қажыр-қайраттың, тұғырлы табандылық пен ерік-жігердің жемісі деп білеміз. Жастар театрының жаңа ғимаратқа көшуі – Астана тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өнер әлеміндегі үлкен жа-
ңалық болды. Күләш Байсейітова атындағы бұрынғы Ұлттық опера және балет театры енді жас театрдың іргелі қарашаңырағына айналды. Осындай толқынысты сәттегі сезімімен бөліскен суреткердің: «Бұл ғимараттың тарихы үлкен ғой. Кезінде ұлы Күләш апамыздың атындағы театр болған. Осы аяулы есімнің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», – деуі де жас театрдың өнердегі өрісіне өлшем, алдағы күндерде атқармақ айтулы туындыларының талғам деңгейі мен көркемдік келбетіне таразы.
Балалығы мен шалалығы басым бір-бір үйдің еркелерін сахна мәдениетіне тәрбиелеп, кәсіби маман етіп шығару үлкен ыждағаттылықты талап етеді. Оған да тура туған үйіңдегідей ананың аялы алақаны мен көзінің қиығымен-ақ бәрін ұқтыратын әкенің қатал мінезі керек. Еркелете отырып алға жетелейтін шексіз шыдам мен темірдей төзім қажет. Егер осы өлшеммен келер болсаңыз, Нұрқанат Жақыпбай қазір қатары тым-тым сиреп бара жатқан, бәрін көзқараспен ұқтыратын қазақтың асыл текті әкелерін көз алдыңызға әкеледі. Иә, ол – қатал. Талап етер тәртібі де кейде жан төзгісіз, тіпті қажет жерінде жылатып та алады. Бірақ ол қаталдығының астында қандай мейірім-махаббаттың жасырынғанын тек шәкірттері ғана сезінеді. Бүгінгі жеткен жетістігінің барлығы да режиссер қояр сол темірдей тәртіп пен талаптың арқасы екендігін олар жақсы түсінеді. Сахнада шәкірттерін сын тезіне салған суреткердің, театрдан тыс уақыттағы «балаларым» деп бәйек болар жан мейіріміне бойлап, жылылық тұнған жанарына үңілсеңіз, жүрегіңіз елжіреп сала береді. Иә, режиссер емес, ол енді – әке! Ал актерлер – шүпірлеген балалары. Ол отбасына ғана емес, өзі құлын күнінен тәрбиелеп, үкілеп өнер додасына қосқан, бүгінде бір қауым елге айналған шәкірттерінің барлығына – асқар тау, алып қорған. Тәлімгерлерінің алты буын легін дайындаған ұстаздың соңғы төрт буыны – бүгінгі Жастар театрының белді актерлері. Кезінде тұрақты ғимараты болмай, қытайдың ала сөмкесін көтеріп көшпелі ғұмыр кешкен бір топ жас – Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Азамат Есқұлов, Жандәулет Батай, Бақыт Хаджыбаев, Айнұр Рахипова, Мадина Май, Махаббат Мадғұлова бастаған қыз-жігіттер жасампаз театрдың негізін қалаушылар, жас та болса ұжымның аға буыны саналады. Соңынан еріп, қатарға қосылып жатқан іні-қарындастарын құшақ жая қарсы алып, білгенін жабыла жүріп үйретеді. Сөйтіп, біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі аға, біреуі іні, біреуі әпке, біреуі сіңлі, бауыр болып Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері бір әкенің баласындай жас театрдың төрінде өсіп келеді. Тіпті, сол балаларының шымылдықтың артында тәрбиеленген балаларының алды ес біліп, сахнада қойылым ойнайтын деңгейге жетіп отыр. Тағы да режиссер айтады: – Өнер деген – жанкештілік. Жанкештілікте жүрген жаннан шын өнер туады. Бір кездерде сахнаға шығар киіміміздің, тіпті жейтін нанымыздың болмағанын біз ешқашан да ұмытпаймыз. Жоқшылық бізді тәубеге, қолымызда барға шүкіршілік етуге үйретті. Аязби деген әулие бар ғой аңызда. Сол секілді біз де кейде бір астамшылыққа ұрына бастағанда, балаларды тоқтатам: «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл!». Көрдіңдер ме, біздің есіктің маңдайында не ілулі тұр?! Сол ала сөмкені, қайдан шыққандарыңды ұмытпаңдар! – деймін.
…Осыдан 10 жыл бұрын Нұрқанат Жақыпбай Елорданың төріне өз қолымен әкеп еккен бір түп шыбық бүгінде тамырын кеңге жайып, саялы орманға айналды. Арман ақиқаттың жолына түсті. Алғашқы жемісін бере бастады. Жас өркенге тыныс сыйлап, демін ашқан сол мәуелі бәйтерек өнер-орманындағы өз орнын белгіледі. Небәрі 10 жылдық тарихында республикалық, халықаралық байқаулардан 10 бірдей Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы да жас
ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем. Жалғыз жолаушы адаспапты. Соңынан қаулап өсіп келе жатқан ордалы орманға бағбан Нұрқанат ойлана ұзақ көз тігеді…
Назерке ЖҰМАБАЙ,
Өнертану ғылымының магистрі.
Астана.