АБАЙДЫҢ МҰРАГЕРІ
…Мен өзім Иранбектің парасатты поэзиясын қатты құрметтейтін қазақпын. Оның шығармашылығы туралы әлі жарияланбаған мақаламның тақырыбын «Абайдың Мұрагері» деп қоюымның сыры көп нәрсені аңғартар-ақ деймін. Иран, аңдағанға, О Бастан – «Абайшыл»: Туған жері, Өскен ортасы, бәрі-бәрі – Ұлы Ақынның атымен де, затымен де тікелей байланысты. «Абай» – кең-шары, «Қарауыл-Төбе»… Арғы Аталары – «Қырғызбай», «Оразбай», «Омар», «Оспан… Ұлы-Аналары – «Ұлжан», «Балқыз», «Қимыш» сияқты… көп жәйттерді еске салатындай. Оның үстіне, Иранбектің жас кезінде жазған өлеңдерінің бірлі-екісіне зер салшы:
«Жыр сарайын тамашалап Абайдың,
Күмбезіне көз тіктім мен талайдың:
Орда бұзар отызымның отауы –
Өзге отауға ұқсамауын қалаймын!
Күн кешпеймін күрсінумен, күндеумен,
Күмбір-күмбір күй төгумен
жүр кеудем.
Ит тұмсығы батпас нуға нұр болып
Сіңіп кетсем деймін соны сүрлеумен?!
Жаным – жайсаң,
жанарымда – жаз-маусым,
Туған жердің таң самалы –
қозғаушым.
Қазақы аспан құндағынан құйылып,
Қобыздайын қоңырласын
қаз-дауысым.
Жол әлі ұзақ…
Шыда, жүрек?! Шыда, бел!
Шыдай алсаң –
шындығыңды ұғады ел.
Кім біледі –
кермедегі кер құнан,
Баптай білсең,
болмайтынын Құлагер?
Сырда сырбаз еркін өскен, бұлам-ай,
Ауыр сыннан өтермісің құламай?
Кім біледі – озық ойлы қаламын –
Кімге сыйлап
кеткендігін Ұлы Абай?!», –
дейді, «Кім біледі» – атты шәкірт-жырында. Тегіннен-тегін емес тәрізді, осының – өзі?!
Ол тағы бірде:
«Бір туатын ғасырда… рабайда,
Мен ешкімді теңемен ұлы Абайға.
Тұрғызбасақ бәріміз бір «Абайды»,
Поэзия шаңырағы құламай ма?!
Қарлы шыңнан ағатын басын құрап,
Әр жас ақын – аптыққан асыл бұлақ.
Барша бұлақ бір өзен құрамаса,
Дала шөлдеп қалмай ма, ғасыр жылап?!
Жүрегіңнен нұр-шуақ, таппаса арай,
Тарих шенін төсіңе тақпас оңай.
Бір Мұрагер қалдырған шығар, бәлки,
Аруақты арқалы ақ бас Абай?!
Не шығады бос даурық,
құр таластан,
Кәусар жырға халқымның
іңкәрі асқан.
Өлең жүгін өгіздей өрге сүйре,
Маң-Кеңшілік,
Хан-Темір,
Дүр-Жарасқан!
Өтер өмір жылжытып ай, аптасын,
Еркелетсін сұм-тағдыр, таяқтасын!
Өлгенімше көзіме бір көрінші,
Абайдың Мұрагері,
қаяқтасың!..», –
деп, «Абайды», өз қоғамынан, өз заманынан, әз-ортасынан, қала берді, өзінен – өзі іздеп, жан-дүниесінен – тау-қопарып, тынымсыз – алас ұрады. Осыдан кейін, Оны, қалайша: «Абайдың Мұрагері» – демейсің…
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ.
БҰ ДҮНИЕ ҒАЙЫБЫ
Иран-Ғайып – 70
Бұл – Ұрпақ, Әдебиетімізге ХХ ғасырдың 70 жылдарының екінші жартысында келген – Соғыстан Соңғы Ұрпақ. Бес Жылдық Қырғын – Қиямет-Қайым-Қыл-Көпір – Қан-Майданнан елге есен-сау оралған Әкелердің, Ажал құрсауынан құтқарған, алқын демі-жан тері мен тамұққа бергісіз тылда тірлік түтініне ысталған Аналардың, жар құшағының жәннат лебін сезінген қуанышынан тамып-төгілген риясыз көз жасының – Жеңіс атты Бейкүнә өтеуі – Бұлар…
Бұл – Ұрпақ, қарасирақ… аш-құрсақ болып, тыр-жалаңаш… жүдеу өссе де, олжа- өмірлеріне дән риза ата-анасының аялы алақанында, мейлінше, таза, пәк-періште табиғи нәресте қалыптарын со күйінше сақтай білді. Жалғандықтан аулақ, жамандықтан тыс, Ожданның – ардақ тәрбиесін көріп,
Ардың – адал ақ сүтін арда еміп өсті. Өтірік айтуды – білмеді. Қулық-сұмдыққа – жиіркене қарады.
Бұл – Ұрпақ, Рухани Байлықтың Халықтық Қайнар Бастауынан алаңсыз сусындады. Шежіре-Қарттардан – тарихи тағылым алып, аңыз-ертегілер естіп, дастан-хиссалар тыңдап, қазақы салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай қатықтап, ұлттық қасиеттердің әз-құнарын – сүйек-қандарына сарқа сіңіріп, Діл-Кені – «Жеті Қазыналарын» барынша түгелдей білді.
Біз көріп өскен, Бұл – Ұрпақ, Өре-Қиялың – жетпейтін: Сом-Алтындай – саф, Шын-Асылдай – сара, Терең Тылсымы – Інжу-Маржандай… Көбі, бейне, жарқ-жұрқ етіп, жасын атып, жай ойнатып, Уақыт – Көзін ашып-жұмғанынша, О Дүниелік – болды: Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан, Сейсен, Тынышбай, Дәуітәлі… Қалғандары, қалт-құлт: О Дүниелік болғандарына – Алаң…
Бұл – Ұрпақтың, көрмегені – жоқ: Шынайы Социализмді де, Мінәйі Коммунизмді де… Анайы Капитализмді де, тіпті, Жабайы Феодализмді де – көріп үлгерді! Алайда, «Бір Сәттік Сәулеге» – табынып, «Бір Күндік Жарыққа» – жағынып, Тағдыр-Тәркіден – «Сауға» сұрамады: жыласа – жұбату күтпей, құласа – тізесін бүкпей! Соның бір айғағы, аса шамырқанған шағында, Бұ Дүниелік – Иран-Ғайып:
«Бір Күндік Жарық,
Табына алмаймын саған мен,
Табиғаттаспын:
Бүткіл-Болмыс –
Күллі Ғаламмен.
Тарыға да алман –
Кеудемде жанған шырағым
Сөнеді екен деп,
Таусылады екен – деп, алар дем?!
Бір Күндік Жарық,
Кең жаймақ даңқ-құлашын
Бұлбұл мен Дүлдүл
Сұрасын хайыр –
Жыласын?!
Жүдесін сайрап,
Жадасын ойлап, жабығып…
Мен сенен рахым
Тілемен күтіп – расым!
Бір Күндік Жарық,
Сенімен менің бағам бір,
Сәулеңе сәттік –
Қалайша сонда болам құл?!
«Ақын дегенім –
Жақын дегенім Құдайға?!» –
Дүние-Жалғанның
Түн-Кеудесінде алаң жүр…
Бір Күндік Жарық,
Жанымды тербеп нұрларың –
Ғажаптығыңды,
Азаттығыңды жырладым.
Өмір мен Өлім –
Тірліктің тылсым егізі:
Екеуін де сүйдім,
Бірін де нала қылмадым.
Мен де – ғажаппын,
Мен де – азатпын –
Жарығым
Түскен түнекті
Қып-қызыл шоқтай қарыдым.
Өлшем көрмеңдер,
Өзегі өртті Ақынға:
Көрдің бесігін –
Пенденің табыт-қалыбын!
Күйін кешумен
Бір Күндік Жарық-Ғаріптің
Батқан соң қайта
Шықпай ма күліп алып Күн?!
Ақын өлмейді,
Өлмейді Ақын ешуақыт –
Жүрегіндегі
Жарық-сәулесі, Ол, Халықтың!
Халық дегенім –
Күн емей енді немене,
Күн сөнбегенде –
Жарық-сәулесі сөне ме?!
Бір Күндік Жарық,
Әмісе әңгүдік Ажалдың
Әңгіртаяғын
Ойнатпа ұдай төбеме?!
Ойнатқаныңмен
Ажалыңнан мен қорықпан,
Қорқа да қорқа
Жаным мен тәнім зорыққан.
Жазатайымда
Жалғыз ұлымнан айырып,
Көмекейіме
Қорғасынын құйып, қорытқан.
Тіршілік жайлы
Өзгерген түптен ұғымым,
Кешегім менің,
Ертеңім менің –
Бүгінім.
Өз орнымдамын –
Әз ортамдамын қашанда –
Ұзын бола ма,
Қысқа бола ма – ғұмырым!
Бүгін өлем бе,
Ертең өлем бе –
Тартулы
Нар көтере алмас
Тағдырдың жүгі артулы.
Бір Күндік Жарық,
Бір жасап қалу үшін мен
Жарамсақтанып,
Жалайын қалай артыңды?!
Есім – жиюлы,
Ақылым – толық,
Тоқ – санам,
Азғындауға да,
Тозғындауға да жоқ шамам!
Бір Күндік Жарық,
Өзіңді өзің жарылқа,
Жалына алмаймын
Жанымды қалдыр деп саған?!
Құдіреті Күштінің
Ғаламатына қанықпыз,
Екеуміз бірдей
Күн-Анадан қуат алыппыз.
Сен – Аспан аруы,
Мен – Жердің зәруі –
Қос Мұңлық –
Бір Сәттік Сәуле,
Бір Күндік ғана Жарықпыз.
Нұр-шуағың бар
Жан-Шуақты өлең-жырымда,
Дәйімі асықпын,
Менен қашық бол,
Бұрылма?!
Өліп қалар деп
Сен маған аяп қарама,
Өшіп қалар деп
Саған бәйекпін,
Шынында…
Бір Күндік Жарық,
Жоқ сынды сенен еш кемім,
Өліп көрмедім,
Әзірге сен де өшпедің.
Сен өшсең егер –
Менің де мәңгі өлгенім,
Мен өлсем егер –
Сенің де мәңгі өшкенің!..», –
деді.
Бұл – Ұрпақты, Бұ Дүние Ғайыбын: Біз… Осынысы – үшін, сүйеміз!
БИБІ-ИЕ
(Дариға Қадыр-Қожа-Қызы).
ЗАУАЛДЫ ҒАСЫРЛАР ЗАРЫ
Мінезге дауа жоғы рас. Қиын мінезден қашса құтылмастың біреуі осы – Иранбек (ИРАН-ҒАЙЫП) Оразбаев. Тындырған ісіне қарап ішің елжірейтіні және бар. Мұндай адамға өкпе артудың өзі обал. Осы жігіт өзімді ренжіткен бір орайда соған көзім жетті. Ұрсасың да аяйсың…
Іс дегенде Иранбектің поэзиясынан басқа несі бар. Басылымдарға, шаршы топқа, театр сахналарына да жұмсайтыны жалғыз сол ақындық өнері. Әйтсе де, «Көп демей әрекетін, аз демей берекетін ойла» дегендейін, осының сол жалғыз меншігі істен гөрі өтелуге тиісті парызына ұқсаңқырайды. Соны өнікті өтеу үшін жәббәр иесі жәрдемге жіберген бір күш жаңағы қиын, тарпаң мінезбен табыса қалатынын қайтерсің… «Өзін аямаған кісі бетін шиедей қылады» демекші, шын шешен, күрделі ойдың ақынын сіз шындықтың бетін шиедей қызартқан жерінен жыға танисыз. Қызыр сыйлаған қызудың жаңағы қиын, ожар мінезбен отасқан тұсынан ақынның өзіндік ауа райы, өзіндік желі еркін дарқан есіп тұрады. Ұтыры келгенде айта кетейінші, осы «ешкімге ұқсамайтын өзіндік беті бар» дегенді біз жақсы жазып жүргендерге іркілмей-ақ үлестіре береміз. Ол дұрыс емес. Көбісі бірінен-бірі шебер көшіреді. Ендігі жақсы жазу дегеніңіз – бүгінгі мәдениетті жазба поэзиямыздың жалпы деңгейінде болу, яғни өмірдің шартты өлшемі ғана.
Мен Иранбек Оразбаевтың «Батқан кеменің бейбақтары» атты кітабы туралы азыншоғын пікіріме әлгі айтылған шамадан шаң бергізсем деймін. Адамның өмірі мен өліміндей бағы мен соры да екіұдай бүтін. Ақын бейшара тым болмаса соның тепе-теңдігі бұзылмаса екен деп, екі аралықтағы әділет жасағына әлқуат жинасады. Адамның соры үстемдік құрып, ақынның батылдығы басын жұтқан кер заман кері ысырылды десек те, тағылық тағайындаған азапсор әзірге баршылық. Абырой болғанда, Жарлық, Өкім, Заң шығару заманы халық сайлаған Президент пен шын парламент қолына көшті. Бұқараның өзі де бұққанды қойып, құдайшылығын айтуға жарап қалды. Ендігі ақынның ерлігі мен есендігіне кепіл, шүкір, бар. Ендеше бізге ұсақ-түйек тәттіге тамсанбайтын, тежелуді білмейтін иманы түзек Иранбектерді оқу керек-ақ.
Қараңыз: қаталдық көрсек қарғыс оғын атуға даяр тұрамыз. Немене, «Аузын айға білеген Ақсақ Темір көрегендей» арыстанның күшігінде таланғаны өтірік пе?.. Ана құрсағында жатып адам аяғының аяусыз тепкісінен майып болған, көр аузында өлі жатырдан әрең ажыраған шарана өсе келе адамды аяуға құлықсыз, құдай ісіне қол сұғудан да дәмелі болса, сол тақ пен тәжге иелік еткендей қай бағытты қарақтауға да ерікті емес пе?.. Адам атаулының бет-жүзін көрмей тұрып, соның айуандығынан аузы күйгені бар емес пе?.. Кімнің маңдайына «Мынау – бейкүнә», «Мынау – күнәһар» дегенді жазып қойыпты?.. Қылмысының басы ашық Тығырық Темір, Жұдай хандарды тағдырлары қолға көшкенде өлтіре салу оңай. Жұтаған жұртқа жауапкер, тұтқынға түскен дұшпандары – Барлас, Баһрам есімді әмірлерді қолға түспей қашып кеткен Хұсейін әмірдің соңына салмай, бастарын ала салғанда Ақсақ Темір үшін кім опық жегенсіп, ойын, бойын оздырмақ?..Қатыгездігі мен айла-шарғысы өзінен олқы түспейтін, қатал қастығымен досқа бергісіз қасиет танытқан Хұсейіннің әлгілер кесіп әкелген басын құшақтап отырып еңіреудің өзін де қимастыққа саяр ма едіңіз?..
«…Беу, Хұсейін – Ақ берен!
Жеті мәрте жауласып,
Жат шықсаң да жақыннан,
Сенің жолың бөлек еді мен үшін…
Сенің орның ерек еді мен үшін…
Аспанымнан қас-қағымда құлдилап,
Ағып түскен жұлдыздайын құйрықты,
Бейтағдырсың бүгін, бақұлсың!
Тасқаяқтың зар шарындай
Домаланып тұл басың,
Құшағымда қан жоса боп
жатырсың…».
Халық пайдасына ма, қарақан басының қамына ма – бәрібір, жалпы қаталдық дегеніңіз ылғи осылай түбіне оңай жеткізбейтін құпия құдіретке иелік те бермейді…
Осы драмалық дастандағы бейнелеу өнерінің екі шеберіне екі түрлі сыбаға оп-оңай-ақ таратылған. Ұсқынсыз, өзі ақсақ, өзі соқыр әміршіні сол қалпында бейнелеген Шаханидің қолы кесіліп, көзі ойылады да, ақбоз ат үстіндегі сайыпқыран Ақсақ Темірді ақ матаға әдемі түсірген ӘлСапари ибн Отырари Қожа Ахмет Иассауидің мазарын салу дәрежесіне ие болады. Өз елінің зары мен мұңын жеткізген Қоңырат елшісіне «Сенің елің ат белінің айыл астында жаншылған түгі» деу де алпауыт үшін оңайдың оңайы. Түптеп келгенде, осының бәрі әміршінің өзіне өзі тағайындаған емтиханы. Бірақ бұл аз. Қалың бұқараның ұғымындағы Ақсақ Темірді өз құлағымен естіп, ханның тәртіп, тәдбірін танытатын қарулы күш қияпатын өз көзімен көруі шарт оның. Басында Қыпшақ батыры болып ұшырасқан әйелі Жаңылдық пен Ақсақ Темір өзі дәруішдиуана киімін киіп, елеусіз қалың тобыр арасына барғанда өзінің қатыгездігіне де көз жеткеріп, бетіне қараған пенденің жанын жаһаннамға жөнелткіш әскерінің табиғатын да танып-біліп қайтады. Және де жай қайтпай, әскер басының найзасына іліккен әйелінің өлігін аза тұтып қайтады.
«…Кешір мені, асыл жарым –
Жаңылдық!
Өзім қолым өз жағама жармасты.
Хан әскері қаһанына да қарарсыз,
Қату боп шықты, қайтейін…
Бұдан асқан бейшаралық
болмасты!..».
Мұның қай мағынадағы аза тұту екені де әміршінің бір өзіне ғана аян…
Драмалық дастанның аяғында Ақсақ Темір омалып отырып қалады. Оны астын қазсаң бастапқы қалпын бұзбаған қорым деп құптауға да болар. Немесе үкімі оқылып бітпейтін, опығы желініп түгесілмейтін хасқарау деуге де келеді. Неге?!
Адам туабітті табиғатында құдайлық болмысқа ие. Жоқтан бар жасайды. Барды жоқ қылады. Әсіресе соңғысына шебер. Бірақ өмірі өлшеулі. Жаратқан ием адам баласына өзінің санасын беруін берсе де, түбі бақталастыққа басарын біліп, оған тасбақа жасының үштен бірін де қимаған. Адамның бәрі дерлік таразының басын бақ-дәреже басыңқыраған жағдайда өзін құдай сезінеді, ешкімге бас игісі келмей, пенде екенін ұмытады. Ар-ожданнан ажырап, азғын шығады. Құдайға күпіршілік келтіріп, иесін қауып – иттікке басады. Сонда оны өлім ғана тәубесіне келтіреді… Өлімнің бір жақсы жері – осы. Тіршіліктің осы бір қарапайым пәлсапасын Иранбек ақын «Күшігінен таланған» атты дастанда өте сергек сезініп, дәл аңғарған. Алтын тақтың буына есі кете мас болған Жұдай хан Жұлдызнамашының: «Ажалың жүкті әйелдің ішіндегі жеті айлық баладан болады» дегеніне сенбейді. Құдайын ұмытып, тура келген ажалын кебісінің тақасымен тойтармақ болады. Міне, бұл – қасірет. Қолым бір тұтқаға іліккен екен деп былайғыға биіктен қарау – құдайын ұмытқандық, иттік! Ал итке қашанда ит өлімі ғана тиесі. Ойланайықшы, осы қасірет біздің күнделікті өмірімізде де бар емес пе?.. Көзіміз көрді ғой… Кешегі жиырма-отыз жылдан таққа қонған социализм «Жұдайлары» көз алдымызда жалған құдайға айналғанын кім білмейді. Басқаны қойғанда, ақынды ақымақ санағанын қайтерсің?! Сағаты соққанда орнымызды босатамыз-ау деген біреуі болсашы… Бұл арада «Мың асқанға – бір тосқан» қағидасын ерекше еске салады Иранбек.
Зұлымдықтан тек зұлмат туады деу де қате. Райхан гүл көңге шығады ғой. Иранбек бұны да қуаттайды. Жұдай хан зұлымдығы Ұлы әмірші Ақсақ Темір қаһанды туындатады. Ал жарымжан туған жалғыз көзді жаналғыш – Ақсақ Темір – бүкіл әлем сәулетінің көз нұры – Қожа Ахмет Иассауи кесенесін дүниеге келтірді. Бұл бекерден-бекер емес, ойлану керек! Аштық пен репрессия – Тоқырау – Күйреу – Нарық аждаһа! Осы тірі тізбектің соңғы салдарынан шыбынсыз жаздай дәуір дәметіп отырған жоқпыз ба?..
Жаңағы «неге?..» деген сұрақтың жауабы осы арадан келіп шықты-ау деймін. Иә, қорым астында бастапқы қалпын бұзбаған баяғы сол бақ пен сордан, соның шиеленіскен шымшытырық бумасынан да біз өз өмірімізді оқимыз. Зұлымдыққа үкім оқылып бітпейтіні де рас, өкінішсіз өмір жоғы да – аксиома. Бәрін білуін білеміз-ау, тек содан сабақ жасау жағына келгенде санамыз саңырау. Ақын философиясы бізге осы жайларды ескертеді…
Кітаптағы екінші драмалық дастан – «Мен ішпеген у бар ма?..». Енді соған келейік. Әке мен Бала – мәңгілік – адам бар жерде айтылып бітпейтін тақырып. Және өзі қанша жазылса да қайталанбайтын оқиғаның қайнар көзі. Демек, бұл өмір заңдылығы – философиялық категория – бекерге шығаруды бекерге шығару. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» кейін бұл дастанның жазылуын да сол заңдылық деп түсіну керек.
Әркім өз ойына ие. Дастандағы Құнанбайдың аузымен Абайға:
«…Оңбайын деген екенсің,
Бар ағайыннан безініп!
Оңды іске аяқ баспайсың,
Қарына тартпай қасарған
Тамырыңдағы Олжай бабаның
Қаны еместей көрінеді,
Әлде…», –
дегені үшін Иранбекті жазғырғандар пікірімен өз басым келісе алмаймын. Әке баласын тергеуге алып, өз түбін өзі қазып, қанын қастерлемекті талап етсе, оның несі айып?! Солай болып та жатыр ғой. Иранбектің бар жазығы осының осылай боларын күні бұрын көре біліп, айтқандығы ма?.. Кешегі күшті қолмен малша маталған өтірік туыстар бүгін бөлек-бөлек өз табиғатына тартып кетіп жатқан жоқ па?.. Орысты – орыс, жөйтті – жөйт, өзбекті – өзбек, қазақты – қазақ дегеннен не бүлінді?.. Қайта дүние өзінің табиғи болмысына еніп келе жатқан жоқ па?.. Діліміз де, тіліміз де – өзіміздікі, жер де, көк те – солай… Және де Құнанбай Абай емес қой. Қала берді, рушылдыққа қарсы жаратылған Иранбек те емес! Ол өз заманының қажеттігінен, талабынан туындаған ру басыларының бірі тұрғай бірегейі. Осының бәрін өз алдына жинап қойғанда, «Түп тамырыңды шірітіп алма!» деген идеясы үшін Иранбектің Құнанбайы маған Шекспирдің Гамлетінше «Быть или не быть» деп тұрғандай әсер етеді.
Мен Семей, Қарауыл аймағын неше дүркін араладым. Елдегі үлкен-кіші Құнанбай есімін айрықша ауызға алып, аруағына бас иіп отырады екен. Иранбек те осы бағыттан ауытқымай, кейіпкерінің өлгенше өзін, өлген соң рухын дастанның ақырына дейін ардақ тұтып отырады. Шынында тарихтағы Құнанбай өзгенің тағдырын өз төңірегінен кем ойламаған, жалды жаратылған би. Ол Мекке барып, сол жерден мешіт салдырғанда да қазақ атын алыстарға танытты. Ағайынымен де, Абайымен де сол қазағы үшін керек жерінде кетісті. Иранбек дастаны осы бір жаңа пайымдардың (трактовканың) басы. Ендігі жерде қазақ даласының қай жерінен де ұзақ жылдар бойы заңсыз, негізсіз құбыжыққа айналған Құнанбайлар тұлғасы өз тұғырына қайта оралады. Иранбек дастанындағы Құнанбай толғанысын едәуір ықшамдап алғанның өзінде оның жан дүниесі былайша оқылады:
«…Аласымыздың орнына,
Алла тағала берген аса таяқпен.
Артымызға тыным алғызбай,
Түртінектей беретін – өзіміз!
Қарны тоқтың – қайғысы жоқ,
Ашқарақ бала – жылауық.
Тірлігімізді көшкен бұлтқа беріп,
Бірлігімізді басым ұлтқа беріп,
Ірілігімізді пасық қыртқа беріп,
Басты сыйламай, ұяттымызды бұтқа беріп,
Жанды қинамай, тұяқтымызды жұтқа беріп,
Асылды жасықтан жасқантып,
Пысыққа дүйім елді басқартып,
Өсек теріп, сөз аңдып,
Ертелі кеш етек пен ерсі қисайған ауыз бағып,
Әуемен байланып, мақтамен бауыздалып,
Адамилықтан шығып, хайуанилыққа айналып,
Өліміз – ақыреттігімізді,
Тіріміз – киер киімімізді жаттан алып,
Сарттың егіні шықпаса, жемісі өнбесе,
Жігеріміз құм боп,
Аштан қатып, хаққа налып,
Кемел толғанып келешегімізбен тілдеспей,
Келелі елдің құлы, күңі құрлы да күн кешпей,
Жиған малын әкесі баласына қимай,
Қатыны байынан айылын жимай,
Адалды айырбастап, һарам аттап,
Кішісі үлкенін балағаттап,
Тоқал қатындай өр,
Кеселді кісідей ер,
Кедей кісідей кер келіп,
Іркіттей іріп, сүттей ұйымай,
Өлі қойдың тірі етіндей,
Өз терімізге өзіміз сыймай,
Құр күпініп, бос мақтанып,
Сұйылып сиырқұйымшақтанып,
Соры қайнағанды жақын тұтып,
Бағы асқанды жек көріп,
Кірпідей жиырылып, жылқы көттеніп –
Ел болып не оңар екенбіз?!».
Атқа мінген екінің бірі халық бойындағы дертке осынша терең бойлап бара алар ма екен? Бұл арада автор тарапынан әсіреленген түк те жоқ. Қайран қажы атамыз ар қысқанда тек қана осылай тебіренгені халыққа аян. Бүгін екшелесең де осы қасіреттің қанша бірі қанымызда.
Иранбектің қай эпизодта да алаңсыз арқа тұтары – Абайдың ұлылығы. Әкесіне дейін қарсы қойған кер заман Абай даналығын қарға адым аттаған сайын қазбалап аша түседі:
«…Қаталап өлсең де қарарсыз,
Шыңыраудағы зәмзәмнан (утопиядан – Е.Х.)
Шарадағы жайдақ су артық,
Күн көруге малданып!», –
барша тіршілік шөлдеп қалмасын деп табиғат даярлаған сусынмен суысып, тәңір ісін тәрік етпе дегізеді, төркіні нойыс сайыс.
«…Күн ашықта мойнымда,
Күн жауында қойнымдасың, Оразбай», –
дейді Абай. Осы екі жол өлеңнің өзінде: «Сен мені қарғайсың, мен сені қорғаймын» деген адамгершіліктің тәкаппар тағылымы жатқан жоқ па?.. Абай Оразбайға: «Қорлы әкеден құр туған сені көріп кембағал, зығырданым қайнайды» дегенде де қабағы теріс өз әкесінің табиғатына табынып отырған жоқ па?! Осындай әке мен баланың арасына қыстырылып, олардың өзімсінген екеуара сөзінен кім кінәрат таппақ?..
Құдай алдында пендешілігін мойындаған адам Абайдай-ақ болар. Оны да өзінен артық ешкім айтып жеткізе алған жоқ. Несі бар: «Төсімнің қалы сәбидің қарына көшсе несі мін?! – Тұрарлық іс тәубе қыларға!» десе десін. «Жігітті ел мақтаған, қыз жақтаған» деген өлеңді Абайға Иранбек жазып берген жоқ қой. Ал Еркежан жөні тіпті басқа. Ел аузында жесірдің өз қалауы – Абай болған деген де сөз бар. Оны былай қойғанда, қазақтың «Аяулы адамның отын өшірмеу», «Жақсыны жатқа шығармау» қағидасын Абай қалай аттап өтуге тиіс?.. Ол солай болған. Болған істі жасырмайсың деп жазғыру да дұрыс емес. Бұндай бұрылыстардан Абайдың шалғайына шаң да жұқпайды.
Абайдың 150 жылдық мерейтойына бүгінгі Мұхтары жоқ елдің ең бір елеулі тартуы – осы драмалық дастан. Оны соншалық салмақтандырып тұрған тағы бір соны жүйе бар. Енді соған тоқталайық.
Абайдай поэзия пайғамбарына қол жұмсауға дейін барған жетесіздер әрекетіне жеке-дара шүйліккен Иранбек жұрттың бәріне белгілі оқиғадан жаңалық өнбесін, әрине, біледі. Бұл жағын да «Мыңмен жалғыз алысқан», «Моласындай бақсының жалғыз қалған», жалғыздық кесесінен «ішпеген уы жоқ» Абайдың өзі қазбалап айтып берген. Соны білген Иранбек ақын бұл арада бар талантын мүлде басқа мақсатқа сарқа жұмсап отыр. Ұлы ақынның ұлан-асыр тойына исі қазақ баласы қатысып қана қоймайды. «Сөз патшасы – өлең» құдіреті әркімге іштей өз айыбын мойындатып, әркімді тәубесіне келтіреді. Міне, дәл осы орайда, жалпы ақын атаулыға бүгінгі дарақы көзқарас өзгерсе, бүгінгі күннің Оразбай, Күнтуларына өлеңжырсыз өмір тұл екені Президентіміз бен халқымыз тарапынан айтылса, біздің де наламызға назар құласа деген шағыну бар бұл шығармада. Шынында да мына нарықтық қысым басқадан бұрын поэзияның жолын кесіп, өркенін қырқып тастап жатыр. Ол аз дегендей, соңғы жылдары ақындар өз атасының – Абай атындағы сыйлықтан да мақұрым. Сонда қалай, мыңдаған жылдар бойы өмірдің ыстық-суығын халықпен бірге бастан кешіріп келген поэзия енді еркіндік алған елде өлуге тиіс пе?.. Тәуелсіз мемлекетті былай қойғанда, өлең-жырсыз құлдар елін құлағы естіген пенде бар ма екен?..
Драмалық дастанның «Мен ішпеген у бар ма?..» деген Абай сөзімен атауының өзінде «Сен ішпеген осындай да у бар!» деген жауап жатқандай. Оқып көріңіз: ақындық ойдың астыңғы, астарлы қабатынан долы қозғалатын асау ағынға ден қойғыш Иранбек Абайға тиген таяқты – тағдыр-тәлкегін біздің тұсымыздағы поэзияның тәніне дарытады. Қашанда ақынға тиген таяқ – халық жүрегіне түскен жарақат. Оразбай мен Күнтудың бірі: «Өшіріңдер үнін!» десе, екіншісі: «Жағын айыр, қызыл ала қан қылыңдар бет-ауызын Ақынның!» дейді. «Қақ бастан сал!», «Бүйірден теп!», «Белден соқ!», «Енді мұндай ұл тумасын Анадан!», «Жын жайласын бесігін!» дейтіндері тағы бар. Рас-ау, зұлматтар қазақ әдебиеті классиктерінің бір тобын «Алашорда» деп, енді бір легін «Халық жауы» деп құртып жібергенде поэзиямыз айна-қатесіз тап осылай жәбірленген. Оның үстіне бүгінгі әл-күйіміз әлгідей. Осылардың салдарынан сөз патшасы қайыршы қалпына түсті, жыр алдында жығылып тағзым ететін жақыны жатқа айналып барады. Иранбек Абай тағдырын арқалана отырып осынау ауыр ахуалды аяусыз әшкерелейді. Бұл – зауалды ғасырдың зары. Бұған дейін бұл тақырыпта мұншалық мұңлық, әрі ызасы шулығып тұрған жан даусына жолыққан жерім жоққа тән. Сондықтан бұған ыстық ықылас, соны құрмет лайық. Сөйту айыбымыздан арылу үшін де керек.
Кітап мұқабасындағы «Батқан кеменің бейбақтары» деген атқа жоғарыда біз сөз еткен екі дастанның қай мағынада жанасатынын оқырман өзі топшылай жатар. Ал мен тура осылай аталатын ең соңғы, яғни үшінші дастанға онша көп тоқталмаймын. Оған екі түрлі себеп бар. Бірінші себеп: бұның сырына тереңдеп кетер болсам, оңайлықпен айтып тауыса алмаймын (мақала көлемі көтермейді). Екінші себеп: бұл жолы «Мен ішпеген у бар ма?..» атты дастанға арнаулы пікірім сөз арасында қалмасын деген ой…
«Батқан кеменің бейбақтары» атты драмалық дастан жөнінде білгізбек мағлұматым мен өз түйсіктерімнің тұжырымы мынадай: бұл дастанды Иранбек (ИранҒайып) Оразбаев 1979 жылы Мәскеуде,
М. Горький атындағы Әдебиет институтының жоғары курсында оқып жүргенде жазған. Ол кезде біз Иранбектің не жазғанын түсіне тұрып түсінбеген болдық. Заман солай-ды. Енді түсінбеу – қиянат. Батқан кеме – социализм. Бейбақтар – біздер – республикалар… Кемеміз қирады. Қайықта келеміз. Ақын меңзеуіне сенсек, «Жұмбақ жағалауға» жететін, баспана тұрғызып, жерден дақыл, бақтан жеміс өндіретін секілдіміз… Кемені тескен егеуқұйрықты темір торымен көтеріп, бір залым пенде бұл аралға да бізбен бірге келеді екен. Осы зұлматты Адам-Ата, ХауаАнаның көз алдында өлтірсек те, ол зорлаған бейкүнә әйелден (Махаббаттан) перзент қалады екен. Абыройын төккен қорлыққа шыдамай өліп кеткен әз әйелдің нақсүйері Бейкүмән атты Әділет, Әбілет ұрығы – әлгі шарананы екі қолымен төбесінен оздыра көтереді… Оқырман ойын іске қосу үшін берер мағлұматтарым – осылар ғана. Ал енді өз түйсігімді түртіп оятқан не дейсіз ғой? Айтайын. Басқаны қайдам, мен көрген қазақ сарапшылары ақынға көзінің тірісінде көрегендікті теліп дағдыланбаған, оны көпекөрінеу көпсінген. Олар мұндай қасиеттен ада ақындарға да сәуегейлікті өлгеннен кейін үйіп-төгіп үлестіре берген… Бұдан артық бұл бағытта сөз созуға тілім қысқа…
…Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Батқан кеменің бейбақтары» атты көлемді кітап сирек ұшырасатын жыр, достары оқи отырып ойланатын, ойлана отырып оқитын үлкен еңбек…
Хамит ЕРҒАЛИЕВ.
10 қараша, 1992 жыл.
«Халық кеңесі» газеті.
ХАТТАР – «СӨЙЛЕЙДІ»:
ИРАНБЕККЕ
Иранбектің бір өлеңін және Абай туралы бір мақаласын жақында оқыдым. Жас буындардың жаңа бет алысы дұрыстала бастағанына қуанамын. Мастық мақтан надандықтан заман, айығатын үміт бар. Иранбек замана ахуалын терең түсінген адал сезімді жан, үлкен талапты жастардың алдыңғы қатарындағысы деп білемін.
Халқымыздың ауыр наубатымен қатар алдыңда үміт те бар. Сол үміттің басы осы жастар болар деп ойлаймын.
Абай жөніндегі мақаласы терең ойдан, жүрек тебірентер толғаудан туған екені сезіліп тұр. Абайдан үлгі алуға дайын жастардың басы осы Иранбек болар деп білемін. Мұндағы бір жаңа қуанышты лапыз Иранбектің айқын түрде Абай жолымен Исламды тануы. Бұл ең керекті шындық жолы. Соған бет бұрған жастарды біздер жанымыздай жақсы көреміз. Біздердің айтып жеткізе алмай, арман етіп келген дүниені Иранбек айқын ашып айта алған деуге болады. Әрине, көп замандардан бері қалыптасып қалған жалғандық түсініктерден бірден тегіс арыла қою оңай емес, жаңылыс жерлері де көп. Солай бола тұрса да негізгі бағытының дұрыстығына разылық білдіреміз.
Кейінгі бір ғасыр бойында ислам елдерін отарлыққа айналдырған Батыс елдерінің исламға жаппаған жаласы жоқ шығар. Біздің жастар көбінесе соған ұрынып, өз елінің хасиетін теріс түсінетіндері көп. Осы салада біздердің алдымызда, «анық» пен «танықтың» арасын ашу жолында зор істер жатыр…
Абай айтқан ғой: «Бұл Хакимдерден мұрад – мұсылман хакімдері…» – деп. Демек шындықты алдымен ислам хакімдерінен іздеу керек. Сонда ғана адам адаспай хақтың жолын табады. Зор бақыт сонда.
Осы саладан алып қарағанда Иранбектің алдында әлі зор асқар асулар тұр… Мен сол сапарын жақсы аяқтауды тілеймін.
Батыс ғылымына негіз берген де сол ислам ғалымдары. Ол есте болсын. Осы жөнінде Иранбек сынды талапты жастарға Әл-Фараби сынды данадан үлгі алуды ұсынар едім.
Иранбектің жас талабына, шындық іздеген жолына разы болып, сапарың оң болсын, дейміз.
Сәлеммен: Ақжан Ибн Жақсыбек Әл-Машани
(Ескерту: «Хат» – со-күйінде, бір әріпі де
өзгертілместен, беріліп отыр).
СОЛАЙ, ІНІМ…
(Өлеңмен жазылған хатқа жауап)
Інішек!
Білесің бе?
Білесің бе?..
Бұл шақта кім өсуде, кім өшуде…
Сопысы бар өмірдің, сотқары бар,
Соры қайнап, күндерін түгесуде.
Бірі бықсып жатады, бірі жанып,
Бірі күліп жүреді, бірі налып.
…Армансызбен алысқан күнім құрсын,
Армандының артында тірі қалып.
Жақсы айтыпсың,
жаныңа балап… кеңес…
Ары бүтін ағаңның,
Ағат демес.
…Ағаң үшін бұл өмір – ресторан,
Ағаң үшін бұл өмір – абақты емес!
Шарап та емес,
Мәселе – басқасында…
(Болады ғой онымен қоштасуға).
…Шыдайсың ба менімен достасуға?
Етігіңмен су кешіп, тас тасуға?
Мәйханаға сонан соң ұрын келіп,
Ішісеміз, алдымен пұлын беріп.
…Солай, інім!
Ішеді ағаң кейде,
Ішпей сөнген інінің сұрын көріп…
Ішірткісін өздері беріп алып,
Ішкіш дей ме, шынымен мені халық?!
…Ішпе, інім, ішерсің содан кейін,
Алдыменен ағаңды көміп алып…
12 март, 1973 жыл.
Мұқағали Мақатаев.
Алматы.
ӨТКЕН КҮНДЕ – БЕЛГІ БАР:
«…Жоқ, Иранбек Оразбаев қаңылтырдың үстінен брезент сүйреткендей қаңғырлапқаудырлап кететін сырдаң патетикадан аулақ тұра алады екен. Ол көмейіне іркілген ащы жасты байқатпас үшін кеңірдек кенеп, іштегі алай-дүлей сезімді әшкере қылмас үшін қабақ түйе сөйлейді екен. «Мәңгілік Жыры» – соның куәсі.
Иә, мұндай туындылар жаздыру үшін сезім серпінділігі, сөз суреттілігімен қоса үлкен ойшылдық мәдениет те қажет. Біздің көптеген дарынды ақындарымыздың жақсы әсерін сол қалпында жеткізіп беруден әрі аса алмай, бір штрих, бір детальдің – төңірегінде ғана сәтті өлең тудырып, одан асса, тағасы түсіп қалған аттай бүгежектеп шыға келетіні осы ойшылдық мәдениетке, концепциялық жүйелілікке жетісе алмауда.
Иранбек Оразбаев өзінің талай талантты деген қаламдастары сыр білдіріп алып жүрген осы бір қиын өткелден дер кезінде қиналмай өтіпті.
Оған аталмыш жинақтағы «Хайуандық Комедия» атты туынды айқын айғақ. И.Оразбаев творчествосының бұған дейінгі стихиясы негізінен монолог-тұғын: монологуағыз («Процесс»), монологсұбхат (жинақтағы «Сұлулық сарасы», «Бәрі бар менде» атты өлең циклдері), монологтың бұл екі түрінің монологтолғаныс, монологкүйзеліс, монологжоқтау түрлерімен ұштасқан күрделі жиынтығы («Мәңгілік Жыры»). Ақын жаңа шығармасында монологтың осынау сан түрлі құбылма түрлерімен қоса диалогтың, полилогтың алуан қырлы үлгілерін де ұтымды пайдаланады. Сол арқылы шығыстық лироэпостың, шығыстық мифологияның, тарихи жылнамалар мен ғұмырнамалардың деректік арқауын ғана емес, поэтикалық жүйесін де жаңаша сұрыптап, жаңаша қорыту арқылы тек бір ғана ақынның творчествосымен шектелмей, күллі қазақ эпикалық поэзиясындағы жаңа шоқтық бола аларлықтай кезеңдік шығарма тудырған. Ол – әділін айтсақ, бұған дейін оқта-текте ғана бой көрсетіп қалып жүргені болмаса, қазақ поэзиясында тамырын әлі тереңге жайып кете қоймаған ұлттық драмалық поэмамыздың бүгінгі таңдағы аса бір салихалы туындысы. Бізде бір ғана аспапқа – скрипкаға, виолончельге, фортепьяноға, трубаға – концерт жазатын композиторлар сияқты бір сарын, бір әуенде не бір құйқылжыған жырлар туғызып бере алатын ақындар жеткілікті де, ал ың-жың дүниенің шытырман дыбыс әлемін жүйелей саралап, толқымасы мен шалқымасы, серпері мен ақжелеңі, көңіл ашары мен көңіл басар көлегейі бірде арпалысып алысып, бірде айқұшақ қауып табысып жататын көп үнді, көп ырғақты әр сарын, әр ырғақты күрделі симфонияларына бара алып жүрген, бара қалса, олжалы оралып жүрген ақындарымыз кемде-кем. Сондай санаулылардың сирек санатына енді әлгіндей кесек шығарма жазып, ақындық, суреткерлік ой сараптау мәдениетінің өрелі деңгейін танытқан И.Оразбаевты батыл қоса аламыз…».
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
АЖАЛ – СЫНШЫ, ЖАН – СЫНАҚ
Үстіміздегі жылғы мамыр айының аяғында Татарстанның астанасы Қазан шаһарында түрік тілдес елдердің «Наурыз» атты халықаралық театр фестивалі дүркіреп өтті. Бұл сахна сайысының «Туғанлық» деген айдармен Өфе шаһарында да өткізіліп тұратыны белгілі. Екі мемлекет жарыса өткізіп отырар осынау дәстүрлі сайыста бұл жолы елімізден белгілі қаламгер Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» атты драмалық дастанын сахналаған Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры барған-ды. Сапар сәтті болды.
Тетардың белгілі актері (Қорқыт) Балтабай Сейітмамытов «ең сәтті жасалған кейіпкер жүлдесін» жеңіп алды. Сонда Хакас, Тува, Саха, Әзірбайжан, Түрік театрлары «жерге қарап» қалғандай күй кешкені жадымызда. Күшті құрамдағы қазылар алқасы да, сәтімен сұрыпталған сыншылар коллегиясының мүшелері де, кілең бір «сен тоқта, мен сөйлейіндер» болып шықты. Төрағалық міндет атқарған Ресейдің халық артисі, Орынбор орыс театрының көркемдік жетекшісі, әйгілі режиссер Рифкат Исрафилов пен Мәскеулік аса белгілі сыншы В.Я.Калиш басқарған сарапшылар салмағы тіпті қомақты көрінді. А.Б.Иняхин, Н.Карпова, Э.Гафарова, П.Хомский, О.Пивоваров, Б.Щербаков, С.Сайтов,
Р.Эйджзи сынды білгір мамандардың керемет талдаулары талайды тамсандырды. Талаптың күштілігін осыдан-ақ біліңіз!
Олар айтып, біз тыңдадық.
Олардың айтқанын Татар қаласы Қазаннан татқан Дәміміз, жұтқан Ауамыз – куә, Біз Сіздерге, қадірлі оқырман, сол күйі – қаз-қалпында жеткізуді жөн санадық.
Сонымен…
Виктор Яковлевич Калиш– Сыншылар Коллегиясының төрағасы, театр сыншысы (Мәскеу қаласынан):
– Достарым менің… Мен, Қазақ театры қойылымы жайлы сыр шерту үшін, Түркиялық театр сыншысы, құрметті Р.Эйджзи ханымды төрге шақырамын… Біздің бүгінгі өнер-думанымыз осылайша басталады.
Р.Эйджзи – Сыншылар Коллегиясының мүшесі:
– Қойылымның мазмұн-мәні, режуссуралық шешімі және актерлық ойыны тұрғысындағы түбегейлі ойымды жеткізуім үшін, маған қыруар уақыт қажет. Өкінішке орай, ондай мүмкіндік менде жоқ. Сол үшін қысқаша ғана талдау жасап өтсем деймін.
Әдетте, аталмыш дастандар халықтың өміршеңдігі жайлы толғайды… Ал, бұл ретте – басқаша… Бұл қойылымда Әлемдік Таным, Пенделік, Түйсік сиқырлы күшпен мейлінше соны көрініс тапқан… Кәдуілгі қай шығармада болмасын, адамзат баласының ажал алдындағы дәрменсіздігі әшкере етіледі.
Мен алғашқыда жер бауырлап жатып алған Актер ойынын аса қабылдай алмаған едім. Алайда, Көктің құдіретін сезіну үшін, Жер тылсымын толық игеру қажеттілігін, соңынан анық аңғардым. Жерге жақын болған Адамның, қол жетпес Құзар – Құдайға да сондай жақын екендігін ұғындым. Бүкіл мизансценалардың осыған қойылғандығы – мені таң қалдырды. Жер мен Көктің жанды дәнекері – Адам – Актер ойыны тас бұлақтың суындай сыңғырлаған саз тербетіп, өз көрерменімен табиғи жарасымын тапты. Бұған қоса, мен бұл қойылымнан декорация ғажаптығын таныдым. Әлемдік ой-сананың озығы Адамзат баласы да – Ұлы Табиғаттың бөлінбес бір бөлшегі екен. Ол теңдігін Табиғаттан емес, Тәңірден іздейді екен… Ең бастысы, Өмір мен Өлім мәңгі-бақи ажыраспас егіз екен… Мұны Қорқыттың соңғы монологы растады:
«…Өмірді –
Мұншалық сүйгенім:
Өлімге –
Сонша бас игенім…».
Түйіндей айтсам, бұл спек-
такль қай елде, қайсы сахнада ойналса да, ол Стамбул ма, әлде, Санкт-Петербург па, бәрібір, көрерменін тап осылайша таң қалдырып, қайран етер еді…
Мен, шын жүрегіммен, Қазақ театрын тамаша табыстармен құттықтаймын! Адал көңіліммен, ризашылығымды білдіремін!
Сүйіндік Фахеевич Саитов – Сыншылар Коллегиясының мүшесі, театр сыншысы (Башкариядан):
– Сахнамыздың бүгінгі Кейіпкер-қонағы – Қорқыт – ғажайып та ғаламат тұлға…
Қорқыт – экзотикалық ең көне кейіпкер. Мен айтар едім: Қорқыт – классикалық мифологияның қайнар-көзі, бастау-тұмасы деп… Тіпті, Қорқытты – тарихымыздың түпкі тегі десек те – түк қателеспейміз. Олай дейтінім, VII-VIII ғасырда дүниеге келген Ол – Тәңірге табыну мен Ислам дінінің қиылысында өмір сүріп, күллі Түркі тектес халықтардың Ұлы Абыздық сипатына ие болған. Шамандық (бақсылық) пен Шариғат жолын қатар шарлау – Қорқыт бабаның қасіретін де, қасиетін де шексіз молайтқан. Әлемдік рухани екі ағымның тоғысында толағай тірлік кешкен Оның – араласпаған дүниесі жоқ. Ол – Жаратқанның жаратпағанын жаратқан: Табиғатына үңілген, Тылсымға бойлаған, Құдіретті күштінің құпиясын ашуға талап қылған. Ол – екі аяқты, жұмыр басты қарапайым Пенденің қолынан келмейтінін келтірген: Шырғай ағаштан Қобыз жасап – шарасыздығынан шырылдаған ғаріп тіршілік атаулыны сазбен тербеп, жұбатқан… Қара Тобырды – Халық болуға шақырған. Қаһанның қарашысына жасаған қиянатына қарсылық білдірген. Шындықты – өтіріктен арашалаған…
Қорқыт жайлы жазылған бұрын-соңды аңыз-дастандар жетерлік. Оны – оғыздар да жырлаған, қыпшақтар да қиссалаған… Біздің айтқалы отырғанымыз – олар емес! Басқа! Тіптен, бөлек! Біздің айтқалы отырғанымыз – Қазақ Аңызы! Біздің айтқалы отырғанымыз – Қазақ халқының Абызы! Біздің айтқалы отырғанымыз – бүгінгі күн поэзиясының дүлдүл өкілі Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» атты драмалық дастаны!
Иран-Ғайып?! Айтуға сәл
ауырлау есім…
Алайда… Ол, міне, бізбен бірге отыр… Ал оның дүниеге әкелген ғажайып кейіпкері біздің ой-санамыздың – төрінде! Төрінде дейтінім: «Қорқыттың көрі» – өлеңмен жазылған, тағы да қайталап айта кетемін, музыкалық әуенді үнмен – поэзия тілінде жазылған. Барлық халықтардың драмалық шығармаларынан бек хабардар ізденімпаз Адамның – тынымсыз Ақынның қолымен жазылған!
«Қорқыттың көрі» – тұнып тұрған поэзия! Поэзия болғанда да, Түркі тектес халықтардың әдеттегі силлабикалық (буын саны тұрақты) өлең жүйесіндегі поэзия емес, басқа-жаңаша, XX ғасырда өте үлкен төңкеріс жасаған Әлем халықтарының силлабо-тоникалық (екпінді және екпінсіз буындардың кезектесіп келуі) өлең жүйесіндегі ерекше әуен-сазды, әртүрлі-әртүсті әрекетті, күрделі полифониялы, көп қат-қабатты пәлсапалы соны Поэзия! Мен Иран-Ғайып шығармашылығын осылайша түсіндім!
Мұндай қиын «Театрлық дү-
ниені» сахналау үшін, Актер, міндетті түрде, Өлеңнің қалай оқылатындығынан әбден хабардар болуы керек. Бұл ретте, «Музыканың» алға шығуы – шарт! «Музыка» деп отырғаным – өлең! Драмалық
өлең! Олай болмаған күнде, қойылымға арнайы жазылған композитор Музыкасы алға шығады да, драмалық партитура біртұтастығын жояды. Оны кеше Камал театрында көрсетілген татар қойылымынан байқадыңыздар: драмалық жүйе – бір жақта, құрамалық жүйе – екінші жақта қалды…
Аңдадыңыздар ма, сахнада Қорқыт – сөйлемейді, бұлбұлша сайрайды. Сайрағаны – жылағаны, күйініп-сүйінгені! Эпикалық кейіпкердің бұлайша көрініс беруі – таң қалатын нәрсе. Бұған сахна көркін қоссаңыз – ғажап! Тізбелеп көрелік: Ғарыш нышаны… Қиялыңда ғана «көретін» – Рахман Нұры… Жаратқанның жұмбақты жайынан хабар беретін – құпиялы Құбылыс… Құдіретке қол создырар – Құзар… Немесе құлдилы Жар… Құрдымның – қиянат түбі… Не десеңіз де, жарасады! Бір қызығы, мұның бәрі – Түркіше емес, Қазақша! Қазақ даласының Арыстай Талыс сұлбасы. Қазақ Баласының Көк бөрі Ұлу-Тірлігі… Аңқасы кепкен – Арна… Тоны тозған – Жел… Жел айдаған – Қаңбақ-Ғұмыр… Шыңғырған Тән… Шырылдаған жан… Зеңгір көк… Теңбіл Жер… Не, жоғары, не төмен… өтіп жатқан Өмір-Елес… Өлім-Бейне… Қалай ұғасыз, қайтіп қабылдайсыз – еркіңіз?!
Қойылымның басты айтары – не?
Қойылымның басты айтары – шындықтың – хақ әрі жалғыз екендігі! Қорқыттың – Құдай еместігі! Дей тұрғанмен, аңдай білгенге, құдай бола алмаған Қорқыт – Құдайдан былай да емес! Ол да – Тәңір тектес жаратады! Жаратқаны – Қобыз! Қобыз Үні – Құбылыс! Ойлап қараңыз, Қобыз жаратқанға дейінгі Қорқыт – пенде, ал Қобыз жаратқаннан кейінгі Қорқыт – Мәңгі өлместің өзі! Мәселе – осында! Таразылай бастасаңыз, тағылымы таусылмайды – бұл қойылымның! Адамның ғұмыры, Иттің тірлігі сияқты шектеулі болғанымен, ой-санасы – Құдайлық! Тәңірге табыну мен Ислам дінінің тоқайласатын тұсы да – осы тұс! Енді, өзіңіз таңдаңыз: Тәңірге табынамысыз, әлде, Құдайға құлшылық етемісіз?! Екінің – бірі! Қорқыттың да қайғы-қасіретін шектен тыс қалыңдатқан – осы Таңдау деп түсінген жөн! Бұл Дүние есігін еңіреп ашқан Ол, О Дүние дидарын көргісі келмей әлекке түседі: сүйіктісінен безініп, досынан айырылып, әке-шешесінен суынып, бара-бара, Қызыл Қанат Әзірейіл – Ажалмен айтысып, ақырында, Құдіреті күшті Жаратушы-Ие-Алла-Тағаланың өзімен тікелей тілдесуге әрекет жасайды. Осының бәрі – не үшін?! Әрине, саналы адамзат баласының, санасыз тіршіліктегі алатын орнын айғақтайтын – Ұлы Ақиқатқа жету үшін! Адам қалай, қайтып жаратылады, нетіп, нендей өмір сүреді, неге, неліктен өледі?! Міне, Қорқытқа түбіне жетпей тыным таптырмайтын түйткілді тылсым сұрақтар тізбегі – осындай! Ол бұл сұрақтардың жауабын Жер бетінен іздеп таппай, Көкке қолын жаяды…
Әлемдік пәлсапамен әдемі астасып жатқан Иран-Ғайып шығармашылығы – режиссер Жанат Хаджиев тарапынан таңғажайып қолдау тапқан. Драматургиядағы күрделі құбылыс – Режиссерлік құбылысқа ұласқан… Бірін-бірінен ажыратып алуға болмастай. Оған актер шеберлігін қосыңыз?!
…Сөз жоқ, Құдіретті Қойылым!
Виктор Яковлевич Калиш – Сыншылар Коллегиясының төр-
ағасы, театр сыншысы: – Қазақ театрының, Жанат Хаджиевтің кешегі біз көрген қойылымы, талассыз-даусыз, сөз жоқ, күнделікті қарабайыр қағидалы ұлттық ұғымдардан көш бойы озық, бүкіл-
адамзаттық саналы ойға құрылған құнды қойылым. Осы тұрғысының өзінде, әлемдік түйсік-таным тұғырына иек артып, алқынып-жұлқынып-ақ тұр. Анық білетінім: бұл қойылым жайлы пікірталастардың, әрі кереғар, әрі сан алуан болатындығы! Мен ойлаймын: түрікмен режиссері Кахаджан Аширов тәрізді, Хаджиев те бұл тақырыпты игеруге, бас кейіпкердің іс-әрекетін айқындауға келгенде, тағылымы мейлінше тосын, табиғаты мүлде ерекше соқтықпалы-соқпақты қиын тәсіл таңдаған. Әрине, бұл – өмір-өнерге деген тек өзіндік көзқарас- қолтаңбасы бар ірі суреткерлерге ғана тән тәсіл-құбылыс.
Бұл қойылым – тереңдей зерттеліп-зерделенуге тиіс ұлағатты қойылым. Қорқыттың Ажалмен айтысатын көрінісін алыңыз! Әу басында айтысын ожар бастаған Қорқыт, бірте-бірте бәсеңсіп, Ажалдан ыға бастайды. Неге? Әлсіздік пе? Жоқ! Күштілік! Күштілік тағылымы! Қорқыт – өзінің шама-шарқын әбден біледі. Өзіңді-өзің білуден асқан Күштілік болар ма?! «Өзіңнен зор шықса – екі көзің сонда шығадының» кебін кигісі келмейді. Бұл жағдайда, Қорқыт ахуал күшіне емес, ақыл-қуатына сенеді. Дүниедегі ең Ұлы Құдірет – Ақыл… Құдай ақымақпен жолықтырудан сақтасын! Ақылың асса – алмайтының болмайды! Актер – жадына осыны мықтап сіңірген. Бәлкім, режиссердің айтуымен болар?! Асылы, драматургия – солай…
Менің әріптестерім айтқандай, Қорқыт тығырыққа тірелген тұсында – қаймығып-пәстенбейді, керісінше, жайлығып-кәстенеді. Ортаймайды – толысады. Құлдиламайды – құзарланады. Өйткені, райы – иік болғанымен, рухы – биік!
Қорқыт жан мәселесіне қалай қарайды?! Салыстырмалы түрде, сын көзімен қарайды. Ажал – сыншы. Жан – сынақ. Сынақтан сүрінбей өту – Күштілерге ғана тән. Мәселе, жан беруде емес, жан сұрауда! Әкеден, Шешеден, Достан, Көңілдестен… жардың жаны – саудаға салынбасқа керек! Ол өзі-ақ береді! Аңдап қараңыз,
құдды Құдіретті Күштінің қыл-көпірін орнатқандай Қорқыт – Жер бетіне! Бұл – не? Құдайдың көктегі кәріне наразылық па?! Сарказм болар?! Жоқ! Дайындық! Арылу! Тазару! Жанның –
Аманаттығын айғақтау! Жер бетінде, адам үшін, жаннан да артық құндылықтар барын анықтау! Әрине, мұндай драмалық шешімге келу – автордың да Исполиндік Тұлғаға қатысы барын аңғартады!
Ең ғажабы, бұл қойылымда, өз кейіпкерлерін сомдаған Қазақ театрының артистері түгелдей – Исполиндік… Шыны – сол. Таң қаларлық жәйт. Ұсағы жоқ! Шеттерінен – ірі!
Сөзімізді аяқтай келе айтарым: Қазақ театрының осынау қыруар табысына, Біздің ежелгі досымыз, кәрі тарлан Әзірбайжан Мәмбетовтің де қосқан сүбелі үлесі барлығы… «Әке көрген – оқ жонады…» емес пе?!
…Міне, менің бұл қойылымға деген, қысқа қайырымды, жеке-дара көзқарасым. Шын мәнінде, Қорқыт-Қойылым – қырық қатпарлы қиынның құпия түйініндей. Тылсым, Тенчурин театрында өткен кешегі тамаша – осы сөзімнің жанды дәлелі.
Бәрін де көзбен көріп,
бәріне де куә болған
профессор – Әшірбек СЫҒАЙ.
Қазан шаһары.
Тамыз, 2002 жыл.
ИРАН-ҒАЙЫП
КОЛХОЗ БАСТЫҚ – ӘБІТАЙДЫҢ БАЛАСЫМЫН…

* * *
«Нет, я не Байрон, а другой…
…Я – или Бог – или Никто!».
Михаил Лермонтов.
Мен де,
Михаил,
Басқамын,
Басқа…
«Ноқтасыз» –
Қасқамын:
Кештеу туылып,
Қайран-ай,
Ертелеп –
Өле бастадым!
Ұлым:
Меңіреу –
«Мақұлық»!
Қызым:
Еңіреу –
Аһ ұрып!
Табыттанамын –
«Кебінсіз»,
Танымым:
Ұйыққа –
Батырып!
Жегі-Құртымын –
Сананың:
Бітеумін –
Жанды-Жарамын!
«Қуыршақтанып» –
Бітіп ем,
«Құбыжықтанып» –
Барамын…
Ішім симайды –
Сыртыма:
Көнбестей –
Жазымыш-Ырқына!
…Жан-Азалаймын –
Жырымды:
«Көрсіз» –
Көмусіз…
«Жұртыма»!
Солай,
Михаил,
Басқамыз:
Құдайлық –
Хақтық-Хоштамыз!
Бұ Дүниенің –
Тылсым-Есігін:
Жабуымыз –
Үшін…
Ашқамыз…
* * *
«…Мысалы, жершілдікті алайық.
Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды».
Нұрсұлтан Назарбаев.
«Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» –
Тұжырымдамасынан.
Уай,
Жезде?!
Арқадағы –
Туысқаным!
Жазымыш –
Солай…
Болғасын,
Жуыспадым!
Сен –
Болсаң:
Астананың –
«Нұр-Төрінде»…
Мен –
Сырда:
Қапас –
«Абай-Қуыстамын»!
Арқа!
Арқа:
Саған –
Ая…
Маған –
Арман!
Қорынбан,
Тағдырыма –
«Тағаланған»!
«Алланың –
Добы емес пе,
Адам –
Басы»,
Замана Желіменен –
Домаланған!
Көкшені
Иен жайлаған –
Кемел едік…
Шер –
Қауып,
Шемен,
Жұттық,
Шегеленіп:
Арғы Атам –
Ер-Қырғызбай,
Шейіт –
Болған…
Барғанда –
Сыр Бойына,
Кенеге –
Еріп…
Арқары –
Ауып,
Жел-Құзы –
Азынаған,
Әз-Мекенде,
Көз –
Жұмған,
Жазы-Бабам…
…Одан –
Соңғы:
Бар-Жоғым,
Сырға –
Келіп,
Топырақ –
Құшқан…
…Мен –
Әлі…
Әзір –
Аман…
«Ел» –
Оңар ма:
Ақынын –
«Дүрелеген»!
«Дүре» –
Өледі…
…Мәңгі –
Өмір,
Сүреді –
Өлең!
А,
Құдай!
«Бұқарларды»
Аһ –
Ұрғызып,
Тұлдаймыз –
Туылмаған:
«Бір –
Енеден»!
…Сырым –
Менің:
Жүрегім!
Жан-Асылым!
Жанары –
Жасқа толған…
Қарашығым!
Мен –
Туған,
Жердің –
Атын,
«Абай» –
Қойған:
Колхоз Бастық –
Әбітайдың Баласымын!
…Қоғам-Жұт –
«Төтен-Мырза»,
«Тосын-Байлар»:
Жұрт –
«Тонап»,
Ұлт –
Нәсібін жесуді ойлар!
Мені –
Қой-ш…
Қобыз-Киені –
Қырық Жыл Бойы,
Қудалап,
«Қорқыт» –
Қылған:
«Осындайлар»!
…«Дәурені» –
Өтер…
Боқы-Пенделердің!
Сырыма,
Қай –
Жұмақты,
Тең –
Көрермін!
…Тексіздер,
Терең Қазған –
«Қорқыт-Көрге»,
Еңкеймей,
Еніп –
Өлу:
Ең –
Керегім!
* * *
(Элегия)
«Менің Пірім – Сүйінбай…».
Жамбыл.
Сүйінбай –
Жамбыл-Ата
Пірі емес пе,
Ал,
Жамбыл –
Ақындардың
Дүрі емес пе?!
«Дүрін» –
Төрге шығарып,
Науан-Қазақ,
«Пірін» –
Босаға аңдытып
Жүр емес пе!
«Дүр»
Өлеңін –
Жатқа айтып…
Бүкіл Ғалам,
Уақыт Тілі –
Тоқтаусыз тықылдаған…
…«Пірдің»
Жырын –
Ауырлап,
Зар –
Илердей:
«Ақ-Орданың»
Сүйегі –
Сықырлаған?!
Жамбылға:
Жарасады –
«Гүл-Керімдеу»!
Сүйінбайды:
Сияқ па –
«Құр-Кебіндеу»?!
Әуел –
«Құдай»…
«Пайғамбар»…
Солардан –
Соң:
«Пір» –
Ілгері,
Білгенге,
«Дүр» –
Кейіндеу!
Қалай,
Қайтіп жұбатам –
Алаң-Елді:
Мұң қапқандай,
Шер меңдеп –
Дала-Белді?!
…Бұ Дүние
«Пір» көргелі –
«Екі Ғасыр»,
«Дүр»
Жасы:
«Жүз Жетпіске» –
Жаңа келді…
«Екі Ғасыр» –
«Иен-Байлық»,
Тойламай ма?!
Тарих Қойнауына –
Бойламай ма!
«Сүйінбай –
Ұмыт болса:
Қазақ –
Ұмыт…
Мен де –
Ұмыт боламын!» –
Деп,
Ойламай ма?!
«Дүр»
Атында –
Облыс…
Аудан…
Ауыл,
«Пірдің»
Шеккен «Мехнаты» –
Таудан ауыр!
«Бұрын шыққан –
Құлақтан,
Озған –
Мүйіз»:
Миға –
Тыным бермейді…
Ойға –
Дамыл!
Сүйінбай –
Пір,
Жамбыл –
Дүр,
Мен –
Бір Ғаріп:
Қасірет –
Жұтып,
Қайғы –
Ішкен,
Кер-Құнданып!
Айыр-Тілім:
Арсызға –
У
Шаша-шаша,
(Таң –
Бозы едім…)
Барамын –
Тарғылданып!
…«Қорқыт Көрі» –
Қазылған:
Алдым-Артым!
Кер-Кеткенге:
«Жыр-Мәйіт» –
Болды…
Нарқым!
«Сиынған»:
«Нән-Дөйімнің» –
Жоқтығынан:
«Өлім-Тірім» –
Атаусыз қалды,
Бәлкім?!
(«Елуім» де,
Өткен-ді –
Еңіреумен:
На-Хақ –
Жазым…
«Тұлыпқа» –
Мөңіреумен
Һәм
Нә-Мақұл
«Таяқ» –
Жеп,
«Тәһит» –
Көріп,
Түк сезбейтін
Тұл-Надан –
«Меңіреуден»!)…
«Шендінің»:
Кем кезіктім –
Тектісіне,
Көп түстім,
Тексізінің –
«Тепкісіне»!
«Тепкін –
Міскін»:
Жекініп –
Тұрар болса,
«Жетпей-ақ» –
Қойсам деймін,
«Жетпісіме»!
(Құдайым,
Берер болсаң,
Шулатпай бер,
Көзімді-Көңілімді –
«Сулатпай» бер?!
Бұйырса –
Ризамын,
Мен –
«Марқұмға»,
Қасынан –
«Мұнарымның»,
«Тулақтай» –
Жер!).
Арқалаған,
«Сүй-екем» –
«Аманатын»,
Мейлі,
Мен-ақ –
Болайын:
«Өләл –
Ақын»!
Сырда –
Туған:
«Гөй-Сұмдық» –
Болайын-ақ,
«Аңсыз» –
Сөйлеп,
«Арандап» –
Омалатын!
Заман –
Езгін!
Ұлт Көңілін –
Басқан Күйік!
Жердің Беті –
Былғаныш!
Аспан –
Былық!
Жаным –
Азып,
Жүрегім –
Қан-Жылайды:
«Боқ-Қарынға» –
Қор болып…
«Бастан» –
Биік!
Қоғам:
Соғып…
Ұйытқыған –
Құйындайын!
Ертеңім –
Бүгінімнен де,
Қиындайын?!
…Ұрандап,
«Үш Жүзімнің» –
Басын қосқан:
Тәуелсіздік-Тәубемдей –
Сүйінбайым!
Иә!
Ол –
Данышпан,
Дана,
Ұлы емес пе?!
Жырындай:
Мәңгі-Бақи –
Тірі емес пе!
…«Қырық-Пышақ»:
Ұлт-Ұлысты –
Ұйыстырып,
«Нұрланып»,
Көктен –
Жебеп…
Тұр емес пе!
* * *
(Менің Ғұмыр-Намам)
…50:
Кемеліңе –
Келу.
60:
«Әртіс» –
Әр-Түс…
70:
«Жеп-Тыш».
80:
«Жермен-Жексен».
90:
«Жоқ» –
Сан…
100:
«Інге» –
Кірген,
Із…
* * *
(Қадари-Хәл)
«Жақыныма –
Қадырым жоқ:
Бетімді –
Көреді!»
«Қатыныма –
Қадырым жоқ:
К….ді –
Көреді!»!
…Туған-Балама –
Қадырым жоқ:
Қылығынан –
Қорқады!
Әкім-Қарама –
Қадырым жоқ:
Былығынан –
Қорқады!
«Қыртыма» –
Қадырым жоқ:
«Бұл-Бұл» –
Сайраған!
Ұлтыма –
Қадырым жоқ:
Соры –
Қайнаған!
Еліме –
Қадырым жоқ:
Тимейді –
Себім!
Жеріме –
Қадырым жоқ:
Жетесіз –
Менің…
Қоғамға –
Қадырым жоқ:
Ақынмын –
«Өгеймін»!
Адамға –
Қадырым жоқ:
«Тақырмын» –
Кедеймін!
Зар-Тұтқын –
Күйдемін:
«Түрмемде» –
Үйдемін…
Қартайдым –
Қажыдым:
Таусап –
Жан-Азығын!
* * *
Қазағымды –
Ойласам,
Ұлтымды:
Жылағым –
Келеді,
Біртүрлі…
Жерімді –
Ойласам:
Жылағым –
Келеді!
Елімді –
Ойласам:
Жылағым –
Келеді!
Өлмейтін,
Кім –
Бар-ды?!
Жылағым –
Келеді:
Көрімді –
Ойласам,
Жататын…
…Тілімді –
Ойласам…
Күнімді –
Ойласам,
Бататын…
* * *
Құжынап,
Құмырсқалап –
Жорғалаған,
Оң-Солым:
Ұран-Жерік –
Талғақ-Адам!
Жырымнан,
Жүрегі –
Айнып,
Лоқсып-Құсқан:
Мен,
Бұлардан –
Безініп…
…Қайда –
Барам?!
Жә!
Кетемін,
Жақында…
Кетем!
Кетем!
Белгісіз,
Басқа –
Жаққа…
Төтен –
Бөтен!
Кетемін!
Кетіп,
Лайық –
Болмысыма:
Ғайыби –
Әлеміме…
Жетем!
Жетем!!!
* * *
Пір –
Тұтқаным:
«Соқыр»,
«Мылқау»,
«Тас-Керең»!
Ал,
Мен –
Болсам,
Ең –
Есуас-Ақынмын:
Көңіл –
Кірін,
Көзден аққан –
Жаспенен,
Жуып…
Өмір –
Сүрген болып…
Жатырмын!
…Қасірет –
Жұтып,
Қайғы –
Шеккен,
Бір –
Мен бе?!
Оңым-Солым:
Өлі –
Ұйқылы…
Кіл –
Ояу!
Бұ –
Дүниеде:
«Боқ» –
Бітірмей…
Жүргенде,
О –
Дүниеде:
Не –
Істемекпін,
Құдай-ау!
* * *
Шын –
Сүйесің,
Сен –
Мені!
Сүйетінің:
Жан-Шоғыма –
Үйтіліп-Күйетінің!
Перзент –
Өлең…
Періште –
Жыр-Ғайыпқа:
Сүйіліп –
Жатып…
Сүттеніп –
Иетінің!
Шемен –
Ақын-Жүректен,
Шер –
Кеткен бе?!
Иманыңдай –
Ұйыймын,
Сен –
Деп,
Мен де!
Өліп –
Кетіп-Баратып…
Тірілемін:
Жар-Бесікте –
Жөргексіз…
Тербеткенде!
* * *
Ақ-Мұнар –
Ақлан-Көкландап,
Ғажайып түске малынтып:
Құрықтап –
Құрсап-Қорғандап,
Пенделіктен –
Мүлдем… арылтып…
Махаббаттың
қиямет-салмағы,
Түскенде ғаріп-басыңа:
Ұмыт боп
Дүние Жалғаны,
Қаратпас –
Кәрі-Жасыңа.
Не білер –
Өліп-Сүймеген,
Бал-Уына –
Ессіз…
Тояттап:
Ирани шайыр күйменен,
Өмірімді –
Келем…
Аяқтап…
* * *
Жабылып –
«Жан-Азалап»,
«Жерлеп» –
Демде…
Сен –
Жалғыз қаламысың,
Ел –
«Кеткенде»?!
…Өзіңсіз –
Өмірімсіз –
Қалай жатам:
Көм-Иіп,
«Көр-Бесігім» –
Тербеткенде…
Тұншығып –
Көз-Жасыңа…
Тұрармысың,
Сенсіз –
Шын…
«Өліктігімді» –
Ұғармысың:
«Кебінінен» –
Аластап…
«Ғайыбыңды» –
«Тірілтіп»…
«Мәңгі-Хоштан» –
Қылармысың…
Марқұм…
Мәйіт –
Күйімде…
«Кір» –
Жоламас:
«Хас-Тылсымға» –
Айналсақ…
«Тыр-Жалаңаш»…
* * *
(Менің Кодексім)
Айнып,
Алтын –
Басыңды,
Бақыр –
Етпе!
Һадалды –
Ас ет,
Һарамлы –
Мәкүрікте!
Адам –
Болу:
Өмірден
Хайуанданбай
Өткеніңді –
Айғақтау –
Ақыретте!
* * *
І.
Тән –
Суып,
Сарқылғанда –
Қуат-Күшім:
Мен –
Өлем…
Сен –
Өлмейтін…
Сияқтысың!
…Құпиясың!
Жұмбақсың!
Шыбын-Жаным!
Тылсымсың:
Жауап-Бейне –
Сұрақ-Пішін…
ІІ.
Жаным-Шыбыным,
Сойқансың!
Шырын –
Шырылың…
Масқара?!
Сойқан –
Емессің,
Сайқалсың!
Менен –
Кетсең…
Лез –
Басқаға…
Ауысып,
Әуел –
Қалпыңша:
Қонасың,
Бақ боп –
Басына,
Астына –
Тақ боп…
…Артынша:
Айналып –
«Құлпы-Тасына»!
* * *
(Иран-Гөй)
Бұ –
Дүниемді,
Ұршықтай –
Үйіремін:
Сүйем!
Сүйем!
Сүйемін!
Сүйілемін!
Сүйсем,
Танып –
Есімнен…
Ал,
Сүйілсем,
Жапырақтап,
Сәмбі-Талдай –
Иілемін…
Көзбен –
Сүйем,
Сүйілем –
Көңілменен,
Сүйіп,
Сүйілсем:
Ауадай –
Жеңілденем!
Сұр –
Жыландай,
Мойныма –
Оратылып,
Босатпайды:
Кейбір –
Сәт…
Өмір-Көген!
Жатқандайын –
Ақталып,
Жар –
Алдында:
«Зораңды» да –
Сүйемін,
«Сораңды» да!
Құдайым –
Жаратқанын,
Түгелімен…
Сүйе –
Білмеу:
Ақынға –
Маған –
Күнә!
Сүйемін –
«Аланы» да,
«Құланы» да!
Сүйілмеу,
Сүймеу:
Ауыр –
Күнә!
Күнә!!
«Күнәмнан –
Арылам!» –
Деп,
Таң –
Күзетіп,
Түсемін,
Тағдырымның –
Сынағына!
Жанмен –
Сүйем,
Сүйемін –
Жүрекпенен,
Сүймей –
Сүйілмей:
Мен,
Қалай –
Құдіреттенем?!
Шыбыштың –
Құйрығындай:
Шошаң-Шошаң –
Шонтық,
Келте…
Шолақ –
Қой…
Ғұмыр,
Әт-те-ген…
Сүйем!
Сүйем!
Сүйілем –
Бәріңе де!
Сүйінем –
Жасыңа да,
Кәріңе де!
Сүюдің,
Бал мен Уын –
Таусасам да,
Айызым –
Қанбай,
Аһ –
Ұрам,
Әлі…
Неге?!
…«Орысты» да –
Сүйемін,
Орманымен!
«Қытайды» да –
Сүйемін,
Қорғанымен!
Ұлт,
Ұлысқа –
Бөлмеймін,
Сүйе –
Берем,
Туылғанды:
Табиғат –
Толғағымен!
Хақтың –
Һаділ-Заңына –
Бағынамын:
Сүйіп,
Сүйіліп…
Күнәмнан –
Арыламын!
«Ақын –
Өлген екен ғой…» –
Дей,
Беріңдер:
Сүйілмей,
Сүйе де алмай…
Налыған –
Күн!