Ашылмаған аралдайын арыс ақын
(Ақын Бекен Әбдіразақов жайында толғаныс)
Құлбек Ергөбек
Әдебиетте дәстүрдің туып орнығуы қиын, есесіне өлуі оңай. Бәлкім, біздің енжарлығымыз, әйтеуір әдебиет жайында сөйлегенде белгілі бір есімдерді шиырлаумен жүреміз. Ол жайында бізге дейін де айтылған, біз де айтамыз, бізден кейін де айтылады. Алайда, олар – ашылып қойған аралдар. Ал ашылмаған аралдар жайында жұмған аузымызды ашпаймыз. Асылында, біз өз ақынымызды ашуымыз керек, өз аралымызды танытуымыз, талдай отырып тұлғалауымыз керек «өз» ақынымызды! Өмірзақ Қожамұратов, Сағи Жиенбаев, Сабырхан Асанов, Әділбек Абайділданов, Оразақын Асқар, Бекен Әбдіразақов сынды бір буынды ақындық өнердегі ашылмаған аралдар деп білемін. Бір буын райында бұлар әдебиетте дәстүр түзді. Ол ақындарды ескермесек, әдеби дәстүрдің өлгені.
Бекен Әбдіразақов әдебиеттегі кездейсоқ есім емес. Ақын. Біреу елеп, біреу елемей, өзі де «мені таны» деп көкірегін қақпай «бетегеден биік, жусаннан аласа» жүріп өмірден өткен ақын. Қайда, қандай жағдайда жүрсе де ақын өлеңін арзандатпай, қаламын қажытпай жақсы ұстап, өлең-жырды бөбектей мәпелеумен болды. Өзекті өмір аяқталды. Ақын жарық дүниеден көшті. Енді келіп «Қазақ әдебиеті» газеті өтінішімен ақынның поэтикалық мұрасына байыптап бір қарасақ, шынайы жыр қашаған шын ақынды табады екенбіз.
Өлең шіркін, тізгінін кім көрінгенге ұстатып жібере беретін жайдақ кәсіп емес, сырын ішіне бүккен сиқырлы әлем, кінәмшіл нәсіп. Бекен осындай қиын өнердің қыр-сырын жастай меңгерген ақын. Балалық шақта көргені мен көңілге түйгенін жігерлі жырлады, өмір көріністерін сезімге орап, ойға бөлеп жандандырып жырлады. Өлең өлкесінде аршындай адымдап, қарқындып өсті. Өлеңін бөбегіндей мәпеледі. Оның алғашқы қадамына М.Әуезов, өсу-өркендеу кезеңіне Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов секілді айтулы қаламгеріміздің ілтипатпен қарауында мән бар.
Өлеңім, сен болмасаң қайтер едім?
Есігін қағар едім қай төренің?
Елу жыл емінбестен құдайға да,
Сенімен суардым жан бәйтерегін.., –
депті ақын бір өлеңінде. Сыры ғой. Расы да осы. Поэзия – ақын үшін бар тіршілігінің нәрі.
Бір өкініші, күні бүгінге дейін ақынның өмірбаяны да жүйелі жазылмапты.
…Бекен Әбдіразақовтың кіндік қаны тамған жері – топырағын қозғап қалсаң тарих боздап қоя берер – Отырар, алғаш өмір сабағын ашқан жері – айқұш-ұйқыш болат рельстер айқасқан тоғыз жолдың торабы – Арыс қаласы. Адамның қан тамырындай Түркістан – Мәскеу – Сібір маршруттарымен сан тарау жолға таралған рельстер, ерсілі-қарсылы гүрсілдеп, ышқынып өтіп жатқан ауыр составтар ойланып қараған адамға қайнаған тіршілік, тынымсыз күрестің бейнесіндей елестері хақ. Ат құлағында ойнаған қыр баласы кенттік тіршілік ұясына түссе, ерсілі-қарсылы жөңкілген ауыр составтарға көз қыдыртса, сырттай қызықтамай, вагондармен қапталдаса жүгіре жарысып, состав құйрығына жармасып, көкірегін желге тосып қиял қуып, үстінде кетіп бара жатса, көңілге сәуле түспеуі, көңілге түскен сәуленің нәр болып толысып, ақындық болып оянбауы мүмкін емес. Бекен Әбдіразақов балалығы өткен, кейін жырына алтын арқау болып өрілген Арыстың ақын тағдырындағы жағдайы, міне, осындай. Ол бала көзімен Арыс қаласының өзге жан байқай қоймайтын тылсым тіршілігін суреткерлікпен бейнелейді. Әсіресе, жүйткіп бара жатқан пойыздың үстінде кеудеңді арындаған желге тосып, ағысқа қарсы жүгіріп кеп берсең бейне теңіздің ақ жал толқынымен арпалысып кеме палубасында кетіп бара жатқандай болатының кәдік. Бәлкім, Бекен бала кезінде осылай романтикалық жиһангерлікті бастан кешкендіктен шығар, бір жыр жинағын «Желкенді көңіл» атағаны бар. «Желкеніміз» кәдімгі парус!
Желкен орыс поэзиясында қалыптасқан образ. «Парус» атап журнал да шығарды орыс қаламгерлері уақытында. В.Катаев, В.Каверинді айтпағанда, орыстың философ ақыны Л.Н.Мартынов «Воздушные фрегаты…» атап эссе кітабын да жазды. Қазақ табиғатына, қазақ азаматтары тағдырына бұрылды ақын ол кітабында. Жыр пырағына қарағанда Жамбылдың қызыл жолбарысын көбірек дәріптейтін қазақ ақындары желкенді поэтикалық образ райында сомдай алмады. Жәкеңнің қызыл жолбарысының өзі Әбділда Тәжібайұлының өлеңдей есілген есті естеліктері арқылы келіп жетті бізге. Халық ақындары түсіндіруінде түс көріп, түсінде Қызыр әликсалам кездесіп «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» десіп екі дүние өзара үн қатысып жатады. Алла-тағаланың өзіне әруақ арқылы сыйынатын қазақ табиғатындағы еркіндік, өткірлік оның поэзиясына көшкен. Сөйте тұра, желкенді көркем образға айналдыра алмағанына таң қаламын ақындарымыздың. Байырқаландыруға тырысып, кейінірек орысшадан аударып «Ақ желкен» журналын шығардық. Арғы-бергі ақындар поэзиясын ойша шолып қарағанда «Желкенді көңіл» атап арнайы жыр жинағын жарыққа шығарған жалғыз ақын Бекен Әбдіразақов екен. Бекен ақын осынысымен де дара тұрады. Бекеннің желкен секілді поэтикалық образға баратын себебі – ол романтикалық рухтың ақыны болатын.
Ақын әуені асқақ романтикалы, бірде күйлі, бірде мұңды. Әсіресе 1937 жылдың адам жанын қарыған «аязын», Отан соғысы суығына ұшырып, ызғар өтінде өткен балалық шағын жырлаған сәтте мұңшыл-күйшіл сезім, мұңлы романтика ақын поэзиясын ашатын бояу ретінде көрінеді. «Әкемнің қанық емен түр-түсіне, Қоямын жоримын да бір кісіге», – деп мұң-шерді көңілсерік етіп кеткен мұңлы балалық бір Бекен ғана емес, оның тағдырлас – буындастары шығармаларының да өз өмірбаянынан сызып тастай алмайтын, жетім-жесір үнін сыңсытып жырлап алатын негізгі тақырыбы.
Бекеннің бала кейіпкері майданға әкесін, ағасын аттандырып салып, қасірет жасын жұтып жүреді. Тіпті бір үйден майданға аттанатын атпал азамат шықпай қалған сәтте қандай қиналады десеңізші?!
Мұң тұтып көк тұмандай жанарларын,
Әнменен айғайлатып жан арманын.
Аңызда масақ терген келіншектің,
Көргенмін жарты айнамен таранғанын, –
деген шумаққа зер салайықшы. Қаһарлы жылдары жиі кездескен, жанарларға мұң толтырған қасіретті көрініс емес пе? Ақын «сынық айна» демей, жарымжан жарты кеш көңіл жандардың тағдырын елестету, жан дүниесін сағыныш кернеген жабырқау көңіл суретін бейнелі жеткізу үшін «көргенмін жарты айнамен таранғанын» етіп алуы, «жарты айнаны» көркемдік деталь ретінде ойнатуы сондай жарасымды. «Жарты айна» жартыкеш көңілдің кескін-кейпі.
Қаршадай қарға бойлы болсақ-тағы,
Біздер ек еркек тана сол жақтағы.
Кім білсін ердің исін іздеп бізден,
Таба алмай көзден жасы моншақтады? –
дейді ақын бір өлеңінде. Ақын қаламынан шыққан жыр соғыс жылдардың қасіретін бір қырынан дәл бейнелеген драмаға толы көркем картина дерлік. Солай! Өмірдің драмалы сәтін тап басып таба білгендігі, тақырыптың шырайын кіргізетін күре тамыр проблема туғызатындығы – ақын талантының жігерлі, қаламының қуаттылығының кепілі. Отан соғысы – ақын өнеріндегі кіндік тақырыптың бірі. Көп шығармасының күре тамыры, көп шығармасының фоны балалық бал дәуренін ұрлаған, тәттісін қаттылыққа, қуанышын мұңға айналдырған сол сұрапыл жылдар. Отан соғысы – ақын үшін шарасыз шерлі мұң ғана емес, көбіне жесірлікті жерлеген жігер, жетімдікті жеңген қайсарлық болып бейнеленеді. Бекеннің бұғанасы бекімей бейнет кешкен бала кейіпкері ерқара болып тылдағы жесір жеңгелердің қасіретін ғана қозғамай, аналар қуаныш-үмітіне айналады, ертеңгі күнге деген сенімін бекітеді.
Бекен Әбдіразақов – балалығын соғыс өрті шалған, өзі түтін иісін иіскемесе де, тағдыр салмағы арқылы бейбіт өмір бағасын білген, атаның кемтар келбетін, жесір ананың көзіндегі жас, көңіліндегі наланы бағып ойлы өскен буынның өкілі.
Өнер тағдыры қызық, өнерпаз тағдыры күрделі. Шын өнер иесі өмірде қорғанышсыз, салдыр-салақ, қалай болса солай жүреді, қалай болса солай тұрады, өзі де алқам-салқам. Соңынан даңқпен бірге бір үйір сөз ертіп жүргені. Абырой болғанда, олар өлеңге адал, қаламға қатты. Өлеңін ешқандай өмірге, қаламын ешқандай қызыққа айырбастамайды. Өлеңі – өмір. Олардың адал бағасын алып үлгермей, опындырып өтетіні, өкіндіріп кететіні де сондықтан болса керек. Өз өмірін қайдам, өлең өнеріне адал дарынның бірі – осы Бекен Әбдіразақов.
Ол әдебиетке жастай келген, жалынды ой айтып жақсы келген ақын. Жастық шағында жазған қандай өлеңін оқысаңыз да өмірдің өзінен ала білген, өмірдің сурет-келбетін көре білген, тіршілік-дүние құбылысынан сыр түйе білген шынайы ақынды табасыз.
Ақын қаламынан қанша өлең туса соның бәрі бірдей асыл болмас. Алайда, Алланың ақынға берген абырой-ырыздығы шығар, өз биігінде жырлауға бар ақын биігінен төмендеп жыр жазбайды. Әдебиетте дәстүр бар да дәстүршілік бар. Дәстүр – ілгерілеу, дәстүршілдік – кейіндеу, дәстүр – жетістік, дәстүршілдік – кемшілік. Табиғат берген сый-дәстүрді сыйлап, аялап жырлау, дәстүрді ардақтап дамыта жырлау – Бекен ақында кездескенімен, тапқанын шиырлай жырлау, өрісін ай-тақыр етер өресіздік жоқ. Бекен Әбдіразақов поэзиясы – дәстүр жалғасы.
Шабытпен шалқыдым түнделетіп,
Байқамаппын кеткенін күндер өтіп.
Қайтқан құстай жырларым қолдан ұшқан,
Қай биікті жүр мінбер етіп? –
деп алаңдағаны бар ақынның. Өмірін өлеңге арнағанда, сол өлең-өнердің өрісін білгісі келу неге орынды болмасын?! Орынды. Бекен Әбдіразақов – дәстүр жалғасы, оның тіршілік тылсымындай шымырлап жататын шымыр, жұмыр жырлары поэзиялық дәстүрді жалғаған, ілгерілеткен шығармашылық.
Бекен ақын оншақты жыр жинағын қалдырды соңына. Дені лирикалық өлеңдерден бас құраған шағын жырлар. Лирикалық қаһарман жанына терең үңіліп, оның махаббаты мен машақатын, тіршіліктегі пендешілік қуанышы мен азабын табиғи жырлап өтті. Тамылжыған табиғат келбеті, арудың мөлдіреген сұлулығы, тіршіліктің тылсым сыры, жанның бірде жадыраңқы, бірде мұңшыл-күйшіл саздарын сол шағын лирикалық өлеңдерде бір орам, екі ораммен-ақ ойнатып, оңтайлы айтып бере алды. Артық ашылып-шашылу жоқ, ойлы, өрнекті өлеңдері дөңгеленген композицияға құрылып, жұтынып тұрады. Бейне қыздың жиған жүгіндей.
Бекен Әбдіразақов – күшеншек ақыннан емес, табиғи төгіліп тұрған ақын. Өмірдің қыр-сырына еркін үңіліп, өлеңге айналар көрініс, деталь, штрихты жіті аңғарып, жедел қамтитын алғырлығын қайтерсіз. Өмірден көргенін, көңілге түйгенін өзіңмен сырласа отырып, оңай айтып береді. «Оңай» деген сөзге оңай үйірсектеп отырмыз-ау, осы. Әйтпесе болмыстың өзіндей табиғи өріліп жататын өлең шіркін қайдан оңай тусын?! Өлеңді «оңай» көрсетіп тұрған орайы табылған оңтайлы шешім-дағы. Ал ол шешім ақындық дарын, поэтикалық шеберлік жемісі, ақынның сыршылдық табиғатынан туындап отырған ерекшелік. Сыршыл өлең – сыршыл табиғаттан туады. Қасаң адамнан (ақыннан) сыршыл өлең қайдан тусын?! Сыршылдық дегеннен шығады, дарынның осы бір өзгешілігі жайында аталмыш ақынның С.Мәуленовке қатысты айтқан бір пікірі бар. Ол «Сыршылдық – ақын жанының айнасы. Ондай мінез үлкен жүрек иелерінің бойынан табылады. Тіршілік құбылысын жүрегімен сезініп, өмір қызығына таңдана білген, мұңына мұң қоса алатын ақын ғана сыршыл болады», – деп жазған еді кезінде. Әдемі байқау. Сырағаң жайында айтылған осы пікірді Бекен ақынның өзіне де айтуға болады. Сырттай әлдекімге кіжінгендей күжірейіп көрінетін, әйтпесе қайғысыз, қамсыз кісідей бейқам жүретін Бекен Әбдіразақов жанына терең үңілсеңіз, сезім пернелерін мұң басқан, жаны жаралы пендеге кездесесіз. Бала шақтан болашаққа қасынан бір қалмай, жанын жегідей жеп бірге келе жатқан мұң ақынды сыршыл етпегенде қайтеді?! Ақын бойындағы сыршылдық қайнары, міне, осында жатыр. Жастай жетім көңіліне, жесір жанарына қарап, жәутеңдеп өскен бала есейіп, ақын болғанда мұңшыл, сыршыл болмағанда кім болады?! Ақын сол бала мұңды нұрлы сезімге суарып әлеумет өмірінің шындығына айналдырып айтып, жырлап келеді.
Жастықтағы сыршылдық есейгенде ойшылдыққа ұласқан. Сыршылдық серігі мұң бертінде ойшылдық серігіне айналған. Жандағы жара қозғалғанда, мұң бұлты торлап, мұңдана толғанғанда Мағжан атасындай тіршіліктің тәттісі ащыға айналып та келеді.
Не заманнан шөлі қанбай ұмтылып,
Келеміз ғой бір жығылып, бір тұрып.
Сәт туғанда жер қаптырып жөнейсің,
Сайқалдардай сылаң қағып бір күліп,
О, баянсыз тіршілік! –
деп жырлаған ертеректе Бекен ақын. Бекендік ой, Бекендік сезім, Бекендік лексика… Артық ауысын кешіп айтқанда, содан Бекендік бекем поэзия туған. Тіршілік баянсыздығы жайында айта тұрып, осы өлеңде мойынсұну жоқ, ерегісу, ағынға қарсы жүзу сезімі бар. Бұл – қайсар ақын табиғаты.
Ендігі бір өлеңінде тіршілік дүниесіне ұлы Абай атасының көзімен қарауға көшкен.
Күн еңкейсе аспанды жеңіл бойлап,
Көлеңкесі ұзарып көңіл бейбақ.
Күңгірттеніп қалады өз-өзінен,
Тағдыр татар ертеңгі өмірді ойлап –
дейді ақын. Сөйтеді де:
Не бітеді бірақ та түңілгенмен,
Бұл қайғы емес пендеге бүгін келген.
Өмір – жұмбақ, өлімің одан сұмдық,
Жете алмайсың түбіне үңілгенмен, –
деп, өзін мұнар басқан мұң дүниесінен ажыратып алады.
Табиғат тамашасынан образды өлең өрген, махаббат бағынан барынша ойлы өлеңдер жазған Бекен Әбдіразақов шығармашылығының баршасына бірдей ықыласты емеспіз. Алайда, ақынның дүние-тіршілік, жан-жаратылыс сырына үңіліп жазған бір өлеңі біз үшін ерекше ризалық туғызады. Ол мына бір өлең:
Көшпейді тіршіліктен көгілдір шақ,
Көтереді мәңгілік өмір құрсақ.
Адамзаттың дәмі де таусылмайды,
Ақиқатқа ден қойып, көңіл бұрсақ.
Жаратылыс заңынан хабардармын,
Көріп келген өмірдің жаңарғанын.
Бауырымдап қоштасқан достар орнын
Басты арқалап баласы жаңа арманын.
Түлейді екен қан жүрсе тақырың да,
Қалмайды екен езіліп пақырың да.
Өшпейді өмір, мен сенем, соғып тұрса
Тіршіліктің жүрегі ақырындап.
Талай ақын жырлап тауыса алмаған тіршілік сыры. Сол кәнігі тақырыптың өзінен отты ой маздатып, думанды өлең туғызған ақынға қалай риза болмассың?! «Көшпейді тіршіліктен көгілдір шақ, Көтереді мәңгілік өмір құрсақ» деп қазақ ақыны ғана, шын ақын ғана айта алса керек. «Өшпейді өмір, мен сенем, соғып тұрса, Тіршіліктің жүрегі ақырындап» деген жолдар, сол жолдарға шымырлай үйіріле қалған ойлар да шын ақынның, ойшыл ақынның ғана ой-санасына, қиял-ғажабына оралатын сәттілік деп білемін. Ақынның соңғы жарық көрген «Өмір мен көңіл» жыр жинағы әмсе осындай ойлы жырларға, философиялық түйіні, ақындық тегеуріні мықты, болмыс-бітімі бүтін өлеңдерге толы. Ол сыршылдық сезім, суреткерлік табиғаттан ойшылдық болмысқа ойысқандай.
Ол өмірінің ақабалы сәтінде өзі үшін ғана емес, балалық бал дәуренін мұз қарып өскен, ақын болып ақиқатпен майдандасып, жарық дүниеден ертерек өтіп жатқан қатарлас құрбы, дос-жараны үшін де қолына қалам алып жыр жазды. Кейде сол аяулы достарын жоқтай отырып, олардың образын да поэзияда сағынышқа бөлеп, бейнелеуді мақсатына айналдырған. Ақындық табиғаттың кісілік болмыспен ұштасқан бұл да бір сәті.
Ақын шығармаларының іргелі бір ерекшелігі, екшеп айтар бір саласы – суретті жырлар. Сом шойын жолдың бойын ғана емес, сұлу Сыр, ерке Арыс өзендерінің ағысын, оңтүстік өңірінің қызғалдақ жапқан кілемдей көктемгі көркем даласын да ақын акварель деп айтарлықтай картина етіп жырлады. Туған жер келбетінен сабақталған суретті жыр Алтайдан Атырауға дейін, түбі туысқан Болгар жеріне шейін сабақтап пейзаж-сыр болып төгіледі.
Арнайы тоқтап айтуды тілейтін сала – ақын поэмалары. Ақын қаламынан «Жұлдызды түндер», «Қызылқұм», «Махаббат пен перзент», «Жасыл жарық», «Таңғы жұлдыздар», «Ауылдастар», «Жаужүрек» секілді поэмалар туды. Әр поэманың өзіндік айтар ойы, поэтикалық өрнегі бар. «Жұлдызды түндер» арманға толы жастық шақ, «Таңғы жұлдыздар» революционерлер өмірі,
«Ауылдастар» Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жетім-жесірлер тағдыры туралы. Ақын тағдырымен бір өрілген сүйексіңді тақырып болғандықтан ба, бізге әсіресе, «Жасыл жарық», «Жау-жүрек», «Қызылқұм» поэмалары өркешті жатқандай көрінеді. «Жасыл жарық» жоғарыда айтқанымыздай теміржолшы тағдырын жырлайтын қазақ поэзиясындағы бірден-бір поэма. Бұл орайда Бекен ақын бейне Андрей Лупандайын… «Қызылқұм» – шілде кезінде күні ыстық, түні салқын, қызық та қатерлі, сырын білмеске ішін ашпас томаға-тұйық құм өз мінезімен ашылған әсем жыр. Оңтүстік өңірінен шығып, Түркістан республикасы үшін жан алып, жан беріп айқасқан да шайқасқан бір топ қайраткерлер біздің рухани тарихымызда әлі өз орнын толық ала алмай келеді. Олар – Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Абдолла Жармұхамедов, Садықбек Сапарбеков сынды қайраткерлер! Аяулы азаматтар өмірінен тәжік, өзбек тілінде көп-көп шығарма жазылған, ғылыми еңбек қорғалған. Бізде енді-енді ғана… Сондай қайраткерлердің бірі – Түркістан республикасы үшін күрескен, тұңғыш рет үш мәрте жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталған (Советтер Одағы Батыры атағына тең) Абдолла Жармұхамедов болса, халқымыздың аяулы перзенті туралы қазақ әдебиетіндегі жалғыз шығарма – Бекен Әбдіразақовтың «Жаужүрек» поэмасы.
Бекен Әбдіразақов не нәрсені жырласа да сезіміңді сендіріп, көңіліңді көндіріп, ойландырып жырлайды. Көп жұрт оның поэзиясына ақын тұлғасы арқылы келіп, немкетті бейғамдау қарап жүр-ау деп шамалаймын. Шынтуайтында, оның өлең-өнері басқа да, «сал-серілік» дәуренмен өтіп кете барған өмірі басқа. «Шолақ өзен көктем келсе тасығыш, Асқар шыңның шілдеде де басы қыс», – деп ақынның өзі айтқандай, талант табиғаты, дарын қуатына қарағанда асқарларды алқынбай алуға тиісті ақынның бірі Бекен Әбдіразақов болуы керек еді. Асқар болмаса да бір дарын пешенесіне тарлық етпейтін талай асуды аталмыш ақын еленбей жүріп-ақ алып үлгеріпті. Соңына жып-жинақы жыр мұра қалдырыпты.
Сонымен ақын қаламынан туған поэзияға көңіл көзімен қарар болсақ – өмірдің өзі шыға келеді. Қайшылықты, күрделі, сан алуан тағдыр билеген адамдар, күйініш, сүйініш, махаббат, ғазауатқа толы қайшылықты нағыз өмір. Асылы, Ф.М.Достоевский пікіріне ден қойсақ,өмірдің өзінен асқан ақын жоқ. Өмір қандай да бір ойдан шығару, үйлестіруден жоғары тұрған күрделі құбылыс. Тек суреткер өмірге көңіл көзімен қарап, керектісін іріктеп-сұрыптап ала білсе жетеді. Бекен ақын аға ұрпақтың көзі, қазақ әдебиетіне көп олжа әкелген бір дарынды буынның көркем сөзі. Жәй көз емес, суреткер көз, жәй сөз емес, ойлы да, сыршыл сөз. Осы үшін де кісіге өмір сүруге, өзін-өзі сыйлауға, өзгеге сыйлатуға болады.Өмірден өтерде «Өмір сүрдім: өкінбен!» (П.Неруда) деп бар дауыспен айтуға болады.
Зымыраған уақыт. Кешегің тарих. Бүгінің өткенге оңай айналады. Ертеңнің көзімен қарасақ, дүлей ХХ ғасырдың
60-70 жылдардағы қазақ поэзиясы әңгіме болғанда, үлкен зерттеушілер еңбегінде атала бермейтіндігіне қарамастан, еріксіз еске түсер есімнің бірі – Бекен Әбдіразақов болып қала береді.