Ғалым сөзі – нақлия
Академик Оразалы Сәбденнің ел экономикасы саласы мәселелерінің мәні мен себебін анықтап, шешімін ұсынған еңбектері бүгінгі күн үшін аса құнды. Одан бөлек, «Абай және қазақ елінің болашағы» кітабы (Алматы, 2016) оқыған адамды толғанысқа түсірмей қоймайтыны рас. Әлқисса, экономикалық тығырықтан шыға алмай, сан жыл сансыраған қазіргі ел жайын өз санасына салып, көкірек сүзгісінен өткізіп, ашып айта білген, сонымен қатар, мемлекетті жаңаша басқарудың өзіндік моделін алға тартқан автор осы кітабын неге «Абай» деп атады екен? Рационалды ғылымдар санатына жататын экономика саласы мәселелерінде төл поэзиямыздың асқақ шынары саналатын Абай хакімнің орны қандай болуы мүмкін?
Философ Ғарифолла Есім былай деп айтады: «Батыс философиясында рационализм мен сенсуализм атты бағыттар болған. Осы екі бағыттың бірі ақылды, екіншісі сезімдік танымды жоғары қояды. Шығыс философиясында ақыл мен сезімді мұндай қарама-қарсы қоюшылық жоқ».
Ақылдың барлаушысы, рухтың қозғаушысы – сезім, ақыл мен сезім үйлессе, рух деген аруақты күш тіріледі. Алапат рух – ағыны қатты өзен, өзі қалаған арнасына түсіп болмайынша, бөгет атаулыны бұзып-жарып, еш нәрсеге бой бермек емес. Ендеше, экономикалық күйзелістен оңалу жолында неге «Абай» деген асқақ рухты идеяны ту етпеске?!
Абай қара сөздерін кітабының өзегі етіп алған ғалым халқының мұң-мұқтажын, мәдениетін, қоғамдық-философиялық ойларын, көркемдік ізденістерін жаңа сапаға көтеріп кеткен Абайдай хакім-ғұламаның тұлғалық биігін жаңаша қырынан айқындап береді. Абай ғақлияларының ұзын саны 45 болса, академик Оразалы Сәбден соның ішінен өзіндік ой-концепциясының сүйегі болады-ау деген түйінді-түйінді ойларын іріктеп, екшеп алып, оларды ел дамуының қазіргі жағдайына, келешекке бағыттап, байланыстырып, тетіктерін көрсетіп беруге тырысады.
«Абай және қазақ елінің болашағы» кітабындағы автор ой-толғамдарының жиыны – он бес.
Абай қара сөздері мен өлеңдерінде «мал», «дүние» ұғымы – байлықтың, дәулеттің жалпылама көрсеткіші. Малды адал еңбекпен табу – Абай арманы. Алайда, қазақтың адал еңбекпен дәулет жиюына қазір қандай жағдай жасалып отыр? Автор өз кітабында қазіргі қоғамда еңбек пен капиталдың қайшылығы көп екенін, бай мен кедейдің арасы алшақтағанын, табиғи байлық шетелдік инвесторлар мен ұлттық олигархиялық топтардың, компаниялардың мүдделеріне тәуелді болып отырғанын өткір сынға алады. Абай көкжиегін өз еңбектерінде көкірек көзімізге жақындатып беріп жүрген философ-ғалым Ғ.Есім: «Басыңда еркің болсын десең мал табудан арланба, адал еңбек етуден арланба. Осы Абай айтқан экономикалық прагматизм халқымызға әбден керек-ақ», – деп ой түйіндесе, («Таным көкжиегі», Астана, 2016. 14-бет), білікті экономист-ғалым Оразалы Сәбден қазақтың адал еңбек етіп, әл-ауқатын өркендетуіне кедергі келтіріп отырған бірқатар факторды нақты атап көрсетеді. Олар: елдегі технологиялық дағдарыс, білім мен ғылымдағы кері кетушілік, бизнес пен кіші кәсіпкерліктегі әлі түйіні шешілмеген мәселелер, әлі күнге дейін зауыт пен фабрикасы жоқ, шикізатпен қамтушы ел санатында отыруымыз, ел ішінде еркін етек жайған жемқорлық індеті, т.б.
Халқымыздың дана да дара кемеңгері Абай хакім надандық – білімсіздік белгісі екенін айтады. Ғарифолла Есім ғылым-білім жайында айтқан сөзін түсіндіре келе: «Біз, әдетте, білімсіз деп ұстаз алдын көрмеген адамдарды айтып жүрміз. Әрине, кейбір жайларда дұрыс та шығар, бірақ кейде жоғары білімді жандардан да білімсіздік кездеседі», – дейді. («Таным көкжиегі», 17-бет). Елімізде жалпы білім беру жүйесі жолға қойылғанымен, бұл саладағы толық пісіп-жетілмеген реформалар мен нәтижесіз эксперименттердің тым ұзаққа созылып, бір ізге түспеуі шешімін күткен маңызды мәселе ретінде басы ашық қалып отыр. «Егеменді ел болғалы 24 жыл өтті. Қазақстанның білімі мен ғылымы дүниежүзілік, халықаралық деңгейде (кейбір жетістіктерді айтпағанда) елеулі жетістіктерге жетті деп айта алмаймыз», – дейді экономист ғалым өз кітабында. («Абай және қазақ елінің болашағы», 39-бет). Сол сияқты, О.Сәбден
2000 жылдан бастап көп жылдар бойы ел экономикасы еселеп өскенде, (жыл сайын жалпы ішкі өнімнің өсімі 9-10%), елдегі ғылым мен білімге басымдылық берілмегенін, сондай өсіммен ғылымға қаржы бөлінбегенін, осы күні материалдық-техникалық база ескіріп тозғанын ашық айтады. Ғылыми академияның жабылып қалуының өзі елдегі ғылым-білімнің дамып-өркендеуіне алдағы уақытта айтарлықтай ақтаңдақ із қалдыратыны айтпаса да түсінікті. «Ғалымдардың ақылы толық болғанымен, қалтасы тесік», білімге келер болсақ, жоғары білімнің деңгейі төмен, бірақ оқу ақысы шетелдік айтулы ЖОО салыстырғанда аса қымбат, ал жас мамандардың біліктілігі сәйкес емес және алып шыққан мамандығы еңбек нарығында сұранысқа ие емес екендігін сынға алады ғалым.
Адамзат жаһандық өтпелі дәуірде индустриалды кезеңнің соңына келіп жетті. Әне-міне, әлемдік постиндустриалды өркениеттің уақыты есік қағып тұр. Ғалымның ойынша, «орнын
постиндустриалды өркениеттің инновациялық экономикасы алмастыратын нарықтық экономикаға көзқарасты өзгерту қажет. Ол жаңа білімге, ғылым мен жоғары технологияларға, руханияттылықтың барлық түрлері мен құндылықтар жүйесін жаңартатын адам капиталының бәсекеге қабілеттілігіне негізделуі тиіс». Капитализм мен социализмнің тоғысқан тұсында тарих бетіне бедерленіп шыққан адамзат дамуының үшінші жолы – инновациялық экономикаға негізделген
постиндустриалды өркениет кезеңін автор «инновационизм жолы» деп атапты. Бұл өзгерістер қоғамдық қатынастардың жаңа типіне көшуге алып келеді. Рухани құндылықтар мен адамгершілік принциптерге негізделмеген экономиканың түбі дағдарыс пен құлдырауға алып келетінін тарих дәлелдегенін айта келе, автор ендігі кезекте жаһанданудың тұрақсыз ғасырында қоғамды ізгілендіру туралы идея халықтар мен мемлекеттерді жақындастырудың факторы болуы мүмкін екенін тілге тиек етеді.
Автор үшін ел экономикасын қайта құрумен қатар, қоғамды ізгілендіру, рухани және моральдық құндылықтарды жаңғыртудың маңызы зор. Абайдағы нұрлы ақыл «Адам – Ақыл – Таным – Ізгілік – Жетілу мен Кемелділік» сынды асыл сипаттардың айналасында тоғысатынын қайталаудан талмайтын ғалым ұлт руханиятын жаңғыртуда Абай дүниетанымына – Абайдың ой өркениетіне жүгінеді. Айталық, «Жаңа Түркістан» атты Халықаралық ұлттық мега жобасы ұлттық рухани жаңғырудың жетік үлгісі, «ғылымның даму арнасын Шығысқа бұрудың» орайлы сәті, Ұлы Жібек жолын жандандырудың бастауы.
Жаңа постиндустриалды өркениет бірінші сатыға адам факторы мен рухани сананы қояды. Сондықтан өзіңнің ұлттық ерекшелігіңді тану, тіліңді білу, діліңді жете түсіну – Абайдың «толық адам» ілімімен тығыз байланысты. Бұл кезең – Абай армандаған заманның туу кезеңі.
Абайдың ой өркениетін жете зерттеген философ-ғалым Ғарифолла Есім: «Данышпандарды аңсау – «толық адамды» аңсау, Абай лексикасында олар: хакімдер, кәміл мұсылмандар», – дейді. («Таным көкжиегі», 21-бет).
«Жаңа Түркістан – Рухани Астана» жобасы аясындағы Ұлы Жібек жолында «Абай атындағы рухани академия» ашуды ұсынған экономист-ғалым Оразалы Сәбденнің бұдан былайғы уақытта дүниежүзі Абай феноменіне жаппай көңіл қоятын кезі алыс емес екеніне сенімі кәміл.
Жүйелі ой тарқату, қуатты идея тудыру, оны жүзеге асыру жолында талмай тер төгу – «толық адамға» тән харекет. Ғылым – жан азабы. «Абай және қазақ елінің болашағы» кітабы өр мінезді ғалымның – Абайша «толық адамның» жан азабының сәулелі нәтижесі.
Анар Кабдуллина,
әдебиеттанушы.