Зиялы қауым атқаратын функция жоғалған
Серік Бейсембаев,
Әлемдік экономика және саясат институтының ішкі саясат және әлеуметтік зерттеулер бағдарламасының жетекшісі, әлеуметтанушы
Жалпы, өз басым зиялы қауым деген түсінікті кеңестік дәуірдің «мұрасы» ретінде қарастырамын (яғни интеллигенцияның қазақшасы). Бұл сол кездегі қоғамдық ортаның және коммунистік идеологияның өнімі болатын. Қазіргі заман үшін бұл категория өз өзектілігін жоғалтқан сияқты.
Біріншіден, бұл топты бұрынғыдай қандай да бір формалды белгілері бойынша бөліп алып, «санап шығу» мүмкін емес. Кеңестік заманда интеллектуалды жұмыспен айналысатындардың үлесі аз болды және барлығы интеллигенция аталғаны белгілі. Қазір халықтың басым көпшілігі ақыл-ой саласында еңбек етеді. Алдағы бірнеше жылда технологиялардың дамуы адамның физикалық еңбегін мүлдем жоққа шығарады деген болжамдар бар. Олай болса, зиялы қауымның бұрынғы стандарттарын қазіргі жағдайға қолданудың маңызы неде деген сұрақ туындайды.
Екіншіден, зиялы қауым – бұл тағы да кеңестік дәстүрде мемлекеттік идеологияны жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі болды. Ол кезде қоғам шартты түрде екіге бөлінетін – интеллектуалды өнімді өндірушілер және оның тұтынушылары. Яғни бір жағында мемлекеттен тікелей тапсырыс алатын жазушылар мен журналистер болса, ал екінші жағында қарапайым халық тұрды. Бұл жағдай қазір сақталып отар ма? Әрине, жоқ. Ақпаратты өндіруге және оны таратуға қазір ешкімде монополия жоқ. Қолында смартфоны бар кез келген адам – бұл потенциалды ақпарат, яғни мән-мағына өндіруші. Олай болса, зиялы қауым атқаратын функция жоғалған деп айтуға болады.
Үшіншіден, зиялы қауым бұрынғы кезде моральдық, құндылықтық тұрғыдан басқаларға үлгі ретінде ұсынылатын. Олардың образын мемлекет немесе қоғамдық институттар өздері «құрастырды» және дәріптеді. Бұл жағдайдың қазіргі кезде қайталануы екіталай. Жылдан-жылға біздің қоғам күрделене түсуде. Біреуге либералды құндылықтар ұнаса, біреулер үшін дін бірінші орында. Соған сәйкес үлгі тұтар тұлғалар да әр түрлі болады. Барлығына бірдей ұнайтын авторитеттерді қалыптастыру жаңа заман жағдайында мүмкін емес. Және оның қажеті де жоқ.
Қорытындылай келе, өз басым зиялы қауым деген әлеуметтік топ ретінде өз маңыздылығын жоғалтқан категория деп білемін. Оларды арнайы қолдан құрастыру, оларға қандай да бір ерекше қасиеттер таңу және қоғамды «тәрбиелеуге» пайдалану – бұл кеңестік идеологияның сүрлеу жолынан шыға алмау дегенді білдіреді. Қазіргі заманда кімде-кімді дәріптеп, оны зиялы деп атағанмен адамдар өз таңдауын смартфондағы бір нүктені басу арқылы жасайды. Және бұл біз білетін зиялы қауым емес.
ПІКІРЛЕР1