«ҰЛТ БОЛУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ – КІТАП ОҚУ»
21.05.2024
239
0

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның биылғы жыл басында жариялаған «Кітап – адамзат үшін ең құнды қазына» атты сараптау-талдау материалы рухани жан азығының кең таралуына жол ашқаны рас. Осы жаңа ереже аясында 15-мамырда Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында үш күнге созылатын «Qazag Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрме-жәрмеңкені Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып, оған «Қасым» баспа үйі, «Книжный клуб» кітап баспалары өз өнімдерін қосты. Жиында сөз алған ҚР Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Нұрия Исқалиева бүгінгі таңда рухани орталық қорында әлем халықтарының 123 тіліндегі 7 миллионнан астам жазба құжаттары сақтаулы тұрғанын тілге тиек етті. Көрнекті жазушылар – Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Кәдірбек Сегізбаев, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Әлібек Асқаров, Алматы қаласы Мәдениет басқарма басшысының бірінші орынбасары Арман Халбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген сөзін зерделей келе, оқырмандар санын көбейтудің даңғылы олармен қаламгерлерді жиі жүздестіріп, бұрынғы дәстүр бойынша қолтаңбалар алдырту екенін еске салды. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалық «Фолиант» баспа индустриясында қазақ әдебиетінің жауһарлары, әлемдік классикалар, ғылымдық-танымдық еңбектер мыңдап жарық көріп жатқанын айтып, баспаның кітап тарату ісіндегі бастамаларына сәттілік тіледі. Осындай игі шараларды «Атамұра» баспа корпорациясы да үнемі жүзеге асырып келе жатқанына тоқталды.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Фолиант» баспасы директорының кеңесшісі Дәулеткерей Кәпұлы Ұлттық кітапхана қорына аталмыш баспаның 1000 кітабын тарту етті.

Еркін
ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір