СЕЗІМ СУРЕТТЕРІН ӨРНЕКТЕП… (Бақыт Жанғалиева портретіне прелюдия)
Қазақтың небір мықтылары (Т.Ахтанов, Т.Бәсенов, Б.Сүлейменов) шыққан Шалқар ауданының Айшуақ ауылының жері құмдауыт, тәй-тәй басқаннан құмның арасында өскен Бақыт көзіне шалынған кез келген заттан радио жасап, «говорит Москва, московское время…» деп сайрап қоя беретін. Жасырынбақ ойнағандай, бастары үйілген құмның әр тұсынан қылтиған балақайлар бүған әбден дағдыланған, оныншы, жүзінші рет пе, тыңдауға мәжбүр. Жетінші кластан соң мән-маңызына үңілген ештеңесі жоқ, көптің назарында, елдің алдында жарқырап жүрген жақсы ғой деген балалық мақтаныш пиғылмен Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің театр бөліміне оқуға түсті. Мұнда ұстаздық ететін Ы.Ноғайбаев, Ә.Мәмбетовтермен Мәскеуде бірге оқыған Шаймерден Хакімжановтан үйренгені көп, «сенің актриса болуың керек, оқуға бар» деп, сахна құдіретін ұқтыра бастаған. 1966 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінің актерлік бөліміне, Рабиға Қаныбаеваның класына қабылданды. Әнуар Боранбаев, Тілектес Мейрамов, Шайза Ахметова, Дариға Тұранқұлова, Ғазиза Әбдінәбиева, Байеділ Наурызов, т.б. шетінен талантты жастардан құралған бұл топтың дипломдық спектакльдерінің қаланың мәдени тірлігінде айтулы оқиға болғаны рас. Солардың арасында Бақыт Жанғалиева жүрді жалт-құлт жанарымен, ырғақты бір ғажап үнімен бәріміздің назарымызды аударып.
Міне, содан бері өмір-өнері көзалдымызда қалыптасты. Заманымыздың озық режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің шеберлік мектебінен өтіп, сахнада бой түзеді, ой өресін кеңейтті. Жұмыстарын айта бастасаң, соңына оңайлықпен жетпейсің: М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Абайда» Әйгерім, Қаныкей, Б.Римованың «Абай-Әйгерімінде» Әйгерім, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Баян, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Кальпурния, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Шырын, Г. Лорканың «Қасіретті қатындарында» Ангустиас, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Фрау Петерс, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Бәйбіше, Т.Жүженоғлының «Көшкінінде» Кемпір, Ә.Әбішовтің «Мансап пен ұждан» Зәузат, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында Марфуға, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланында» Айнаш, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесінде» Қарашаш, Е. Домбаевтың «Желіккен жеңгейлерінде» Аймекен, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Панаева, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Донна Белиза, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» Ақтоқты, Б.Римованың «Қос мұңлығында» Гүлбарам, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Ақбала, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Анар, Т.Ахтановтың «Антында» Бәтима, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Жандарбековтің «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Айсұлу, Қ.Мұқашевтің «Дала дастанында» Бибі, Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуында» Бопай ханым, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Насихат, А.Тасымбеков, Қ.Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Ирма, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесінде» Қатира, Д.Исабековтің «Мұрагерлерінде» Салиха, Т.Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Назгүл, Ж. Аймауытовтың «Ақбілегінде» Ұрқия, Н.Оразалиннің «Шырақ жанған түнінде» әйел, «Күнікейдің жазығында» Күнікей, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмшінің анасы), т.б. Жарты ғасырдан асқан тұтастай тағдырды құрайды, тізіп шығуға ғана оңай бұл рөлдері. Әрқайсының астарында жасырынған әйел жанының бір-біріне ұқсамайтын мінез, қылығын, психологиялық иірімдерін Бақыт Жанғалиеваның қандай тәсіл, амалмен жеткізе алған-алмағанын ұзақ талдауға болар еді. Атауларынан байқағанымыздай, шетінен ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай кейіпкерлер.
Алда-жалда алтын қорда қойылым жазбалары сақталса, кейінгілерге үйрену өнегесі болары анық. Әр жылдары баспасөз бетінде тиіп-қашып болса да жазылған дерек, хабарларда ғана ізі қалғандай біраз еңбектерінің. Соның бірі – Қазақ ССР халық әртісі Бикен Римова театрда қызмет істегеніне жарты ғасыр толған тойына арнап жазған «Қос мұңлықта» бүгінгі қарт аналарымыздың бойына тән мінез өзгешеліктерін тапқырлықпен, кейде тіпті өздерін де аямайтын, ащы уытпен бейнелегені. Гүлбарам – Бақыт намысқой, ар, мұң-зарын ешкімге білдіргісі келмейді. Актриса әрбір ишараға үлкен көңіл бөлген, титтей қимылының негізінде мән-мағына жасырынған. Спектакльдің басынан ең соңғы көрініс – пәтердің қоңырауын шалғанға дейін Бақыт Жанғалиева өз бабында, жүріс-тұрыс, сөз мәнері ешкімді қайталамайды, рөлдің ерекше кілтін тапқан. Режиссер Рубен Андриасян қазақ театрында сахналаған Нобель сыйлығының лауреаты Г.Гауптманның драмасы бойынша «Ымырттағы махаббат» (Асанәлі Әшімов – Маттиас Клаузен) спектаклінің 100-ші рет қойылуына орай Айнаш Есали: «Инкеннің шешесі – фрау Петерсті Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Жанғалиева соңғы жылдары тек өзі бейнелеп жүр. Бұл рөлде өзіне тән тәкаппарлығын аналық мейірім мен сабырға суарған Бақыт Жанғалиевадан басқа актрисаны елестету мүмкін емес. Еуропалық бекзат болмысты барынша сендіріп суреттейтін актриса көрермендердің қандай қолпашына болса да лайық» деп жазды.
Бикен Римова апасы «Бақыт, сенің арманың жоқ, қазақтың жеті сұлуын да ойнап шықтың» дейтін. Расымен де бұл кез келген жете қоймайтын сәттілік, Жанғалиева жас кезінде қазақ аруларының классикалық галереясын жасап үлгерген сирек актрисалардың бірі. Бірінен соң бірі жалғасқан басты рөлдер оны масайратып, тоқмейілсіген емес. Ізденуден, үйренуден танбады. Баян, Еңлік, Ақтоқты, Ақбала, Айман, Айсұлу рөлдеріндегі өзіндік ерекшелігі, ізденісі жайлы кезінде бүкілодақтық баспасөз беттерінде жиі жазылып, лайықты бағасын алды. «Советская культура» газеті жазғандай «Таудан тасқа секірген еліктің лағындай» Баян, нәзік те асқақ Ақтоты қандай-ды, шіркін. Ғабит Мүсіреповтің «Міне, менің Баяным, міне, менің Ақтоқтым!» деп, Бақытқа ерекше ілтипат білдіргенінің де тірі куәсіміз. «Қан мен терде» Ақбаланы ішкі күйзелісінің дірілімен алып шыққанда, көрермендер қошеметіне бөленгенін, автордың риза болып, жылы лебіз білдіргенін көргенбіз.
«Огонек» журналы лайықты әспеттеген Бәтиманың жөні мүлдем бөлек болатын. Көркіне ақылы сай сұлудың оқиға мен сезім қақтығысының драматизміне тереңдеуі ғажап-ты. Бақыт-Бәтиманың өршіл бейнесін көрермені ұмытқан емес. 1981 жылы Тахауи Ахтановтың «Ант» спектакліндегі осы Бәтима рөлімен Мәскеуде көрсетілген гастрольдік спектакльде сыншылардың жауапты талғамынан өтіп, театр мамандарының назарына ілікті. Осы рөлі үшін драмалық театрлардың республикалық және Бүкілодақтық байқауында III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сол жылдары театрдың тынысы кең еді ғой, әріптестерімен одақтас республикаларды түгел дерлік аралап шықты, Францияға, Иранға, Германияға барған сапарлары сірә де естен кетпес. Талғамы биік қандай да аудиторияны жаулап алатындай мүмкіндігі зор театрдың ажырамас бөлшегіне айналғалы қашан. Сол мүмкіндікті туғызған хас таланттардың ортасында жүрді ғой, шіркін, аттары аңызға айналған Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Қапан Бадыров, Сейфолла Телғараев, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабековтермен сахнада қатар жүру мәртебе екен-ау, енді ойласа. Күдік, қорқыныш атаулыны сейілтіп, отты жанар, қимыл-қозғалыстарымен өздерінің биік деңгейіне көтеріп әкетететін сиқыры болушы еді бұлардың. Тілектес Мейрамов екеуі Қозы мен Баян боп алғаш шыққанда, сол сиқырға оңайлықпен бойлай алмай, қасиеті мен киесіне үркіте қаратқан сахна міне, бірте-бірте құшағына дарытып, алтын ұясына айналыпты.
Айдай сұлу арулардың сезімдеріне тұншықтырып, ғашықтық отына жандырды, өшті, сөнді, қайта тұтанып лаулады. Қырық шырақты әйел еншісінің сол қырық шырағының да сипатын көрсетіп келеді десек, артық айтқандық емес.Трагедия табиғатын қалай меңгерсе, комедияны да сондай шынайылықпен игеріп, кейіпкерлерінің жан дүниесіне қызықтыра үңілтеді. Ішкі көңіл күйді жанарымен «күйдіре» жеткізуі ғаламат: ынтызарлық, құштарлық па, аңсау, сағыну, өкіну, жек көру, мейірім төгу ме… бәрін көзінің қиығымен, көзінің отымен жеткізе біледі. Көздері ғана емес, дене тұрпаты, иығы, кеудесі, мойны, аяқ-қолдарына шейін кәдімгі құрал-жабдыққа айналып, рөлінің сол сәттегі ахуалына орай сан өзгеріп, сан құбылады. Бақыт – Баян, Ақтоқты, Еңлік, Ақбаладан… қас-қағымда өте шыққан сонау бұла, тап-таза кезімізде байқағанмын мұны. Буырқанған жастықтың сезім суреттерін өрнектейтін сахнада. Қазақ сұлуларының графикалық бейнесін көретінмін классикалық рөлдерінен. Ең кереметі – бұған сыңғырлаған даусы қосылғанда, дереу үндестіктің, үйлесімнің сән-салтанатымен қауыштыратыны. Сол сыңғырлаған үні әлі де бабында, сезім суреттері орындайтын рөлдеріне байланысты өзгерген, бірақ әлдеқайда шымыр, өткір, уытты. Әйел психикасының қажып шаршағанда қылаңдайтын көріністерімен мұңға батырғандай бүгінгі рөлдері. Тіршілік заңдылығы осы, өмір-өнерде есею… жо-жоқ, бүлтелектеп қайтейін, қартаю да бір бақыт емес пе. Әжім сызықтарынан қорықпайды, сол сызықтардың астында қатпарланған түрлі теперіштен бәз-баяғыдай сурет салады ана, әже әлемінің мазмұнын өз мүмкіндігінің аясында толықтыра түсіп.
Бақытты көпшілік кино арқылы да біршама біледі. «Соңғы ызғар», «Намыс», «Әйгерім», «Шаян жылы», «Балкон», «Кек», «Жаужүрек мың бала», «Қазақ елі», «Қыз жылама», «Тауқымет» көркем фильмдері мен «Сәби жүрек», «Болашақ» сериалдары арқылы және бір қырынан танылды. «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе қаласы және осы облыстың Шалқар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Жанғалиева Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 1969 жылдан үзіліссіз еңбек етуде. Осы уақыт аралығында оның шығармашылық ізденістеріне, өкініші, қуанышына ортақтасып келемін. Анасы мен жан теңгермейтін ағасын көрдік, жақын араласып, дәмдес болдық. Пейілдері кең, салт дәстүрімізді сақтап, әділдікке жүгінген, дастарқаны мол, текті адамдар еді. Келген сайын мәре-сәре той жасап, ортамызды толтыратын. Әзірбайжан Мәмбетов, Ғазиза Жұбанова, Тахауи Ахтанов, Асқар Сүлейменов, Әнуар Молдабеков, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды небір жақсы-жайсаңдар жиі жиналатын бұл шаңыраққа. Әнуар Боранбаев, Құдайберген Сұлтанбаев және басқа да әріптес достарының әңгімелері қандай еді, шіркін…
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жап-жас Ерік Асқаровты үйге ертіп кеп таныстырғаны күні бүгінгідей есімде. Екеуі үйленгеннен кейін шаңырағынан қонақ арылмай, соңы шығармашылық кештерге жалғасатын. Сондай сәттері небір тың идеялар туып, тыным таппайтын Еріктің шалқар шабытына жол ашылатын. Ешкімнің алдында иіліп бүгілмейтін, мінезі тік, шартпа-шұрт көрінгенімен, баладай аңқылдаған нәзік, жан сарайы бай еді Еріктің. Өлеңдері жарық көрді, пьеса жазды, «Арманымның ақ құсы» деген спектаклін қойып үлгерді. Мақсаты көп еді алдына қойған, әттең тым ерте үзілді ғұмыры. Шүкір, әкесінің көзіндей боп Сырым рухани кеңістігімізде игілікті істер атқаруда. Ақтөбеде, Өскеменде, Қарағандыда спектакльдер қойды. «Бейбарыс сұлтанның» ағылшын тіліндегі нұсқасын қойып, Беларуссияда өткен «Белая Вежа» атты байқауға қатысып, Сырым Ерікұлы Асқаров абыройлы оралды. Ал қызы Айдана тұрмыста. Бақыттың ұлы мен қызының шуақ шашып, мейірімге тұнған түрлерін көріп, іштей қатты қуанамын. Шүкір, екеуінен де немере сүйіп, әже атанды. Өзінің де сахналық жолы табалдырығын аттағалы тұрған жетпістің абыройына ұласқандай. Кешегі айқабақ қыз-келіншектер кейуаналық жасқа жетіп, бірі кемелденген ақылымен, екіншісі қырсық қыңыр-лығымен, үшіншісі быт-шыт күй-гелектігімен түрлі рөлдерінде жалғасын табуда. Тән құрғырының опасыздығын есептемесек, жұмыс істеу тәсілі өзгерген жоқ, әр жаңа образ, яғни бейнемен ынта-ықыласымен қауышып, көрерменін қуантуға асығады. Жас көрінем деп әлектенудің күлкілі екенін жақсы білгендіктен кемпірлердің түр-түрін сомдағанда, өзін де, кейіпкерін де аямайды. Сірә, сондықтан шығар, әртістік фактурасының ешкімге ұқсамайтыны, басқаны қайталамайтыны.
Мағира Қожахметова,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.