АМЕРИКАНЫҢ ҰЛТТЫҚ БАЙЛЫҒЫ (әңгіме)
Аңшы дара ауыз мылтығын құндағынан омырып, майға шыланған матамен қайта-қайта ысқылай сүрткен. Төңірекке «Қапардың қанды ауызы» атанып кеткен мылтықтың шынболатына өң кіріп, жылтырай қалды. Жарықтық әкесінің көзіндей қару ғой.
Қошалақтың адыры мен төбе, тепсеңін сыдырып аң қағып, қанжығасына қоян байлап қайтса да мейірленіп: «Бұл мылтықтың аузына мың аң сыйып кетеді», – деп күмпілдеп жер-көкке сыймай оралатын.
Шалы олжалы келсе, шешесі өз етегіне өзі сүрініп жүріп, имекбас жез құман мен легенді алдына тосып, ақ сүлгіні тізесіне тастап жылы суды сыздықтатып құяр.
– Осы заманда қай қазақ қазан қақпағын булап жас етті күн сайын жеп отыр дейсің? – деп, шегір көз ақ шұнақ шал танауына уысын толтырып су атып жіберер еді. – А? Ырысы алысқа шашыраған мына біз шығармыз. Анау ойдағы ел қуаты жоқ көк қыртылдақ қызыл шылқылдақпен күнелтіп, тісінің суын сорып шықылықтап отыр.
Даладағы аңды қорасындағы малдай көріп жүріп дәулет те жинамапты. Соңында мұраға қалғаны – айдаладағы жалғыз тоқал там мен осы қанды аузы, бес-алты уақ жандық.
Күн тайығасын пеш жанында тұрған пілте шамды тұтатты. Көлеңке ыдырап үйдің төрт бұрышына тығылды. Қазан астындағы от бәсеңси бастаған екен, ошақ аузында жатқан жыңғылдың үш-төрт түйірін қосымша етті. Жас еттің иісі жайылып, қараша үйге жылылық енді.
Пеш түбінде жатқан қызыл құрақ көрпеге тізе сындырып қабырғаға қараған, әкесі мен шешесінің үлкейтілген суретіне көзі түскені. Пілте шамның сығырайған сары бояқ сәулесімен ақ шұнақ шал тіпті нұрланып кеткендей.
Шегір көзіне жылу жүгіріп: «Қасқырдың бөлтірігін алмас бұрын арланы мен қаншығын құрт. Әйтпесе аяқ жетер жердегі малшыларды ұлардай шулатып бітеді», – дейтіндей.
Әкесінің қасқыр қақпандай шаппа-шап мінезіне қанық Қапар ақ шұнақ шалды ғұмырында бір-ақ мәрте ашуландырыпты.
Онда да әскерден келетін жылы. Онда да әлгі интернатта жатып оқитын екі-үш жаманның шешесі Қадишаны алар жолы. Өз-өзінен желденіп, әскер киімін шешпей, үсті-басын сары ала жез ғып төрт-бес ай жүріп алған. Сол беделдің арқасында ғой…
Көрші ауылдың үстін ертеңді-кеш шаңытып шауып, оң босағада отырған қызды оңтайлап жібергені…
Құда түсіп «міне-міне, той» деп отырғанда, шар ете қалған шатақ тұтансын. Азын-аулақ ағайынның басын қосып ақылдасар шайда әкесі:
– Құдаға жеңі бар көйлек салғалы отырмыз, – деп берілер китті тізбелеген.
– Дырдай құдаға жағалы киім кигізбеу ұят емес пе? – деп қалды бұл дастарқанға емініп-емініп қойып.
Аз дәулетін тұтамдап отырған әкесі шегір көзінің сұғымен аямай шанышты. Бірақ ләм демеді. Момындықтан бас алмайтын шешесі ғана: «Тек, көбейгір», – деп күбірлеп тынды.
– Құдағиға ше? – десіп, азын-аулақ ағайыны емпілдесіп барады.
– Құдағиыма гүлді орамал деп отырмын, – деді шешесі даусын одан әрі бәсеңсітіп.
– Өй, орамалы несі? Тым болмаса қамзол бермейсің бе? – деді тағы да бұл шыр етіп.
– Апырым-ай, қарағым-ай, әскерден қатынның зары өтіп келген екен, жағаласпай қоя тұрсаңшы, – деп нағашысы басу айтқансыды.
– Ал тойға не соямыз?
– Қасқа сиырды соямыз да, – деді бұл жолы қапы қалмайын деп, әке-шешесінің алдын орап кетіп.
– Әкең не айтар екен? – дейді нағашысы түскір жантайып жатып.
– Қатын алатын мен, қалған шаруаны қамдайтын бұлар, неткен әділетсіздік?! – деп өзіне анық билік тимей зығыры қайнап отырған Қапар да қарап қалмады.
– Әкем шоясын біле ме?
Сол сол-ақ екен, ақ шұнақ шал аруақ көтергендей орнынан мөңкіді дейсің. Тұлыптай боп ісініп, сырт терісі сөгіліп кете жаздаған.
– Уау, атаңа нәлет, қатын алған жалғыз сен бе едің?! О несі, а? Жалғыз сиырды тойға сойып, ертең келінді сауып шайқатық қылайын деп пе ең, а?
Азын-аулақ ағайын қолға тұрмай қақшаңдаған ақ шұнақ шалды: «бір ашуыңды қи», – деп көкетайлап жатып, әзер басқан…
Шамның сары бояқ сәулесі жүздерінде ойнаған әке-шеше суреті жарға арқа сүйеп бұған «әй, балам-ай» дейтіндей.
Қапар мылтығын қайта құрастырып, оқшантайын босағадағы шегеге ілді. Қазан енді бір-екі бүлк етсе, ет те туырылып түсе қалар. Ертең алакөбеңде тұрамын, ерте қамданайын деп дастарқанға қол соза беріп еді, сырттан ат оқыранды.
Артынша есік сықырлай ашылып, «Ассалаумағалейкөм!» – деп еңкіш келген шынжау сары жігіт еніп келе жатты.
– Әлік алдым. Төрге оз!
– Ау, Қапеке, жалғыз өзің шошайып бұл не отырыс? Апам қайда? – деп шынжау сары екі бұтын құшақтастырып отыра кетті.
– Е, өзіміздің Жетес екенсің ғой. Жол болсын!
– Сайлаудың сабылысы. Кандидаттарға дауыс беріңдер, депутат жасайық деп ел-жұртты үгіттеп жүрмін.
Қадишамен әріден аталастығы бар әрі бар жаһанның жаңалығын аузына тістеп жүретін осы жігіттің әр қылығы қыр адамына қызық-ақ.
– Қадиша интернатта жататын екі-үш жаманға кеткен. Жолаушыдан сәлем айтып жіберіпті. «Апамның қызыл қуырдағын сағындық», – деп. Ортақ қазанның быламық көжесінде кенеу бар ма, қоңылтақсып қоңқылдап жүрген ғой иттер!
– Қашан қайтады?
– Дүкенге соғып, ертең кештетіп жығылар.
– Оңаша қалып қара қазанның иелігі қолыма басы бүтін тиді деп жатыр екенсің ғой. Дұрыс! – деп Жетес дастарқанға омырылды. – Қойдың басы несі?
– Ақта тоқты еді. Етін сылып, қуырдақ етіп апаң қарынға салған. Басы мен бес тал қабырғаны қай құдам келеді деп сақтайын? Қазанға тоғытқам. Несібең әр қазанда жүрген жігітсің ғой, саған бұйырды.
– Бәрекелді! Тоңып келгем. Жазғытұрғы жел жардай атанды жығады деген. Әрі мына талау келгір торының жүрісі жаман. Асқазанымды сапырып бітті.
Қапардың қолына тигені – бір шөкім құйқа, қалғаны Жетестің алдынан жалаңаштанып шықты.
– Апырым-ай, мына қойда түк ми жоқ, өрістен үйді қалай тауып кеп жүр? – деп, аппақ миды асап жатып үй иесіне алақ-жұлақ қарайды.
Қапар бір тал қабырғаның басын мүжіп жатып мырс етті.
– Сайлау деген тұп-тура сорыма шықты, – десін ыстық сорпаны алып жатып. Әлгіндей емес, жұтқыншағы жүгірмей қалыпты, ішіне ел қонған-дағы.
– Сақибеден мен әйелі Ағиба депутатқа таласып, мал қораның басын жау шапқандай етті.
– Ойбай, бар қызық сенде болды.
– Айтпа. Күйеуі кетеден шыққан Сейсенбайды қолдап, қатыны тама Сәрсенбайды жақтап, қызыл майдан, қырық пышақ. Дүние ғаламдасамыз деп өңір тиегін ағытып жатқанда, бұлар рудың сойылын соғып… «Надандық, сені қайтейін?» – деп дастарқанға бет сипай салды. Надандыққа өкпелеймін деп отырып батаны да ұмытты.
– Қайсысы жеңді, қайсысы?
– Ағиба да. Бір шөкім кетені тама табанына тұрғыза ма, «осыдан ініме дауыс берме, інге кіргізейін», – деп… Қатын қайраттанса қазан ғана қайнамас… Жә, қойшы оны! Ал аң қалай, қанды аузыңды сайлап отырсың ба?
– Шибөрі күн бермей тұр, – деп малшылар зар жылайды. Әуселесін көрейін деп отырмын.
– Шибөрі?
– Иә. Он шақты жыл болды ғой, Қошалаққа сондай бір мақұлықтың бауыр басқанына…
Жетес жантайып жатқан жерінен қопарылып түсіп, көпшігін іргеге қарай лақтырып жіберді.
– Шибөрі? – деді тағы да күлгені ме, жыламсырағаны ма, беймәлім, жүзі әлем-тапырық боп. Қарашығы маңып-маңып барып орнын әрең тапты.
Қапардың осы бір көп оқып миы ашып кеткен шынжау сарыны көрсе-ақ әзілдегісі кеп ұшынып тұратыны осы қылығы ғой. Мына жаңғалақ қалпымен Сақибеден мен Ағибаны төбелестірмей қайтсін?!
– Иә, шибөріге…
– Құдай сақтасын, – деп кері құлай кеткенде көпшігін таппай, басын тарс еткізіп жарға ұрды. – Ау, ау, айдың-күннің аманында ұлттық байлыққа мылтық кезеніп не көрінді, Қапеке-ау? Сорың шындап қайнаған екен! Мына сөз Қапардың жүзіне ойнап шыққан күлкіні үркітіп жіберді.
– Қайдағы байлық? Ол кімдікі?
Жетес кәлимасынан жаңылған жандай өз-өзінен күбірлеп айналасын қарманды. Бешпентінің ішкі қалтасынан төрт бүктелген қағазды алып тізесінің үстіне қойды.
– Қаламсабы түскір, – деп ышқырына дейін тінтіп таппады. – Әлгі екеуін арашалаймын деп жүргенде жоғалттым-ау, шамасы. Қапеке, үйде жатқан-тұрған қарындаш бар ма?
– Оны не істейін деп ең? Емге жоқ. Ала қырдың ортасында қатын екеуіміз қарындаспен хат жазысып отыр дейсің бе?
– Қарындаш де. Надандық, сені қайтейін? – деп шарасызданған Жетес көзінде үрей тұнып тұрған үй иесіне қарап, бас шайқады.
– Әу, Жетеке-ау, өлтірмесең айтшы, мен кімнің байлығына қиянат жасаппын?
– Шибөрі аулағаның рас па?
– Ал рас!
– Ендеше, бұл – сонау Американың ұлттық байлығы боп мақұлданған мақұлық.
Қапар «пішт» деп күліп жіберді. Пішт! Қасқыр мен түлкінің ортасынан шыққан жаман шатаны әлдеқандай етуін. Бөрідей азу-айбаты, түлкідей айласы жоқ, жеті-сегізден үйір құрып, аш-арықты, өлексені аңдып қалған нәйіске оқтың өзі обал…
Былтыр, қар алғаш түскенде ғой, Қошалақтың қоңырлығын қуалап желе-жортып келе жатса қамшылар жақта қалып бара жатқан сайдан шәуілдеген шибөрінің даусын естіген.
Байқастап қараса, қатын-баласы жамырап бір қора шибөрі қызыл тайыншаны ортаға алыпты. Жан-жағынан шәуілдеп кеп тілерсегінен тістеп, құйрығына жармасып жіберер емес. Шыр көбелек айналып мүйізін шайқаған қызыл тайынша термен күреңітіп, арқасынан буы бұрқырап, көзі аларып титықтаған. Енді болмаса… Атты кісіні көріп сасқаны ма, шәу ете түсті де, аңтарылысып тұра қалды. «Ә, кәззап», – деп аңшы суыт кеп екі оқты байлаған. Өңгесі бір тұтам құйрығын бауырына қыстырып жоғалған. Қарға аунап өлі жүннен арылған екен, түгі қызыл сары боп жалқынданып құлпырады. Екі теріні барқыттай ғып илеп…
– Сонымен, осы кезге дейін шибөрінің қаншасына иман үйірттің?
– Әй, айтшы, өзің солардың есебін ала шыққаннан саусың ба, осы? Тап бір бақташысы құсап тура алқымымнан жармасқаны несі?
– Ойбай-ау, сенен шибөріні аяп отыр дейсің бе? Қарақан басыңды қарап отырып қып-қызыл пәлеге шырмап алғаныңды айтам-ау, – деп Жетес төрт бүктеулі қағазын екінші тізесінің үстіне алмастырды. – Мақұрым екенсің, ендеше, шибөрінің тарихын тыңда! Техникасы мен адамы көбейген соң Американың жері тарлық етіп осы шибөріні Азия мен Африкаға әкеліп жіберген. Азия дегенің – тұп-тура осы Қошалақ.
– Ал сосын?..
– Сосыны несі? Әбден өсіп-өніп өркен жайғасын кері жинап алады. Ұлттық байлығын далаға тастайды дейсің бе?
– Апырым-ай, а?
– Осыдан он жыл бұрын осы жерден қасқыр мен қарсақ, түлкіден өзге мақұлық көріп пе ең, айтшы? Ендеше, үйір-үйір боп шәуілдеген қалпы аспаннан түсе қалмаған шығар?..
– Рас-ау! Сонда ол жазғандардың шибөріден басқа байлығы құрып қалып па?
– Надандық, сені қайтейін? – деп Жетес екі тізеде кезек тербелді.
– Олар тіпті шырылдауық шегірткені де ұлттық байлық көреді. Көздерінің қарашығындай күзетеді. Тәрбиелейді. Ілеуде бір құндыз бөрік киіп, түлкі жаға салып тайраңдап жүргендерді көрсе, бітті, табан астында сотқа сүйрейді.
– О несі?
– Тірі жәндікті өлтіргені үшін. Олардың да адам сияқты өмір сүруге құқығы бар. Демек, бұл – қып-қызыл қылмыс!
Қапардың мына сөзден кейін мазасы қашып, ішіне үрей жүгірейін деді. Жетестің тізесінде жатқан төрт бүктеулі қағазға қарап еді, ұшты-күйлі жоқ. Қалтасына кері түсіп кетті ме, әлде… Қарындаштың табылмағаны мұндай жақсы болар ма. Әйтпесе…
Қошалақта аң қуып, шап терлетіп шауып жүріп бар ғұмырын түгескен ақ шұнақ шал кейде мұның ісіне наразы боп: «Жатқан жатырың жұқа ғой. Жағаласа кетер жерде жапырыла қалуын. Қамшы ұстап дауға түсері жоқ өңшең ынжыққа тартып», – деп жоқ жерде нығыртып бітетін.
Шалына анық қарсы келе алмай діңкесі құрыған шешесі: «Қасқа бұқаны піштіріп тастаған соң көзіміз ашылып еді», – деп шүйкесін созғылап жататын.
– Арманыңа жетерсің, – дейді сөзге тоқтаған әкесі ондайда тыңқ-тыңқ күліп.
– Осы күшіктің әлгі әрмиядан келгендегі бәрімізді қуырып жеп жібере жаздаған пысықтығы қайда кеткен? Соны айтам-ау…
– Жетеке, әлгі Африкаға жібергендері қалай, аман-есен бе екен? – деп Қапар әңгіме бетін Қошалақтан аулақ құрлыққа алып қашты.
– Қайдан аман болсын! Жақында теледидардан көрсетті. Өңшең зәңгі қырып атып түгесуге тақапты. Сосын, әскерилер вертолетпен келіп әлгілерді ойбайлатып қуып ұстап жатыр.
– Шибөріні ме?
– Жо-ға, зәңгілерді. Кәдімгі негрді айтам.
– Бейшаралар десеңші.
– Бір тайпа көсемінің аяқ-қолына кісен салып жатып: «Сендерге сеніп жіберген ұлттық байлығымызды ит рәсуа еткіздің. Көздеріңе көк шыбын үймелетеміз. Құл ретінде кереметсіңдер, ал адам ретінде түк қасиеттерің жоқ», – деп, Қапеке-ай, әлгінің көзін істікпен шұқығанда, төбе шашың бар ғой, бір тұрып, бір жатады…
– Қалың жыныс ішінде, әр шоқалдың түбінде өріп жүрген мақұлықтың есебін айдалада отырып қайдан білген?
– Надандық, сені қайтейін? – деп Жетес ежірейіп ішкі қалтасынан әлгі төрт бүктеулі қағазын қайта суырып алды. – Космостан! Сенің башпайыңды қимылдатқаныңа дейін төбеңнен үңіліп айнадан көріп тұр. Бар байлығын хаттап-шоттап отыр. Әне! Әйтпесе соншама ақша шығарып дүркін-дүркін кеме ұшырып, олар аспаннан нағашысын іздеп жүр дейсің бе?
Әлгінде, «Космостан!» дегенде, Жетестің сұқ саусағы ауада ілініп қалған. Баспалап қараса, әлі сол қалпы тұр екен. Мәселенің байыбына көзі енді жеткен Қапардың аяқ-қолына діріл жүгіріп:
– Құлдығың болайын, мынауыңды түсіре көрші, – деп жалынды. – Шибөрісі құрысын, төсек салып жата қалайықшы.
Аузы жаман ит-ай, адамның иманын ұшырып айтып отырғанын қарашы. «Бетіне жел боп тиген Саддам Хусейіннің өзін інге тығылған қарсақтай шақылдатып суырып алғанда, оның жанында сен кімсің? Жалғыз вертолетпен келеді де: «Давай, Қапар», – дейді, «Давай, киін!» «Шибөрінің шын иесі кім екенін білмей жүр екенсің, Қарабаевіш. Ток беретін столға таңайық. Тірідей үйтіліп қал! Ищь ты! Саудаң тамам!» – деуін. Тоба, тоба!
Келін боп түспей жатып әке-шешесімен китке таластыра келген осы қатын да жерден алып, көрге ұрып болды-ау мұны. Үйірлі үш пәле соның сөзінен балалап шығады да тұрады. Қарашы енді… Әлгі барқыттай ғып илеп қойған шибөрінің екі терісінің бірін – Астанада оқитын сіңлісіне салып, екіншісін – етек-жеңі қырқыла бастаған өз пальтосының жағасына тағынып…
Астанадағы балдызынан осы ақпанда хат келген. «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты Қапар жездемізге дұғай-дұғай сағынышты сәлем», – деп бастапты хатын тап бір бауыры шіріп бара жатқандай.
«Амандық болса, оқуымды тамамдаған соң осы қалада қалмақ ойым бар», – дейді, тұп-тура ындыққа неге өтіп кетпейді? «Айтпақшы, ақ жезде, салып жіберген теріні алдым. Қып-қызыл боп құлпырып тұр екен. Тонымның жағасына салдырып ем, жайнап кетті. Өрттей-ау, өрттей! Көшеде, тіпті шетелдіктердің өзі тұра қалып қылшығын алақан жүгіртіп сипап, бас шайқап бітеді. Көзі бар дүние ғой, тағы да бір- екеуін салып жіберерсіз. Біреулерге уәде беріп қойып едім…» Көрдің бе, дәмесін…
Бұл бір оңбаған желқабаз тұқым ғой. Астанада жайымен жүре ме, «Қошалақта аңшы жездем бар, шибөріні қоралап ұстайды, мұндай жаға тағы кімге керек?» – деп жаһанға жар салып, әлгі шегірткесіне дейін адам деп қарайтын шетелдіктердің көзінше найқала басып жүрген-дағы.
Әлгі қатыны түскір де аяқ астынан Қанішкенге шауып… Мына шынжау иттің де жата қалмай, тізесінің үстіне қайта-қайта қағаз жүгіртуі тегін дейсің бе? Американың жасырын уәкілі боп жүрмесін. Сонда да тегін жан беру оңай ма, көңілімен аспанды теуіп отырған мұны бірер сұрақ беріп тағы да байқастап көргісі келді.
– Жетесжан-ау, ақылы асқан азаматым-ау, айтшы өзің, сонда әлгі шибөріге малымызды қан жоса ғып қырғызып қойып, тып-тыныш отыра береміз бе? Бұл мақұлық олардың байлығы болса, үстінен жонып жеп отырған ірілі-ұсақты жандық біздің күнкөріс нәпақамыз емес пе?
Жетес шараяқ толы айранды бір жұтып, шетке ығыстырып қойды. Келелі әңгімеге енді келгендей қомданды.
– Сырты – түк, іші – боқ қайдағы малды айтасың? Олар өзіңді отырғызып қойып, құйрығыңның астынан мұнайыңды жым-жылас ғып сорып кетіп жатқан жоқ па, мұнайыңды! Өй, қазақ, соны неге ойламайсың?!
Қапар шошып, астындағы қызыл құрақ көрпеге қараған, бір шеті түріліп қалыпты. Қиюы қашқан есіктен бе, әлде құранды шынысы көп терезеден бе, әйтеуір салқын леп тұла бойын қуалап қалшыл қақтырып бара жатты. Десе де, ішкі үрейін сыртқы болмысымен бүркеп:
– Шамасы, дәті қатты ел-ау, – деп мына маңызды мәселеге өзінің қатысын сүйкейсалдылау қылып көрсеткісі келіп шамның білтесін азайтып, жарығын әлсіретті.
– Айтары бар ма? Олар біздей емес, әрқайсысы Ата Заңын аузымен сүйіп адал болуға ант береді. Әлгі Кілинтөнді білесің ғой? – деп, Жетес сұқ саусағын төбесінен асырып барып қайта түсірді.
Жамылғы көрпеге тұмшаланып, кесер басы ғана қылқиып жатқан Қапар:
– Шырамытамын ғой, – деп күбірлеп құтылды.
– Ендеше, Ақ үйдің төрінде отырған соның әлгі бәдік қызбен көз қыспасы бар екен. Аты кім еді қарбашаның? –М… Мо… Ма…
– Мәрзия, – деп Қапар басын сопаң еткізіп суырып алды.
– Қайдағы Мәрзия? Қойшыбайдың қатынын ойлап алжып жатсың ба?
Қапардың көзі кілгіріп, басы қайтадан көрпеге кіріп кетті.
– Моншақ емес пе?
– Мейлі, тесік моншақтың бірі. Тақтың буы шыдата ма, Кілекең президент басымен сол қарбашамен ойнап қойып… Бәйбішесі менің үстіме қатын ұстайын деген екенсің, есіктегі күліңді төріңе шашайын деп шыр салып… По-оу!
Әңгіме шибөріден аулақтаған соң көңілін демдеген аңшы мына жатысына ыңғайсызданып мәйкішең көпшігін қолтықтай кетті.
– Апырым-ай, үлкен жанжал шығыпты-ау!
– Айтпа. Әлгі қарбаша: «тоқал қылып қолыңа кіргізіп ал, оған билігің жетпесе осыған дейін ойнап-күлгеніңнің ақысын төле», – деп…
– Содан?
– Кілинтөн бәйбішеден бата алмай жаутаңдап, екі ортада әлгі қарбаша, «мына әңгі абыройымды айрандай төкті, шеккен зиянымның пұлы мынандай», – деп сотқа жүгіріп…
– Ой, масқара-ай!
– Масқараның көкесі соңында. Бұл шатақты халық естіп, у да шу. Еркектер жағы: «Маладес, Кілинтөн, құрттаған шыбыштың құйрығындай немеге сол керек. Тіпті, бұл аз», – деп өре түрегеліссін. Әйелдер болса: «Шіли істейтіндерің осы. Бәрің де ұрғашы зорлайсыңдар. Еркектердің атынан Президентті соттау керек», – деп ырғасып тұрып алсын. Көкайыл қатындарға дауа бар ма?
– Соттады ма?
– «Садағаң кетейін, ел-жұртым, мына қызыл көз пәледен сорлы басымды арашалай көріңдер», – деп зар еңіреп халқынан жылу жинаған. Сол қаржыны көңілдесінің алақанына құйып зорға құтылды.
– Заңы қатты екен.
– Елі бетіне қарап отырған басшысын есекке теріс мінгізгенде, ұлттық байлығына мылтық кезегендерді не істемейді? Жаным-ау, әлгі қарбашаның аты… Тілімнің ұшында тұрғанын қарашы…
Шамның майы түгесілді ме, білте басы қызарды. Көрпені тарс бүркеніп алған Қапар ойы әлем-жәлем боп біраз жатты. Әзер деп кірпігі желімденіп қамаса бастаған.
– Таптым! – деген шынжау сарының ащы айқайы құлағын жарып жібере жаздады.
– Нені?
– Мо-ни-ка!
– Құры! Атаңа ғана нәлет!
Сол түні түс көріп шыққан. Саддам Хусейін екеуі Қошалақтың ақ шағылының арасында шаңытып жайдақ атпен қашып жүр екен…
Ертеңіне орнынан маңдай әжімі батыңқырап, жағы суалып тұрды. Жеті мүшесі бір-бірін ауырсынғандай, шабан қимылдап киінді.
Басы қайқайып кеткен сүре шегеде ілулі тұрған мылтығы мен оқшантайына қарағысы келмей көзін алып қашты.
Жетес боз ала таңда аттанып кетіпті. Сыртқа беттеген. Наурыз кеп сере қардың көбесі сөгілгенімен, кемпіршуақ жеткізер емес. Ауада шыңылтыр аяз бар. Бітеуде тұрған уақ жандығына шөп салайын деп, айырын қолына алды. Қадиша: «Қораның ішін қи мен сабаннан тазартып, намаз оқығандай етіп кеттім», – деп еді. Рас екен. Дөңгеленіп қалыпты. Малын жайғап біткен соң да үйіне кіргісі келмей түртінектеп жүріп алды.
Әлгі шынжау сарының сайтанның сапалағындай сап ете түсіп, тып-тыныш тірлігін алақұйын етіп кеткенін қарашы. Заржақ неменің білмейтін сұмдығы жер астында. Баяғыда үгітші боп: «Горбачев жасасын!» «Қайта құру жасасын!» – деп ала қырды ат терлетіп шауып елдің зықысын алып еді. Мал баққан момын жұрт тап бір «Жасамасын!» деп қарсыласып жатқандай.
Горбачев тағынан тайғанда Жетестің де сөз ләмі лезде құбылып сала берген. «Біліп ем тап осылай боларын. Қарға саңғып кеткендей бас қондырысының өзі ұнамайтын. Райса өзіміздің қыз ғой, татар ғой. Байына билік бермеді. Күйеу бала ынжық екен. Арандап қалды», – деп бір садақада желдей есіп отырған.
Кешегісін айтсаңшы…
Ғаламдасамыз, шекараны жоямыз, бәріміз құшақтасып табысамыз дей ме, Алла, ит-ай, мұның құшағына кім зәру боп отырғанын?..
Бір ғажабы, қаншама «ақ шақыр» десең де, мұның аузына іліккен жаманаттың келмей қалғаны жоқ.
«Ішкені ұнамайды, бетіммен жер басып біттім», – деп жүріп, Ельцинді де орнынан алып тынған жоқ па? Қойнынан қағазын жылтыңдатып қоймап еді, бұған да тықыр таянған да…
Қызыл тайыншаны қамаған шибөрі көздеп атар кезде, тым құрығанда қасқыр мен қарсақтай жалт беріп жоғалмай, қасқайып тұра берді-ау. Тек «мияу» деп дауыс шығарған. Бұл: «Әй, Қапар, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл», – дегені-дағы. Артыңда Америкадай елің тұрса, келсең кел деп қасқия қалмағанда қайтеді?!
Оқ пәршелеп кеткен екі басты кесіп лақтырып, терісін кергішке кигізген. Қан-сөлі тамып тұрған етті көміп тастауға қимай итаяққа сүйей салған. Құтжол шоқ басқандай ыршып түссін. Қыңсылап қыр асып қашып, үй маңын көрмей жүріп алды. Жеті қазынаның бірі ғой, ит те болса бір жаманатты сезген-ау.
Жастай кепкен қос теріні қанжығасына бөктеріп Қанішкенге барған. Ондағысы қасқыр басына алты мың теңгеден «байғазы» береді, шибөріге соның жарты ақшасын қиса да, аз нәпақа ма деген ой. Ақсаймын деп жатып-тұратын агент байғұсты тері мен шуаш иісі қолқаны атқан құрқылтайынан тапты. Әншейінде мұны көргенде жайылып түсетін сорлы кірпідей жиырыла қалыпты. Қара тонның жағасынан басы көрінбей: «Жоғалт! Жоғалт көзін!» – деп сырт айнала берген.
Бұл қаңғыс та бар сұмдықты біліп, ішіне бүгіп тұрған болды…
Пенде пақыр қашан да өз сорын өзі іздеп табады ғой. Айдалаға лақтырып кетпей, екі теріні дүние көріп, үйіне кері алып кеп барқыттай ғып илегенін айтсаңшы…
Түс ауа тоқал тамына кіріп шай қойған. Бірер кесемен тоқтады. Көкірегінің басына түйіншек боп қадалып тұрып алды. Сосын, бата жасады да қисая кетті.
Қисая кеткенде көзі қайтадан көкті көздеп тұрған дара ауыз мылтығы мен оғы ұядағы балапандай шүпірлеген оқшантайға түскені. Сол-ақ екен:
– Қараң батқыр, жалғыз өзімді жауға талатып, әлгі қатынның да келмеуін, – деп орнынан сілкіне тұрды.
Күн көкжиекке еңкейіп қалыпты. Қора жақтан қой маңырады. Шағыр мен жусанға бөртіп енді су дәметіп тұр. Қарқ ете қалып қанатын жайып аулаққа қарға ұшты. Баспамен өрмелеп тоқал тамының төбесіне шыққан. Аузы қара май жаққандай үңірейіп мұржа тұр. Кешқұрым түтін шықпағасын бұл да жетім екен ғой.
Өндіршек созып айдау жолға қарап еді, алыстан қыбырлап бір қарауытқан көрінді. Сар желдіріп келе жатқан Қадиша шығар. Сән қысып, барқыттай теріні етек-жеңі қырқыла бастаған пальтосының жағасына жапсырып… Қанішкенде қай бір тілеулес ел бар?! Әріп таныса бітті, ақ қағазға күн туады. Еңбектеп жүрген сәбиіне дейін теледидардың алдына жатып ұйықтайды. Солардың көзінше ат үстінде көлбең қағып… Бар дұшпанды соңынан малдай маңыратып келеді десеңші!
Өлейін десе жан тәтті, кірейін десе жер қатты боп торығып, «уһ!» – деп жан-жағына көз тіккен.
Екі қолының астында шибөрінің екі басы жатыр. Тұла бойын лап етіп суық леп ұрды. Басы шыңылдап, баяғы бала күнгі бағана басында тұратын бірқұлақ радионың қырылдақ дауысындай түсініксіз шуыл бел алып барады.
– Балалар-ау ойнап жүріп төбеге лақтырып тастаған, – деп буынын бекітіп еді. Енді көзі бұлдырап, мойны былқылдап қоя берді. Ептеп еңкейіп аяқ астына қараған, мыж-мыж боп жатқан екі бас сығырая қарап бұдан жүз аударар емес. Қап-қара тұмсығын көкке шүйіріп, сазара қалыпты. Тіпті жер тырнап жылжып, балағынан ала кететіндей. «Африкадағы әумесерлер сазайын тартқан. Ендігі кезек, Қапар, сенікі. Тоқтай тұр, бәлем! Мияу», – дейтіндей.
Жаны қысылып жалма-жан айдау жолға қараған. Қадиша қаракермен лекітіп келеді екен. Етек-жеңі қырқылып қалған ескі пальтосының жағасы қызыл шоқтай жайнайды. Жаға емес, шибөрі мойнын айналып, алас ұрып жүгіріп жүргендей. Қонар ұясына ұшқан қара қарға ма, әйтеуір аспанда қарауытқандар қаптап кетіпті. Бірқұлақ радио қайтадан қырылдап, бұ жолы вертолеттің дауысы анық естілді.
– Аллам-ау, – деді амалы таусылған аңшы үні тозып, мұржаға сүйене кетіп. – Шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным, о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей сұрауым жоқ па? Оң қол қиянатқа жүгірсе, сол қол арашаға ұмтылмас па… Бұл ел – ел ме, әлде ашық-тесік жатқан мал қора ма?..
Көзінен екі тамшы жас езіліп түсті.
Батар күн пәни дүниенің қашты-қуды қызығын қимағандай, бір құлағын қылтитып, айналаны жез легендей жылтыратып тұр.
Рақымжан ОТАРБАЕВ