БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ
Бала кезімнен көрме атаулыға қызығушы едім. Қазір де «Атакенттегі» өтетін бірде-бір көрмені назарымнан тыс жібермеймін.
2016 жылы тамызда өзім кітапханашы болып қызмет істеп жүрген ҚР Ішкі істер министрлігінің М.Есбулатов атындағы Алматы академиясында
«ЭКСПО тарихынан» тақырыбында курсанттарды ЭКСПО тарихымен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырдым. Көрмені безендіруге өзінің үлесін қосқан академияның 2 курс курсанты Сәрсенбек Апушев. Онда әр жылдары әр елде өткен көрмелерге қысқаша шолулар жасалған. Мәселен, Бірінші дүниежүзілік көрме 1851 жылдың бірінші мамырында Лондонның Гайд саябағында өткен екен. Конкурста сәулеттік жоба ретінде ғимаратты шыныдан салып беруді ұсынған бақшашы Джозеф Пакстонның Хрусталь сарай жобасы жеңіске жеткен.Оны 20 апта ішінде 6 миллион адам тамашалаған. Ол көрмеге сол уақытта әлемдік өндіріс, өнеркәсіп өнімдерін көруге болатын. Олар американдық өнертапқыш Чарльз Гудиердің бу қозғалтқыштары, стерео-суреттері, вулканизацияланған резеңкесі, сонымен қатар қойытылған сүт, консервіленген азық-түліктер, мүгедектерге арналған протездер, әйнек көз, стоматологиялық кресло, «веналық» орындық және т.б. еді.
Келесі көрме 1855 жылы 15 мамыр – 15 қараша аралығында Францияның астанасы Парижде өтті. Оған шамамен 5 миллионға жуық адам келген. Осы көрмеде тамашалаушылар қазіргі тілмен айтқанда, «инновациялық» өнертабысты, яғни бұрын көрмеген жаңа жетістіктерді тұңғыш рет қызықтады. Мысалы, газон шабатын кішкене машина, кір жуғыш машина, сөйлейтін қуыршақ, мұнай өнімдерімен жүретін машина жұрт назарына ұсынылды.
Арада екі жыл өткен соң франциялықтар тағы да көрме өткізуге құлшынды. Оны «Екінші әмбебап» деп атады. 1867 жылы өткен осы көрмеде тұңғыш рет сүңгігіш адамдардың, өрт сөндірушілердің киімдері, гидравликалық лифт, сусын құятын жабдықтың түрлері, тағы басқа жаңа өнімдер ұсынылған. ЭКСПО-ға 15 миллиондай адам келген.
Үш жыл өткен соң Австрия техникалық жетістіктердің көрмесін Венада өткізетінін жариялады. Павильондар астындағы жердің 12 гектарына өнеркәсіптік сарай салынды. 1873 жылы ЭКСПО-да алғаш рет ғалымдардың халықаралық алқалы жиынын өткізді. Венада 12 конгресс және әр түрлі конференциялар ұйымдастырылды. Көрмеге Жапония бірінші рет қатысты.
1876 жылы Филадельфияда өткен
ЭКСПО көрмесіне Америка қосылды. Тұңғыш рет көрме бір ғимаратта ғана емес, бірнеше павильонда өтті. Олар өнер павильоны, жабдықтар бөлмесі, бағбанның сарайы және ауыл шаруашылығы бөлімі болып бөлінді. Мұндағы басты жаңалық – көрменің ішінде теміржол көлігінің пайдаланылғандығы. Алғаш осы Филадельфиядағы көрмеде Александер Грейамның телефоны, Томас Алва Эдисонның телеграфы, Ремингтонның жазатын машинкасы және «Хайнц» томат кетчубі ұсынылған болатын.
1933-1934 жылдары ЭКСПО көрмесі Чикаго қаласында өтіп, оған 39 миллион адам қатысқан. Көрме өте табысты өткен екен.
1958 жылы Брюссельде өткен көрме «Озықтық және адамзат» деп аталды. Онда адамдар тұңғыш рет жер серігін, атом электростанциясының жобаларын (макеттерін), жаңа қозғағыштарды және келешек компьютердің ізашарларын көрді. Бұл жолы көрмеге 41 миллионға жуық қызықтаушылар келген.
Американың Сиэтл қаласында 1962 жылы өткен көрмеде «ІВМ» компаниясы өзінің алғашқы компьютерлерін жұрт назарына ұсынды. Көрмеге келушілерді
павильон қабырғадағы алып теледидар, электрондық кітапхана таңқалдырды.
Монреаль қаласында 1967 жылы өткен ЭКСПО ең табысты болып саналады. Өйткені, мұнда келушілердің саны 50 миллионға жеткен. Онда Жак-Ив Кустоның сүңгуір экспедициясын көрсетті, ал Кеңес үкіметті Юрий Гагарин жерді айналған ғарыш капсуласын апарған болатын.
ЭКСПО-ның келесі көрмесі Жапонияның Осака қаласында өтті. Мұнда ғалымдар 500 000 есе ұлғайтатын электронды микроскопты және электромагниттік жастығы бар пойыздарды ұсынды. Сонымен қатар, толық масштабты ядролық реакторлық макет, АҚШ пен Кеңес үкіметінің космостық кемелерінің жобаларын және алып роботтар қойылды. Бұл көрмеде Жапонияның электроника саласындағы инновациялық болашағы айқын көрінген еді.
Қазақстанның бас қаласы – Астанада өтіп жатқан ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – Болашақ энергиясы. Қазір барлық ғаламшардың алдында тұрған ең бір өзекжарды мәселенің бірі жылдан-жылға азайып бара жатқан энергоресурсты үнемдеп игеру. ЭКСПО – 2017 үш айға созылмақ. 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйымдар қатысатын бұл көрмені 5 миллионнан аса адам тамашалайды деп күтілуде, 3 мыңнан аса мәдени шаралар өткізілмек.
Жәмила БЕКМЕТЬЕВА,
жоғары санаттағы
кітапханашы-библиограф.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.