Халық денсаулығы – мемлекет байлығы
Халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын айрықша орынға қойып, назарға алған. «Бірінші байлық – денсаулық» – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Саулығымызды сақтауға септігін тигізетін, демографиялық өсімі жоғары, халық саны көп өңірдің медицина саласына Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi болып Жансейiт Түймебаев тағайындалғалы берi тың бетбұрыстар жасалды. Тың бастамалар негізінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы жаңашыл әдiстер мен озық технологияларды ендiруде iлкiмдiлiк танытып келедi.
Өңiр басшысының бастамасымен дәрiгерлер Стамбұл және Анталия қалаларындағы клиникалар мен медициналық орталықтардың жұмысымен танысып, онкология, кардиология, травматология, ана мен балаға медициналық жәрдем көрсету бағыттарында тәжірибе алмасты, біліктіліктерін жетілдіріп келді. Әрине, белгілі бір істе жетістікке жету сала жұмысына дұрыс бағыт беріп, басқара білетін басшыға тікелей байланысты. Бүгінде жұрт сала басшысын тағайындауда облыс әкімінің дұрыс таңдау жасағанын айтуда. Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егiзбаевқа үлкен сенім арта отырып, бiрқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Атап айтқанда, әкiм денсаулық сақтау саласының басшылық құрамына облысымыздағы ана мен бала өлiмi индикаторын азайтып, аса қауiптi жұқпалы аурулардың белең алмауына күш салуды тапсырды. Сонымен бiрге, мiндеттi әлеуметтiк-медициналық сақтандыру полисiн енгiзуге даярлық жұмыстарын жеделдетудi ескерттi. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттiк бағдарламасының өңiрде сапалы, әрi тиiстi мерзiмiнде орындалуын қамтамасыз етудi жүктедi. «Денсаулық сақтау саласында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету өте маңызды мiндет. Бұл ретте облыста базалық орталық құрып, тәжiрибе алаңдарын жетiлдiре түсуге тиiспiз. Сонымен бiрге, өңiрiмiздегi медицина саласындағы маман тапшылығын жойып, жас дәрiгерлердi ауылды жерлерге тартуды жүйелеу қажет. Сондай-ақ, шетелдiк медициналық ұйымдармен әрiптестiк ынтымақтастықта тәжiрибе алмасу арқылы сапалы қызмет көрсетуге көшу – заман талабы», – деген болатын Жансейiт Қансейiтұлы. Осы және саланың қызметін жақсартып дамыту мақсатындағы басқа да міндеттер басшыға қарата айтылғанымен облыстағы 7 мың жоғары санатты дәрiгер мен 24 мыңға жуық орта буынды маманға, жалпы медицина саласындағы 100 мыңнан асатын қызметкерлерге ортақ екені аян. Яғни облыс басшысы жұмыла жұмыс iстеуге шақырды. Сала мамандарының жалақы мәселесi де көтерілді. Арнайы бағдарлама даярлап, мамандардың шетелге шығып, тәжiрибе алмасуын жүйелеу тапсырылды. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы алға қойған міндеттемелерді жоспарға сай жүзеге асыруда. Сондай-ақ, оңтүстік денсаулық сақтау саласында бірқатар бастамаларды бірінші болып қолға алды.
Мысалы, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының жанынан қосымша үш қабатты ғимарат салынып, биыл пайдалануға берiлмек. Аталмыш аурухана алаңының ұлғаюы қызмет көрсету сапасын анағұрлым жақсартары сөзсіз. Аймақтар арасында бiрiншi болып облыс орталығында трансплантация қолға алынды. Нақтырақ айтсақ, 70-тен астам бүйрек және сегiз бауыр алмастыру сияқты күрделi операциялар жасалды. Шетелдерде бiлiмiн жетiлдiрген жергiлiктi мамандар өздерi ота жасайтын дәрежеге жеттi. Ресейлiк бiлiктi дәрiгерлермен бiрге тiзе буын және жамбас буын ауруларына шалдыққан науқастарға 10 ота жасалды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей дәрігерлері облыстық онкологиялық диспансерінде қуық асты безінің қатерлі ісігіне ота жасады. Денсаулық сақтау басқармасы мен Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының үйлестіруімен өткен «Несеп-жыныс жүйесінің қатерлі ісігінің мультитәртіптік тәсілмен емдеу» шеберлік-сыныбы «Шымкент» қонақүйінде екі күндік халықаралық онкоурологиялық форумға ұласты. Денсаулық сақтау басқармасы және Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты онколог-дәрігерлердің біліктілігін арттыруда ауқымды жұмыстар жүргізді. Мұндай халықаралық тәжірибе алмасулар бұған дейін де өткізіліп, Оңтүстік Қазақстанға медицинасы озық әлем елдері Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Моңғолияның үздік мамандары тәжірибелерімен бөліскен болатын. Онкоурологиялық форумның мақсаты – ерте диагностикалауды жақсартып, науқастарға кешенді ем жүргізіп, өмірін ұзарту. Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша қуық асты безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар қатары көбейіп келеді. Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын қуық асты безінің қатерлі ісігімен 60-тан аса, ал аталық безінің қатерлі ісігімен 40-қа жуық жаңа науқас анықталады. Бірақ бұлардың 60 пайызы дерттің III-IV сатысында табылады. Бұл мәселе несеп-жыныс жүйесінің обырын ерте анықтауда алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерінің уролог және онколог мамандарымен бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын көрсетеді. Ресейдің белгілі ғалымдары арнайы шақырылған халықаралық форумдағы мастер-класс барысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлеріне қуық асты безі қатерлі ісігінің ерте диагностикасын жақсарту бойынша лекция оқылып, практикалық тәжірибе көрсетілді. Қуық асты безінің қатерлі ісігіне ота жасалып, онкоурологиялық форумда қуықтың және аталық безінің қатерлі ісіктерін ерте диагностикалау және емдеу тәсілдері талқыланды. Айта кетелік, облыстық қатерлi iсiк диспансерiнiң жанынан 75 орынды қосымша жай салынуда. Келешекте облыс орталығынан 10 гектар жер телiмi бөлiнiп, бұл жерге қатерлi iсiк ауруларын емдейтiн заманауи үлкен аурухана бой көтермек. Бұл iске көптеген шетелдiк инвесторлар қызығушылық танытуда. Әсiресе, израильдiк ғалымдар ең соңғы үлгiдегi құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ниет білдіріп отыр.
Сондай-ақ, оңтүстікте кардиохирургиялық жолмен жасалатын сапалы ота саны да ұлғая түсуде. Мысалы, Алматы қаласындағы А.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы былтыр жыл iшiнде 274 операция жасаса, шымкенттiктердің көрсеткіші 46-ға көп. Білікті дәрігерлердің тәжірибе алмасу мәселесі де жүйелі жүргізілуде. Стамбұл қаласы ауруханасының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, профессор Белхам Акпинар келiп, екi күн шеберлiк сыныбын өткiздi. Бес науқасқа күрделi операция жасады. Мұндай оталар тек Алматы мен Астанадағы республикалық орталықтарда жүзеге асырылатын. Ендi, мiне, оңтүстікте де қолға алынды. Белхам Акпинар оңтүстіктік әріптестерімен бірлесе екі күнде 5 науқасқа жүректің қақпақшалар құрылымдарын реконструкциялау мен протездеу және интраоперациондық радиожиілік абляциялауды пайдалана отырып, аортокоронарлық шунттау отасын жасады. Бұл ота жүректің ишемиялық ауруымен қатар, қақпақшаларының зақымдануы анықталып, ырғағының бұзылуы асқынған науқастарға жасалынады. Сол бір сәтті ота туралы пікірін білдірген басқарма басшысы Мұқан Егізбаев түркиялық кәсіби мамандардың мақсаты Оңтүстік Қазақстан облысында дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру, халықтың денсаулығын жақсарту, күрделі оталарды дәрігерлерімізге үйрету екенін айтып өткен болатын. «Бұрын мұндай оталар Алматы мен Астанадағы республикалық орталықтарда ғана жасалып келген болса, облыстық деңгейде алғаш рет қолға алынды. Бұл әлемнің кез келген дамыған елінде жасала бермейтін күрделі ота. Айта кетуіміз керек, жасалған оталардың барлығы да мемлекет есебінен қаржыландырылған. Тегін. Дегенмен, өмір бір орнында қалып қоймайды. Біз бұл мамандармен келісімге келдік. Егер дәрігерлеріміз түрік еліне барып, біліктіліктерін жетілдіретін болса, жол шығындарынан басқасын, ас-ауқатынан бастап, жататын орны мен оқуына дейінгі шығындарды түгел Түркия тарапы өз міндетіне алып отыр. Бұл облыс дәрігерлеріне берілген мол мүмкіндік, үлкен көмек деп ойлаймын. Келешекте мұндай күрделі оталарды өзіміздің дәрігерлеріміз де жасай беретін болады», – деді Мұқан Кеңесбекұлы. Осы арада айта кетелік, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, соңғы екі жылда облыстық кардиоорталықта 620 жүрекке ота жасалыныпты, 2015 жылы – 310, 2016 жылы – 310. Жалпы, облыстық кардиоорталықта соңғы 7-8 жылда 3000 жүрекке ашық ота жасалған. Кардиоорталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітовтің мәлімдеуінше, шет елдерде білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырған дәрігерлер күрделі оталарды меңгеруде. Тіпті олар жүректі ауыстыруға да дайын. Жалпы, жүрек ырғағының бұзылуы – «жүрекшелердің жыбыры» халық арасында кеңінен таралған созылмалы ауру. Аталған патология әйелдермен салыстырғанда ер адамдарда 1,5 есе жиі кездеседі екен. Жүрекшелердің жыбырын емдеу қазіргі заманның кардиологиясы мен кардиохирургия саласында қиындық тудырып отыр. Ең басты қиындықтардың бірі – кардиогенді тромбоэмболиялар жиі ми инсульттарының туындауына себеп болып, науқастардың өмір сүру сапасын төмендетеді. Айтылған мәселе бойынша жүрек қақпақшаларының ақауы мен жүрекшелердің жыбырын кардиохирургиялық жолмен бірге емдеу күрделі оталардың бірі болып табылады. Демек, оңтүстікте жүзеге асырылып отырған тәжірибе алмасулар, шеберлік сағаттарының ұйымдастырылу мақсаты да осы – науқастарды ауруынан айықтырып, сапалы ұзақ өмір сүрулеріне ықпал ету. Өкінішке қарай, жүрек ақаулары сәбилерде де кездеседі. Бұл орайда, облыстық балалар ауруханасының бiлiктi дәрiгерлері туабiткен жүрек ақаулары бар нәрестелерге күрделi операциялар жасауды жақсы игерген.
«Жол картасына» сәйкес балалар ауруханасы Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына медициналық қызмет көрсететiн өңiрлiк орталық деген мәртебеге ие болып отыр. Аталмыш ауруханада күрделi ота жасау үшiн неонатальды хирургия, нейрохирургия, офтальмология, анестезиология, реанимация бағыттарына басымдық берiлген. Осы күнге дейiн 500-ден астам нәрестеге ота жасалыныпты. Ал дәрiгерлер Ресей, Израиль, Литва, Беларусь, Украина мемлекеттерiнiң жетекшi клиникаларында бiлiктiлiктерiн арттырып қайтқан. Өңірлік мәртебе демекші, Шымкент қаласында облыстық эндокринология диспансерiнiң базасында аймақтық диабет орталығы ашылып, оның игiлiгiн облыс тұрғындары ғана емес, көршiлес аймақтардың да халқы көрмек. Мұнда қант диабетiмен сырқаттанатын науқастарға заманауи емдеу және диагностика тәсiлдерi қолданылады. Науқастардың гликемиялық көрсеткіштерін тәулік бойына 288 рет анықтау арқылы үнемі үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін СGMS құрылғысы бар. Сонымен қатар, «Диабет мектебін» арнайы дайындықтан өткен инструкторлар жүргізеді. Аймақтық диабет орталығы орналасқан облыстық эндокринология диспансерінде қызмет атқаратын дәргерлердің 60 пайызға жуығы жоғарғы санатты білікті мамандар. Диспансер дәрігерлері жыл сайын біліктілігін арттыруда. Мәселен, 2 дәрігер-эндокринолог Ресейдің «Санкт-Петербург көп салалы орталығында» аяқ тамырлары патологиясына ультра дыбыстық диагностика циклында біліктілігін жетілдірді. Тағы 1 дәрігер сол Санкт-Петербургте «Жіңішке инелік аспирационды биопсия мәліметтері бойынша қалқанша безінің морфологиялық диагностикасында», 25 дәрігер республика деңгейінде біліктілігін арттырды. Сондай-ақ, диспансер медициналық колледждер мен жоғары оқу орындары медициналық факультеттерінің клиникалық базасы болып табылады. Мұнда науқастарды емдеумен қатар диабетология мәселелері бойынша семинарлар, конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Қант диабеті мектебінің жаттықтырушыларын даярлайды. Салауатты өмір салтын насихаттау, семіздікті алдын алу диабет мектебінде оқытылады. Елімізде қант диабетіне қарсы күресті ұйымдастыруда салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне үлкен мән беріліп келе жатқаны мәлім. Аймақтық диабет орталығы аурудың пайда болу қаупін азайтуға және диабеттік ретинопатия, нефропатия, невропатия, диабеттік табан секілді қауіпті асқынуларды алдын алуға көмектеседі.
Өңірде ер-азаматтардың денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Оған себеп те жоқ емес. Өкінішке қарай, отбасын құрған әрбір бесінші ер азамат белсіздікке ұшырайды екен. Әйелдерге қарағанда, ер-азаматтар дәрігерге 3 есе сирек қаралады, аурудың ерте сатысында қаралмай, асқындырып жатуы да осы себептен. Нәзік жандылармен салыстырғанда еркектер
3 есе жоғары жүрек ишемиялық ауруына ұшырайды және 6 есе жоғары қант диабетімен ауырады. Соңғы 5 жылда еркек безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші сүт безі обыры өлім-жітім көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге артқан. Базалық емдеу мекемелерiнiң бiрi, озық тәжiрибе тарату орталығы саналатын облыстық клиникалық ауруханада 2009 жылы елiмiзде бiрiншi болып «Ер азаматтар денсаулығы мектебi» ашылған болатын, содан берi жүйелi жұмыстар жүргiзiлуде. Мысалы, ТМД елдерi арасындағы урологтар ассоциациясының президентi, еліміздің бас урологы,
«Б.Жарбосынов атындағы ғылыми урология орталығы» АҚ-ның төрағасы М.Алшынбаев бастаған елiмiздiң айтулы институттарының басшылары мен бiлiктi мамандары лекция оқып, шеберлiк сыныптарын өткiздi. Қазіргі таңда ерлер арасында простатит, жыныс безінің зарарсыз гиперплазиясы, эректильдік дисфункцияға жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары көп кездесетіні жасырын емес. Алматы қаласынан келген профессорлар жергілікті мамандармен бірігіп жағдайы ауыр бірнеше науқасқа жаңа технологияның көмегімен сәтті ота жасады. Жалпы, Марат Пашимов басқаратын облыста гематология, жүрек-қан тамырлары аурулары, тiзе және жамбас
буындарын эндопротездеу бойынша түрлi семинар-кеңестер мен шеберлiк сыныптары ұйымдастырылып тұрады. Әдетте, дәрiгерлердiң тағайындаған емiнiң науқастарға шипалы болуы мейiрбикелерге тiкелей байланысты. Яғни жұмыстың басым бөлігі соларға тиесiлi. Сондықтан мейiрбикелердiң бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен алғаш рет орта буынды медициналық қызметкерлердiң басын қосып, арнайы конференция өткiзiлген болатын. Сондай-ақ, халықаралық мейіргерлер күніне арналған мерекелік іс-шарада орта буын медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табыс етілді. Орта буынды медицина мамандарының көмегімен облыста биылғы бірінші тоқсанның қорытындысында ана өлімі 47 пайызға, бала өлімі 18 пайызға азайған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевтың айтуынша, жыл сайын облыс тұрғындарының 438 мыңы ауруханада ем алады. Әрбір азамат жылына кем дегенде 4 реттен емханаға қаралады. Ал жедел жәрдем көмегіне 1 миллионнан астам адам жүгінеді. Тұрғындарға көрсетілетін осындай медициналық көмек түрлерінің қашанда сапалы болуына облыс бойынша 22 мыңнан астам мейіргер қомақты үлес қосып келеді.
Өңірдің денсаулық сақтау саласына тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Жыл сайын медициналық мекемелер жаңарып, жаңа ғимараттар ел игілігіне беріліп жатыр. Мамандар тапшылығы азайып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттыру жолға қойылған. Бюджет есебінен жыл сайын 6 мыңнан астам медицина маманы білімдерін жетілдіреді. Денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 71,9-ға ұлғайды. Бір ғана мысал, облыс орталығынан шалғайда орналасқан кеншілер шаһары Кентауда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жастан 70 жасқа жоғарылаған. Сәйкесінше, нәрестелер өлім-жітім көрсеткіші 1000 балаға шаққанда 17,1%-дан 4,6%-ға төмендесе, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 7,1%-дан 1,6 %-ға азайған. Сондай-ақ, туберкулез дертімен сырқаттанушылық 1000 адамға шаққанда 85%-дан 27%-ге төмендеп, қан айналым жүйесінен болған өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 137,2%-дан 10,7%-ге, онкологиялық аурудан болған өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 35,8%-дан 15%-ға кеміпті. Аурудың алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға студенттер арасында жүргізілген жұмыстар да септігін тигізуде. Осы орайда Шымкент қаласында Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен жоғары оқу орындарының студенттері флюрографиялық тексеруден өткізілді. Бұл мақсатта жылжымалы флюрографиялық аппараттар жоғары оқу орындары алаңдарына қойылып, білім басқармасына қарасты 14 жабық мекемеде медициналық тексерулер жүргізілген. Енді үшінші кезеңде жоғары және орта оқу орындарындағы 75 мыңнан астам студентті қазан айына дейін түгел тексеруден өткізу қолға алынып отыр. Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайын облыс бойынша 1 млн. 198 мың 681 тұрғынды тексеру жоспарланса, оның 75572-ін студенттер құрайды екен. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жалпы жылдық жоспарға сәйкес халықтың 23,2%-ы тексеруден өтіпті.
Облыс басшылары өңiрiмiздiң денсаулық сақтау саласын дамытып, өркендетуді басты назарда ұстауда. Ол түсiнiктi де. Өйткенi, халық тығыз орналасқан үлкен мегаполистiң медицинасы да озық болуы тиiс. Өңір аумағындағы медициналық мекемелер заманауи техникалармен жабдықталуда. Сондай-ақ, науқасқа алғашқы көмек көрсететін «жедел жәрдем» қызметін жақсарта түсу күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда облыс басшысы Ж.Түймебаев жыл басында жедел жәрдем қызметіндегі мәселелерді шешу үшін өңірде биыл 8 қосымша бригаданың құрылатынын айтып, 30 көліктің кілтін табыс еткен болатын. Жыл соңына дейін тағы да 22 көлікке тапсырыс берілген. Сондай-ақ, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы модернизациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Жалпы, облыста жедел жәрдем қызметін көрсететін 261 көлік бар. Оның 20 пайыздан астамы бүгінгі күнге жарамсыз деп айтуға болады. Сол себепті, оларды жыл сайын азайтып, орнын жаңа көліктермен алмастырып отыратын боламыз. Сіздерден талабымыз – төтенше жағдайлар кездерінде облыс тұрғындарының денсаулығын барынша сақтап қалуға тырысып, үйлеріне тез жету, көмектесу, құтқару мәселесінде аянбай қызмет ету», – деді Жансейіт Қансейітұлы жедел жәрдем қызметінің мамандарымен жүздесуде. Пайдалануға берілген 30 көліктің 20-ы Шымкент қаласының, 10-ы облыс аудандары тұрғындарына қызмет көрсетпек. Бұл үшін облыстық бюджеттен 418 млн. теңге қаралған. Ал 2017 жылға облыстық бюджет есебінен 535 млн. теңгеге тағы 22 дана автокөлік сатып алу жоспарланған. Айта кетелік, ОҚО-да жедел жәрдем көмегі Шымкент пен Түркістан қалаларындағы 2 станция мен
16 емханаға қарасты аудандық, қалалық бөлімшелерде қызмет көрсетеді. Аталған құрылымдарда барлығы 194, оның ішінде,
78 дәрігерлік, 88 фельдшерлік,
28 мамандырылған (кардиореанимация, интенсивті терапия – 17, жан сақтау – 6, психиатриялық – 2) бригадалар жұмыс істейді. Облыс көлеміндегі жедел жәрдем көмегі 261 дана санитарлық автокөліктермен қамтылған. Оның ішінде, Шымкент қаласы бойынша – 117 дана, ал қалған 144 данасы аудандық, қалалық бөлімшелерге тиесілі. Көліктер радиобайланыспен 100 пайыз, GPS навигациясымен 88,2 қамтамасыз етілген. Медициналық құралдармен жабдықталуы 84,5 пайызды құрайды.
Денсаулық саласында ерекше мән беріліп отырған тағы бір маңызды шара – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі. Елімізде келер жылдан бастап заң күшіне ене бастайтын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты әрбір қазақстандықтың мәртебесін анықтау маңызды. Сол мақсатта облыста сәуірден бастап, «Емханаға тіркел де МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы аясында түсіндіру жұмыстары қызу жүргізілуде.
Ғалымжан Қамытбекұлы.