«Абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған Оңтүстік өлке»
05.05.2017
1810
0

«Оңтүстік Қазақстан – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл – абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Иассауи мен Әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16 пайызы тұрады. Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб кесенелері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы – халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сәуір айының соңғы аптасында Оңтүстік Қазақстан облысының халқымен өткен кездесуде осылай деді.

Әрбір адам бәсекеге қабілетті болуы тиіс

Сайрам ауданындағы Әйтеке би ауылындағы «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-інде өткен кездесуде Ел­басының жуырда «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде жарияланған «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында жазылған мә­селелер сөз болды.
Жазушы Мархабат Байғұт ма­­қалада, әсіресе қанағат, ұстам­ды­лық мәселесінің өте орынды кө­терілгенін жеткізді. Оңтүстік жұрт­шылығында ысырапшыл­дық­­тың барын да тілге тиек ет­ті.
– Тойханалар азаймай тұр, – деді жазушының бұл ойын қос­таған Елбасы. Сөз соңында Мархабат Байғұт 1993 жылы үш елдің президенттері бас қосқан Ор­да­басыдағы дүбірлі жиынға 2018 жылы ширек ғасыр толатынын еске салып, Мемлекет басшысын келесі жылы Ордабасы тауына келіп кетуге шақырды. Кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов:
– Қазақстанның ширек ға­сыр­да жеткен жетістіктері сіздің ең­бегіңіздің арқасы. Бүгінде Қа­зақ­станды әлем таныды, мойындады, санасты, – деді. Кәсіпкер 2010 жылы цемент шығаратын «Стан­дарт цемент» зауытын аш­қа­нын енді алдағы уақытта еуро­па­лық стандартпен мұнай өнім­де­рін шығаратын «Стандарт неф­­­техим» зауытын салатынын жет­кізді.
Кездесуде үш тұғырлы тіл, ла­­тын әліпбиіне көшу мәселесі де кеңінен талқыланды.
– Қазақстанда әрбір адам бә­се­­кеге қабілетті болуы тиіс. Ағыл­­­шын тілін білуі керек. Өйт­ке­ні, ағылшын тілінде ғылыми тех­­­никалық прогресс жүріп жатыр. Үндістан, Жапония да ағыл­шын тілінде сөйлейді. Бір кездері Малайзия тек малай тілі болсын деген, бір жылдан кейін ағылшын ті­ліне қайтып оралды, – деді Пре­­зидент.
– Латын тіліне көшкен соң жазу­­шыларымыздың еңбектері қа­­лай болады деген алаңдау­шы­лық­тың бары рас. Бірақ кітаптар ав­томатты түрде жаңа харіпке ау­­дарылады. Латын тілі бізге жат емес. Біздің әкелеріміз соғыстың алдында осы әліпбиді қолданған, – деді Мемлекет басшысы.

Көп тіл білгеннің артықшылығы

– Дәрігер хирург болып істей­мін. Төрт тілді меңгергенмін. Тіл біл­геннің арқасында шетелдерде тә­жірибеден өтіп, білімімді же­тіл­дірдім. Шет елде жүріп бай­қа­ға­ным, біздің медициналық меке­мелеріміздегі құрал-жаб­дықтардың деңгейі шетелдің кли­никаларымен бірдей, – деді Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанболат Ділдәбеков. Оның айтуынша, дә­рігерлік білімді жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеру­дің арқасында соңғы үш жылда об­лыста 72 науқасқа бүйрек,
8 нау­қасқа бауыр алмастыру отала­ры жасалған. Оңтүстік Кореямен әріптестік туралы мемо­ран­дум­ға қол қойылған.
– Облыстық ауруханаларда қай кезде бүйрек, бауыр ауыстыру сияқты күрделі оталар жасалып еді?! Ашық жүрекке операция жасау да бұрын болған емес. Елі­мізде ана мен бала өлімі азайды. Туберкулезбен науқас­тан­ған­дар кеміді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 65-тен 73 жасқа жетті, – деген Елбасы осының бәрі ел экономикасының жақ­сар­ғанының арқасында мүмкін бол­ғанын тілге тиек етті.
– Былтыр өңірде 946 жас от­ба­сы мемлекеттік бағдарлама ар­қасында жаңа пәтерге ие болды. Жастар практикасынан
5 мың­нан астам жас өтіп, оның 3900-ы тұрақты жұмысқа ор­на­лас­ты. Солтүстік өңірлерде «Сер­пін» бағдарламасы арқылы оқып жүрген 12 мың жастың 5 мыңы біздің облыстың өкілдері, – деді об­лыстық жастар ресурстық ор­та­лығының жетекшісі Береке Дүй­себеков.
– Мен сіздердің еңбекқор ха­лық екендеріңізді жақсы білемін. Сол­түстік, шығыс өңірлерге қо­ныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып ке­ле­сіздер. Осы бағыттағы жұ­мыс­ты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, ха­лық­ты жұмыспен қамту және оны қоныстандыру деңгейін арт­тыру жөнінде шаралар қабыл­дау­ды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қағазбастылыққа жол бермеген жөн

Жиынды қорытындылаған Елбасы жергілікті атқарушы билікке біраз тапсырмалар берді.
– Биылғы Жолдауда бизнес ортасының жағдайын жақсарту жөнінде шаралар әзірлеуді тапсырдым. Қосымша жер учаскесін бөлу, жалға беру мерзімін ұзарту, оны пайдалану мақсатын өзгерту туралы рұқсат алу құжаттарын қарастыру мерзімінің ұзақты-ғына байланысты мәселелерді шешу керек. Бұл рәсімдерді жария түрде жүзеге асырып, қағаз­бастылыққа салынуға жол бермеген жөн. Кәсіпкерлікті дамыту қаржылық тұрақтылықты сақ­тап, өңірдің өз-өзін қамта­масыз ету қабілетін арттыратын маңызды тетікке айналуға тиіс. Өңірдің ерекшелігін ескеріп, Үшінші жаңғыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ісін, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық өндірістерін дамыту қажет. Жаңа өсім нүктелерін – тірек жобаларды алдымен облыс орталығында дамыту керек, – де­ді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашы­лығы саласындағы әлеуетін іске асыру­дың маңыздылығын атап өтіп:
– Агроөнеркәсіп кешенін да­мыту бағдарламасының мүмкін­діктерін толық пайдалана білу керек. Ең басты бағыттар – ауыл шаруашылығы өнімінің шығым­дылығын арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, заманауи агротехниканы қолдану, – деді.
– Бұл өңір әлі де дотациялы ау­мақ болып отыр. Облыс бюдже­тінде өткен жылы меншік табыс­тары небәрі бестен бір бөлікті құрады. Республикалық бюджеттен келіп түсетін түсімдер 80 пайыз­дан асты. Бюджетке түсетін сал­мақты азайту, меншік табыс­тарының үлесін ұлғайту жөнінде шара қабылданбай отыр, – деді өңір­дегі проблемалық мәселе­лер­ге де тоқталған Мемлекет бас­шысы.

Қазаққа айтылған алғыс

Оңтүстік Қазақстанға жұмыс са­пары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының алдынан бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен та­ныс­ты.
1 мамыр – Қазақстан халқы­ның бірлігі күні мерекесі қар­саңын­да шымылдығы түрілген нысанның құрылысы өңірдегі
20 этномәдени бірлестіктің бастамасымен салынған.
Бір айта кетері, қазіргі уа­қыт­та Оңтүстікте 20 облыстық эт­но­мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектеп бар. Өңір­дегі этнос өкілдерінің қаржылай демеуімен бой көтерген мону­мент­тің биіктігі 7,5 метрді құрай­ды. Алдағы уақытта осы нысан елді берекелі бірлікке ұйыс­ты­ра­тын маңызды іс-шаралар өтетін еңселі ғимаратпен бірге оңтүстік жұртшылығының патриоттық алаңшасы ретінде ел игілігіне жұ­мыс істейтін болады.
Мұнан соң, Елбасы
Н.Назарбаев қайта құры­лым­дау­дан өткен «Қазақстан халқы Ас­самблеясының» ғимаратын аралап көріп, этномәдени бір­лес­тік­тер ұсынған «Бірлігіміз жарасқан» му­зыкалық композициясын та­ма­­шалады.
Елбасы Шымкенттегі терезе шығаруға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін «Gold Aluminum» ЖШС-нің жұмы­сы­мен де танысты. 2014 жылы индустриаландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «GOLD Aluminum» брэндімен профильдер шығаратын кәсіпо­рын түрік инвесторлары­ның қатысуымен құрылған. Кәсі­п­орын 2016 жылы 750 тонна алюмин профильдерін шығарса, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанға экспортталған. Бүгінде аталған компания Қазақ-Түрік индустриалды аймағында ПВХ профильдерін, алюминий мен ПВХ-дан мөлдір шыны құры­лымдарын (светопрозрачная конструкция) шығарып, сондай-ақ, газ плиталарын жинау қыз­метімен айналысатын екінші зауыт­тың құрылысын жүргізуде. Жоба құны 2,6 млрд. теңгені құрай­ды. Болашақта зауытта
50 адам жұмыспен қамтылады деп кү­тілуде.

Кәсіпкерлікке бөлінген қаржының қайтарымы бар

Президент аралап көрген үшін­ші нысан «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-і жеміс-жидекті өсіру мен сақтауда тың технологияны пайдаланады. Кәсіпорынның же­текшісі Болатбек Нәж­мет­динұлының айтуынша, компания көшет егуді 2013 жылы қолға алған. Төрт жылда Италиядан, Түр­киядан, Голландиядан
200 мың­нан астам көшет әкеліп егіл­ген. Кәсіпкердің биыл 3 мың тон­надан астам өнім жинаймыз де­ген жоспары бар.
Мемлекеттік индустриалды-ин­новациялық даму бағ­дар­ла­ма­сы аясында іске қосылған компанияда алғашқыда 80 адам жұмыс істесе, қазір 280 адам еңбек етеді. «Аг­робизнес–2020» және «Биз­нес­тің жол картасы–2020» бағ­дар­­ла­малары арқылы жеңілде­тіл­ген несиенің есебінен 400 мил­лион теңге алған шаруашы­лық бүгінде қазынаға 607 миллион теңге са­лық, бұдан бөлек жұ­мыс­шы­ла­ры­на 705 миллион тең­ге жалақы төлеген. Яғни компания мемлекет тарапынан бе­рілген қолдау қаржылардың қай­­тарымы бар деген сөз. Бау-бақшаны күтіп-бап­тауға Әйтеке би ауылының тұрғындары тартылуда. Оларға төленетін ақының үштен бірін мем­лекет «Жұмыспен қамту жол кар­тасы–2020» бағдар­ламасы бойын­ша аударады. Қал­ған үш­тен екісін серіктестік төлей­ді.
Шығарған өнімдерінің кө­беюі­не байланысты серіктестік 2017 жылы ауа температурасын рет­теп отыратын қондырғылары бар сыйымдылығы 15 мың тон­на­лық жаңа қойманы іске қосқан. Шетелдің озық технологиясымен жабдықталған қойма же­містердің сапасы мен таби­ғи­лығын ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.
Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда қар­қынды бау шаруашылығы жақ­сы дамып келеді. Облыста же­міс-жидек ағаштары алқап­тарының көлемі 19,5 мың гектарды құраса, оның 2 мың гектары қарқынды бауға жатады. Өңір шаруалары осы жылы аймақта 1,5 мың гектар жерге қарқынды бау тәсілісімен көшет отырғызып, интенсивті баулардың жалпы көлемін 3,5 мың гектарға жет­кізуді жоспарлауда. Бүгінгі күні интенсивті баулармен өңірде
15 аг­роқұрылым айналысады. Оның негізгі бөлігі Қазығұрт, Орда­басы, Мақтаарал, Түлкібас, Сай­рам және Төлеби аудандарында орналасқан.

Ғалымжан Қамытбекұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір