«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АДАМЫ» (Республикалық Театрлар Фестивалі)
Атырау қаласында 21-24 мамыр аралығында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Әбітайұлы Оразбаев) 70 жылдық мерейтойына орай, оның шығармашылығына арналған «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» атты Республикалық Театрлар Фестивалі өтті.
***
Фестивальдің ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өнер мерекесіне сонау Литвадан, Қырғызстаннан және еліміздің оңтүстігі мен шығысынан, орталық Қазақстаннан келген барша өнер майталмандарына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Атырау өңірінде көптеген игі шаралар дәстүрлі түрде жүзеге асып келе жатқанына тоқталды.
«Мәдени шараларды жиі өткізудің өзіндік қажеттіліктері бар…
Мұның бәрін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұжырымдамасындағы тапсырмаларды орындауда, еліміздің рухани жаңғыруына, жаһандану үрдісіндегі бәсекелестікке сай болуға бағытталған негізгі шаралардың қатарында атауға болады. Қай өнердің де өзіндік ерекшелігі бар. Ал театрдағы шығармашылық – бұл зиялы өнер. Әртістер қауымына қиын да, абыройлы істеріңізде әрқашан табысты болыңыздар дегім келеді.
Көпшіліктің көңілінен шыққан қойылымдарыңыз көбейе берсін. Өнер бәйгесіне келгенде ешкім «жеңілемін» деп келмейді. Әр ұжымның өзіндік қалыптасқан бағыты, тәжірибесі бар. Сондықтан фестивальге қатысушылардың бәрі де жоғары дайындықпен келгенін білемін. Бәріңізге сәттілік тілеймін!», – деді, Нұрлан Асқарұлы мырза сөзінің соңын ерекше мерекелік көңіл-күймен түйіндей түсіп…
***
Сондай-ақ, аталмыш шараға арнайы келген мейман, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ылғи дарындар түлеп ұшқан Атырау топырағының өнерлі тұлғаларына басын иіп, бүгінгі күні де Атырау облысы театрдың, өнердің ордасына айналғанын тілге тиек етті. Облыстың барлық мәдениет қызметкерлерін төл мерекелерімен және өнер тойымен құттықтап, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып берді:
«Құрметті Иранбек Әбітайұлы!
Ардақты әдебиет майталманы қарымы мен қабілеті ұштасқан Иран-Ғайып ақынның қаламынан туындаған шығармалар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің елеулі табысы болып, ғасырдан ғасырға жетері сөзсіз.
1974 жылы «Жүрек жырлайды» атты жыр жинағы, кейін «Тың құрбаны», «Мен ішпеген у бар ма?», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан-Абылай – Сабалақ», «Театр Романы», «Қорқыттың Көрі» және тағы басқа да драмалық дастандарыңызбен, үш және он үш томдық таңдамалы жинақтарыңыз Сіздің әдебиетті өркендету жолындағы адал еңбек пен тапжылмас ізденістеріңіздің жемісі деп білемін.
«Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» республикалық театрлар фестивалі Иран-Ғайып есімді ел ұлының
70 жасқа толуына арналып отырған өнер бәйгесі!
Өмір жолындағы сан тараулы додада сүрінбей, діттеген мақсатынан айнымаған Сізге 70 жасыңыз құтты болсын дей отыра, зор денсаулық, отбасы амандығы мен шығармашылық табыстар тілеймін!
Құрметпен,
Арыстанбек Мұхамедиұлы,
ҚР Мәдениет және спорт министрі».
***
Министрдің құттықтауынан соң, фестивальге арнайы шақырылған қонақ – Қазақстан Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев құттықтау сөзін көңілді бастады:
«Мінезіне шығармасы сай» – Иран-Ғайыппен бірге қызмет жасап келе жатқан, мінезін де, талантын да, үй ішін де көрген қазақтың бірі ретінде сөйлегім келіп тұр. Атырау жеріне осымен үшінші рет келіп тұрмын. Атырау елі бүгінде өнердің ордасына айналды деп дұрыс айтылды. Мен білгелі осы өңірге жеті өнер ұжымы гастрольдік сапарларымен келіп, фестивальдер өткізді. Оның біріншісі – жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығынан басталған еді. Бір драматургтің фестивалін өткізу – бұл үлкен мақтаныш, жомарттық, тәуекел, жетістік. Ал екі драматургтің фестивалін өткізу әрине, аса жауапкершілік.
Иран-Ғайып – қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге атышулы драматург. Мінезі қандай шулы болса, шығармалары да сондай. «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» деген атақ тек өзінде бар. Бұрын ондай атақты көргенім жоқ. Бұл атақты алып жүрудің өзі оңай емес. Ал оның атындағы фестиваль қазақ театрларының бүгінгі деңгейін көрсететін, актерлардың, драматургтердің шеберлігін, жеткен жетістігін шыңдайтын өнер бәйгесі. Қазақстандық барлық елу сегіз театрдың егемендік жылдардағы табыстарын, тәуелсіз елдің әдебиеті мен мәдениетін де көре аламыз. Осындай тәжірибе алмасуды ұйымдастырып отырған облыс әкімдігіне ризашылығымыз шексіз.»
***
Одан әрі мерейтой иесі Иран-Ғайып фестивальдің ашылу салтанатында: «Атырауым – Абыз-Алыбым…» атты өлеңін оқып, бүкіл Атырау жұртына, оның өнерсүйер қауымына ыстық ықыласын білдірді…
***
Фестиваль Иран-Ғайыптың Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрының «Сүйінбай» атты драмалық эпосының премьерасымен жалғасын тапты…
Сонымен қатар, өнер бәйгесіне Семей қаласынан Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Алматы қаласынан Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Талдықорған қаласынан Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театры және Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қатысты.
Фестивальге КСРО Мемлекеттік, Литва Ұлттық сыйлықтарының лауреаты, профессор Ионас Вайткус (төраға), Қырғыз Респубикасының еңбек сіңірген артисі Одуракаев Бусурман, өнертанушы Нұрбике Ахмедиярова, «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы,
театртанушы Салтанат Абулғазиевалар қазылық жасады.
***
Фестиваль төрағасы Ионас Вайткус мерейтой иесі, драматург Иран-Ғайып жайлы жылы лебізін былайша жеткізді:
«Иран-Ғайып екеуіміз, әдетте, әңгімемізді көпке созбай, сараң тілдесеміз. Оның айтар ойын айтқызбай-ақ, көзқарастары мен іс-қимылдарынан алдын-ала аңғара беремін. Ол да – солай… Оның жан-дүниесі, бейне, менің жан-дүниеммен табиғаттас көрінеді де тұрады, маған.
Иран-Ғайыптың «Қорқыттың Көрі» атты аңыз-дастанын әуел (орыс тілінде) оқып-үнатып, содан соң, Әкем. театрында қойдым. Қалай шыққандығын өздеріңіз фестиваль барысында тамашаладыңыздар. Шамасы, дұрыс…
…Иран-Ғайыптың 70 жылдық Мерей-Тойына арнап, осындай – Таң-Ғажайып Театрлар Фестивалін өткізіп жатқан аса қонақжай атыраулықтарға, облыстың ақжарқын арда әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев мырзаға және Махамбет атындағы драма театрының керемет қызметкерлері мен ғаламат актерлар қауымына дән ризашылығымды білдіремін. Бұ сапар, Шығыс халықтары айтатын: «Адамның Күні – Адаммен…» тәмсіліне көзім толығынан… анық жеткендей!
Фестиваль күндеріндегі ең басты қуанышым: «Қорқыттың көрін» – жарыққа шығарысқан алматылық сайыпқырандарыммен қайта қауышқандығым. Бір жасап қалдым. Шынымды айтсам, қатты сағыныппын: «Қорқытымды» – Дулығамды, «Ажал-Жаналғыштарым» – Шынарым мен Ләззатымды, «Билеуші Бегімді» – Бауыржанымды, «Сарын-Ару» – бәрі-бәрін… Ғажап – емес пе!
Ендігі – межем, Жаратушы-Иеміз – құп көрсе, рухани жұптасым Иран-Ғайыптың Шыңғыс хан жайлы «Хайуандық Комедиясын» қазақ сахнасы арқылы – Күллі Әлемдеу…».
***
Фестивальдің әділқазылар алқасының мүшесі, жазушы Жұмабай Шаштайұлы мүлдем басқаша ой түйді:
Атырау топырағына табанымыз тиген бетте байқағанымыз, меймандос жылы шырайдың ажары бұл жолы өзгешелеу көрінді. Өйткені, Иран-Ғайып «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» республикалық театрлар фестивалін өткізудің қызу дайындығы жүріп жатыр екен. Атының өзі айғайлап айтып тұрғанын былай қойғанда, әр қойылым үстіндегі ахуалды кірпік қақпай баққан көрермен сергектігі көңілге ерекше жылы ұялайтынын қайтерсің. Фестиваль «Сүйінбай» спектаклімен ашылып, келушілердің қошаметті қабылдауы бұл шара басталуының сәтті беташары еді. Сонан кейін кешкі қойылымдардың біреуін де қаза жібермей, уақыт тауып көрген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ықыласына риза болмасқа амалың кәне. Билік басындағы жанның өнерге жақындығын малдануға болар-болмасын кім білген. Сахна сиқыры адамды арбап, қилы қияң әрекеттерді өмірдің өзіндей кескіндеген көрініс үстінде билік пен көпшілік арасы бөлініп-жарылмастан тұтасқан күйі қабылдайтынын аңдадық. Өмірде тап мұндай жағдай сирек ұшырасатыны анық. Оның үстіне Атырау жұрты тап мұндай үрдіске әбден үйреніп, әкім отырған жаққа жалтақтап қарап, жалбақтай бермейтіні сырт көзді бірден қызықтыра түседі. Жетісу жерінде Сүйінбай ақын шыққаннан бастап айтыс өнері осы жаққа қарай ойысқанын дуалы ауыздардың біреуі лебіз жарған еді. Ноғаев басшылық еткелі бері Атырау Қазақстандағы театрлардың ортақ сахнасына айналып қана қоймай, өнер өкілдерінің аңсары ауып тұратынын несіне жасырамыз. Қойылымның аяғына қарай әртіс, режиссер, драматург секілді қасқалардың қасиетін жаңа қырынан танып, жұртшылықтың жүрекжарды пейіліне қалай ілесіп кеткеніңді өзің де байқамай қызу үн қосады екенсің. Шеберлік дегенде шек жоқ екен-ау, шіркін. Актер бітімі көз алдыңда тұлғаланып, ой-мақсаты халықтық мүддеге үндескен шешім шымырлап шыққан уақытта анадай елжіреп, әкедей тебірене жөнелетінің рас.
Қазақстанның ендігіне ұзыннан созылып, бойлығына еркін көтерілген фестивальға қатысушы театр ұжымдары шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстік өңірлерді тұтастай кернеп үлгерді. Драматург, ақын Иран-Ғайыптың қуатты да серпінді үні осынау рухани тракторияларды емін-еркін шарлап, қазақтың жер мен көгін шымырлатқан тебіреністі әсерге бөлеп тұрғандай…».
***
Белгілі кәсіпкер, театр көрермені Жүніскелді Сәлімгереев фестиваль туралы былай дейді:
«Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында өткен ақын-драматург Иран-Ғайыптың «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» атты театрлар фестиваліне қатысқан театр ұжымдарының барлығы да үлкен дайындықпен келгенін байқадық. Фестивальдің шымылдығын Атырау облыстық драма театрының ұжымы «Сүйінбай» драмалық эпосымен ашты. Бұл қойылым барысы қазақ-қырғыз арасындағы тартысты, текетіреспен басталып, соңында қазақ пен қырғыздың белгілі ақыны Сүйінбай мен Қатағанның келісімге келіп, екі елдің арасындағы мызғымас достыққа шақыруымен аяқталды. Соның айғағы болуы керек, бүгінгі күнге дейін екі халық арасындағы достық бүгінге дейін дәстүрлі жалғасып келеді. Айта кету керек, негізі мен Мұрат Ахмановты актер ретінде танушы едім, қойылымның режиссері осы ағамыз болып шықты. Идеялары ұтқыр, көрерменнің көңілінен шығатын тұстары өте көп. Сондықтан болар, Иран-Ғайып ағамыздың фестивальға қатысқан үш спектаклінің режиссері – Мұрат Ахманов екен…«Сүйінбайдан» соңғы «Естайдың Қорланы» махаббат-намасы да, «Мәңгілік Елдің Алтын Адамы» трагедиясы да осы адамгершілік қарым-қатынас негізінде өрбиді.
Одан кейінгі сахналанған «негізгі Шаруа» трагикомедиясы мен «Адасқан Бақ Құсы» шер-шемені мені ерекше таң қалдырды… «Қорқыттың Көрі» аңыз-дастанын былтыр М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында тамашалаған болатынмын. Енді сол қойылымды Атырау жерінде көрген кезде мүлдем басқа қырынан байқадым. Иран-Ғайыпты бұрынғыдан да жақынырақ тани түскендей болдым. Алған әсерді бір-екі ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес…
Соңғы күні театрда бірге болған замандасым: «Жәке, Атыраудан бір айлық рухани азық алып бара жатырсың», – деп әзілдеген еді. Мен оған: «Бауырым, мен бір айлық қана емес, өмірлік рухани азық алып барамын», – деп шын жүрегіммен айттым. Себебі, Иран-Ғайып ағамыздың еңбектерін бөле-жаруға болмайды. Оның шығармаларының негізгі идеясы адамгершілік қасиетті, бірлікті, достықты насихаттайды. Ағамызға Алла ғұмыр берсін! Алар асулары әлі алда деп ойлаймын…».
Әзірлеген
Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.
АТЫРАУЫМ – АБЫЗ-АЛЫБЫМ…
«Атырауым –
Абыз-Алыбым!
Айнымас –
Алтын-Қалыбым!
Ұжымағыңа –
Еніп…
Табиғи:
Әз-Болмысымды –
Таныдым!
Өзімді,
Бейне…
Көзіңнің:
Қарашығындай –
Сезіндім!
Қызыр-Киесіндей –
Дарыдың:
Ғайыби –
Өлең-Сөзімнің!
Аңсар-Шөлімді –
Басып…
Қандырдың!
Күмән-Күдігімді –
Әдірем…
Қалдырдың!
Өлген-Сезімдерімді –
Дүрлеп…
Тірілтіп,
Өшкен-Үміттерімді –
Үрлеп…
Жандырдың!
Үзігін –
Жалғап…
Өмірімнің,
Қызығын –
Талғап…
Көңілімнің:
«Түскен-Еңсемді» –
Тіктеп-Көтеріп:
«Мен!
Мен –
Едім…
Мен!» –
Қылдың!
Ақын-Туғаным –
Жалғыз…
Айыбым,
Таппай –
Қор…
Жырым –
Лайығын!
Қақтады –
Тұл…
«Жел-Өтіне»:
Сыр-Бойым –
Иран-Ғайыбын…
Шапқан –
Соң,
Ісім…
Насырға,
Өкпе –
Артқам…
Тағдыр-Тосынға!
…Халық –
Екенбіз!
Шын –
Халық…
Қазақ –
Екенмін…
Расында!
Қазақ –
Екенмін…
Руым:
Ай –
Бағып,
Қасқыр –
Ұлуым!
Өне-Бойыма –
Тұтас…
Сіңірдім:
Ұлттық-Қанымның –
Топырақ…
Жылуын!
Инша-Алла!
Соңы –
Абайдың…
Жалғасы –
Сүлей-Сүйінбайдың…
Жоғалып –
Кетіп…
Табылған:
Бейбарыс –
Жазымыш-Сыйындаймын!
…«Жетпіске» –
Жетпей…
Күрмеліп,
Күрсініп –
Келгем…
Күңіреніп:
Өңімде –
Түсімдей,
Күй –
Кештім,
Байыған-Күндей –
Іріленіп!
Мың –
Алғыс!
Бәрі-Бәріне:
Мағына –
Мазмұн-Мәніңе!
Жүрегім –
Соға…
Бастады,
Жаным –
Кіргендей…
Тәніме…».
Иран-ғайып