Әдебиетші қауым реформаларды қолдайды
12.09.2022
461
0

Жұма күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауына байланысты кеңес өткізді. Қалам ұстаған қауым қашаннан да елдегі саясаттың, саяси өзгерістер мен әлеуметтік реформалардың басы-қасында, бастауында жүреді. Ел тарихында елеулі маңызы бар кезекті Жолдауды талқылау әдеби ортада өте қызу өтті.

Жазушылар Одағы ежелден, әсіресе ел Тәуелсіздік декларациясын қабылдар шақтағы тартысты кезеңде саяси-әлеуметтік өзгертулерді ұйымдастырудың негізі орталығының бірі болды.

Жиын барысында Ұлықбек Есдәулет­тің:
– Жиналған қауымның көңіл күйіне, қас-қабағына қарағанда биылғы Жолдау­дың әдеби қауымға айтарлықтай әсер еткенін байқап отырмын, – деген сөзін айта кету парыз.
Төраға әңгіме барысын «бүгінгі ән бұрынғыдан өзгерек» дегеннен бастады. «Әділетті мемлекет, Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» осы парасатты үш ұстаным – Қазақстан жазушылары шығармаларының әуелден басты ұстанымы, әдеби өмірдегі лейтмотиві болғанын, бола да беретінін алға тартты.
– Жазушы қашанда қоғамдағы игі бастамалардың басы-қасында болуға тиіс. Себебі әр қаламгердің артында мыңдаған, тіпті миллиондаған оқырманы тұр. Ел-жұрт талайдан сағына күткен өзгерістердің бүгінгі Жолдаудан көрініс беруі шынында да ерекше оқиға, – деген Одақ төрағасы Қазақстан жазушыларының игі бастамаларды бірауыздан қолдайтындарына сенім білдірді.
Жиында Жолдауға байланысты жүрекжарды ойларын білдірген қаламгерлердің пікірлерін ықшамдап ұсынып отырмыз.

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ,
жазушы
МАГНАТТАР МЕНШІГІН ХАЛЫҚҚА ҚАЙТАРУДЫ ҚОЛДАЙМЫН

Биылғы Жолдауда жаңалық көп, ел көңілінде жүрген көптеген мәселелер қозғалды. Президент халықты алаңдатып отырған мәселелерге басымдық бергенін айта кету керек.
Шынын айту керек, елдегі саяси-әлеуметтік жағдай әлі де болса күрделі. Реформалар басталып кеткенімен әзірге толықтай қарқын ала қойған жоқ. Бұрынғы биліктің жіберген қателіктері саяси-әлеуметтік саладағы модернизацияларға әлі де болса кедергі келтіріп отыр.
Бұрынғы биліктің жемқорлыққа белшеден батқанын, кейбіреулердің сол жүйені әлі де сақтағысы келетінін несін жасырайық.
«Ет бұзылса, тұз себеді, ал тұз бұзылса, не себеді?» Дәл осы сауал Қазақстан үшін соңғы кезге дейін күмәні көп, дүдәмал сұрақ болып келді. Біз оның жауабын Президенттің осы Жолдауынан ала бастаған сияқтымыз. Өз басым бұл Жолдаудан биліктің халық жағына шығып, ел мүддесіне сай әрекет жасай бастағанын аңғардым. Заманауи саясатта «национализациялау», яғни тамыр-таныстықпен, ағайыншылықпен, басқа да себептермен қолды болып, заңсыз жекешеленіп кеткен кәсіпорындарды, дүние-мүлікті мемлекет меншігіне қайтару, сол арқылы халықтың игілігіне айналдырудың сауапты әрекеті бар.
Қарапайым халықтың көңіл қалауын дөп басқан Президент Тоқаевтың қоғамды модернизациялауды содан бастағаны қуантады. «Утильсбор», «Қазақтелеком» сияқты магнаттар меншігіндегі құрылымдардың мемлекетке қайтарылуын өз басым игі шаралардың бастауы ғана деп қабылдаймын.
Дегенмен бетімен кеткен олигархтарды сабасына түсіру әлі де болса қарқын ала алмай отыр. Халықтан ештеңе жасыру мүмкін емес. Ел-жұрт осы бір прогрессивті әрекеттердің жалғасын табуына кедергі келтіріп отырған құбылыстарды да жақсы біледі.
Қазақ әдебиетінің қазіргі ақсақалдарының бірі есебінде әріптестерімді әділет­ті мемлекет құру әрекетінің бастамасы есебіндегі биылғы Жолдауды қолдауға шақырамын.

Темірхан
МЕДЕТБЕК,
ақын
ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ

Менің түсінігімде биылғы Жолдау өте тосын, игі жаңалыққа толы болды. Бұрынғы Жолдаулар егіздің сыңарындай бір-біріне өте ұқсас болушы еді.
Бұған дейін Қазақстан тарихында Президенттің бір жылда қос бірдей Жолдау жасағаны болған емес. Осының өзі-ақ басшылықтың мемлекеттің құрылым мен қоғамды жаңғыртуға шынымен ниеттенгенін көрсетеді.
Қазіргі таңда Тоқаев саясатын, бастамаларын бәріміз бірауыздан қолдауға тиістіміз. Өйткені бұл жолғы Жолдау халықтың тілек-қалауынан туындап отыр.
Әсіресе заңсыз жекешеленіп кеткен, игерілмей жатқан шұрайлы жерді мемлекет меншігіне қайтару әрекеттері қуантады. Латифундист деген арамтамақтарды бәріміз білеміз. Арасында ел тәуелсіздігінің тарихына еңбегі сіңбеген байшыкештер де аз емес. Мал бағуға жайылым таба алмай отырған ел оны біледі. Қаңтар оқиғасы сияқты әлеуметтік дүрдараздық тууындағы басты себептерінің бірі де сол әділетсіздік.
Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінгендердің кейбір санаттағыларына рақымшылық жасауы көпті бір серпілтті. Қарсылық акциясына жаулық ниетпен шыққандар бар, сөзге еріп шыққандар бар. Бәрінің артында мемлекетке опасыздық әрекеттері жатты. Соның ақ-қарасын анықтап, дүрмекке ілескендерге рақымшылық жасау – адамгершіліктің нышаны. Өз басым мұны бұқара халықтың тілегінің орындауы деп білем.
Биыл күзде Президент сайлауы өтетін болды. Президент күнде сайланбайды. Оны да білеміз. Жаңа жағдайда елдің басшысы бұрынғыдай бес емес, жеті жылға, әрі бір ғана мерзімге сайланатын болды.
Президент Тоқаев ТМД аймағында мұндай бастаманы тұңғыш рет көтеріп отыр. Демек, Қазақстан алдағы уақытта посткеңестік дүниедегі демократиялық ұстанымдарға ең берік ел болмақ. Бұл жерде жаһандық демократияның бесігі саналатын АҚШ-тың өзінде Президенттің екі мәрте сайлауға түсетінін ұмытпау керек.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы
ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ӨЗІНЕ ҚАЙТАРЫЛУҒА ТИІС

Темкең айтқан рақымшылық мәселесін мен де қолдаймын. Айран ішкен – құтылып, шелек жалаған – тұтылып жатқан заманда Президенттің бұл жолғы ұстанымы сауапты іс деп білем. Өйткені «Қосақ арасында кеткендер» аз емес.
Жолдауда аса өзекті әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуі қуантады. Әлбетте, «адамды тұрмыс билейді», әсіресе қазіргі инфляция күшейіп, баға аспандап тұрған шақта…
Қазіргі төменгі жалақы – 60 мың теңге. Республикада 60 мыңмен өмір сүретін 1 млн 700 мың адам бар. Оны 19 млн тұрғынға шақсақ, мәселенің саяси-әлеу­меттік маңызы бірден белгілі болады. Алдағы бағдар – төменгі жалақыны 70 мыңға жеткізу. Сол арқылы азаматтардың әл-ауқаты біршама түзелмек.
Жолдаудың тағы да бір елеулі тұсы – 2024 жылдан бастап Ұлттық Қордан балаларға 18-ге толғанша қаржы аудару. Бұл қазақ елінің биліктен көптен күткен жақсылығы еді. Ақыры, оған да қол жеткіздік.
Мұндай игілік мұнайға бай араб елдерінде талайдан бері бар. Осыдан бастап ондай игілікке біздің де қолымыз жетпек.Қазақ үшін ежелден жер мәселесі маңызды.
Өкінішке қарай ауыл шаруашылығын жекешелендіру деген желеумен көптеген жеріміз латифундистердің қолында кетті. Президенттің бастамасымен қазірдің өзінде біраз жер мемлекетке қайтарылды. Деректерге қарағанда қайтарылмаған әлі де 10 млн гектар жер бар көрінеді. Жолдауда соны қайтарудың алғышарттары жасалғаны қуантады.
Қуандық
ТҮМЕНБАЙ, жазушы
КӨРПЕМІЗГЕ ҚАРАП КӨСІЛСЕК ТЕ…

Жаңа Жолдаудың бастауында ел Президенті «Біз көрпеге қарай көсілу керек екенін ұмытпауымыз керек» деп халық даналығын алға тартты. Жөн сөз, реформа мен экономикаға орай айтылған пайым. Байырқап қарасақ, қазақтың көрпесі әрі қалың, әрі жылы. Біздің көрпемізді жамылмаған халық жоқ шығар, қиын күндердің бәрінде көрпеміз басқаларға пана болды. Көрпемізді қосыла жамылғандардың бәрі айтулы күні қандай жақсы сөз, жағымды жаңалық естір екенбіз деп көрпе астынан мойындарын қылтитып, құлақтарын түріп жүрді.
Жолдауда жақсы сөз көп, бұның бәрі болашақтың бастауы. Ұлттық қорды халық несібесі деп қарап, ел игілігіне жарату деген құлаққа жағымды әрі жүректі дүрсілдететін-ақ сөз. Тек ақыры қайырлы болсын. Жолай Батыраш-Қотыраштардың кес-кестеуінен сақтасын. Қаңтар қырғынына қатысқандарға жеңілдік жасау да ел мұңы мен арманы еді. Ол да орындалатын болды. Жолдауды көгілдір экраннан көріп-тыңдап, жақын маңдағы саябаққа жүрек дүрсілімізді басайын деп шыға беріп едім, күнде көріп жүрген көк көз, сары шашты жолай дос тарпа бас салды. «Әне, Президенттің өзі айтты, қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеру керек деп. Сендер мемлекеттік тіл деп сөзді шығындай бересіңдер» деп алқымнан алды. Тілімді тістеп қалдым. Сол жерге «Қазақстанды мекендеуші әрбір ұлттың өкілі мемлекеттік тілді білуі тиіс» деген бір сөйлем керек-ақ еді. Үйден шыққан бетте көрпемізді бөліп жамылғандардың көзімізді шұқып тұрғанын қарашы.
Қазақ кең пішіліп, Құдайына қараған халық. Тілімізді де, жерімізді де біреуге беріп қойып, енді қаңбақ сөзді қуалап жүрміз. Әбіш Кекілбайдың «Тасбақаның шөбі» деген әңгімесі «Сәті түсейін десе, бәрі оңынан орала кетеді екен» деп басталады. Сәті түсіп-ақ тұр, бірақ тасбақа аяңмен аузымыздағы шөбімізді әлі алып келе жатырмыз. Тасбақа көрген жолаушының жолы болады деуші еді, қайран Әбекең оны әлдеқашан көріп, өмірден өтіп кеткен жоқ па? Бізге тасбақа аяң емес, қасқырдың жүйіткуі керек. Әйтпесе қанағатшыл тасбақаның шөбін жолда әлдекімдер қақшып кетуі кәдік. Кең көрпемізді бір желпіп тастайтын кез келді. Сонда иіс-қоңыстан арылар едік. Ық жақтан да ызғар соғып тұр. Саябақта да жөндеп серуендей алмайсың. Әлдекімнен сөз естіп қалам ба деп өз жеріңде өзің қуыстанып жүресің…

Ғалым
ҚАЛИБЕКҰЛЫ, жазушы
КҮДІК СЕЙІЛІП, ҮМІТ ОЯНДЫ
Несін жасырайын, өз басым отыз жылдың ішінде бірде-бір сайлауға қатысып, бір кісіге дауыс берген емеспін. Өмірімде бір партияға мүше болмаппын. Шынын айтқанда, отыз жыл бойы айтылған әдемі ертегі құлақты сарсытып, үмітімізді үзіп тынған. Баяғыда әке-шешелеріміз бізге: «Жақсы оқысаң, адам боласың», – дейтін. Бүгінге дейін өзіміз бала-шаға, немерелерімізді қалай үміттендірерімізді білмей келдік. Оқығанымен жұмысы жоқ, адам болғанымен табысы жоқ баланы не деп алдарқатасың! Саясат­тан сырт айналып жүрсем де, бұл жолғы жолдауды оқыған соң оң қабағым тартып, шынайы қуанып, көкіректе үміт оты тұтанғандай бір күй кештім.
Соқырға таяқ ұстатқандай анық айтылған жолдауды талдап отырудың қажеті жоқ, меніңше. Өзімнің көкейімде жүрген бірер түйткілді айта кетсем деймін. Ел іші болған соң біреу қолдап жатса, біреулер қарсы пікірін айтып жатыр. Хакім Абайдың айтқаны дұрыс, «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді». Істің байыбына бармай жатып даттағаннан гөрі, қолдан келгенше Мемлекет басшысына ұсыныстарымыз бен пікірлерімізді ашық айтпаймыз ба? Ол кісі де саралап-екшеп, жақсысын қабылдар, жасығын жерге тастар, ол да ауыздың – тілдің көмегі.
Бізде отыз жыл бойы мемлекеттің қаражатын талан-таражға салып, айдың күні аманында ұрлық істеген қаншама баукеспе ұрылар болды. Бағзыдан бері Иранда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Қытайда, Нигерияда ұрылардың оң қолының саусақтарын кесіп тастайтыны бар. Бұл қатал дәстүр ішінара елдерде әлі де жалғасуда. Солтүстік Кореяда да, Қытайда да ұрлықтың салмағына қарай ату жазасы беріледі. Жалпақ жұрттың алдында ұрыны жалғыз тал оқпен ата салады. Ежелгі Ресейде ұрының маңдайына «Ұры» деген таңбаны қыздырып басқанын білесіздер. Егер аталмыш жазаларды қолданғанда, біздің қоғамда шолақ қолдар мен қара таңбалы ұрылар қаптап жүрер еді. Оны айтып отырғаным: Президенттің өзі ел байлығының ат төбеліндей топтың – 162 адамның қолында кеткенін кезінде қадап айтқан болатын. Сол байлықты қайтарып, халыққа бөліп бергенінде Қасым-Жомарт Кемелұлының аты Қазақстан тарихында мәңгі қалар еді.
Ендігі ұрпаққа сыйлайтын үміт көп. Өзімізге де ұлан-ғайыр даламыздың асты мен үстіндегі ен байлықтан енші алуға мүмкіндік тумақ. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүние-мүлкіміз қаншама. Тау-тас та, өзен-көл де, орман-тоғай да… бәрі сатылып кетті. Егер Президент осының бәрін мемлекетке қайтарса, мемлекеттің меншігіне өткізсе, «Тәңір тілеуіңізді берсін!» дегеннен басқа айтарымыз болмас еді.
Қоғам өзгерді. Бұрын-соңды болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген қылмыстар жасалуда. Әскерге кеткен бозбала табытпен оралса, көшеде ойнап жүрген періште-сәби зорланса, бесіктен белі шықпай жатып жасөспірімдер өзін өлтіріп жатса, нақақ сотталғандарды, жазықсыз жапа шеккендерді, маңдай тер, табан ақысын ала алмай зар еңірегендерді айтпағанда, миша былығып бара жатқан қоғамды жөнге салу үшін темірдей тәртіп керек. Құқық қорғау орындарын реттеу, кезек күттірмейтін ең өзекті мәселе. Президенттің уәдесі орындалса, тыныш, әділетті қоғамда өмір сүретін күн де алыс емес.
Өзім тәуелсіз елге шетелден көш бастап келген азаматтың бірі ретінде әлемнің әр түкпірінде жасайтын 5 миллионнан астам қандастарымызды тарихи Отаны – Қазақстанға тезірек оралту мәселесін де Президент түпкілікті шешсе екен, елге ел қосылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болса екен деп армандаймын.
Президенттің алдынан шығатын, аяғына оралғы болатын кедергілер аз болмайды. Тіпті ол кісінің өміріне де алаңдаймыз. «Өзектіге бір өлім» дейді қазақ, халықтың батасы мен ақ тілегін алған адамнан қауіп-қатер қашық жүреді. Тамыры тереңге тартқан бәйтерек секілді ескі жүйені түбірінен өзгерту өте қиын. Ол үшін Президентке қолдау керек. Тіпті осы Президенттен басқа үміт артатын пенде қалған жоқ. Айдаған кемесін құзға соқпай, тереңге батырмай жағаға бір алып шықса, осы кісі алып шығады-ау деген ойдамын. Құдай берген салмақты мінезі мен терең білімі, тазалығы мен қайраты бар, биліктің бәрі қолында, қажет болса, тағы да бір рет жаңа мандат берсек, Тоқаевтың елдің болашағын жарқын ететініне кәміл сенемін.

Бағдат МҮБӘРАК,
ақын
СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, СОНЫҢ ӨЗІ –
МЕДЕУ…
Жеріміздің асты-үсті қазынаға мол болса да отыз жылдан бері шикізатқа әлі тәуелдіміз. Егер шикізатты өзіміз өндіретін болсақ, жалақысы нарықтағы бағаға сәйкес болып отыратын қаншама жұмыс орындары ашылып, еңбек өнімділігі өсіп, инновация жеткілікті болушы еді. Мұнай, газ, көмір, темір, алтын, күміс не керектің бәрі бар қойнауы ырысқа толы мемлекет екенімізді жас та, жасамыс та жақсы біледі. Демек, халықтың ұлттық табыстың игілігін неге көрмейміз деп сұрауға толық қақысы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында осы түйткілдің күрмеуін шешудің тетіктері нақты қарастырылған. Әрине, қордаланған жобаның іске асуына да уақыт керек, дегенмен сең қозғалғанының өзі көңілге медеу.
Бүгінде ауыл түгілі, ірі қалалардың өзінде жарықтың жиі өшуі жиі орын алып отыр. Оның себебі желілер мен қуат көздерінің тозуында. Бұған дейін халықтың коммуналдық қызметке төлеген қыруар қаржысы қайда кеткені айтпаса да түсінікті. Мемлекет Басшысының монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген тариф саясатына байланысты айтқан сөзі, осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Енді бұл жүйені жандандыратын меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салады. Яғни, бұл жоба бұрынғыдай ақшасы жоқтың емес, бар адамның жауапкершілігінде болады деген сөз.
Осыған дейін тексерістің көптігінің кесірінен, табыстың аздығы кез келген адамды салықтан жалтаруға мәжбүр етті. Оларды да түсінуге болады. Маңдай тер, табан ақымен тапқан қаржысын жан-жақтан жұлмаласа, амалсыздан осындай әрекетке барады. Президенттің «Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет» дегені, бюджеттің де бүйірін толтырып, бизнестің де өркендеуіне ықпал етері сөзсіз.
Жолдауда халықтың әл-ауқатын арт­тыратын қаншама мәселе күн тәртібіне қойылды. Бұрынғыдай алаулатып-жалаулатып насихаттай бергеннен гөрі, биліктің барлық тармақтары білек сыбанып жүзеге асырғандары жөн. Әйтпесе, отыз жыл бойы аузын қу шөппен сүрткендер, халықты әбден мезі қылып бітірді!

Патигүл МАХСАТОВА, ақын
ЕЛ БІРЛІГІ –
ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауын мұқият тыңдадым. Қазақстанды одан әрі дамытуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бұл жолғы Жолдаудың жаңа Қазақстан құруда маңызы зор екенін түсіндім.
Әділетті Қазақстанды бірге құруға, қасиетті Отанымызды бірге өркендетуге шақырған Президент Жолдауда жаңа экономикалық саясат, жаңа салық кодексін әзірлеу, кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, ұлттық байлықты әділ бөлу, денсаулық саласын қаржыландыру, фельдшерлік бөлімшілер салу, телемедицина бағытын дамыту арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы қызмет көрсету, мектепке дейінгі тәрбие жұмысына баса назар аудару, сәбилерді балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін шешу, балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көтеру, оқушылардың терең білім алуы, дамуы үшін жағдай жасау, мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету, ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру, зейнетақы жүйесін жаңғырту, әйелдердің зейнет жасын 61 жас деңгейінде қалдыру, бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби 1,5 жасқа толғанша ұзарту, 100 мың жасқа жұмыс беру, «Ұлт­тық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны 2024 жылдан бастап жүзеге асырып, әр бала 18 жасқа толғанға дейін олардың арнаулы жинақтаушы есепшотына Ұлттық қордан ақша аудару, қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету сияқты өте маңызды, халықты үміттендіретін мәселелер туралы айтылды.
Сондай-ақ Президент бірлігімізді сақтап, араңдатушылыққа жол бермеу керектігіне ерекше мән беріп: «Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек», – деді.
Біз Қасым-Жомарт Тоқаев күн тәртібіне қойған бұл маңызды шешімдерге қосылып қана қоймай, оны нақты қолдаймыз.

Әрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ, сыншы
Әділетті қоғам болса ел өркендейді
Президент жолдауында әділетті қоғам құру туралы баса айтқан екен. Бізге керегі де, біздің қоғамға жетіспей жатқаны да осы әділеттілік еді. Кешегі қаңтар оқиғасы да билікте, қоғамда әділет болмағандықтан туындады. Сондықтан әділетті қоғам құрамын деп ниеттенген басшыны халық болып қолдауымыз керек! Халықтың өзі де сол әділетті қоғам құруға бел шешіп атсалысуы ауадай қажет. Сонда ғана біз армандап жүрген өркениетті қоғамға қолымыз жететін болады.
Билік те, қоғам да әділет пен теңдік болғанда ғана адамдардың өмірге, еңбекке деген белсенділігі артады. Менің Жолдаудан алған ең үлкен әсерім – Президенттің әділетті қоғам орнатамыз деген үндеуі болды. Қоғамда әділеттілік орнайтын болса, экономика да, руханият та, тұрмыс пен тіршілік те өсіп, өркендер еді. Жолдауда көтерілген мәселелер аса ауқымды, оның бәрін қайталап айтып отыру шарт емес.

Сламхат
СЕЙІТҚАМЗАҰЛЫ, ақын
НАҚТЫ ӘРІ ТҮСІНІКТІ ЖОЛДАУ
Мемлекет басшысының көп санды халықтың қолдауына ие болғандығы баршамызға белгілі. Оның себебі – халықтың, мемлекеттің тағдырына қатысты күйіп тұрған мәселелерді айтты. Осыған орай мен шетел ақпараттарын біраз шолдым. Жолдау жарияланған соң үш сағат өтпестен Қытай ақпарат құралдары биылғы Жолдауды талқылап, жан-жақты пікір айтып жатты. Әсіресе Тоқаевты қатал да батыл, реформа жасау қолынан келетін мемлекетшіл саясаткер, күшті дипломат, әлемдік деңгейдегі байсалды тұлға деп бағалаған. Әрі Қазақ­станды тығырықтан алып шығатын қуатты, саяси көсем деп мадақтап жатты.
Осыдан-ақ бұл Жолдаудың қаншалықты анық та айқын болғанын аңғаруға болады. Көршілеріміз құлақ түріп, біздің болашағымызды бағамдап отыр. Осындай өткір де түсінікті саяси қадамдар ел еңсесін тіктейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір