Қара сөздің жорғасы
1947 жылдың 21 наурызында Моңғолия Республикасы, Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1968-1973 жылдары Моңғолия Ұлттық университетін, 1985-1988 жылдары Шығыстану институтының Ленинград филиалының аспирантурасын тәмамдады. 1989 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих-этнология институтында тарих ғылымының кандидаты дәрежесін қорғаған. 2008 жылы филология ғылымының докторы, Халықаралық Шыңғысхан Академиясының академигі.
Қаржаубай Сартқожаұлы қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарады.
Ол Моңғолия парламент мүшесі болған кезде Моңғолияның жаңа демократиялық Негізгі заңын қабылдауға аса үлкен еңбек сіңірді.
13 монография, 150-ден астам ғылыми, ғылыми-танымдық мақаланың авторы. Қаржаубай Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті түркітанушының сан
алуан қырларының бірі – қара сөздің жорғасы екендігін ерекше айтқан жөн.
ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында арман – дүлдүл мен қиял-пырақтың қанатында самғаған жас жайнақ Қаржаубай Сартқожаұлы тумысынан халық тілін, дәстүрін, мәдениетін, рухын бойына сіңіріп, ойын оюлы, нақышты жеткізуге, ел суреттерін зергерлікпен кестелеуге ден қойған. Талантты қаламгердің «Қош бол, апа!» дейтін повесінің құрылымында көркемдік құбылыстар, философиялық түйіндеулер, поэзиялық суреттеулер жеткілікті.
Көкірегі тұнған ақыл, шежіре Қалампыр әжей жан тәсілім етер алдында сары майдай сақтаған «ата-бабаларыңның жүрек қаны тамған жердің, өздеріңнің кіндік қандарың тамған жердің алты уыс топырағын аманаттады. Заңғар ана «туған жердің» тағдырын уыстатып кетті, туған жерге алты ұлын тастап кетті». Задында, қазақ баласы үшін қасиеттінің қасиеттісі, киелінің киелісі, асылдың асылы «бар байлығы, бар мұрасы» туған жердің топырағы екенін мәңгілікке табыстап кетті.
«Қош бол, апа!» повесінің алтын арқауы осы еді. Шығарманың көркемдік әлемі де мейлінше келісті. Ел суреттері шынайы. Қалампыр ананың ой дүниесіндегі толғаныстар тебіреністер арқылы «қанға бөге, қайғыға бөктіре, құсаға шөктіре» келген, елге қырғидай тиіп, ұлардай шулатқан қызылдардың әлегі, үркіншілік, қан-қасап баяндалған. Сонымен қатар, Ел Анасының ауыз әдебиетінен мол хабардар екендігі де көрсетілген.
Қ.Сартқожаұлы прозасында поэзиялық салыстырулар мен халық тіліндегі фразеологизмдер тақта-тақтасымен, түйдек-түйдегімен қолданылған. Бас кейіпкердің бірі Шүкімән «АН-24» ұшағымен анасының көңілін сұрауға ұшып келе жатқанда көк аспанның астындағы шыңырауға үңіле қарағанда «сиырдың әукесі іспетті қатпар-қатпар тауларға» тап болғаны бар. Осы бір сезімін жазушы Қ.Сартқожаұлы мынадай ассоциациялық байланыстар арқылы береді. Айталық: «Ғажап, адам мен табиғаттың арасында ұқсастық қандай мол! Мынау қарт таулар мен анасының маңдайындағы әжімдердің айырмашылығы аз-ау…».
Өлкенің пейзажын: «жан-жағы жотасы биік алкүрең таулар, қызыл жартас, сұрғылт шыңдар… шашақты қияғы мен сары мейіз сарылары, көкірек жарар көк жусандары», – деп өрнектейді.
Тұрлаусыз, аумалы-төкпелі, қиямет-қайым заман жайлы: «Ездерге ерлерді қор еттің, зұлымға зарлыны қор еттің». Немесе: «Байдың таяғы тиді, бәйбішенің аяғы тиді».
«Қыран қазасы» әңгімесі құсбегілік өнерге арналған, шеберлік кестесі, философиялық мәні де бөлекше. Жасыл шыңның ұшар басына ұя салған қыран құстың балапандарын қолға түсіруге тәуекелдеп барғандардың да мінез-құлқы, түр-тұрпаты, атымен ныспысы да қызық. Бірі – Алмабек, яки Дөңессары. Бұл жанама, лақап аты «алтыннан құйған сақадай, базардан келген оқадай» керемет үйлеседі. Атқа қонғанда «суға төнген құлама жар секілді. Ол Тасқындының жалтыр шыңындағы «ақ бас кәрінің балапандарын ұдайы тоғыз жыл» алғаны аян. Тоғызы да жорғалаған тышқанға дейін ұстайды. Шынында «құс құмарлардың нағыз шұбар төсі» осы Дөңессары және көкте самғаған құс атаулының иесі деуге болады.
Екіншісі – Беймәлім. Оған ел Бітеуқара деп тұмар таққан. Ол «тобық жұтқан мысық», «сыздаған шиқан» тәрізді.
Одан кейінгісі – «өзінше тойып жүрген бір жан» Бейімхан қарт. Бұған «қысыр кеңес соғу, сабасынан асып қарқылдап күлу» тән. Бұл ебелектің өзі. Сондықтан оны «Әупілдек» деп атады. Кейде оны Қодас байға еліктегендіктен «Қодастың қолтаңбасы» дейді.
Оқша зуылдаған көк тағысының «көк жүзінде шыңғыра шыққан даусы аянышты да өксікті, кекті де кейісті». Мінеки, осы бір кәрі қыран-ананың ұстараның жүзінде, қыл ұшында тұрған тағдырын сөз зергері Қаржаубай Сартқожаұлы былайша мөлдірете шынайы суреттейді: «Оныншы ұрпағы көзінен қара үзіп бара жатқанға аналық шіркін шыдатпаса керек. Қанатының зуылы үдей түсіп көзді ашып-жұмғанша жаңағы қу қазыққа шаншыла кеп өзін-өзі ұрып кетті. Аспаннан найзағай шатырлап, жер жарылып өткендей үрейлі үн. Қара жердің төбесі қақ айрылып жерге түскендей алапат сұмдық үн. …Қазықтың найзадай ұшы қыранның қыр арқасынан өтіп, қанға бояды. Қос қанаты жайылып бос жатыр. Болат тұяғы құйқалы шымға кіріп кеткен. Шіркін, ұрпақ-ай десеңші! …Шіркін, ұрпақ, шіркін, аналық сезім!». «Қыран қазасы» әңгімесіндегі осы бір тұстарды оқығаныңда жазушының құсбегілік өнердің шыны мен сырын, кейіпкер психологиясы мен характерін терең, дәл сипаттайтынын, оқиғаның логикалық байланысын жіті қадағалайтынын бағамдауға болады.
«Қыран қазасы» әңгімесінің соңындағы қан тамырларыңды солқылдатарлық: «Ғайып болған құс-ана алдында, ораулы жатқан сәби балапан алдында, мына көк аспан, ана жұмыр жер алдында кінәлі сияқтымыз.
…Осы сәт, мен сарыауыз балапанға еркіндік тіледім. Сол аман болсын! Анасының үзіліп кеткен ең ақырғы самғасын жалғастырсын. Қош бол, көк қанат көк еркесі!».
Ұрпақ амандығы – әңгіменің түйіні.
Қаржаубай Сартқожаұлының «Бір жұтым қымыз» дейтін әңгімесінде торға түскен торғайдай тағдыр теперішін, жан мен тән күйзелісінің азабын тартқан, сырқаты меңдеген Бибісара әжейдің хал-ахуалы трагедиялық-лирикалық сипатта шұғыладай өрілген. Ұлы Бекмирас мансапқорлықтың жолында, келіні Марияның жаны ашымас безбүйректің өзі. Жалғыз ұлдан көрген немересі Айбүбі қарғадай болса да қайырымды. Әжесі бірдеңе десе киіктің лағындай секіріп жетіп келеді. Оған шешесі «өлмелі кемпірмен бірге өлейін деп отырмысың!» деп, зіркілдеп-дүрсілдеп берекесін қашырады.
Бибісара әжей келін-баласының қолына келгенінше бармағын шайнады. Бекмирас қалаға көшіріп әкететін түні марқұм ақсақалы түсіне кіріп: «Өз отыңды өшіріп, қайда барасың? Өзгенің алтын тағы өз ошағыңдай бола ма?», – деп нали сөйлегені бар-ды. Ел іші алтын бесік екендігі, ауылдың жалаң аяқ қыр кешкен қара сирақтары «Би – ана» деп құрақ ұшатыны, отын-суын әкеліп беретіні, қара шаңырақты сегіз жыл көздің ағы мен қарасындай күзеткені көз алдынан көңіл айнасында көш-керуендей тізіліп өтті.
Кемпірдің қырағы көкірек көзі келіні Марияның суретіне бажайлап қарады да, «құйрығы қиыла біткен сілеусін көздерінен ғана бір белгісіз салқындық байқалатын секілді!».
Шал мен кемпір өмір бойы жиған-тергендерін «бұл сендердің несібелерің» деп бір дорба ақшаны келінінің алақанына салғанда: «Дүние жинағанша, білім жина» деп жайдарланған еді. Осы бір сәулелі мезетті жазушы Қ.Сартқожаұлы: «Енді ойлап отырса, сол келіннің сондай әдемі күлкісін бұл жазған небәрі екі-ақ рет көрген екен. Екі ретінде де тек ақшамен күлдірген екен», – деп сөйлетеді.
Иә, дүниеқоңызда мейірім-қайырым болмайды, арамдық, қарақұйрықтық, қулық-сұмдық еткен адамның ісі оңбайды. Әңгіменің шебері Қ.Сартқожаұлы адам психологиясын жіті таниды, өйткені, «адамның бүкіл мінезі көзінде» екенін Бибісара әжейдің көзқарасы, танымы, пайымы арқылы көрсетеді. Келіні көңіліндегісін шертпейді, өзгелермен жағы-жағына жұқпай шүйіркелеседі, аңқасы кеуіп жатса да бір тамшы су тамызбайды, е, «байлық, ырыс, береке ел ішінде, үйреніскен, қатынасқан, еңбек еткен ортаңда, көңіл сұрау деген де адамға үлкен қуат Бибісара әжейдің таңдайына шөлдеп, тілінген ерніне «Бір жұтым қымыз» тамбай жалғанмен қош айтысады екен ғой», – деп тебіренеді.
«Махаббат самалы» атты лирикалық әңгімесі «түймедей жүрегінде ұлан-ғасыр ыстық ынтызар махаббаттың оты лаулап, көкірегін кернеген» студент жастардың өмірінен керемет ғашықтық сырлар шертеді. Бас кейіпкер үкілі домбыра ұстаған өмірге, өнерге құштар Шүкімәннің «құмырсқаның илеуіндей быжынаған көпір топтың» ішінде келе жатқанда «көк өрім жастардың жанарында ұшқын ойнап, әлдебір қуаныш пен бақыт, қиял мен арманның» суреті көрініп, «махаббаттың майда самалы» ескендей тамаша бір сәтті өзіне өзгеше ыстық бақтың көк қақпасына жеткенде ұяңдығы мен нәзіктігі, сұлулығы мен пәктігі келіскен, «жанарында еміренген ерке сезімнің бал қаймағы діріл қаққан», сезім лебіне бөленген Меңдешін (Мэнгэнцэтін) кезіктіреді.
Табиғат та мейлінше көркем. Жарастықты көңілге, сезімге үн қосқандай, «сары алтынның буына малып алғандай батып бара жатқан күрең қызыл күн сәулесіне шомылып күреңітеді». Әрі қарай жазушы былайша ой сабақтайды: «Махаббат самалы үрлеген бұраң бел тал мен ақ балтыр қайыңдардың бұтағы майыса ырғалып әлсіз сабақтағы жапырақтарға дейін болымсыз діріл пайда болған».
Шүкімәннің домбырашылдығы, «еркелей құйқылжып, ақтарыла төгіліп, айналып үйіріліп, емірене аймалап» аялаған күйшілігі қандай десеңізші!
Күй құдіретіне елтіп, құпия құмарлығы, асыл сезімі буырқана оянған балғын қасиет иесі өрімтал Мэнгэндэг Шүкіманның мойнына асылғанда бал сезімнің дариясына шомылған екі жасты «бөтен көзден жасырғандай күн алаулап батыл батып бара жатты», – деп тәмамдайды.
Қ.Сартқожаұлының шығармашылық еңбегінде халықтың этномәдени жүйесі мен ұлт болмысына қатысты толғаныстар бар. Мысалы, «ақай түлкі» деп атам қазақ қаншық түлкіні атаған. Я болмаса «шүкіман» дегеніміз – қарлығаштың ақ үрпек балапаны. («Апажан-ай, сағындым ғой өзіңді» әңгімесінен).
«Аялдамалар» дейтін желілес, өзектес әңгімелерінде (1982) заман, қоғам, адам болмысы туралы философиялық ой-толғаныстар әсерлі баян етілген.
Негізінде, Қаржаубай Сартқожаұлының прозасында ел тұрмысы, ұлт пен жер тағдыры, ауыл келбеті, жастық шақ сәулеті (балауса сезім сырлары мен өнерпаздық қырлары), халықтың этнографиялық көріністері аса көркем суреттелген. Кейіпкер монологтары, характерлер галереясы қаламгер шеберлігін айғақтай түсетіндей.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымының докторы, профессор.