СӨЗІ САЗ, ӨЗІ НАР ТҰЛҒА
09.06.2017
2384
0

(Дидағаң, Дидахмет Әшімханұлы туралы толғаныс)

Жер басып тірі жүргенде, Дидахмет Әшімханұлы маусымның 10-ында 67 деген асқаралы жасқа жетер еді. Жанымызда отырып, әдемі де жарасымды әзілдерін ағытып: «Кәне, балалар, ағаларыңның туған күні боп қапты, «ыпторойдың» тәуірін жеп қайтпаймыз ба?» дер еді. Иә, дер еді… амал не, бүгін ол кісі туралы тек өткен шақта ғана сөйлей аламыз. Арамыздан сұм ажалдың алып кеткеніне де екі жылдың жүзі өтіпті-ау. Уақыт құрғыр сол. Сағымдай сырғып, өмірдің қалай өтіп кеткенін білмей де қаламыз.

Кейде естелік жазудың өзі зор қия­метке айналатын кездері де бо­ла­ды екен. Дидағаң мен үшін орны тол­мас ерекше жан, сондықтан да бо­лар, ол кісі туралы жазу маған бі­раз қиындық тудырды.
Дидағаңның атына, даңқына ер­теректен қанық болып жүр­ге­німмен, етене таныстығым, аралас­ты­ғым «Түркістан» газетіне қыз­мет­ке орналасқан күннен басталды. Оған дейін, шынын айтсам, ол кі­сі­нің шығармаларын да оқымаған едім. Дидахмет ағай менің рухани өсуі­ме, жетілуіме тікелей бағыт-бағ­дар беріп, зор үлес қосты. Тіпті, осы «Түркістан» газетіне ор­на­ласуы­ма, ол кісінің де ықпалы болды дей аламын.
Өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­ры­ның басындағы шырғалаң, дү­ниені дүр сілкіндірген алып империя – КСРО-ның құлауы, пост кеңес­тік кеңістікте жаңадан 15 рес­публиканың бой көтеруі әлемдік гео­саясаттың бағытын мүлдем күл-тал­қан етті.
1993-1999 жылдардағы ауыр ке­зеңді еске алсақ, бүгінгі дағдарыс оның қасында жіп есе алмай қа­ла­тын секілді. Сөйтіп, 90-шы жыл­дар­дың басында ашылып, қазақ ру­ханиятының дамуына үлес қоса бас­таған, түрлі плюралистік идея­лар­ды дамытуға мұрындық болған біраз қазақ басылымының басына күн туды. Мен сол кезде «Қазақ Елі» еларалық басылымында жұмыс іс­теп жүрген едім. 1998 жылдан бас­тап, қызметкерлерінің айлық жа­лақысын төлеуге мұршасы бол­ма­ған басылым бізді ақысыз де­м­-
а­лысқа жіберуге мәжбүр болды. Ал 1999 жылдың жазында, өз алдына жеке отау болған «Қазақ газеттері» ак­ционерлік қоғамының құрамына «Қазақ Елі» басылымы енбей қал­ды. Оқырман санының аздығына және қаржысының жоқтығына бай­ланысты бұдан былай газет жұ­мысын тоқтататындығы мәлім бол­ды. Дүниеде жұмыссыз қалған­нан асқан қандай қорқыныш бар екен. Жүрегіміз лүпілдеп, бұлың­ғыр болашағымызды болжай алмай, Гоголь көшесіндегі алып ғи­ма­ратта отырған «Қазақ газеттері» ак­ционерлік қоғамының қабылдау бөл­­месінің есігін имене қақтым. Жұ­мабек Кенжалин аса бір мә­де­ниет­ті, биязы адам екен. Тым жы­лы қабылдады. Менің жазған­да­рым­мен таныс екендігін, жазу сти­лімнің «Түркістан» газетімен үй­лесетіндігін, сол үшін сонда ба­рып бағымды сынағаным жөн екен­дігін айтты.
1997-1998 жылдары Қалағаң, Қал­тай Мұхаметжановтың өтініші бойынша, төте араб жазуындағы бі­раз қолжазбаны машинкалап, ки­риллицаға түсіріп бергенім бар еді. Ішімнен үміт оты жылты еткен­дей болды да, тұтанбай жатып қай­та сөнді. Қалағаң қазір газеттің құр­метті бас редакторы екен, негіз­гі шешімді Шәмшидин Паттеев қа­былдайды деді. «Өзім Шәм­ши­-
д­ин­ге хабарлап айтып қоям. Барып, жолық!», – деді ол кісі сенімді түр­де.
Бүгінде шығармашылық жо­лым­да ойып орын алатын, жур­на­лис­тік шеберлігімді шыңдаған, ой­дан-қырдан ақпарат жинауды, оны сараптап қорытуды үйреткен «Түр­кістан» газеті ол кезде Бө­ген­бай батыр және Сейфуллин кө­ше­лері­нің қиылысында орналасқан. Екі қабатты ескі сары үйдің есігін күн­де күзетеміз. Шәмшидин аға әл­де бір шаруалармен іс-сапарда кө­рінеді. Келіп қалар деген дә­ме­мен бірнеше күнді өткіздік. Ақыры, Шә­кеңнің де қарасы көрінді-ау… Жұ­мабек ағай сәлем жолдаған се­кіл­ді, аты-жөнімді естігенде, аса таңырқаған жоқ. Бірақ менің жаз­ған­дарыммен таныс емес екен.
– Жазғандарыңды көрейін, бі­раз мұрсат бер, – деді Шәкең, шы­ға­рып салып жатып.
– Иә, мен жазғандарымды жи­нап-теріп жүруші едім, соны әкеліп бе­рейін. Әйтпесе, қайдан іздеп оты­расыз? – дедім.
Ертеңінде жуан қара папкамды ар­қалап, «Түркістанның» есігін та­ғы сығаладым. Шәкең өзінің бірін­ші орынбасары Дидахмет Әшім­ханұлын шақыртты:
– Мен Дидағаңа сенем әрі кадр­ды да осы кісінің ақылымен қа­был­­даймын. Алдымен жазғанда­рың­­мен таныссын, сосын шешімін айтсын, – деді Шәкең Дидағаңа бұ­ры­лып.
Дидағаң бізді І қабатта орна­лас­қан кабинетіне бастап жүрді, аты-жөнімді, бұған дейін қайда істегенімді тәптіштеп сұрады. Бі­рақ «қай жақтансың? Қай рудан­сың?» деген сұрақтар қойылған жоқ. Осы күнде тамыр-таныссыз, ру­лық-жүздік көзқарассыз, жер­шіл­дік тәмсілмен жұмысқа қабыл­дайды деген жалған түсініктердің шын зиялы үшін ауылы алыс екен­дігінің тағы бір көрінісі.
Күн жұма еді:
– Дүйсенбі таңертең келерсің, ай­налайын. Оған дейін мен мына папканы ақтарып көрейін, жазу қары­мыңды байқайын. Шешімімді со­сын айтармын, ал бара ғой, – де­ді Дидағаң аса бір мейрімділік­пен.
Үш күн, үш ғасырға созылған­дай болды. Менің ендігі бүкіл тағдырым қара папканың ішіндегі жазулар мен Дидағаңа тәуелді. Ол кісінің кір­пияздығы қандай, менің жаз­ғандарым көңілінен шыға ма, ма­ған ризашылығын бере ме? Шүкір, бұл күндерді де артқа тастап, Дида­ғаң­ның есігін имене қақтым. Дида­ғаң мені көргенде, қуанғандай кө­рін­ді. Сонысының өзі маған ерек­ше үміт сыйлады.
– Келе ғой, айналайын! Менің де­малыс күнгі ермегім сенің мақа­ла­ларың болды. Ең бастысы, сенде шұрайлы тіл бар екен, – жүрегім бір аунап түскендей болды, – мәселені алыстан орағытпай, төтесінен жазады екенсің. Жалпы, маған жаз­ғандарың ұнады. Қыз баланың жур­налист болуын онша қаламау­шы едім. Сенің қолыңнан келеді деп ойлаймын, іске сәт!
Сөйтіп, Дидағаңның батасымен «Түркістан» газетіне қызметке ор­наластым. Сол күннен бастап, Ди­дағаң маған тікелей нұсқау бе­ріп отырды. Жазғандарымды грам­матикалық және стилистика­лық тұр­ғыдан түзететін де өзі. Біз ол кі­­сіні – «Түркістан» газетінің идео­логы, идея генераторы дей­тін­біз. Өзі ұсақ-түйекті жазуды жаны сүймесе де, бізге үнемі жаңа айдарлар ашып беретін. Сол кісінің ақы­лымен газетте «Олар қазақ мек­те­бін­де оқыған», «Ол және ол ту­ра­лы» атты айдарлар аштық. Осы ай­дар­ларды жүргізу барысында қазақ тарихында ойып орын алатын талай тұлғалар жайында жазуға мүм­кіндік алдым. Болатхан Тайжан, Ге­рольд Бельгер, тіпті тұлғалық қа­­сиеті қайшылыққа толы Әліби Жан­гелдин, Айтан Нүсіпхан… Ай­т­а берсең, бұл тізімді біраз созуға болады. Соның ішінде маған ерекше әсер еткен бірнеше тұлға болды. Олар – Айтан Нүсіпханұлы, Герольд Бельгер және Болатхан Тайжан бо­­латын.
Қытайдағы қара орман қазақ­тың арасынан оралған саясаткер Айтан Нүсіпханұлы жайында жазу үшін оның үзеңгілес досы, «Жас тұл­пар» ұйымын бірге құрған идея­­­ласы, қоғам қайраткері, мә­дениеттанушы Мұрат Әуезовтен сұхбат алдым. Сол Мұрат Әуезовтің қазақтың қилы тағдыры туралы айт­­қаны әлі күнге дейін есімде. «Шығыс Түркістан қазақтың беті жабулы кітабы деуші еді марқұм Ай­тан. Егер, айқара ашылған кі­тап­­тың бір беті ғана оқылып, екін­ші беті оқылмаса, ол кітап шала оқыл­ған болады ғой. Қазақтың та­ри­хы да солай. Егер, Шығыс Түр­кіс­тандағы қазақтың тарихын зерттемесек, олардың шетте қалу тари­хынан бейхабар болсақ, онда қа­зақтың тарихын толық білдім деп айта алмаймыз дейтін. Біз қазір тарихымыздағы ақтаңдақтарды әлі аша алмай келеміз» деген еді сонда Мұрат аға. Шын мәнісінде қазақ та­рихы шала оқылған кітап секілді. Тек Шығыс Түркістан тарихы ғана емес, тағдыр тәлкегімен әлемнің 40-тай еліне шашыраған қазақтар­дың шынайы тарихы жасалмайынша, біздің рухымыз сол шала жансар күйінде қала бермек. Дидағаң Алтайдан бір асу асса аяғы жететін, арғы бетте мұнартып жатқан қа­зақтардан өз тағдырын бөліп қар­а­ған емес. Сондықтан да Айтан Нүсіп­ханұлы жайында арнайы бет ұйымдастырып, оның өмірлік ар­ма­нының не болғанын қара орман оқырмандарына жеткізуді мақсат етті. «Қандастарымыз – қара ор­маны­мыз» деген тақырып қойып бер­­ген еді бір мақалама.
– Сен менің «Жер аңсаған Са­ра­­тан» деген повесімді оқыдың ба? – деп сұрады бірде аға.
– Жоқ, – дедім имене. Оқы­ма­ға­нымды өзіме мін көріп тұрсам да, оқы­дым деп өтірік құтылғым кел­ме­ді.
– Мен онда сен туралы, сенің тағ­­дырың туралы жаздым, онда шет­­тегі қазақтың мұңы бар, оқы, – деді. Деді де сырты әдемі әдіптел­ген кітабын сыйға ұсынды. Бас ал­май оқыдым. «Жер аңсаған Сара­тан» повесінің тілі шұрайлы, оқылуы тым жеңіл, ал оқиға жетек­теп отырады екен. Сөйтіп, мен ол кі­сінің шығармаларымен толы­ғы­мен танысып шықтым. Ондағы оқи­ғалар желісінің тым ширығып, ша­рықтау шегіне дейін жетуі, оқыр­­­ман күткен шешімдердің шие­­­ленісе түсуі – шығарманың шы­­найылығын танытты. Біраз күн­­нен кейін ағам шығармала­ры­нан алған әсеріммен бөлісіп, шығарма идеяларына арқау болған оқиғалар жайында сыр шертіскен едік. «Ең жек көретін қалам – Өске­мен» деген еді ол кісі бір сұхба­тында. Өске­мен­де жұмыс істеген бір жылында «Тас қала» әңгімесіне арқау болар оқи­ғалармен бетпе-бет кездеседі. Он­дағы қазақ тілінің тағдыры үшін, тілдің ғұмыры үшін алаңда­ға­нының белгісі. «Жер аңсаған Са­ратан» – жердің сатыла­тын­ды­ғы­на деген қарсылығым, жан-айқайым болды» депті тағы бірде. Де­мек, ондағы идеяны бір жақты түсінуге болмайды. Онда жаттың қо­лында қалған жеріміздің де тағ­дыры меңзеледі.
Дидағаң біздің саясатты, бір күн­дік арзанқол дүниелерді жаз­ға­ны­мызды қолдамайтын. Руха­ният­тың негізі ретінде – әдебиетті, мәдениет пен ұлттық рухты кө­ре­тін. Әрі осы мәселелерді жазға­ны­мыз­ды құптайтын. Шетелдің әлем-жә­лем, руханиятымызды лай­лай­тын даң­ғаза музыкасын ұнат­пайтын. Бірде Алматы қаласында өтетін «Азия дауысы» конкурсы туралы жазып келдім. Дидағаң қабылдамады. Ал біздің осы конкурсқа ақпараттық демеуші болғанымызды естігенде, кәдімгідей ренжіді. Өйткені, бұл даңғазалар біздің ұлттық кодымызды бұзып, рухани тұнығымыз­ды лайлайды деп түсінетін. Алайда, өмір талабынан аса алмадық. «Азия дауысына» ақпараттық демеуші бол­уы арқылы, біз өзіміз­дің атымызды шығарамыз, «Түр­кістан­ның» медиа нарығындағы имиджін қа­лыптастырамыз деп ойладық. Сөйтіп, Дидағаңның өмірлік прин­циптеріне қарсы келдік. Кейін осы «Азия дауысы» конкурсы қазақтың ұлт­тық өнеріне мұрнын шүйіре­тін­­дігі үшін жабылып тынды. Ди­да­ғаңның ішкі қарсылығы бекер болмапты.
Дидағаң ұнататын жанрдың бі­рі – естеліктер еді. Жазу­шы­лар­дың, саясаткерлер мен қоғам қай­рат­керлерінің естеліктерінде, өза­ра жа­зысқан хаттарында тарих бар деп түсінетін. Әрі сол естеліктерге қол жет­кізсек, бізден мықты жан жоқ­тай сезінетін. Ең алғаш көрнекті жазу­шы Сәбит Мұқановтың туға­ны­на 100 жыл толуына орай, оның үл­кен ұлы Арыстан ағамен сол Ди­дағаңның нұсқауымен сұхбат алған едім. Қасым Аманжолұлының ту­ға­­нына 100 толуына орай оның қы­зы Дариға Аманжолованы тауып сұх­баттастық. Міне, ұлы тұлға­лар­дың көзі, тірі шежірелерді тауып, олардың сыр-сұхбатын тыңдаудың өзі бізге қаншама ғибрат сыйлады деңізші. Өзі де естелік жазуға құнт­ты екендігін айтатын. Бізге де күн­де­лік жүргізіп отыруды аманаттайтын. Бірақ бізге Дидағаңдай ұқып­ты болған қайда?!
Дидағаң Советтер Одағындағы зобалаң аштықты, репрессияны, ха­лыққа қарсы жасалған зұлматты айыптайтын. Адам айтса нанғысыз зұлымдықты ойлап тапқан сұм за­манның сұрқылтайларының ісі­не күйінетін. Сөйтіп, «Алаш» баспасын, кейіннен «Ел шежіре» қоғам­дық қорын басқарып жүргенде, «Алаш» сериясымен «Алаш» қай­рат­керлерінің том-том еңбектерін шығарып, оның халқымен қайта қауышуы жолында да үлкен еңбек сіңірді. Ақтаңдақтардан арылу, сананы сілкіндіру, құлдық психологияны жеңу мақсатында көп ой толғайтын. Алайда, Сталин – Ди­дағаңның кумирі еді. СССР деген алып империяны құрып, оны со­қадан атом дәуіріне дейін алып шық­қандығын, Екінші дүние­жү­зі­лік соғыста Сталиннің табанды­лы­ғы болмаса, КСРО-ның жеңіске же­те алмайтындығы, оның прин­цип­шілдігін, тіпті, Отан үшін өз ұлын да оққа байлап беруге дайын бір­беткейлігін ұнататын. Қазіргі шенеуніктердің атын, орынтағын бұлдап, өзінің жеке басының қамы үшін қарнын қампитып, қалтасын толтыратындығына күйінетін. Бү­гінгі ел ағаларының елдік мүддеден гөрі, жеке мүддеге қызмет ететіндігі жанын жегідей жейтін. Дидағаңның ру­хани мектебі біздің өмірімізге азық болар қаншама дүние сыйлады.
Жалпы, Дидағаң үшін көп сөз­ді­лік жат. Өзінің прозалық шығар­малары да аз сөзділігімен, бірақ шы­­найылығымен, көркемдігімен ерек­шеленсе, «Әңгіме емес, әңгі­мелер» атты публицистикалық жинағы жас журналистердің бағ­дары мен шырағына айналып үл­гер­ген соны туындылар. «Артық сөз!.. Айтпағым мынау. Мен ішім­дегіні иіскеп біл дейтін көп бітеудің бірі емеспін. Бірақ сөйлесем, қысқа да нұсқа сөйлейтінімді білемін. Сәл көбірекке кетсем, жанымда­ғы­ны жалықтырмай, тыңдау­шым­ды зеріктірмейтінімді және біле­мін. Қысқа сөйлеу мені қысқа жазу­ға да үйреткен. Кейде жүз бет по­веске татитын дүниені он-ақ бет­тік әңгімеге сыйдыра салатын ке­зім болады. Бұл маған кімнен жұқ­қан, қайдан дарыған? Турасын ай­тайын, шешемнен! Өзім өскен ор­тадан» депті Дидағаң «Қысқа сөз­дің ұстасы» атты анасы туралы шерт­кен сырында. Әңгімесінің соңында «Жә болдым! Бұдан әрі соз­сам, ол: «Мынау не деп бәдіп кет­кен», – деуі әбден мүмкін» деген екен. Дидағадан қысқалық тәлімін алып үйренген менің де бұдан әрі со­за беруімнің мәні жоқ деп ойлаймын.
Десе де, сөз соңында ол кісінің ма­ған артқан сенімі жайлы да бір-екі ауыз айта кеткен орынды болар де­ген ойдамын. Дидағаңның ті­ке­лей нұсқауымен Орталық Азия зерт­теулері институтының (директоры – Ерлан Қарин) қолдауымен ашыл­ған қазақ тіліндегі тұңғыш интернет портал www.tarlan.kz-ге жетекшілік еттім. Әрине, онлайн басылым жасаудағы тұңғыш қадам бол­ғандықтан, көптеген қате­лік­тер, т­іпті онлайнның таби­ға­тын тү­сінбеген кездерім де болды. Алай­да, бұл журналистикадағы жаңа медиа саласына жасалған ал­ғаш­қы қадам еді. Онда қоғам қай­раткерлерімен, саясаткерлермен қызықты сұхбаттар ұйымдас­тыр­дық. Ақпарат құралдарында шы­ға­тын қызықты материалдарды са­лып тұрдық. Сол сайттағы
Гер­о­льд Бельгердің, Болатхан Тай­жан­ның сұхбаттары Қазақстанның түк­пір-түкпірінде шығатын өңір­лік басылымдарға көшіріліп ба­сыл­ды. Бұның өзі ақпараттың әр алуандығын дамытқан кезең еді деп сипаттауға болады.
«Ел шежіре» қоғамдық қорында істей жүріп, үкіметтік емес ұйым­дар­дың жұмысын қалай үйлестіруге бо­латынын үйрендім. Қысқасы, Ди­дағаң маған рухани ұстаз ғана емес, жебеуші періште де бола білді десем артық емес. Өйткені, жоға­ры­дағы жұмыстардың барлы­ғын Дидағаңның қолдауымен, ұсынуы­мен атқарған едім. Өмірде тинәм­дай жетістікке жеткен болсам, ол үшін Дидағаң алдында қарыз­дар­мын.
Есенгүл Кәпқызы,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір