Білімді болудың бүгінгі шарты қандай?
Білім жайлы айтылған тәмсілдің бірі – «Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт» дейді. Бұл сөздің қай уақытта, қандай жағдайда айтылғаны беймәлім. Бір анығы, білімдінің күні оқығанын тоқи алмаса жарық бола алмайтынын нақтылап тұр. Жаңа заманның көшіне ілесу мақсатымен кейінгі жылдары білім саласында көп реформа жасалды. Оның тиімділігін тиісті орындар жиі қайталағанмен, қоғам оған әлі де оң баға бере қойған жоқ. Содан болар, бүгінгі қоғамның білім жайлы түсінігі тұрақсыз. Біз бүгін білім және қоғам мүшелерінің білімге деген көзқарасы туралы «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының директоры, психолог Ғани БЕКТАЙҰЛЫМЕН аз-кем әңгімелестік.
– Алдыңғы буын ағалар қазіргі балалардың білімі таяз екенін жиі айтады. Мүмкін біз қазіргі білімге нақты баға бере алмай жүрген болармыз? Сіздің ойыңызша, қазіргі балалар білімді болу дегенді қалай түсінеді?
– Қазіргі қоғамдағы білім мен оның сапасы туралы ой қозғамас бұрын «Білім дегеніміз не?» деген сұраққа жауап табуымыз керек. Біз өмір сүріп отырған қоғамда білімге деген көзқарас әрқилы. Ал ХХ ғасырдың басында хат танып, жазу жаза білген адамның барлығы сауатты, яғни білімді болып саналды. Тиісінше, өз заманындағы сыйлы, қалың қауымның алдында абыройлы адамдар да осылар болатын. ХХ ғасырдың орта шенінде білімді адамның айнасы – қолындағы дипломы еді. ЖОО бітірген, дипломы бар адам сол кезеңдегі талапқа сай білімділердің қатарын толықтыратын. Уақыт өте келе ХХ ғасырдың аяғына қарай ғылыми дәрежеге үлкен мән берілді. Адамдар ЖОО-нын аяқтаумен шектелмей ғылыми жұмыс қорғап, кандидат, доктор болуға күш сала бастады. Бұл қазіргі тілмен айтқанда трендке айналып, ерінбеген адам ғылыми атаққа оңай қол жеткізетін болды. Тіпті сол кезеңде ақшалы азаматтар білімді адамдарға ғылыми жұмыс жазғызып, оны өз атынан қорғап алғанын қазір екінің бірі біледі.
Біз қазір бұрынғыдан мүлдем өзгеше жаңа заманға қадам бастық. Демек, білімге деген талап та жоғарылап, өзгеше сипат алды. Технология қалай қарыштаса білімге деген талап та түбегейлі өзгерді. Ол қандай өзгеріс? Мәселен, қазір диплом дегеніңіз адамның білімін көрсететін көрсеткіш бола алмай қалды. Қызыл диплом алсаңыз да ол сіздің біліктілігіңіз бен білімділігіңізді айқындап бере алмайды. Кітапхананың есігін тоздырып, мұрағат ақтарып қорғаған жұмысыңыз да, ғылыми атақ-дәрежеңіз де білімнің көрсеткіші емес. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан құбылыс. Бүкіл жұмыс беруші компаниялар қызметке адам қабылдау үшін қандай талап қоямыз деген проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Диплом да, ғылыми атақ та білімінің, тиісінше жақсы маман болудың көрсеткіші болмай қалды. Жоғарғы не, арнаулы орта білімі жөніндегі дипломы болмаса да үлкен кәсіпті игеріп, көптеген адамға жұмыс тауып беріп отырған бірнеше адамды білемін. Оларды қалай білімсіздер қатарына жатқызасың? Мұндай азаматтар тек шет елде ғана емес, біздің елде де кездеседі.Бұл орайда Стив Джобс пен Билл Гейтсттің өмір тарихын мысал етпесем де көпшілік одан хабардар. Дипломы жоқ болса да Қазақстандық ірі жеке меншік компанияларда үлкен іс тындырып отырған азаматтар бар. Ал үкіметтік мекемелерде, өкінішке қарай, білім мен біліктілікті дипломмен ғана өлшеу дағдысы қалып қойды. Оған не себеп? Бұл «білім» мен «ақпарат жинау» сөздері арасындағы ұғымды теңестіріп алғанымыздан туындап отыр. Шындығында ХХ ғасырдағы қоғам қазіргі компьютер сияқты қойын-қонышы ақпаратқа толы адамды «білімді» санап келді. М.Әуезов секілді энциклопедист ғалымдар өз заманының интернеті, Google-і болды. Ондай ғалымдар өзге қарапайым адамдарға қарағанда көп ізденіп, мол ақпарат жинап, оны халыққа сұрыптап ұсына білді. Мұхтар Әуезовтің дәрісін тыңдаған адамдар ол кісі лекция оқығанда үлкен оқу залдарының лықа толып, студент сыймай отыратынын әлі күнге аңыз етіп айтады. Өйткені, қоғам мүшелері М.Әуезов секілді тұлғалардан ақпарат алды. Ал бүгінгі күні қоғам ондай адамдарға мұқтаж емес. Неге? Себебі, адамдар кез келген сұрағына интернеттегі Google-ден тез әрі нақты жауап ала алады. Оны толықтыратын видео, аудио материалдар да осы интернеттің ішінде. Тек тетігін тауып іздей білсеңіз болды. Ендеше, бүгінгі білім – ақпарат емес. ХХІ ғасырдағы білім – жинаған ақпаратты сіңіріп, оны қолданысқа енгізу. Қазір тамыр-таныс, дос-жаран, жекжат-жұраттың арасынан дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ, яки табысы мардымсыз болғасын өзге жұмыс істеп жүрген кем дегенде екі-үш адам табылады. Бұл осы күнгі білімнің ақпарат емес екенін, яғни білім туралы түсініктің түбегейлі өзгеріске ұшырағанын нақты көрсетіп отыр.
– «Білім туралы түсінік өзгерді» дейсіз. Қоғамның білім туралы жаңа заманауи түсінігін қалыптастыру үшін не істеу керек сонда?
– Ең алдымен адамдарға диплом алу үшін оқудың маңызды емес екенін түсіндіру керек. Қазір бір адам экономика саласында оқып диплом алады. Осы салада жұмыс таба алмаған соң заң саласын меңгеруге кіріседі. Оқуын оқығанмен жинаған білімін қажетіне жарата алмайды. Бұл үрдіс экономикалық тілмен айтқанда, дипломның құнының түсіп кетуіне әкеп соқты. Ал біздің ел соны көріп біле тұра ары қарай тағы басқа мамандық бойынша диплом алуға кіріседі. Бұл парадокс!
– Бұл үрдістің осынша етек жаюына не себеп деп ойлайсыз? Және оны реттеудің қандай да бір жолы бар ма?
– Ең алдымен елге ақпарат дұрыс берілуі керек. Халық өз түсінігінің шеңберінде бір ұстанымды бетке алып соның жетегімен жүре береді. Заманның жылдам өзгеріп жатқанын түйсіне бермейді, түсінсе де мән бергісі келмейді.Халықтың білім жайлы түсінігі «дипломың болса жерде қалмайсың» деген ХХ ғасырдағы түсініктің ауылынан алшақтай қойған жоқ.Бұл ұғым сейілу үшін ақпарат құралдары барынша нақты әрі дәл ақпарат таратуы керек. Дипломы бар бала емес, нақты бір кәсіпті игерген баланың жерде қалмайтынын түсіндіргеніміз абзал. Көзіқарақты қауым жақсы біледі, Елбасы әр жолдауында балалардың қабілетін анықтай отырып, белгілі бір кәсіпті меңгеруіне жағдай жасау керек деп айтады. Бұл қоғам үшін үлкен бағдар. Алайда, қоғам өзіне берілген бағдарды жылдам түсініп қабылдай алмай жатыр. Басымызды тауға да, тасқа да соғамыз, бірақ бүгінгі заманның талабы кәсіп игеру екенін түсінгіміз келмейді. Сананы өзгертіп, қазіргі заманның талабын түсінгенде ғана балаларымызға дұрыс бағдар бере аламыз.
– Біздің қоғам жаппай ағылшын тілін үйренуге бет бұрды. Бұл үрдістің етек жаюына да қоғамдағы қажеттілік түрткі болып отыр деуге бола ма?
– Бұл да менің ойымша уақытша құбылыс. Байыптап қарасаңыз, кәсіп игеремін деген адамға ағылшын тілі аса қажет емес. Қазір әлемде ағылшын тілді адамның 70% -ы жұмыссыз. Яғни ағылшын тілін меңгерсеңіз жұмыссыз қалмайсыз деген түсінік те қате. Димаш Құдайбергеновті мысалға алайық. Мәселен, ол шет тілін жетік меңгермей-ақ, өз талантынымен бүкіл әлемді мойындатты емес пе? Ол танылған соң әлемде қазақ тілін үйренуге ниет танытқан адамдардың көбейгенін көз көрді…Өз арамыздағы «ағылшын тілін білмесең әлемдік көштен қаласың» деп қорқытатын адамдарға бұл үлкен сабақ болған шығар? Шет тілін білген дұрыс, бірақ асыра сілтеу артық болатынын ойланған жөн. Бүгінде біздің қоғам әлем табынған Димашты да сынап үлгерді. Жалпы, бұл байырғы қазақ психологиясына жат үрдіс. Ал үш жүз жыл орыс империясының бодандығы мен жетпіс жыл қызыл империяның езгісінде болған ел үшін қалыпты құбылыс. Намысымызға келетіні рас. Бірақ «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтінін» ескерген жөн.
Біз біраз жылдар бойы өз ұлтын жамандайтын, яки асыра мақтайтын әдеттің қайдан пайда болатынын зерттедік. Сол зерттеуден өз қандасын, өз ұлтын, өз бауырын бойына құлдық психология әбден сіңген адамдар ғана жамандайтынын анықтадық. Бұл сөзім көп адамның шамына тиюі мүмкін, бірақ бұл шындық. Бұл сөз қай адамның шамына тисе, сол адам да құлдық санадан арыла қоймаған. Мұны мен ойдан шығарып отырған жоқпын, бұл психология заңдылығы. Екінің бірі «Қазақ десең өзіңе тиеді», «Қазақ жүрген жерде…» деп өз ұлтын аямай сынайды. Қоғам болған соң адам мінезінің түр-түрі болатыны белгілі. Дегенмен, сені ренжіткен, яки саған ұнамаған бір-екі адам үшін бүкіл ұлтқа топырақ шашу, бұл да құлдық психологияның нышаны.Психологияның заңдылығы бойынша, жеке басының қателігі мен әлсіздігін мойындай білген адам ғана одан арыла алады. Мұны қазақ «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деп бір ауыз сөзбен түйіндеп қойған. Бұдан асырып айту мүмкін бе?
– Кез келген салада қолға алынатын реформа ең алдымен жергілікті халықтың менталитетіне, ұлттық танымына ыңғайланып жасалуы керек деген пікірге қалай қарайсыз?
– Ұлттық таным, ұлттық рух ұлттық тамырдан алыстамаған адамда ғана сақталады. Бұл – аксиома. Өздеріңізге белгілі, қазіргі билік басындағы азаматтардың басым көпшілігі орыс не ағылшын тілді азаматтар. Олардың өз ұлтының менталитетіне сай, ұлт келешегі үшін аса тиімді реформа жасай алатынына сенесіз бе? Менің күмәнім бар. Бейнелеп айтқанда, қыр баласы тау баласын, құмда ержеткен бала мұхиттың жағасында өскен баланы түсінбейтіні сияқты дүние.Мәселен, қазір біз білім беру жүйесіндегі советтік технологияны ысырып, ағылшынның білім беру жүйесіндегі әдіс-тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Бұл – Қазақтың білім жүйесі Кембридждің бағдарламасына көшсе көсегесі көгеріп шыға келеді дегеннің кебі. Бұл – қауіпті қателік. Кешегі Елбасының бүкіл халықтық талқылауға түскен мақаласында не айтылды? Ұлттық кодты табуымыз керек деді. Ұлттық кодты табу дегеніміз – кез келген салада өз ерекшелігімізге сай жүйе жасау керек деген сөз. Сонда ғана біз өзгелердің жолын қайталамай, өз сүрлеуімізді табамыз. Шеттен келген жон-жосықтың ешқайсысы бізді жетістікке жеткізе алмайды. Бейнелеп айтсақ, шетел мен Қазақстан бірінде тұщы, бірінде тұзды су құйылған екі құты секілді.Екеуінде де балық өмір сүреді. Екі балықтың бір-бірінен айырмасы жоқ секілді, екі елдегі адамдардың айырмасы жоқ, психологиясы ұқсас, қабілеті бір. Сырт қарағанда ұқсайды, алайда тұщы судағы балықты тұзды суға апарсаңыз немесе тұзды судағы балықты тұщы суға апарсаңыз өмір сүре ала ма? Немесе екі суды араластырсаңыз балықтар мықты боп кете ме? Қазіргі білім беру саласындағы шетелдік технологиялардың барлығы осы тұщы су мен тұзды суды араластырғандай қойыртпақ дүние. Ол қойыртпақта адамдар адаспай қайтсін?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында не айтылады, Білім және ғылым министрлігі қандай реформа жасайды? Екеуін бір-біріне тоқайластырсаңыз мүлдем кереғар екенін түсіну қиын емес. Бұны мен ғана айтып жүргем жоқ. Көптеген көзі ашық көкірегі ояу азаматтарымыз айтып шырылдап жүр.
Мемлекеттің, қоғамның, білім беру орындарының, ата-ананың алғашқы міндеті – баланың қабілетін ашып, оның мамандығын таңдауға көмектесу. Қоғам өзінің азаматтарына сол қоғамның тетігін тауып қалануына жағдай жасай алмаса, мемлекет өзіне адал азаматынан, қоғам өзінің толыққанды мүшесінен, білім беру орындары азаматтардың сенімінен, ата-ана бақытты ұрпағынан көз жазып қалу қаупі бар.
– Сіз басқарып отырған орталық бұл орайда нендей іс атқарып отыр?
Біздің орталық кез келген баланың білім-білігі мен қарым-қабілетін анықтайтын диагностикалық жүйе жасады. Әлемде бірінші рет «Мамандық таңдау әліппесін» шығарды. Әлемдік статистикаға сүйенсек, 1965 жылдан бері 35 мың мамандық жойылып кеткен. Дүниежүзінде 50 мың ал Қазақстанда 7 мың мамандықтың түрі бар көрінеді. Сол мамандықтар әлеміне біздің жастарымыздың именбей енуіне көмектесу мақсатында бұл туындыны «Әліппе» деп атадық. Мұны мамандық таңдаудың алғашқы қазақстандық моделі деп айтсам, артық болмас.
Сұхбаттасқан
Назым ДҮТБАЕВА.
ПІКІРЛЕР1