«Рухани жаңғыру – түрік дүниесінің олжасы»
Анкара қаласында орналасқан Еуразия Жазушылар қауымдастығының кеңсесінде түркі әлеміне танымал түрік қаламгерлері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады.
Жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, «Кардеш калемлер» журналының жауапты хатшысы Осман Чевиксой, әдебиеттанушы-ғалымдар Әкрам Арыкоғлы, Вели Саваш Йелок, Жәмиля Кынажы, қаламгерлер Хусейн Албайрак, Уфук Тузман, Үлкі Ташлыова, Бекир Явуз Пекажар, Еркан Карагөз, Сүмейра Харманда, Нұрай Тамир, Азиза Кая және БАҚ өкілдері қатысты.
Шара аясында Гази университетінің оқытушысы, қазақ әдебиетінің танушысы, ғылым докторы Жәмила Кынажының «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Жиынды ашқан Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А.Сапарбекұлы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін атап өтіп, бағдарламалық мақалада айтылған негізгі бағыттары туралы мәлімет берді. Мәдени-гуманитарлық сала бойынша екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту және қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттау мақсатында шығармашылық орталықтармен атқарып отырған жұмысты ары қарай жалғастыратындығын жеткізді. Елші А.Сапарбекұлы ғалым Ж.Кынажының қазақ әдебиетіне қатысты жүргізген зерттеу еңбектерін жоғары бағалап, жаңа туындыға сәт сапар тіледі.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – ХХІ ғасырдың олжасы» деп баға берген Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Я.Омароғлы түрік қаламгерлері атынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа тұтас руханият саласына күш беріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. «Түркия зиялылары атынан Қазақстан Президентіне алғыс айтуымыз керек. Өйткені, осы мақала арқылы Елбасы бүкіл әлемнің жанталаса күресіп жатқан мәдени жұтаңдыққа қарсы шешім тауып отыр. Аталған бағдарлама қазақтың мәдени коды мен ұлттық болмысын сақтау мәселесінен бастап, мәдени дипломатияның жүзеге асырылуына дейінгі нақты мақсаттар мен атқарылатын жұмыстарды қамтыған. Сондықтан бағдарламада айтылған тәжірибе Қазақстан үшін қаншалықты маңызды болса түркі әлемі үшін де соншалықты маңызды», – деп өз пікірін білдірді. Сөз соңында Я.Омароғлы «Кардеш калемлер» журналына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргендігін жеткізді.
Ал Ж.Кынажының «Қазақ театрында әйел мәселесі» атты кітабы бойынша баяндама жасаған Гази университетінің оқытушысы, ғылым докторы Вели Саваш Йелок автордың өткен ғасырдың 1920-1928 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың әйелін ғана емес, жалпы әлем елдері мен Осман мемлекетіндегі әйелдердің қоғамда алған орны мен атқарған ролін анық көрсеткендігін жеткізді. Сонымен қатар, әйел тақырыбы М.Дулатұлы, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Тілепбергенұлы сынды жазушылардың драмалық шығармаларына арқау болғандығын баяндады.
Бұған қоса, құттықтау сөз сөйлеген түрік жазушылары О.Чевиксой, Х.Албайрак және Ә.Арыкоғлы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігіне қазақ әдебиетін насихаттау арқылы әдеби байланысты орнатқаны үшін алғыс білдірді.
Шара соңында елші А.Сапарбекұлы әдебиеттанушы-ғалым Ж.Кынажыны екі бауырлас ел арасындағы ынтымақтастықты дамытқаны үшін «Қазақстан-Түркия достығы» медалімен марапаттады.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.