Дулығалы боз дала
(Ұстазға хат)
Мырзатай Жолдасбековке!
«Өткен ғасырдың орта тұсында қазақ әдебиетінің тарихын ерте дәуірлер қойнауынан іздеуде үлкен қадамдар жасалғаны жұрт жадында. Профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен жүргізілген осы бағыттағы ғылыми ерліктердің бірі – «Орхон-Енисей тас жазбаларын» тірнектей зерттеп, тарихи танымымызды соны пікірмен толықтыру, тереңдету, байыту бақыты сол тұстағы жас ғалым, бүгінде халқының құрметіне бөленіп, ұлт биігіне көтеріліп отырған ғұлама ғалым, үлкен мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің маңдайына жазылыпты…».
Автор (күнделік беттерінен).
Нұрлан Оразалин,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ғасыр озды…
Қалды кімдер?
Озды кім?
Білетіндер азайған ба Сөз құнын?
Сені көрсем…
Адал күндер жаңғырып,
Асыл аға, түседі еске боз күнім…
Өріп қиял гүлбәйшешек тағынған,
кең дүние жаралғандай сағымнан.
Елестейді ессіз күндер лапылдап,
боз Даладан боз қалаға ағылған.
Боз Алатау…
Боздап ойлар таңды ұрып,
Алматының боз түндері сән құрып,
сана төрін кезетіндей боз арман,
сенің қоңыр дауысыңдай жаңғырып.
Жаңбыр да – өлең…
Тандыр да – өлең…
Гүл де – өлең…
Кернеп бойды жүретін кез күнде Өлең.
Кәрі КазГУ жүрек қылын тартқылап,
тіл қатардай мезгіл атты мінбеден.
Аунатып сан заманалар тасқынын,
есімде, аға, сөйлеткені тасты үнің.
Сен арқылы елестеткем мен алғаш
Күлтегінді ала жатқан жастығын.
Құлағыма жеткендей боп күбір үн,
сен арқылы биіктеген тұғырым.
Сол мінбеден Сен арқылы естігем,
Тоныкөктің тұлпарының дүбірін.
Жалын атып Бейсекеңнің қозынан,
алтын терген уақыттың тозынан,
үлкен болып көрінуші ең сонда Сен,
бақсақ бүгін, жас екенсің «боз ұлан»…
«Найза сынып, талай сауыт жыртылған,
боз далада боз жусандар қырқылған.
Сіз бен Біздер – жалғасымыз солардың,
Теңдік үшін тепсініп кеп ұмтылған.
Намыс буып, жіберместен есені,
Сақ, хұндар мен Көк түріктер кешегі,
мына байтақ өлкесімен Алаштың,
байқаңдаршы, аруақ болып көшеді…
Дәуірлердің дауылында тозбаған,
аман болсын,
Дулығалы боз Далам!»
деген үнің құлағымнан кетпейді,
алпыс екі тамырымды қозғаған.
Сол сөздермен санам үнсіз боздаған,
сілкіп сілкіп, жүрегімді қозғаған.
Айту парыз,
Аға! Шәкірт кеудеде
Азаттығым сол ойлардан қоздаған,
Бас көтеріп Дулығалы боз Далам!..
«Асылдарым»
Әбіш КЕКІЛБАЕВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
АБЗАЛ АЗАМАТ
Ізденіс пен ізгілік, мейірбандық пен кішіпейілділік бағаланбай қалуы мүмкін емес. Еліміздің тарихындағы ең бір шешуші кезеңде Мырзекеңнің үлкен саясат сахнасына шығуының басты сыры да, міне, осында сияқты. Онсыз да буырқанып жатқан әлеуметтік құштарлықтар тасқынында онсыз да қаулап жатқан отты үрлемейтін салиқалы ақыл, сара парасат керегірек еді. Ғалым-педагог Жолдасбеков аласапыранданып жатқан саясат әлеміне, алабұртқан аудиторияға салмақпен кірген тәжірибелі ұстаздай сабырмен аттады. Немен бітері белгісіз әлеуметтік өзгерістер тұсында желөкпелік пен желпініске берілмей, қай мәселеде де істі насырға шаптырып алмауға тырысты. Бәрібір өз дегеніне жетпей қоймайтын құбылыстардың аңғарын алыстан байқап, сол жолда болмай қоймайтын қиындықтардың алдын алуға тырысты. Бұндай тұста кімді де болса енжар қалдырмайтын мәселелерге бас-көз болу үшін терең білім, мол тәжірибемен қоса үлкен адамгершілік қажет еді.
Мырзатай Жолдасбековтің бойында соның қай-қайсысы да жеткілікті болып шықты. Оған дәл сол жылдары біресе қол астында, біресе қатарлас, әйтеуір қоян-қолтық қызмет істескен менің көзім қапысыз жетті.
Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ,
көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері
ДӘСТҮРІНЕ БЕРІК АЗАМАТ
Мырзатайды қай-қайсымыз да жақсы танимыз. Мінезі жібектей, қыры да, сыры да сұлу, мағыналы, мазмұны мықты жігіт. 25-30 жылдан қазақ әдебиетінің көне тарихын оқып жүрміз. Сол қазақ әдебиетінің көне тарихын қалыптастырушы да, соның үлкен арнасын сонау Орхон-Енисей жазбаларынан бері қарай дамытып әкеліп, бізге жалғаған да осы Мырзатай. Бұл өзі халықтық үлкен дәстүрмен келе жатқан азаматымыз. Арнаны қазақ әдебиетінің көне тарихынан ғана тартып келе жатқан жоқ, біздің тұсымыздағы Жамбылдың, Кененнің дәстүрлерін, қазіргі ауыз әдебиетінің жағдайын, көп тексерілмеген соның күнгей-көлеңкесін түгел қамтып, қопара тексереді және тіл қандай, өзі стильге айналып кеткен жігіт бұл өзі. Қырғызстанда қорғаған докторлық диссертациясында нағыз ғалым екендігін айқын дәлелдеді. Ғалым, қайраткер болу құдайдың, тәңірінің ерекше жаратқан жақсы адамдарына ғана, шын мәніндегі тума талантқа ғана, творчестволық тұлғаға ғана тән, соған ғана лайық нәрсе.
ФОТОМҰРАҒАТ