Тіл – өзек, тіл – өмір
Қанша уақыт өтсе де ескірмеген Кабуснамада: «Егер мәрттік пен жомарттық жолында жүрмек болсаң, әр уақытта үш нәрседен сақтанғайсың: көзді – жаман назардан, қолды – жаман істен, тілді – жаман сөзден» делінген. Көз, қол және тіл… Бұған қарап, тіл – адамзат тірегі, тіл – құбылыс, тіл – ауадай аса қажет өмір сүру құралы екенін түсінесіз. Тіл еш уақытта тозбайды, дамиды, молығады. Олай болса, қазақ тілі – ұлттың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалған асыл мұра. Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», – деген сөзіне ештеңені алып-қосу мүмкін емес. Сонау бір ғасырдағы: «Қазақты қазақ еткен мейірімді тілі» өлшемі – өскелең ұрпаққа үлгі. Қазақ тілі – қазына, тірліктің нәрі. Тіліміздің шырыны – бабалар өсиеті. Ал өсиет өміршең болғандықтан да «суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін», қатты ағысқа ақпайтын, мәңгілік мән-мағынасын, бояу-реңкін сақтайтын, ойлы адам сүйсіне жаттайтын рухани байлық. Қарын тоқ, киім бүтін, ұйқы тыныш заманда өмір сүріп отырғанымызбен, рух, жігер, қажыр-қайрат, ар-ождан, намыс жетіңкіремей жатқаны ақиқат. Ұлт Тәуелсіздігінің ең басты белгісі – ана тілі. Демек, тілі мен мәдениетін жоғалтқан ел өз алдына мемлекет боп өмір сүре алмақ емес. Жалпақ Жаһанды мекен еткен дүйім ұлт-ұлыстың ең қымбат қазынасы – тіл болғандықтан, оны сақтап қалу, ол үшін күресу Ғазірейілдің адам алдына келгендегі соңғы сәтіндей өте маңызды парыз.
Бір жас жігіт Жүсіпбек Аймауытовтан тіл жөнінде сұрағанында, жазушы алысқа қарап отырған күйі: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», – деп толғана жауап берген екен. Бүгіндері, XXI ғасырда тіл тек «қарым-қатынас құралы» ғана емес, ол адам тыныс-тіршілігінің маңызды бөлшегі – компонентіне айналған. Өйткені, ол мәдениет пен мәдениетті, өркениет пен өркениетті байланыстырып тұратын алтын көпір. Өмірде бәзбіреу орынсыз айтылған жалғыз ауыз сөзінен опық жеп, әлгі өкініші өмірбақи өзегін өртесе, енді біреудің тауып айтқан бір ғана сөзі оны бақытты еткен ғажап сәттер аз емес. Дүнияны өз тілің арқылы тану – бақыт. Себебі, тілде ұлттың жаны, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, түп-тегі, этикалық нормалары мен өзегі сақталған. Тауды жарып аққан бұлақтың тұнығын да, ана сүтінің иісін де, сұлудың жымиысын да, жұмақтың жұпарын да, зеңгір Көктің көз тоймас ғажабын да, киелі де қасиетті жердің белгі-таңбалары мен санадағы сөз-сөйлем күйінде қалыптана құйылған ой ағысын да өз тіліңнің табиғаты негізінде ұғып, өз тіліңнің жаратылысы арқылы түйсіне алудан асқан қуаныш болмауға тиіс. Сүйсінсең де, сүйсең де, қателессең де, қырсықсаң да, бәрі-бәрі қазақша болуға тиіс.
XI ғасырда Қашқари аузымен айтылған «тәрбие басы – тіл» ұғымы өз өзектілігін әлі де жойған жоқ. Дәл мынадай мәдени пластардың алма-кезек алмасып, урбанизация, технократия, астрофизика, космология кезеңінде «тілдік орта ауылдық жерде жақсы сақталған» деген көзқарастың қаншалықты шындыққа жақын екенін дәл айту қиындау, әлбетте. Дегенмен де, пойыз сықылды алға заулаған Прогресс бір жерге тоқтар түрі жоқ. Артына қарамайды, тек алға ұмтылуда. Ол ұмтылған сайын көп дүние ұмыт қалып отыр. Алайда, атам қазақтың «тіл – тұғырың, дін – діңгегің» деген сөзінің еш ескіре қоймағанына таң қаласыз. Көк туы діңгекке мықтап бекітілсе, ал діңгегіңіз тұғырға орнатылары хақ. Тұғыры мен діңгегі әлсіз ұлттың көп нәрседен ұтылары сөзсіз. Ту жығылса, ел де есеңгіремек. Бұл ретте, тіл – Эрнест Хемингуэй шалы – Сантьягоның теңіздегі қайығы іспеттес. Сол себепті, ұлттық тіл жоқ жерде, ұлттық мемлекет құру – утопия, әпенделік. РФ Президенті В.Путин: «Орыс тілін білмейтіндерге Ресей азаматтығы берілмесін» деген қатаң талап қойған еді. Ал Конфуций «идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайтынын» және де «адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған маңызды нәрсе – тіл» екенін ерекше ескерткен. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту турасында Алаш арыстарынан тартып, қазіргі зиялыларға дейінгі аралықта көп нәрсе айтылды да, жазылды да. Негізі, адам баласы кез келген тілді үйренуге аса қабілетті екен. Ғылым сөйдейді. Жиырма бес жыл ішінде ана тілін үйренбеген қазақтарға не деуге болады?.. Бұның сырын тым тереңнен, тарихи-әлеуметтік қатпарлардан іздеген жөн. «Заманға қарай адамы» дегендей, қазақ тілін тез арада үйренудің төте жолының бірі – ақпараттық-электрондық, инновациялық технологияларды орны-орнымен пайдалана білу.
2011 жылы АҚШ-тан келген Д.Ридель атты азамат қазақ тілін үйренуге ерекше ықылас білдірген екен. Бірақ сол кезде-ақ «орыс тілінің ықпалы күшті» екенін аңғарған. Ал Х.Майер атты азаматша «қазақ тілін үйренуіне Орталық Азия елдерінің мәдениеті мен тарихына қызығушылығы түрткі болғанын» айтқан-ды. Сонда, Холли ханым «Қазақстанның әдебиетін, мәдениетін, саясатын зерттеп тану үшін қазақ тілін ғана білу жеткіліксіз және қазақ классиктерінің Америкада танымауының себебін сауатты да көркем аударманың жоқтығымен» түсіндіріпті. Қазақ тілін білу үшін алдымен орысша үйренген Джонатан кейін сөйлегенде әңгіме арасында «сразу», «уже», «ужас» деген сөздер қоса бастапты. Бұл қазіргі қазақ қоғамының, қазақ тілінің қасіреті. Ол обалы секілді жұқпалы боп шықты. Осыдан түйетініміз, қазақ тілін шетелдіктер жан-жақты зерттеп, зерделеуі үшін орыс тілдің гегемониясынан әрі басқа да ішкі-сыртқы факторлардан құтылуымыз қажет.
Соңғы уақытта Қазақ еліне келген шетел азаматтарының тілімізге деген құштарлығын байқағандай болдық. Мәселен, Д.Данладин туралы ғаламтордан білген ек. Алғашында домбыраға қызыққан ол, кейін қазақ тілін де үйрене бастапты. Даниельдың әкесі нигериялық, анасы орыс. Тағы, М.Камате жөнінде оқып-біліп қуанып қалдық. Ата-анасының түп-тамыры Оңтүстік Африка республикасынан болғанымен де, олар Алматы шаһарында танысып, осында отбасын құрған-ды. Бірақ кейін
Отанына оралған. Ал Оңтүстік Кореядан келген Ю.С.Ми де қазақ тілін ерекше құрметтейтіндердің бірі. Өз есімін Айнұр деп өзгерткен ол, үш баласын қазақ бала бақшасы мен мектебіне беріпті. Жоспары – қазақ тілін меңгеріп, Қазақстанда қалып, бизнес ашу. Жалпы, санақ бойынша жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіне жылына 500-ге тарта шетелдік түсетінге ұқсайды. Әркімнің мақсат-мұраты әр түрлі. Қайбір елшілік екені есімде жоқ, олар тіл көрмесін ұйымдастырғанда өзге ұлт өкілі «қазақтың төл дыбыстарын айту жағы қиынға соққанын» айтқан еді. Кейін көбісі Абай өлеңдерін жаттап, ұлттық аспаптарда ойнауды үйренген екен.
Қазақ тілін кім және қандай мақсатпен үйренеді?.. Ең негізгі сұрақ осы. Негізінен, психология ғылымының зерттеуі бойынша, кез келген тілді толықтай меңгерген адам сол елдің мәдени мұрасына ден қоятыны дәлелденген. Ең өкініштісі сол, Ана тіліміз заң жүзінде Қазақ елінің мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болғанымен, әлі күнге дейін еңсе тіктеп, ес жиып, қанатын еркін жайып кете алмауда.
Тілді дамытып, насихаттайтын нақты бір Орталық болмағандықтан «Тіл полициясын» құру немесе түрлі сөздіктерді қайта қарап, қайта басқанымызбен нәтиже өзгере қоймағаны өз алдына, жазудағы бірізділік атымен жоғалды. Сондықтан Жүйе айналысуға тиіс іске жекелеген әуесқойлар кірісе бастады. Айталық, Қанат Тасыбековтың «Ситуативный казахский» кітабы бүгіндері үлкен сұранысқа ие. Сонда ол кісі: «Өзім француз тілін жақсы білемін. Францияда төрт жыл тұрдым. Ұзақ жыл жылқы баптаумен айналысқан едім. Содан не керек, елуге толған соң, бүкіл жұмысты қойып: «Әркім өз жолын, өз нанын тауып жер, мен енді ана тілімді меңгеріп алайын», – дедім. Сөйтіп, қолыма қалам алдым», – деген. Егер тілді дамытамыз десек, әркім өзінен бастасын. Себебі, тіл де тірі организм секілді дамып, түрленіп отырады. Мәселенки, жебірей жұрты Құдысқа көшіп барғанға дейін өз тілін жоғалтқан еді. Алайда, ескі қолжазба-құжаттарға ден қою арқылы иврит тілін қайта жандандыруының әсерінен жас өркен өз тілінде сөйлеуді ғадетке айналдырған-ды. Қажет десеңіз, олар: «Иврит тілі – пайғамбарлар тілі» деген ұраны ұлттық идеологияның бір бөлігіне айналдыра алған. Немесе ХІХ ғасырдағы орыс қоғамын мысалға алайық. Михаил Ломоносов тұсында көптеген ғылым саласында орыс тілі аса қажетсіз боп, аударманың өзі сын көтермеген. Ал бүгінгі Ресейді қараңыз. Ол ағылшын тілі диктатынан құтылып, емтихандарды тек орысша тапсыратын дәрежеге жетті. Уәжі – «мы империя!». Яғни қазақ тіліне деген қажеттілік туындау үшін, ол тек ішкі ғана емес, сыртқы жағдайларға да байланысты. Ал өз тілін бағалай алмай жүріп, өзгеге үйрен, оқы, жатта деп қалай айта аламыз. Назарбаев университетінің оқытушысы Габриэль атты азамат: «Ағылшынмен салыстырғанда қазақ тілінің грамматикасы өте ауыр», – деген болатын. Тіл үйренудегі басты шарт – адамның ішкі құлшынысы мен табандылығы. Мысалы, ағылшын тілінің грамматикасы аса қарапайым. Ал итальян тілі оңай болуының басты себебі – септіктің жоқтығы. Испан тілі – үйренуге ең жеңіл тіл. Себебі, қалай естілсе, сол күйінде жазыла береді. Французша ағылшын тіліне ұқсас келеді. Әлем лингвистика ғылымында эсперанто (поляк ғалымы Л.М.Заменгоф ойлап тапқан жасанды тіл) ол да испан тіліне жақындау. Осы тілдерге деген сұраныс тарихи (француз басқыншылығы, ағылшын азаттығы, испан конкистадорларының жорығы, т.б.) және әлемдік саяси-экономикалық ахуалдың әсерінен деуге толық негіз бар. Қай ел мықты болса, сол тіл доминанттыққа ие.
Әр лингвистикалық жүйеге кіретін тілдер өзіндік даму сатысынан өткен. Бұл тілдік орта жойылғанда, сол тіл де, ұлт та өледі деген сөз. Ұлтты құрту үшін ең әуелі тілді шұбарлап, кірме сөздер енгізу арқылы оны өз мәйек-нәрінен ажыратады. Ол – тілге жасалынатын астыртын шабуылдың бір түрі ғана. Тілдік ортаның қаншалықты дамыған-дығының басты көрсеткіші, шыңы – тұрғындардың көркем де бейнелі, сауатты сөйлеп, жаза алмауымен өлшенбек. Қарқыны үдеген жаһандану заманында тіл стратегиялық құралға, ұлттық сана мен ойлау жүйесінің қайнар көзіне айналды. Совет заманында орта санаға әсер етіп, соның негізінде бәрі орысша сөйлей бастады емес пе?! Ал қазақ тілінің жазбаша сауатының төмен болуының кесірінен тіл тереңдігін түсіну және оның құндылық ретінде бағалау жағы кемшін болып тұр. Бұқара көп ақпаратты орыс дерек-көздерінен алатындықтан, қазақтілді орта өздігінше ой қорытудан қалып, орыстілді ортаның ойлау жүйесінің жетегінде кеткені де шындық. Ал ұрпақ қазақша ойламаған жерде оның ұлт ретінде өмір сүруі де қауіпті болмақ. Теледидардағы асығыс аударма негізінде тәрбиеленіп жүрген жастардың басым бөлігі «қазақ тілінің – ұлы тіл» екендігіне күмәнмен қарайтыны алаңдатады. Мемлекеттік тіл әлеуметтік-қоғамдық орындарда барынша шеттетілгендіктен де, халық көп шоғырланған жерде орыс тілі үстемдік құрған. Бұл да сананы сансыратудың, адамды «зомбиге» – тірі өлікке айналдырудың амалы. Ал өлікке ана тілінің қажеті қанша?! Билік, күш қай жақта болса, тіл де, тілдік орта да сол жаққа ауып отырады. Яғни билік басындағы – жоғарғы класс толықтай қазақ тілінде сөйлемейтіні де хақ. Ақыр соңында қазақ тілін үйрету, оны дамыту жолдарын ұсыну жағы ортақ, тұтастай ұлттық мәселеге айналмауы да заңдылық деп білеміз. Бұған саяси-идеологиялық, қоғамдық-әлеуметтік, демографиялық, генеологиялық, этнолингвистикалық факторларды қосыңыз. Және де қоғам санасына әсер ететін БАҚ-тың қай тілде басым ақпарат таратып, қазақ баласы қай тілде білім алып жүргеніне де мән беріңіз. Қымбат жоғары оқу орындарын есепке алмағанда, жыпырлаған орыстілді мектеп, техникум, лицей мен колледждер қаншама?! Айналып келгенде тіл – ішкі саясат өзегі. Еліміз егемендік алған соң экономикалық һәм мәдени байланыстарды күшейту үшін шет тілін білу қажеттігі туындады. Алайда, қазақ өз тілін, өз мәдениетін толық білмей, мәдениетаралық диалог орната алмайтынын да ескеруі қажет. Жалғыз тілді ғана білу аздық ететіндіктен, сол ұлттың дүниетанымын да зерттеуің керек. Өзге мәдениетті түсіну үшін кез келген ойлы кісі құндылықтар мен мұраларды, артықшылықтар мен кемшіліктерді, азы мен көбін, бары мен жоғын, ақ пен қарасын салыстыра бастайды. Бұнымен айтпағымыз, тіл – танудың кілті. Бірақ қанша дегенмен де, бөтеннің аты бөтен ғой. Ол тіл иесініндей Ұлы заңдылықтар мен ішкі иірімдерін соншалықты терең білмеуі де кешірімді нәрсе. Верещагинның: «Тіпті, адамдар бір тілде сөйлесіп жүріп те бір-бірін ұға бермейді» деуі соның дәлелі. Әр тілдің сөздік қоры үнемі толығып отырады. Елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясатының салқыны ешкімге, ешнәрсеге тимеді дей алмайсыз. Себебі, ағылшын тілінен енген кірме сөздер, неологизмдер көптеп пайда болуда. Бұл табиғи түрде дамитын үрдіске ешкімнің қарсылығы жоқ қой. Дегенмен де, өңгені өз призмаң арқылы танысаң, ұлт ретінде сыйлы да құрметті, ойлы да ақылман бола түсеріміз шындық.
Әлем тілдері тарихына үңілсек, олардың жалпы саны 2500-ден 5000-ға дейін болыпты. Дүниежүзі тілдері қатарына енген қытай, ағылшын, хинди, урду, испан, орыс, индонезия, араб, бенгал, португал, жапон, неміс, француз, пенджави, түрік, италян, корей, телугу, маратхи, тамил тілдерінің қатарына өзіміздің қазақ тілі қашан енеді екен деген зор дәме де жоқ емес. Бірақ лингвистика картасынан криттегі иероглиф тілі, шумер, этрус секілді із-түзсіз жоғалып кеткен көптеген тілдің де болғанын қаперге аласың да, тәубеңе түсесің. Қалай болғанда да, қазақ тілін насихаттау, қазақ тілінің жоғын жоқтау қазақтан басталуы тиіс. Өйткені, тіл – өзегіміз!..
Әлібек БАЙБОЛ.