Бір сәт. Бір бауырсақ. Бір шумақ өлең
«Қазақ әдебиетінен» Асағаң (Асанәлі) туралы көлемді мақала оқып, тарлан тұлғаның талантының тағы бір қырын, ашылмаған сырын, ағалық ақылын, арманы мен үмітін, кей өкінішін тағы бір тереңдеп танығандай болдым. Тағы бір тәнті болып, тағы бір табындым, сыйындым, сыйладым.
Есіме Асағаңды алғаш қалай көргенім түсті. Ол да бір өмірдің жарқ етіп өткен мыңнан бір мезеті екен-ау… Асағаңды күнде көріп жүрген адамдар үшін бұл селт еткізер уақыт емес шығар. Ал біз үшін (ауыл адамдары үшін) бұл сәт елу жылда бір көрінетін тағдыр жұлдызын көргеннен бір кем болған жоқ.
Иә, 2002 жылы. «Инара» кафесі. Біз «Самалдағы» 131 мектептің бір топ тіл-әдебиет мұғалімдері, әлдебір мерекені атап өтпекпіз. Кенет құрбым «Қыздар, қыздар, тура қасымыздағы столда Асанәлі Әшімов отыр» деді аптыға сыбырлап. Қойшы, шын ба? деппін ғой. Қалалық құрбыларымыз дәл біз секілді әлем-тапырық күйге түскен жоқ. Жай қарады да қойды. Қаланың тақыс тартымдылығын әлі қабылдай қоймаған әлгі құрбым екеуміз ауылбайский ақ көкірегімізбен ақ жарыла қуандық.
Енді ше? 70 жылдар жастарының арман тұлғасы Асанәліні, тірі Асанәліні көріп тұрған жоқпыз ба. Сәттің әсері сондай – әлдебір шумақ өлең ойыма келіп, тіліме оралды.
– «Еңселігі екі елі
Егіз қоян шекелім».
Сенен ұқты қазағың
Шын таланттың не екенін
Шын тағдырдың не екенін.
Тұяғы кетік тарланым,
Тексіздікке бармадың.
Өтесің-ау өмірден
Соңғы әнін шырқап Майраның.
Ай, қартымыз, қартымыз,
Қарттықтан бойды тартыңыз.
Қырандай қиғаш қарасаң,
Әлі де қатты зарпыңыз.
Өнерде бүгін өлшем жоқ,
Сиятын сіздің нарқыңыз…
Құрбыларым мәз. «Енді мұны тез қағазға жазу керек. Әйтпесе ұмытып қаласың» дейді әбіржіп. Енді қағаз тапсақшы. «Қағаз, қаламсыз демалу» деген мұғалімдерде бір салт бар. Солай келгенбіз ғой. Әйтеу біреуден бір қалам тауып, өлеңді тура салфеткаға жаздық. Тағы да әлгі көсем құрбым сөз бастады:
– Қыздар, осындай адамдардың қасында отырып, түк көрмегендей бедірейіп тамақ ішіп отыра береміз бе? Көргенсіздік болады бұл, жүріңдер, барып амандасайық, – деді, – онымен де қоймай, – әлгі өлеңді оқып берейік, – дейді. Мен шошып кеттім:
– Ойбай, қойшы, біздің өлеңді қайтсін бұл кісілер.
– Жоға, – деп өршеленді құрбым, – керісінше, танымал адамдар қарапайым болады. Олар атақты ақынның өлеңін күнде тыңдап жүрген шығар, бірақ қарапайым мұғалімнің қолма-қол туған өлеңін күнде естіп жүрген жоқ шығар. Осыдан көресің ғой. Өлеңің ол кісілерге ұнайды. Не керек, ақыры тәуекел етіп, орнымыздан дүрк көтеріліп, Асағаңдарға келіп, жапырлай амандастық. Столда Әшірбек Сығай, Әзімхан, тағы біреу – әйтеу кино саласының адамдары отыр екен.
– Асекеңді жұбату шайға шақырған едік, – деді Әшекең. Столда ет, қымыз, бауырсақ тұрды. Асекеңнің анасы қайтқан кез-ау деймін. Біз де көңіл айттық. Көңілді көп атынан мен айттым:
– Асаға, сіздің қайғыңыз – халық қайғысы. Тәңірім «Таудай қайғыны таудай адамға берем» деген дейді. Есіңізде ме, Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман жастай қайтыс болғанда, Жамбыл ақын Абайға не деп көңіл айтып еді:
– Жаңғаққа біткен асыл-ай.
Тасқанда Тәңір басуы-ай.
Нар көтермес ауырға
Арқасын тоссын жасымай, – депті. Мен де сізге бүкіл ауыл қазағы атынан көңіл айтам дедім. (Ондай правоны кім берді десеңізші).
– Өздерің кімсіңдер? – деді Әшірбек.
– Біздер – мұғалімдерміз.
– Мұғалім болғанда жай мұғалім емес, әдебиетшісіздер-ау деймін.
– Иә, аға, мен ақынмын, – деппін ғой мақтанып кетіп. Олар бізге жас балаға қарағандай кешіріммен әрі қызықтай күле қарап отыр.
– Аға, – дедім еркінсіп кеткен мен, – осы қазір ғана туған бір-екі шумақ өлеңім бар еді. Оқып берсем бола ма?
– Оқы, оқы, шырағым, – деп жатыр. Сол кезде біз ол кісілерге күлкілі көрінген шығармыз. Мен барынша мәнерлеп, шабыттанып тұрып өлеңімді оқыдым. Бір сәт бәрі тынып қалды. Мен күтпеген жағдай болды. Асағаң алақанымен бетін басқан күйінде солқылдап жылап отырды. Салалы саусақтарының арасынан сорғалаған жас әлі көз алдымда… Енді ол кісілер бізге шындап назар аударып, шындап әңгімелесуге бейіл берді. Өз столдарына қосымша орындық қойғызып, ал ас алыңдар деді. Біз бір-бір бауырсақ жедік.
– Асаға, – дедім әбден еркінсіп, – мына отырғандардың бәрі 70 жылдың бойжеткендері. Өзіңіз білесіз, 70 жылдардың бойжеткендері бәрі сізге ғашық болып, бір көруді арман еткен. Жиырма жаста армандаған сол арманға бәрі бүгін қырықтан асқанда жетіп отыр, – дедім. Бәрі ду күлді. Мұнымен де қоймай, «Қыз Жібекке» «талдау» жасауға кірісіп кетсем керек. «Аға, сіздің, яғни Бекежанның бейнесін ана бір деталь керемет ашып тұр. Сол режиссердің шешімі ме, әлде өз тапқырлығыңыз ба?» деп едім, Әшірбек маған аңтарыла, жүзі нұрлана жалт қарап:
– Айналайын-ау, сен сыншысың ғой, – деді. Міне, тап осылай деген. Сыншы деген атақты осыдан 15 жыл бұрын Әшірбек Сығай беріп еді. Қабілетімді танып еді… Қайран, сабаз-ай! Қоштасар сәтте Асағаң: «әлгі өлеңді маған бере ғой» дегені.
– Ойбай, аға, ол салфеткаға жазылған еді. Содан ұялып тұрғаным. Ол кісі еш асықпай өлеңді өз қойын книжкасына көшіріп алды. Енді аяғына аты-жөніңді жаз деді. Мен жеке өз атымды ғана жазуға құрбыларымнан ұялып, «Сізге мәңгі ғашық 70 жылдың қыздары» дей салдым.
Арада аттай 7 жыл өткен. Асағаңның «Менің жанрым – күнделік» атты кітабын оқып отырғам. Ішінде сол баяғы салфеткадағы өлең жүр. Мұндай қуанбаспын. Қыздар, қыздар, менің өлеңім! – деп айғайлай бергем ғой.
– Е, не бопты сіздің өлеңіңізге?
– Ойбай-ау, менің өлеңім Асанәлі Әшімовтің кітабында жүр.
– Қойыңызшы! Енді олар аң-таң. Жүгірісіп келіп жапырласа қарап жатыр. Сұрақ та жауды:
– Сіздің өлеңді ол кісі қайдан алған?
– Сіз өзіңіз апарып бердіңіз бе?
– Сіздікі болса неге аты-жөніңіз жоқ? Бұл кезде өлеңдер жинағым шығып, он жылдай айтыс ақыны ретінде танылған менің ақындығыма олар шек келтіріп тұрған жоқ. Бірақ дәл мына өлеңнің Асағаңның кітабына қалай кіріп кеткеніне қайран. Бас-басына түсінік беріп жату, тіпті қиын. Содан сол сенбегендерге дәлелдеу үшін мен «Ана тілі» газетіне «Асаға-ау, айтыңызшы мыналарға» деген мақала жаздым. Бұл – 2009 жыл еді. Жарқ етіп өткен жалғыз сәт. Бірақ соншалықты көңіл толқытқан, қуаныш пен әсер сыйлаған сәт. Танымалдылықтың бір қыры – қарапайымдылық екен-ау… Ауырмаңыз, Асаға! Сіз туралы естелік емес, эсселер жазыла бергей…
Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.