Көрме қарсаңындағы ауқымды жиын
09.06.2017
1085
0

Болашаққа қазір кім алаңдап, кім толғанбайды дейсіз? Тың идеялар, жаңа технологияларға дүниежүзі бет бұрған мына заманда Қазақстанның тура орталығы – Астанада, яғни жер кіндігі саналатын өңірде ата-баба өлшемімен қарағанда «Қоянды жәрмеңкесінен» мың есе артық ЭКСПО көрмесінің ашылуы қарсаңындамыз. Мұнай бағасының құбылмалылығына тәуелді, шикізатқа байланған елдер үшін энергетикалық дағдарыстан шығу жолын іздейтін алаң құруға мүдделі «ЭКСПО – 2017» көрмесі жалпы адамзатты толғандыратын мәселелерді шешеді деп сенеміз. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалы­ғы­мен «ЭКСПО – 2017» халықара­лық көрмесін өткізу мәселелері жө­нін­дегі кеңес, міне, осы сөзіміздің толық айға­ғына жүре алады. Президент Әкім­ші­лігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Жұ­ма­қанов, Бас прокурор Жақып Асанов, Мем­лекеттік күзет қызметінің директоры Амантай Күреңбеков, Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжанов, Астана қала­сы­ның әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төр­а­ғасы Ахметжан Есімов, Ұлттық Қауіп­сіздік Комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самаш Әбіш қатысқан жиындағы жауапкершілік ахуалын се­зінудің өзі біраз жайтты байқатады.
ЭКСПО Халықаралық көрмесін өткізу­дің жалпы тәртібін және Астана тұрғын­дары мен қонақтарының қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелерімен қатар, мемлекет басшысы алдағы іс-шараны дайындау және оны сапалы өткізу үшін ау­­қымды жұмыстар атқарылғанын ат­ауы тегін емес. «Біз көңіл толқытарлық сәт­ке – көр­менің ашылуына таяп қал­дық. Қа­зақ­станның астанасына келетін қонақ­тар са­ны көп болады. Бүгінде «ЭКСПО – 2017»көрмесіне 1,2 миллион билет са­тыл­­ған екен. Бұл біз күткендегіден әлде­қайда көп», – дейді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі жағ­дай­дың тұрақсыз екенін ескере отырып, көрмені өткізу кезінде қонақтар мен ел азаматтарының қауіпсіздігін Астанада ғана емес, барлық өңірімізде де жоғары деңгейде қамтамасыз ету маңызды еке­нін атап өтті. Бұл үшін әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір