Еңбегім халық шығармашылығына айналды
19.05.2017
3158
0

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,
филология ғылымының докторы, профессор


– Үлкендермен әңгімелесе қалсаң, «бұрынғы өмір сәулелірек еді» деп жатады. Сіз көрген бұрынғы өмір, байырғының көне көздері, тәлім-тәрбие берген орта, өнеге көрсеткен үлкендер жолы туралы сөзбен әңгімемізді бастасақ…
–1943 жылы, соғыстың қайнаған тұсында мек­тепке бардым. Сондықтан кітапқа  да, оқулыққа да, қағаз бен қаламға да жарымадық… Бірақ қаймағы бұзылмаған ақылман қария­лардың шетін көрдік. Байтақ даланың мыз­ғымайтын мектебін, өнегелі университетін, тұ­тас академиясын қалыптастырған қария­лар­дың құнарлы, нәрлі әңгімесі, күйінің күмбірі әлі күнге құлағымда.
Әркімге де өскен, өнген ортасы ыстық. Қара­таудың етегінде Қоңыртөбе дейтін жер бар. Мен сонда, «Ақтөбе» дейтін тақиядай төбенің бөк­терінде туып, өстім. Арғы аталарымыз Сырдың бойынан көшіп келіпті. Атам Темір дейтін би болған кісі екен. Ақмешіттің губернаторы Перовскиймен келіспей қалып, қара­мағындағы туыстарын ертіп Талас өзені бойына тұрақтапты. Әкем Жолдасбек ұзын бойлы, қы­зыл шырайлы, сыпайы кісі еді. Елге сыйлы болды. «Темір бидің шөбересі» деп, елі де оны құр­меттеп, барған жерінде төрін ұсынатын. «Ойын­ның түбіне жете алмайсың, одан да әке­леріңнің, аталарыңның сөзін тыңда», – деп, жиын-тойға мені де ерте баратын.
Кішкентай, күйкентайдай ғана Әймен деген әкеміз бар еді. Өзбекше дөңгелетіп сақал қоя­тын, өзі болыс болған, өзі ақын. Сол кісінің әң­гіме айтып отырып, бабалар рухын еске алып, кең­кілдеп жылағаны есімде. Бірде ауылымызға Сарысудан Шәмшілда Әлжанов деген кісі көшіп келді. Ғажап күйші еді. Осы күні бәріне таныс атақты Сүгір күйші сол Шәмшілданың үйіне, біз­дің ауылға үш рет келіпті. Сүгірдің екі рет ке­лгенін көрдім. Сүгір – торғайдай ғана кісі, ба­сына ақ қалпақ киіп жүреді екен. Сүгір кел­геннен кейін ел жиналады. Ауылда Бұр­шақ­байдың Әйтпенбеті дейтін күйші болды. Өзі қара жер хабар бермесін, қырсық кісі еді. Же­ке­нің қойын бағады. Қалақтай домбырасы бар, бір елі қасынан тастамайды. Бірақ күйін кез келген жерде шерте бермейді. Қойын жусатып қойып, көл жағасында отырып жалғыз өзі домбыра тартатын. Сол Әйтпенбет әкемізді Сүгір күйші керемет сыйлайтын. Қоңыртөбенің етегі кілем төсегендей, жап-жасыл болып жайқалып тұра­тын. Сүгір келді деген күні Қоңыртөбенің ете­гінде халық жинала қалады. Бұл – Сүгірдің екінші келуі. Ел-жұрт қолпаштап, төрді ұсынып еді: «Әйтекең келсін, Әйтекең шықсын», – деп оң жа­ғына Әйтпенбет әкемізді, сол жағына Шәм­шілданы алып, Әйтекеңе бастатып күй тарт­қызады. Шәмшілданың шәкірті әрі жиені Боран­құл Көшмағамбетовтың туған інісі Мәді­ғұл біздің елден қыз алған. Боранқұл нағашысы Шәмшілданікіне әрі інісіне жиі келіп тұратын. Біздің елге күйеу Зиябек деген де күйші болды. Әкесі Қалыбек – біздің елге белгілі ақын. Сүгір, Әйтпенбет, Шәмшілда, Боранқұл, Зиябек бесеуі қатар отырып күй тартқанда, ауыл теңселетін. Сақтар заманынан қалған Ақтөбе күй әуеніне елтіп, күй зарына қосылып мұң шағып, күй қағысына орай рухтанатын.
Осы кезге дейін құлағымда зарлы, терең, құдіретті Қаратау шертпесі тұрады. Аттарын атап өткен күйші әкелердің шертпе күйі құла­ғыма келеді. Әттең, жазып алатын ешкім болмады, бағы бар екен, Сүгір күйлерінің бәрі сақ­талды. Әруақ кешірсін, Сүгірден бір кемшілігі жоқ, Сүгірдің құрметіне бөленген Әйтпенбеттің, Шәмшілданың, Зиябектің күйлерінен жұрнақ та қалмады. Бәрі замана желімен ұшып кетті, уа­қыт толқынымен шайылып жоғалды. Ең бол­ма­са сондай адамдар өткенін ел білсін деп, бар­ған жерімде есімдерін айта жүремін.
Ауылда Елемес деген кісі болды. Гармоны бар еді. Соны тартып жіберіп, темір сандығын ашып, қыссаларын алатын. Қысса оқитын әуені ерек­ше әуезді еді. Шымкентте жүрген жерінен өзім әкеп оқуға түсірген Еркебұлан деген айтыс­кер ақынға әлгі мақамды үйреттім. Елеместің қыссасын күллі ауыл жиналып тыңдайтын. Бір тұсында бәрі еңкілдеп жылап, бір жерінде әруа­ғы қозып, дүбірлетіп отыратын.
Анам Қалдыкүл Рысқұлқызы өте ажарлы кісі еді. Өрмек тоқитын, тон тігетін, киіз үйдің неше түрлі жасауларын қолмен жасайтын. Ша­шақбау, шаңырақбауды ол кісідей шебер түйген кісіні әлі кездестірмедім. Өрмек тоқып отырып, өз өмірін әнге қосып, өз мақамымен жырлайтын. Арасында «Қайран, өмір» деп жылап алады. Алпыс бес жылдан кейін апам салған екі әуен құлағыма келді. Біреуі «Бедел-ай, бөпем-ай», екіншісі «Әйугай, армандамын Жаратқанға» деген ән. Ол кезде ҚР Президенті Мәдениет ор­талығының директорымын, қарамағымда қазақтың мықты әншілері қызмет ететін. Бірде таңға жақын ескі әуендер құлағыма келіп «алпыс бес жылдан кейін есіме түсіріп отырмын» деп әнші қыздарға әнді ыңылдап айтып бердім. Анам сол әуенмен бүкіл өмірбаянын айтатын. Көрші ауылдан құдашалар келе қалса, міндетті түрде айтыс болады. «Сен де дайындал», – дейді апам. «Айтыса алмаймын ғой», – десем, «Қо­рықпа, қасыңда отырамын», – дейтін. Апам бастап, мен қостап айтысқа қосыламын. Ақын­дықты кәсіп қылған жоқпын, кітап­тарымда әр-әр жерде қо­лым қышып кететін тұсы бар. Апам бір күні екі әніне ұқсамайтын әнге басты. «Мынау басқа әуен ғой», – десем, «Ой-бой, бұл Айкүміс деген апаң­ның әні. Жамбыл атаңмен айтысқанда осы әнге салған», – деді. Сол әнді апамнан үйреніп ал­дым. Тәуел­сіздіктің алдыңғы жылдары Нұре­кеңмен бірге қызмет еттік. Жұмыстан шаршаған тұста бас қосып, шәй ішеміз. Бірде мен Айкү­міс­тің әніне салып:
Жамбыл-ау, жан екенсің сөзге сараң,
Жақпады қай мінезім бүгін саған?
Дітіңді білтелемей, білдіре айтшы,
Саласың қандай қолқа тегі маған?
деп айтып отырсам ортан белінен Нұрекең қо­сы­ла жөнелді… Айкүмістің әуенін Нұрекеңнің де білетініне әрі айнытпай салатынына таң қал­дым.
Апам маған: «Гармон тарта алсаң ғой, саған қосылып ән салсам», – дейтін. Алтыншы класта Жамбыл қаласындағы интернатта оқыдым.Кітапхананың оқу залынан гармон көрдім де, апамның сөзі есіме түсе қалды. Кітапхананың меңгерушісі Владимир Степанович деген шал еді, сол кісіден: «Гармон үйренсем бола ма?», – деп сұрадым. «Үйрен, бірақ бүлдіріп алма», – деп рұқ­сатын берді. Содан гармонды қолға алып, күнде созғылаймын. Сөйтіп жүріп үйреніп алдым. Алтыншыны бітірген жылдың жазында демалысқа жібергенде, ауылға ақыры әлгі гар­мон­мен жеттім. Мен гармон тартам, апам қо­сылып ән салады, әбден риза болып еді.
Біздің ауылдың қыздары түгел шаңқобызшы еді. Мал жайғастырып, кешке бәрі Қоңыртөбенің етегіне жиналады. Ересек қыздар шаңқобыз ша­лып бастайды. Бір кезде ысқыртып кеп, сай-сүйе­гіңді ерітіп, солқылдата тарта жөнеледі. Жан-жақтан кештете жеткен шөпжелке қыздар отыра қалып, келген жерден қосыла тартып ке­те­тін.
Азаматтары майданға аттанып, шымылдығы желбіреп қалған жеңгелеріміз боза салып, жора бозада екеу-екеуден айтысқанын ұзақ таңға тың­даушы едік. Бізде соғыс заманында туған фольк­лор зерттелмей қалды. Егер сол тақы­рыпты бір ғалым мықтап қолға алса, сол за­ман­ның зар-мұңын аналар, жесірлер, балалар әні­нен табар еді-ау! Іңкәшай деген жеңгемді Ырыс­бек ағамыз түнде әкеліп түсірді де, ертесі май­данға аттанып кете барды. Шымылдығы жел­біреп қалған сол жеңгем әлгіндей жиында зар­лы әуенге басады:
Айырплан аспанда
Айналып дәрі шашқанда
Аман болсаң келерсің
Германды Совет басқанда…
Ырысбек-ау! –
деп аһ ұрып аспанға қарайтын…
Кейін естідім, ол кезде студентпін, бірде ауыл ақсақалдары жиылып, Іңкәш жеңгемізді шақырыпты. «Шырағым, саған ризамыз. Құдай риза, әруақ риза. Жассың ғой, бағыңды байла­майық, рұқсат берейік деп жиналып отырмыз. Алла жар болсын, бақытты бол», – деп баталарын берісіпті. Сөйтсе жарықтық Іңкәшай жең­геміз: «Қайнағалар-ау, бір күні Ырысбек келіп қалса, не бетімді айтамын», – депті. Сол кісі ақыры күйеуге тимей, екі кемпірді бағып, оларды өз қолымен жөнелтті. Соғыстан жарымжан болып келген Кенжетай ағамызды алақанында аялаған Жібек жеңешем де бар өмірін азаматына арнады. Соларды еске алғанда апам: «Жақ­сысы кетіп, жаманы қалған қараңқалғыр дүние-ай» деп күрсініп отыратын еді. Кейін сол аяулы жандардың бәрі кеткеннен кейін дүния көшіп, біздің ауыл жұртта қалғандай болды. Берекесі кетті. Құдай ұмытқан, шетте қалған, жаңалық та бармайтын мекенге айналды. Осы күнге дейін сол ауылға радиоторабы да жеткен емес, кезінде күллі ауылда бар ортақ монша да салынған емес. Кейін қолымда билік барда ауылымды жөндеуге шамам бар еді. Бірақ «Мырзатай ауылына ғана көмектесті» демесін деп, ондай қадамға бармадым. Ауылыма ғана емес, күллі қазаққа жақ­сылық жасасам дедім. Бірде ОК Идеология комитетінің бөлім меңгерушісі болып жүргенде депутаттыққа түсетін болып, ауылға бардым. Ел-жұртпен далада қауыштық. Өмірзақ, Әділбай дейтін ағаларым: «Ауылда жол жоқ. Батпақтап орталыққа қатынай алмаймыз. Ол – сенің жа­ман­дығың», – деді. Ауылға жасаған бар жақсы­лығым – жолды асфальттап беруге пәрмен бергіздім. Кейіннен мешіт салғызып бердім. Ал ауылдың маған сіңірген еңбегін айтып тауыса алмаймын.
– Бір сұхбатыңызда «Әкем үйге көп газет ал­дыр­татын. Соны ежіктеп оқып отырып: «Профес­сор деген не?», – деп сұрадым. Әкем: «Әр за­ман­ның өз данасы болады, біздің заманның данасын профессор деп атайды», – деді. «Ендеше мен профессор боламын», – дедім. Профессор деген тамақ іш­пейтін, мен білетін ешбір жанға ұқсамайтын ға­жайып тіршілік иесі болып көрінетін», – деген екен­сіз. Сіз универсиетке түскенде және оны бітір­генде сондай ғажайып жандардың арасында жүр­діңіз. Ол кездегі ғылыми, әдеби, мәдени орта, сіз ара­ласқан қазақтың тұлғалы зиялы қауым өкілдері туралы айтсаңыз. Ғылым, мәдениет, әдебиет саласындағы үлкен тұлғалардың кісілік келбеті, өзінен кейінгі буынды құрметтеуі, сол буынға жөн сілтеуі қалай еді?
– Оныншыны 1954 жылы Ілия Жақанов екеуміз бірге, Қаратауда бітірдік. Әкем он жасымда қайтқан. Шешемнен басқа ешкім жоқ. Алматыға келдік. Конкурс өте үлкен болды. Құдай абырой беріп, оқуға түстім. Алғашқы дәрісті Зейнолла Қабдолов оқыды. «Әдебиет теориясына кіріспе» деген сабақ. «Мына оқуға дұрыс келген екенмін. Ұстаз осындай екен ғой» деп қайран қалдым. Біздің ауылда жаңбырдан кейін Қаратаудан бір самал есетін. Шие піскен кезде, Қаратаудан жеті-сегіз шақырым  жерден шие бақтың самал исі мұрынды қытықтап, сондай тұнық, ғажап күйге бөленетін едік. Оқуды да солай сезіндім. Біз оқыған курстың үлкен бақытын айтайын. Мұхтар Әуезов бізге үш жыл сабақ берді. Бірінші курста «Қазақ хал­қының ауыз әдебиеті», екінші курстың  бірінші семестрінде «Абайтанудан»,  екінші семестрінде «Манас жырынан» арнайы курс, үшінші курста «КСРО халқы әдебиетінен» лекция оқыды. Ма­настан дәріс оқығанда: «Пәлі, жұрт дүние­жүзінде «Иллиада» мен «Одиссейден» асқан эпос жоқ дейді. Сөз болғаныңа! «Манасқа» жететін эпос жоқ», – деп бастайтын әңгімесін.
Есмағамбет Ысмайылов, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Белгібай Шалабаев, Мәулен Балақаев, Нығмет Сауранбаевтар дәріс оқыды. Нығмет Сауранбаев жаңғалақ кісі еді. Емтихан алғанда, әр фамилияның тұсына қол қойғысы келмей, табельді көлденең ұстап, қолды ұзынынан қоя салатын. Мен – старостамын. Табелімді деканат қабылдамайды. Одан Нығмет ағайға қайта барам, ол кісі: «Әркімнің қолды қалай қоюға еркі бар шығар», – деп жатып кеп ренжиді. Олар қазақ әдебиетінің айбары екен. Есмағамбет Ысмайылов, Мәстура Сар­мұрзина ұстаздарым кейінгі еңбек жолымда көп көмек көрсетті. Ұстаздарым мен бесінші курсты оқып жүргенде «Мырзатайды университетке қалдыру керек» деп жүреді екен. Драматург Шахмет Құсайыновпен жақын болдым. «Шахмет Құсайынов драматургиясы» тақырыбында диплом жұмысын жаздым. Шахмет ағаның маған дегенде ықыласы бөлек еді. Университет бітіре бастағаннан шырылдап жаны қалмады. Шахмет ағамыз бен Есағаң екеуі дос. Ол кісі де мені қайтсем де университетте қалдырам деп бір күні Шахмет аға мен арқылы хат беріп жіберді: «Есмағамбет, мынау Мырзатайдан бәріміз үлкен үміт етіп жүрміз ғой. Сен қалайда университетте қалдыруға күшіңді сал. Сен гуманнойсың ғой» депті. «Гуманный» деп емес, «гуманной» деп жазыпты. Содан универсиетте қалдым. Сабақ басталған кезде Зейнолла Қабдоловтың: «Мырзатай, бәріміз де саған тілекші болдық, тура он жыл бұрын мен де осылай қалып едім, аттай он жылдан кейін сен де ұстаздық қызметке кірістің, іске сәт», – дегені есімде.
Есмағамбет ағамыздың Мәскеумен байланысы мықты еді. Жирмунский, Седельниковтар қонаққа келсе, дереу мені үйіне шақырып алатын. «Таныс, әңгімесін тыңда», – дейтін. Бір күні мені таба алмай қалыпты. Ол кезде университетте сабақ берем. Бір кездескенде: «Өткенде Жирмунский келіп еді, қайда  жүресің осы, тап­тыр­мадың ғой», – деп ренжіді. «Аға, менде үй жоқ қой, үй іздеп, қаңғырып жүрем», – дедім. «Жарайды ендеше», – деген де қойған. Ертеңіне мені үйіне шақыртты. Барсам, кабинетінде Есмағам­бет ағадан өзге, менен оншақты жас үлкен бір азамат үндемей ғана, тұнжырап отыр. Бізді та­ныс­тырды да, әлгі кісіге қарата: «Мектеп дирек­торысың ғой. Ол қызметті Алматыда ғана емес, ауылда да атқаруға болады. Біз мына Мырзатайдан үлкен үміт күтіп жүрміз. Сен үйіңді Мырза­тайға қалдыр да, ауылға көш», – деді. Ана кісі үндей алмады. Кейін білдім, Есмағамбет ағаның жиені екен. Панфилов паркінің қарсысындағы аядай бөлмесі бар шап-шағын үй. Маған сол үйді берді.
Сабақ беріп жүрген кезім. Сабақ аяқтала бере, Бейсекең: «Мырзатай, мені шығарып сал», – деп үйіне ертіп әкететін.  «Қажым Жұмалиев «Қазақ әдебиеті он сегізінші  ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудан бас­талады» дейді. Бізбен бауырлас өзбек, татар, баш­құрт, түркімен, қырғыздар бәрі әдебиетін байырғы дәуірден бастайды. Байтақ даланы иемденген халықпыз ғой, қазақ әдебиетінің тарихы он сегізінші ғасырдан басталады деген сөз ақылға сыймайды. Кез келген халықтың әдебиеті өзімен бірге туады, бірге толысады, бірге дамиды. Сен сол тақырыпты зертте. Өзіңді аспирантураға ұсынсам деп жүрмін», – деді бірде. Сөйтіп, «Көне түркі әдеби ескерткіштері» деген тақырыпты ұсынды. Соңыра Әлкей Мар­ғұлан ағаға теліп қойды. Әлкей ағаның үйіне аптасына екі-үш рет барам. Әбіштің алпыс жылды­ғында: «Мен үш кемеңгерді көрдім. Сол үш ке­меңгерім – Сәтпаев, Әуезов, Марғұлан. Төртінші кемеңгер мына отырған Әбіш», – дегенім бар. Үш кемеңгер шынымен де ғұлама ғалым еді. Әлекеңді үйінен алып шығам, Опера театры маңайында қыдырыстап жүреміз. «Қажымның ай­тып жүргені бос сөз, Бейсекеңдікі жөн. Қазақ әдебиетінің тарихы тереңде. «Оғызнаманы» қарашы, аңқып тұрған даланың жыры», – дей­тін. Әлекең бір әңгімені бастаса – шегі жоқ. «Заинч­ковский бұл мәселені өте дұрыс айтып отыр» дейді. Оның кім екенін  білмеймін ғой. Жылдам кітапханаға барып, Заинчковскийді тауып алам. «Осы жерде Бартольдтің пікірін құп­таймын», – дейді. Содан Бартольдті тауып алып оқимын. Әлкей аға бас салып: «Ананы оқы­дың ма, мынаны оқыдың ба?» деп мүлдем сұра­ған емес. Басқа ғалымдарды да осындай әңгі­месі арқылы оқытты.
1967 жылдың басында «Мектеп» баспасынан «Ертедегі әдебиет нұсқалары» деген кітап шықты. Бұл кітаптың шығуының өзі бір тарих. Екінші  дүниежүзілік  соғыстағыдай шайқастық. Бір жағы – Әлкей Марғұлан, Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, мен және Мұхтар Мағауин. Бейсекең менен кейін аспирант етіп, Мұхтарды алған. Менің тақырыбым – ерте дәуір әдебиеті, Мұхтардікі – хандық  дәуір әдебиеті. Келесі тарапта Қажым Жұмалиев, Ысқақ Дүйсенбаевтар бар. Ол кезде Баспа және полиграфия ісі бойынша мемлекеттік комитет деген бар еді. Соның төрағасы Зазулин деген кісі болды. Сол кісінің алдынан бір-ақ шықтық. Ол қазақша білмейді, көмекшісі сөзімізді аударып отырды. Сөзімізді зейін қойып тыңдаған Зазулин «бұл кітапты шығарамыз» деді. Кітап жарық көрген кезде Мәскеуден шығатын «Вопросы литературы» журналына рецензия басылды.
«С выходом в свет этой книги история казахской литературы  углубилось  на  целых  двенадцать веков», – депті. Сол он екі ғасырға ары кеткен тарих – менің еңбегім еді.
1969 жылы «Көне түрік әдеби ескеркіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта диссертация қорғадым. Ол кезде кандидаттық екі диссертацияны бір кеңеске қоятын. Жарты сағаттан уақыт беріп, бір сағатта қорғау бітіп кететін. Менің бірінші оппонентім Әлкей Марғұлан болды. Қорғау алты сағатқа созылды. Сол кездегі көзі тірі тарихшылар, этнографтар, әдебиетшілер, жазушылар түгел келді. Бәрі сөйледі. ӘлкейМарғұлан қайтара сөз алып: «Жаратылыстану ғылымында өте үздік қорғалған кандидаттық жұмыстарға бірден докторлық береді. Мен мына диссертацияға докторлық сұраймын», – деді. Ә.Тәжібаев Кеңес мүшесі емес еді, таяғын ұстап ол кісі шықты. Ұмытпасам, бір дауыс қарсы болды. Ол кезде қазақтардың ішінде әдет бар еді, диссертация кетсе, артынан Мәскеуге арыз ілесе баратын. Құдайға шүкір, ешқандай арыз барған жоқ…
Біз Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұста­финдерді көрдік. Осы төрт арыстың алдына тү­се­тін кісі болған жоқ. Олар кезінде әдебие­тіміздің ары мен абыройы болды. Одан кейін біз табынатын келесі буын бар еді, Тәжібаев, Жароков, Аманжолов болып жалғасатын. Алпысыншы жылдары келген лек – кешегі қасірет шеккен арыстарымыздың орнына өнген өртең деп ойлаймын. Құдай бізге Мұқағали, Қадыр, Тұман­бай, Фаризаны берді. Мен осы қатарға Күләшті қосар едім. Күләш жырлары да, өзі де, ойы да мөп-мөлдір, тұп-тұнық бұлақ…
Алыптар кеткен Алматы да кішірейіп қал­ған­дай көрініп кетеді, кейде. Кейде, солардың рухы Алматыны асқақтатып тұрғандай болады. Осы күні Алматыға барсам, Бейсекең үйінен қар­сы алатындай. Бейсекең өзі шығып, есікті ашатын сияқты. Әлденені ойлап кеткен Әлкей аға кабинетінде қабағы қатулы күйі отырғандай. Ағаның кабинеті құйтақандай ғана еді. Бірде Хабиба Елебекова апама сәлем берейінші деп бардым. Дәл сол Марғұландар тұрған үй ғой. Шап-шағын бөлмелер. «Осы үйде күнде той еді, бәріне орын жететін еді», – дейді Хабиба апа. Ол кісілер қанағатшыл еді ғой. Қазір жер-көкке сыймайжүрген адамдарға қарап ойланасың…
– Әңгіме ауанын сіз кандидаттық қорғаған түркі жазуларына қарай бұрсақ. Вильгельм Томсен әліппе кілтін тапқан уақыттан бері бұл тақырыпты зерттеген ғалымдар легі көп-ақ. Сіздің ғылыми тұжырымыңызда Орхон-Енисей жазбаларының түбі қазақтың  жыр-дастандарына апаратынын айтасыз. Жалпы, Орхон-Енисей жазбаларын жыр тілінде транскрипция жасауда қандай кедергілерге кез болдыңыз?
– Ұстаздарыма не істегенінен хабарым жоқ, мені «үндеместердің» айналдырғаны рас. «Не көкіп жүрсің? Қайдағы ежелгі қазақ жазуы» деп Алматыдағы КГБ-ның ғимаратының жертөле­сінде талай рет «сөйлесуге» шақырған. Әрине, бұл тақырыпта мен ғана емес, Томсен, Радлов, Бар­тольд, Мелиоранский сынды мүйізі қара­ғайдай ғалымдар да зерттеу жасаған деп, солар­дың  дерегін алға тартамын. Бірақ менің уәжіме олар пысқырып та қарамайды. Жиі-жиі «түсін­діру», «сөйлесу» жұмыстарын жүргізіп тұратын кездер де өтті ғой, қайсібірін айтайын. Кейін, Алаш азаматтарын ақтау туралы іс басталғанда, ол кезде ОК Идеология бөлімінің меңгерушісі есебінде ағаларымның іс-парақтарын алдыртып, танысып шыққаным бар, о бастағы күдігім рас­қа айналды. Барлығына да істемеген істі іс­тедім деп мойындатыпты…
Руна жазуларының құпиясын ашу мәсе­ле­сінде ешкім де Вильгельм Томсенді жоққа шы­ғара алмайды. Ескерткіштің кілтін тапқан адам сол кісі. Томсен руна әліппесін толық тап­қан уақытта, Ресейде Радлов қосымша ізденіп жүр­ген. Қасында Шоқан сияқты маңдайға сыймай, жас кеткен ғалымМелиоранский бар еді. Екеуі кейбір тұстарда келісе алмайды. Ғылым саласында ондай келіспеушілік, дау-дамай болуы да заңды. Содан Томсеннің нәтижелері түрлі басылымдарға жариялана бастайды. Оқып салыстырып қараса, өз пайымына саяды. Радлов Томсеннің әліппесін мойындап, соның негі­зін­де Орхон жазбаларын тұңғыш рет орысшаға аударған. Мелиоранскийдің бұл әліппиде үзілді-кесілді келіспейтін тұстары болған. Жалпы, Ор­хон жазбаларына қалам тартқан көп зерт­теуші, Малов та, Кляшторный да, өзге тілші ға­лымдар да Орхон жазбаларын тарихымыздың, тілі­міздің мұрасы деп зерттеді. Томсен Орхон жазбаларының жанрын айтқан жоқ. Радлов та жанр жағына бармады. Мелиорансикидің: «Орхон ескерткіштерінің тіліне, бұрынғы түркі тілдері­нің ішінде ең жақын келетіні – қазақ тілі», – дегені бар.
Орхон жазбаларын маған дейін қазақта Ғұ­бай­долла Айдаров аударған. Менікі аударма емес. Аударма десең, басқа бір ұлттың қазақ ті­ліне аударылған шығармасы деп есептелінбей ме? Орхон жазбаларына транскрипция жасау дұрыс деп шештім. Бұл транскрипцияны 1967 жылғы «Ертедегі әдеби нұсқалары» деген кітапта жарияладым. Одан бері, міне, елу жыл өтті. Елу жылдан бері бірде-бір адам менің бір сөзіме жармасқан жоқ. Құдайға шүкір дейін, жаңаша үлгімнен асырып сөз айтқан, одан тереңдеп барған ғалымды көрмедім. «Мынауы дұрыс емес» деп қарсы пікір, пайым жасамады. Ме­нің жаңаша үлгім бүгінде халық шы­ғармасына айналып кетті.
Жалпы, Орхон жазбаларын зерттегенде оны қазақ жырларымен, эпостарымен шендестірдім. Эпостарымызда бастан-аяқ  өлең төгіле бер­мейді. Күй тартқанда да, әуелі қара сөзбен аңызын ай­тып алады. Орхон жазбаларын бүгінгі ақын қалай жырлар екен деп ойлай бастадым. Орхон жазбаларын үш түрлі нұсқада жа­сағым келді. Бірінші түпнұсқа тұрса, екінші тура сол қатарда жолма-жол жаңа нұсқасы жазылса, үшінші, «сол заманның сөзін бүгінгі ақындық тә­сілмен қалай жырлауға болады, сен қалай жыр­лар едің», –  деп Қадыр Мырзалиевке қолқа сал­дым. «Түгел тексті бер», – деді.  Түгел бердім. Бір күні Жазушылар одағында Қадырды көріп қал­дым. «Мырзатай, дайынмын, ертең жолы­ғайық», – деді. Келесі күні жолықтық. Әуелі мен оқыдым:
Биікте көк тәңірі
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Истеми отырған.
Отырып, түрік халқының
Ел жұртын қалыптастырған, иелік еткен.
Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген…
Қадыр былай оқи бастады:
Сонау бастан, о бастан
Жаралғалы қара жер,
Жаралғалы көк аспан.
Естеми мен Бумынның
Адамзаттан бағы асқан.
Төрт бұрышы дүниенің
Соларменен санасқан.
Бүкіл түркі үмітпен,
Екеуіне қарасқан.
Қол астына жиылып,
Қол астынан тарасқан.
Олар салған дүбірден,
Қаптап жатқан қалың жау
Шыбын жаннан түңілген.
Дардай болып келгенмен,
Бордай болып үгілген.
Басы барлар иіліп,
тізесі барлар бүгілген…
Есім шығып кетті. Ғажап, төгіліп тұрған дү­ние ғой. Бірақ Қадыр кейін Орхон жазуын ақын тілімен түгел сөйлетуге уақыты жетпеді ме, ол тақырыпқа бармай жүрді. 2001 жылы Иман­ғали Тасмағанбетовпен бір кездескенімде «Қадырдың Орхон жазбаларын бүгінгі тілде төгілткен жырлары кітап болып шықса, ол үшін оны толық жазып бітірсе» деген тілегімді айттым. Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне келген кезде, үлкен ғы­лыми конференция өткіздік. Сол конфе­ренция­ның қарсаңында Иманғали демеуші бо­лып, Қадырдың кітабы шықты. Ол да оқыр­ман­дарына үлкен олжа әкелген жыр кітабы бол­­ды ғой деп ойлаймын.
– Осы Орхон Енисей жазбалары сіздің «Асыл арналар» атты кітабыңызда толық жарияланды. Сіз­ге осы кітабыңыз арқылы жақындай түскен ұрпақпыз. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен қо­­сымша сабақ алғанда көне дүниеден үні күм­бірлеп жеткен баба даусына осы кітап арқылы құлақ түріп едік. «Тәңірідей тәңіріден жаралған, Түрік білге қаған» деп басталар Орхон ескерт­кіштері жазуын мұғалімдердің тапсыруымен жаттап өстік. Қорқыт ата жырлары, «Бамсы Бейрек», «Оғызнамада» суреттелген оқиғалар арқылы қиялымызды ұштадық, байырғының арман аң­сарын, ерлік жырын, мемлекетшілдік ұстанымын ұқтық. Сырты қатты мұқабамен қапталған, тө­мендеу тұсына «Асыл арналар» деп жазылған қара кітап еді ғой. Жеті томдығыңызға да сол атпен, бі­рінші том қылып бастырыпсыз…
– Бұл кітап ең әуелі 1986 жылы жарық көр­ген. Әр нәрсенің тарихы бар ғой. Бұл кітаптың да тарихын айта отырайын. Сайын Мұрат­бе­ков­пен дос-жар болдық. Талдықорғанның жігіті еді, ол кезде Талдықорғандағы педагогикалық инс­ти­туттың ректорымын, ауылына келгенде Сайын міндетті түрде біздің үйге соғып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Бір сапарында «Осы келісімде «Жазушы» баспасының директоры болып кел­дім», – деді. Содан әңгімелесіп отырып: «Мырзатай, жұрт түкке тұрмайтын мақалаларын алып келіп, кітап қып шығарады. Қазір сен жазған мақалалар жұрттың аузында жүр, соны кітап қылып басайық», – дейді. «Кітап жазуға қолым тие ме?», – деп едім, «Басыңды алып қашуды қой, жазғандарыңды түгел жиып бер, қалғанын сосын көрерміз», – деді. Бір айдан кейін ма­қалаларымды Сайынға апарып бердім. Соның бәрін құрастырып, жүйелеп, «Асыл арналар» деп тақырыбын қойып, Сайын шығарып берді. Кі­тап шыққанда шамасы Қытай жақтан қазақтар келіп, бір данасын алып кеткен болуы керек, көп кешікпей, сол 1986 жылы Пекинде, «Ұлттар бас­пасынан» «Асыл арналарды» араб қарпімен шы­ғарды.
1986 жылдың күзінде, әлі «Желтоқсан оқи­ғасы» басталмай тұрған тұс. «Халықтар достығы» орденін алған едім. Сайыннан хат келіпті.
«Қадірлі Мырзеке. «Халықтар достығы» құтты болсын, лайым осы бағытта биіктей бергей. Міне, «Асыл арналарың» да қанатын қағып, ұшып шықты. Ғұмырлы кітап. Кітап қана шығарып отырған жоқсың, тарихымыздың өшуге айналған беймәлім беттерін жасап отырсың. Әлі талай ұрпақ өзіңе бас иіп алғысын айтады. Халқымызға қажет жақсы кітап шығарудың басы-қасында болғанымды мен де мақтан етемін. Іске сәт бауырым, қуаныш қуанышқа ұласа берсін», – депті хатта.
Осы кітап туралы Әбділда Тәжібаев «Асыл ар­наларды» оқығаннан кейін» деп осы қазір сен жұмыс істейтін «Қазақ әдебиеті» газетіне 1988 жылы эссе жазды…
Кезінде Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы дүмпу  туғызған кезде менің  де «Тастар сөй­лейді» деген қол­жазбам терілейін деп тұрғанда баспадан алынып тас­тал­ғаны бар еді. «Асыл арналар» қазақ оқыр­манына тарихи танымын кеңейтуге көмектессе, оған замандастарымның, кітаптың шығуына атсалысқан азаматтардың да еңбегі бар екенін айта кету де парыз.
– Сұрағымызды басқа арнаға бұрсақ. Кенен атаның қасында он жылдан аса уақыт жүрген іні-досы болдыңыз. Жалпы, қазақ ақындық мек­тебін де біршама зерттеген еңбегіңіз бар.
– Жамбылды көрген жоқпын, Кенен атам­ның қасында жүрдім. Жамбыл өмірінің соңғы кездері: «Осы Кененнің үнінен басқаны ұқпай­мын» деп отырады екен. Жамбыл – жырдың мұхиты. Ол – үлкен әруақ. Жам­былға тіл тигіз­ген заманды да көрдім. Біз бір нәрсені ұғуымыз керек, Жамбыл Жабаев қазақ поэзия­сының, жыраулық өнерінің ғана емес, әлем әдебиетінің жауһартасы. Жамбыл туралы көп зерттедім. Көп жаздым. Және осы тақырыпта сөйлете бастасаң, тоқтата алмай қалуың мүмкін, сондықтан, әңгімемді Кенекең тақырыбына бұрайын…
Кенен – Жамбыл дәстүрінде тәрбиеленген, қырық жыл үзеңгілес дос, інісі болған азамат. Кенекең «Қырымның қырық батырын», «Мың  бір түнді» отыз күн, отыз түн айтам» дейтұғын.  Құл­мамбет соны айтқан. Жамбыл солай жыр­лаған. Бұлар біздің құдіреттеріміз еді.
Мен сол Кененнің өнегесін алдым. Кенен туралы бірнеше кітап шығардым. Алысқа қарап отырып, қолына домбырасын алады да, үстіңгі екі пернеден құлақ күйін тартатын еді. Құлақ күйі ол кісіні көп ойларға жетелейтін. 1974 жылы Кенен ағамыздың тоқсан жылдығын өткіздік. Үш жыл бойы «Кенен тоқсанға келеді» деп жар сал­дым. Той өтті, қонақтардың бәрін шығарып сал­дық. Қырғыз ағайындармен «екі өркеші түйе­нің, екі емшегі биенің» деп, қатты құрмет тұтып, етене араласты ғой. Тойға келген қырғыз ағайынға да, қырғыз жиендерге де, жан-жақтан келген сыйлы қонақтарға да ат мінгізіп, шапан жапты. Той тарқап, үйге келген соң, ол кезде Қаз­­ҰУ-де декан едім, жұмысыма барайын деп сұрандым. Отыз үштегі кезім. Кенекең «Алла жар болсын» деп шығарып салды. Қайтарымда маң­дайымнан иіскеп, тақия кигізді. Ол кісі өмірі ба­ланың бетінен сүймейтін. Апта сайын екі күн қона жатып келіп жүрген басым, жұмысбасты бо­лып, төрт ай ат ізін сала алмадым. Бір айдан кейін Кенен шарқ ұрып мені іздей бастапты.  «Мыр­затайдан хабар алдыңдар ма, неге хабарсыз кетті», – деп дегбірі қашады екен. Кенекеңнің әбден мазасы кеткеннен кейін бір күні дастархан ба­сында Насиқа апамыз: «Осы, Кенен, жас ке­зіңде жүрмеген жерің жоқ. Кейде бір тойдың қы­зын алып жайлауға кетсең, бір ай түспейтін едің. Мырзатай дегенде ішкен асыңды жерге қоясың, осы Мырзатай сенің балаң емес пе?», – деген екен. Кенекең сонда да қоймай, мені із­дей беріпті. Бір күні дастархан басында отырып: «Қара да тұрыңдар, жазған басым, соған не­ғып менің ақылым жетпеді. Мырзатайдың ба­сына тақия кигіздім ғой. Мені баласынып та­қия кигізді деп өкпелеп кетті», – депті. Менің өк­пелеуге дәтім бара ма, үлкен кісінің дегбірі қа­шып іздейтінін де білмей, жұмыс істеп жүре бер­гем. Содан бір күні Кенекең: «Мырзатайға арнап ән шығардым» депті. Өлеңді ақынның ау­зынан жазып алған – қызы Төрткен. Бұл әнді қазір Ардақ Балажанова, Жазгүл Даңылбаевалар айтып жүр.
Мен Кененнің әйелі Насиқа апамыздың анасы Мысбаланы көрдім. Шүйкедей кісі екен. Дастархан басында шәй ішіп отыр едік, Кенекең: «Әйем келді, Әйем» деп атып тұрды. «Әйесі кім?» десем, Насиқа апамыздың шешесі екен… «Жаныста Жыланкөз дейтін жылқылы бай болды. Жылқысы жер-көкке сыймай  жүретін. Содан да ғой, «Жыланкөздің жылқысы Шуға құласа, Шу ағысын тоқтатады» деген сөз қалды деп Кенекең ескінің әңгімесін керемет тарқататын. «Кей кез­де олай дейміз, бұлай дейміз, жанымыз қы­сыл­ғанда Құдай дейміз» дегенді де сол Кенекең ай­тып отыратын еді, жарықтық…
– Ғылыми қызметіңізден өзге, мемлекеттік органдарда жауапты қызмет атқарғаныңызды білеміз. Қазақ КСР-інің Білім министрі, Қазақстан Компартиясы ОК-нің Идеология бөлімінің мең­герушісі, Президент кеңесінің мүшесі, кейінгі жыл­дарда елшіліктегі, ректорлық қызмет­теріңізде талай жанмен қызметтес, сырлас, мұң­дас болдыңыз. Өзбекәлі Жәнібековтей кісінің ті­к­елей басшылығымен Тайқазанды елге алдыртуда келіссөздер жүргіздіңіз. Жалпы, сол уақыт­тың естелігіне қайыра бір үңілсек…  
– Ол ұзақ-сонар әңгімеге айналып кетеді. Мен қысқа ғана естеліктермен қайырайын. «Түркістан» газетінің осы жақындағы санында сол Тайқазанның елге келуі туралы материал ба­­сылыпты. Өзбекәлі Жәнібеков екеуміздің ең­бегімізді айтыпты. Біз Тайқазанды елге әкелу үшін келіссөздерді бастадық, тіптен, сол келіс­сөздерден оң шешім шығуына мұрындық бол­дық. Бірақ елге Тайқазанды біз әкелгеніміз жоқ. Біз тек мәселені шешіп беріп едік. Өзбекәлі сол жұмыспен мені Ленинградқа екі рет жіберді. Бір рет, қателеспесем, 1989 жыл болуы керек, ол кез­де Гумилев әлі тірі еді, Ленинградта қазақ мә­дениетінің күндерін өткіздік. Сол кезде Эр­митаждың директоры Пиатровскиймен жо­лықтық. Ол кісі тоқсаннан асқан шағы екен. Тіп­тен Совет Одағының Мәдениет министрінің сө­зін шыбын шаққан құрлы көрмейтін. Өзбекәлі Жә­нібеков Кенесарының басын да сұрай кел деп қатты тапсырған. Пиатровский музейдің бас сақ­таушысын (хранитель) шақыртты. «Тай­қазан­ды көрейінші» деген өтінішіме «Жертөледе, қосымша қорда жатқанын, ешқандай көрмеге қатыспағанын» айтты. «Сіздерден баяғыдан хат, өтініштер келіп жатыр, қазір береміз деп айта алмаймыз», – деді директор. Кенесарының атын ауыз­ға алуым мұң екен, бірден «оның басы бізде емес» деп кесіп айтты.
Екінші рет Өзекең арнайы жіберді. Әуе­лі біреулермен сөйлесіп алып, «Енді барып жолық­саң болады» деді. Бұл жолы Пиатровскиймен ұзақ әңгімелестік. Қазақтың қандай ұлт екенін білмейді екен, тарихымыз, мәдениетіміз туралы айттым. Ленинградқа рахмет айтуды да ұмыт­падым: «Талай үлкен ғалымдарымыз осында оқыға­нын» да тілге тиек еттім. Сөзімді: «осы Тайқазан кеткелі қазақтан ырыс, береке кетті. Қазір халықтың жағдайы нашар. Осы Тайқазан елге оралса, бірлік-береке, ырыс-несібеміз қайта кірер деп үміттенеміз», – деп аяқтадым. «Солай ма?», – деп директор таңырқай қарап. «Әрине!». «Ен­деше бұл сұрақты шешеміз», – деді.
Идеология саласында жүргенде Өзекеңнің бас болуымен арнайы комиссия құрылып, Алаш ардақтыларын ақтай бастадық. Бұл игі істе де маңдай терім қалуы үшін мүмкіндік берген Құ­дайға тәубе!
Білім министрі, ректор қызметтерін бірнеше жыл атқардым ғой. Білім саласында біздің заманда бармақ басты, көз қысты мүлдем болмады деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Біреулерге демеу, сүйеу болсақ, оның болашағына деген үлкен үмітіміз де жоқ емес еді. Ол жылдары мен ҚазҰУ-де жәй мұғалім едім. Жанында Мұхамеджан Қа­­ратаев бар, Қордайдан Кенен келді. Баласын оқуға әкеліпті. Мұхамеджан аға: «Ал жігіттер, осын­да түскеннің бәрі жазушы, не ақын болмас. Ке­неннің баласын оқуға алу керек, қол ұшын бе­рің­дер», – деді. Бәріміз бір ауыздан уәде бер­дік. Кенекеңнің баласының атын сұрамаппыз. Ке­некеңнің баласы деп біздің оқуға түсіргеніміз Ырым Кененбаев екен. Кенекеңнің баласының аты Бақытжан көрінеді. Ырым үмітімізді ақтады, жақсы жазушы, журналист осы күні.
Бір кездері обкомның бірінші хатшылары студенттерді арзан жұмыс күші есептеді. Сөйтті де, әрбір облыс орталығында педагогика инс­титут­тарын ашқаны есімізде. Кешегі партия хат­шыларынан бүгінгі әкімдер көп өзгере қой­мапты. Қазір облыс орталығы тұрмақ, аудандарда университеттердің ашылып жатқанын естіп, шошынасың. Университеттердің ашылғаны жақсы, бірақ оған сәйкес материалдық, ғылыми база, дәстүрлі орта қажет екенін естен шығар­маған абзал. Бүгінгі білім саласы туралы айт­қанда, студенттердің  университет қабырғасында жүріп жұмыс істейтін жағдайын түсінбеймін. Университетке бала білім алу үшін келеді. Иә, біз де кезінде жұмыс істедік. Жыл бойы емес, ауыл­ға қайтарда, оның өзінде де, сабағымызды оқып, емтихандарымызды тапсырып болған соң, оншақты күнге Алматыда қалып, пойызға барып көмір түсірдік, сексеуіл тасыдық. Азын-аулақ жолға жетер тиын-тебенімізді тауып, үйге қайт­тық. Алматыға ең алдымен білім алу үшін кел­дік. Университетке де әркімді ала бермей, осы білім алуға құштар-ау, осы өз ісін білетін бала-ау дегендерді таңдап алатын. Ғылым қу­ғанда да, тыңнан түрен салсақ дедік. Қазір­гі­лердің сиқынан шошимын…
Өзің айтқандай, әр түрлі салада еңбек еттім. Соның бәрінде елдің қарғысын арқаламасам, бір ауылға емес, күллі елге ортақ еңбек етсем деген ұстанымда болдым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір