Үздік дарын
(Қазақстан Республикасының қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нәзікен Алпамысқызының поэзиясы жайында)
Жырларында қазақтың жарқын да парасатты болмысы тұнып тұрған ақын Нәзікен Алпамысқызының поэзиясын оқыған жанның шыңға шыққандай тынысы ашылып, ойы шарықтап кетеді. Сананың қатпар-қатпар түйткілінен ақын салмақты ойды сезім қармағына іліп алып ширықтырып жібергенде оның қаламынан пайымды да фәлсафалы жырлар төгіледі. Осылай ол оқырманның ой-сезімінің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, тереңіне сүңгітеді. Сөйтіп, мына тұңғиық дүниенің мән-мағынасын сезім, сана саңылауынан өткізіп іздетеді.
Сондықтан:
Шыңыраудағы шындықтар,
Аспандап кеткен ақиқат!
Жоқтаумен сені қор болды
Қаншама бастар бор болды.
Бар қызығын тәрк етіп,
Бар ғұмырын сарп етіп,
Ойымен шарлап жер-көкті
Естілер қыруар тер төкті, –
деп жырлаған көркем де салмақты ой иесі, сыршыл ақын Нәзікен Алпамысқызы поэзияның күрделі әлемінің құпиялылығын, құдіреттілігін терең сезінетіні оның шығармашылық ізденістерін кеңейте түседі. Шымыр да терең ойды сезім кәусарына қанықтырып бере білу – шеберлік. Ол әркімнің үлесіне тие бермейтіні хақ. Мына шумақ соның айғағындай:
Тас жүректен от кесер ой-жасынын,
Бір ғасырды көтерер бір-ақ тұлға,
Іздеп табар бір-ақ жан Ой асылын! – дейді ол Абай рухына арнаған жырында.
Нәзікен Алпамысқызы поэзия әлеміне кемелденген шағында келіп, көркем сөз құнын көкірек көзімен көре алған ақын.Оның ой-өрісін кеңейткен 1960-шы жылдары өркендеген әдеби зиялы орта еді. Нәзікеннің жырларына жүрекжарды пікірлерін білдірген Қадыр Мырзалиев, Асқар Сүлейменов, әдебиеттанушы, ғалым Мүсілім Базарбаев, Герольд Бельгер, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов, Совет Мазғұтов сияқты қазақ әдебиетінің ірі ақын-жазушылары, сыншылары болды. «Нәзікеннің поэзиясы – ой сезімнің қаймағы. «Адам рухы шыңдалған әр кезеңнің өз бұғауы, кісені, шынжыры бар», – деп тек үлкен ақын ғана айта алады» деген екен Қадыр аға.
1995 жылы «Халық кеңесі» газетінде алғаш жарияланған өлеңдерін оқып, қазақтың үлкен жазушысы, сатирик Ғаббас Қабышев, Жазушылар одағына Нәзікенді шақырып, мүшелікке өтуге өтініш жаздырып, комиссия бірауыздан оны қолдаған екен.
Нәзікен Алпамысқызының осындай ерекше дарынының қуат алып, туып-өскен жеріне, өмірге көзқарасын қалыптастырған ортасына зер салайық.
Нәзікен Алпамысқызы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сарыбай ауылы, (бұрынғы «Қарасу» колхозында ) 1937 жылы дүниеге келген екен. Әкесі Алпамыс пен анасы Бақтылының жалғыз перзенті Нәзікен болды. Әкесі жылқы және қой фермаларының меңгерушісі, Алматы облыстық кеңестің депутаты қызметтерін атқарып, Қарасу колхозының іргетасын қаласқан. Әке-шешесі бар ғұмырларын сол ауылдың шаруашылығын дамытуға арнаған кісілер. Әкесі Шапырашты руының Төбе биі болған Оңғардың ұлы, анасы да осы рудан шыққан Шалтабай шешеннің қызы.
Нәзікен 1954 жылы Қарғалы қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Қазақ Мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түсіп, оны үздік бітіреді. Қызыл диплом алған қызға университеттің ғылыми кеңесінің ұсынысымен Мәскеудің Мемлекеттік университетінің аспирантурасына жолдама беріледі. Осындай жолдамамен сол кезде қазақтың қазіргі ірі экономист ғалымы, қоғам қайраткері, атақты академик Көпжасар Нәрібаев та Мәскеудегі Қаржы экономика институтының аспирантурасына түседі. Сөйтіп, Нәзікен Алпамысқызы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы университетінің ірі майталман профессорлары, академиктер. Кеңес Одағында есімдері кең таралған Сергей Кузьмич Татур және Шеремет Анатолий Даниловичтің шәкірті болды. Бұл атақты профессорлардың және бір шәкірті Гаврил Харитонович Поповпен Нәзікен бірге оқиды. Кейін Ол Мәскеу қаласының бірінші Мэрі (Әкімі), қазір академик, Халықаралық экономика университетінің президенті болды. Нәзікен бұл досымен, оның отбасымен қазір де араласып тұрады. Нәзікеннің 75 жылдық мерейтойына денсаулығына байланысты келе алмай Гаврил Попов өзінің жүрекжарды құттықтауын жіберген болатын. Мәскеуден тапқан және бір көңіл қимас жандар – Ресейдің Халық әртісі Алла Демидова мен оның анасы Александра Дмитриевна Харченкомен ол ұзақ жылдар тығыз араласты. Студент кездерінен аралары үзілмей келе жатқан курстас достары, еліміздің экономика саласын дамытуға зор үлес қосып, мыңдаған шәкірт дайындап, халқымыз үшін зор қызмет атқарып жүрген ғалым-академиктер – Сағындық Сатыбалдыұлы, Көпжасар Нәрібаев, Кенжеғали Сағадиев және Нұрғали Мамыров. Нәзікен Алпамысқызы асыл достарына, сырлас болған зиялыларға арнаған жырында:
Асылдар ұмыт болмас-ты,
Асыл тас жерде қалмас-ты.
Ризамын жомарт тағдырға,
Танытқан талай алмасты! –
деп тебіренеді.
Адамның жан-дүниесінің, сана-сезімінің, дарынының дамуына заман, уақыт, орта, сол ортадағы тұлғалардың ой-өрісінің деңгейі әсер ететіні хақ. Нәзікен Алпамысқызы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде (бұрынғы Алматы халық шаруашылығы университеті) 50 жыл педагогикалық қызмет атқарды. Ғылыми жұмысын, ізденістерін үзбей дамытып жүріп, экономика ғылымының докторы деңгейіне көтерілді. Көптеген ғылыми еңбектер жазды. Экономикалық талдауға өз үлесін қосты. Соңғы 30 жылда ұстаздық пен ғылым жұмыстарымен қатар шығармашылықпен айналысып келеді. Өзі ұзақ жылдар қызмет еткен сол университеттің 50 жылдығында Нәзікен Алпамысқызына алтын медаль тапсырылды.
Нәзікеннің ақындық жолы да ерекше. Ол бала кезінен жыр-дастандарға құмар болғанымен, ақындық тынысы сол 80-ші жылдары ентікпе ауруына душар болған кезеңде Алматының айналасындағы биік тауларға қысы-жазы 25 жыл шығып тұрды. Бірде Алатаудың 3500 метрлік Құмбел төбесіне шыққанша қараңғы түскен. Сол шыңда жартасты жарып шыққан шетенді көрген ол өз жүрегінен сондай қайсарлықты іздеді. Нәзікен таудан түнделетіп қайтып келе жатқанда, тылсымнан ұйытқып келіп, Алатау бөктерінде, Майтөбеде туып-өскен перзентінің жүрегінен сол сәттегі атқылап шыққан жырлар, шын мәнінде, тау қызына берілген ерекше қуатты құбылыс, ата-бабалар рухының жаңғырығы шығар, бәлкім. Қазіргі әдебиет зерттеуші, ғалым Серік Негимов Нәзікен жырлары жайында: «Жоғары ақындық мәдениет пен көркемдік қабілеттен туған бітімі бөлек, қыран мінезді тегеурінді жыр-өлең өлкесіндегі күрделі құбылыс деуге лайық», – деген екен.
Поэзия – құпия бір шарайна,
Кең ғарыштан ақтарылған арай ма? –
деп Нәзікен өзі де сол тылсым әлемді айтып тұр және:
Сегіз қырлы сөздер қайда өретін,
Жалынға өртеп саф алтынын беретін.
Жыр көрігі – алаулаған шарайна,
Жан тірлігін зерлеп өру оңай ма?! –
мұнда поэзия деген ұйытқыған сезіммен ойдың ішінен асылы мен арындысын қаламына іліп алып, апарып жүректерге қондыру қиынның қиыны екенін, ол тек хас таланттардың, тағдырмен арпалысқа түскен жандардың ғана үлесіне бұйыратынын айтады ақын.
Нәзікен Алпамысқызының дара дарынын ашқан құдіретті күш оның өз туған жері – Алатаудың, ата-бабаларының рухани қуатында жатыр. Жаратушы шыңдап та, қырлап та, сомдап та шығаратын сол дарынның құпиясы мен халықтың рух-сезімінің бастауы талант құдіретінде екенін:
Талант деген құдірет,
Тәңірің бермей қонбайды.
Қырланбаса алмаспен,
Таланттың бағы жанбайды.
Қиянатшыл қара күш
Талантты жоя алмайды.
Алтын діңгек таланттар
Намысын елдің қорғайды.
Үздік талант жоқ жерде
Халқың да үздік болмайды!
Нәзікен ақын терең ұғады.
Өнердегі шынайы бекзаттылық пен ұлағаттылық алдымен ұлттық терең тамырлар мен ұстанымдардан нәр алып, бүгінгі өмірмен қабысып жатады. Әйтпесе, рух өспейді. Халқымыздың бүгінгі еркіндікке қол жеткізіп отырғаны да сол киелі сөз арқылы бойына, ойына ұялаған зор сенім – Рухтың арқасында екенінде күмән жоқ. Осыны ұшқыр парасаттылығымен, перзенттік адал жүрегімен тебірене жеткізген ақын:
Күн астында киесіз жер болмайды,
Аңызы, сенері жоқ ел болмайды.
Тіршіліктің тұтқасы – Құдірет бар,
Сыйынары жоқ елде құн болмайды.
Нәзікен Алпамысқызының жырларының тамыры тереңнен – Шығыс философиясынан, қазақ архаикалық дүниетанымынан, орыс пен еуропа классиктерінен нәр алып, олар толыққанды, сындарлы, айқын да абзал көркем ойшылдықпен бапталған құнарлы дүниеге айналғаны сөзсіз. Алатау бөктерінде заңғарлықтың қасиетіне тамсанып, бұла өскен Нәзікен ақынның бүкіл болмыс-бітімінде көкке құштарлық пен еркін рух бар. Биіктегі тасты жарып өскен күрең шетеннің қайсарлығы мен өршіл сымбаты, өміршеңдігі ақынның өзінің табиғатына етене жақын, өзімен тағдырлас екені оның «Күрең шетен» атты жырында бейнеленген.
Көңілім жетімсіреп ұмтылғанда,
Тауға кеп жұбанамын мұң тұнғанда.
Бір бастың көңіл кірі бұйым боп па
Жарқырап аспанымда күн тұрғанда!
Бұл тірлік қаңтарылып қалмас тұрып
Бір ұрпақ бір ұрпақты алмастырып.
Өмірдің өрмегінен үзілмеспін
Адамның асқақ рухын жалғастырып!
Халқымыздың ірі ақын-жазушылары, сыншылары бірауыздан мойындап өз бағаларын берген, олардың біразымен пікірлесіп, дос болып араласып, өзінің білімділігімен, пайымдылығымен, адами үздік қасиеттерімен, ерекше дара да парасатты поэзиясымен алдыңғы қатар зиялы қауымды тәнті еткен Нәзікен Алпамысқызы ақындар елінде, қасиетті де киелі Сүйінбай, Жамбыл аталар жерінде туып- өскен. Сондықтан:
Өсіп ем ақындарды көріп жастан,
Тасқындап жыр төгетін өріп дастан.
Толқитын сері жайлау, ән де қалқып,
Теңселіп ай жұлдызға еріп аспан!
Жазатын дәуір жырын ойып тастан,
Ақынын ардақтаған халық бастан, –
деп тебіренген Нәзікен ақынның мерейтойы құтты болып, ақын жырлары қазақ халқымен бірге жасай берсін!
Жадыра Дәрібаева,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.